Нарық жағдайында сақтандырудың рөлі мен қызметі

Сақтандыру – қоғамның экономикалық қатынастарының айрықша сферасын бейнелейтін көне категориялардың бірі. Сақтандыру сферасы адам өмірінің, өндірістік және әлеуметтік экономикалық қызметтің барлық жағын қамтиды. Сақтандыруға түрткі болатын басты себеп – бұл өндіріс пен адам өмірінің қауіп – қатерлі сипаты. Сондықтан өндіріс процестерін жалғастыру, азаматтардың жекелеген санаттарының өмір тіршілігі мен әл – ауқатын қолдап отыру мақсатында оларды сатып алу үшін қоғамның, жеке өндірушілердің, олардың топтарының (салалық және аумақтық аспектілерінде( натуралдық – заттай қосалқы қорларын да немесе резервтерін де, сондай – ақ ақша ресурстарын да кіріктіретін қажетті қаражаттары болуы тиіс. Мұндай ақша қаражаттары әдетте резерв пен сақтық қорлары түрінде қалыптасады.

В.В.Шахов мынадай анықтама берген: “... Сақтандыру нарығы – сату-сатып алу объектісі болып сақтық қорғау табылатын, оған деген сұраныс пен ұсыныс қалыптасатын ерекше әлеуметтік-экономикалық құрылым, ақша қатынастарының белгілі бір сферасы”.

Сақтандырудың мақсаты - қоғамдық ұдайы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарды, мүліктерді, өндіріс процестерін қоғамдық және ұжымдық қорғау болып табылады.

Сақтандыру категориясы үшін мына белгілер оған тән болып келеді:

1 қатынастардың ықтималдық сипаты;

2 қатынастардың төтенше (жай емес) сипаты (кез келген ауқымда - мемлекеттік, аймақтық деңгейде, кәсіпорын немесе оның бөлімшесі, жеке адам деңгейінде).

Сақтандыру категориясының қаржы категориясымен ортақ өзгеше белгілері бар:

- сақтық қатынастарының ақшалай сипаты,

- сақтандырудың қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлуге қатысуы,

- оның іс – қимылы ақша қорларын жасап, пайдаланумен қосарланып отыруы,

- сақтық қатынастарының бір бөлігінің міндетті сипатының болуы.

- ақша қорларын жасап, пайдалану кезіндегі сақтық баламалылығы барлық жағдайда бола бермейді (қатынастардың баламасыздығы).

Сақтандыру шеңберінде мемлекет сақтық ресурстары меншігінің субьектісі болып келетіндіктен сақтандыру жалпы мемлекет қаржысының құрамды бөлігі болып табылады, қалған барлық жағдайда сақтық ісін (қызметті, бизнесті) экономикалық жүйе шеңберіндегі айрықша сақтанушыға немесе оның қайта бөлу процестерін жүзеге асыратын арнаулы қаржы кредит институты ретінде қарауға болады.

Сақтандырудың экономикалық мәні барлық қатысушылардың төлемдері есебінен оқыс оқиғаға ұшырағанға көмек көрсетілетіндігінде. Демек, сақтандыру - қолайсыз құбылыстар мен күтпеген оқиғалар болған кезде жеке және заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау және пайдалану жөніндегі қайта бөлгіштік қатынастардың айрықша сферасы.

Сақтандырудың экономикалық мәніне бұл категориялардың қоғамдық арналымының көрінісі ретінде оның бөлу, өтемдік, жинақтық және бақылау функциялары сай келеді.

Бөлу функциясы: бұл функцияның өзгешілігі қайта бөлу ретінде көрінуі. Ол алдын алу функциясына, мысалы, алдын алу шараларын қаржыландыру жолымен сақтық жағдайының болу мүмкіндігін жоюға бүгіледі. Жеке басты сақтандыруда бөлу функциясы сақтандырудың тиісті түрлерінің жинақтық функциясына бүгіледі.

Бақылау функциясы сақтық төлемдерін жұмылдыруды және сақтық қорын қатаң мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге байланысты болатын тараптардың нақты қатынастарында көрінеді.

Соңғы уақытта бірқатар зерттеушілер сақтандырудың экономикалық категориясын сипаттау үшін тәуекелдік функциясын қарауды ұсынады, өйткені сақтық тәуекелі сақтандырудың негізгі арналымымен - қолайсыз оқиғалардан болған зиянның орнын толтырумен байланысты.

Сақтандыру - бұл қоғам өмірінің маңызды саласы болып табылады, сол себепті мемлекет бұл саланы ерекше көңіл білдірусіз қалдырмайды. Социализм кезінде бұл түгелімен мемлекеттік қызмет болып табылады, ал қәзіргі уақытта болса мемлекет тек сақтандыру қызметін мемлекеттік реттеп отырумен шектеледі. Бірінші кезекте сақтандыру қатынастарына қатысушылардың жүріс-тұрыс ережелерін белгілеп отыратын нормативтік құқықтық актілер шығару жолымен жүзеге асырылады. Сақтандыруға арналған құқықтық нормалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекет сақтандыру саласындағы заңдылыққа қадағалау жүргізеді, ол үшін арнайы мемлекеттік органдар құрады.

Экономиканың нарықтық қатынастарға көшуі, кәсіпкерлік қызметтің дамуы, тауар мен айырбас шеңберінің, шаруашылық жүргізуші субьектілер арасындағы өзара келісімшарт міндеттемелерінің кеңеюі сақтандыру арқылы болатын кепілдіктердің берік жүйесін талап етеді. Тек сақтандыру негізінде ғана материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну процесінде пайда болатын қоғамдық және жеке мүдделерді қорғау мүмкін болады.

Сақтандыру қорының тарихи түрде анықталған ұйымдастырушылық формасы сияқты кез келген сақтандыру компаниясының қызметі ылғи экономикалық ортамен тығыз байланыста болады. Берілген экономикалық ортада функционалданатын сақтандыру компанияларының жиынтығы сақтандыру жүйесін құрайды. Нарықтық типтің экономикасында сақтандыру жүйесінің негізгі мақсаты компаниялар мен фирмаларға белгілі бір кепілдіктерді қамтамасыз ететін сақтандыру және консультациялық қызметтер комплексін көрсету; жеке клиенттерге – күнделікті және сенімді сақтандыру қызметін көрсету, ұзақмерзімді жеке мақсаттарға жету.

“Сақтандыру нарығы” түсінігі отандық экономикалық әдебиеттерде жақында ғана қолданыла бастады. Сақтандыру ісіндегі мемлекеттің монополиялық жағдайында сақтандыру нарығының болуы туралы сөз де қозғалмаған.

Сақтандыру қызметтері нарығының мәні сақтандыру табиғатынан көрініс табады. Менің ойымша, бұл түсінікті жетекші ғалым-экономисттер көзқарасы тұрғысынан қарастыру керек.

Сақтандыру терминдері сөздігі келесідей талқылама береді: “Сақтандыру нарығы – сақтық қорғаудағы қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру процесінде айрықша тауарды сату-сатып алу бойынша пайда болатын экономикалық қатынастар жүйесі”.

Кең мағынада сақтандыру нарығы сақтандыру өнімін сату-сатып алумен байланысты барлық экономикалық қатынастардың жиынтығын білдіреді. Нарық сақтандырушы мен сақтандырылушы арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз етеді. Тар мағынада сақтандыру нарығы – сақтандыру қоғамдарының жиынтығы.

В.М.Родионова өзінің “Финансы” оқулығында мынадай анықтама ұсынған: “Сақтандыру нарығы – бұл сату-сатып алу объектісі болып арнайы қызмет – сақтық қорғау табылатын, оған деген ұсыныс пен сұраныс қалыптасатын ақша қатынастарының ерекше сферасы”.

Ю.Бугаев өзінің мақалаларының бірінде былай деп жазған: “Мемлекеттің реттеушілік әсерінің негізінде сақтандырылушылардың белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыратын сақтандырушы өзінің ерекше тауарын (сақтандыру) өткізе алатын ерекше сақтандыру нарығы пайда болады. Сақтандыру нарығы сақтандырушы мен сақтандырылушы арасындағы экономикалық қатынастарды ортақтастандырады”.

Осы түсініктердің (анықтамалардың) талдауы негізінде авторлардың барлығы келесідей көзқарасқа ие болған деген қорытынды жасай аламыз: “Сақтандыру нарығы – бұл “сақтандыру қызметі” деген айрықша тауарды сату-сатып алумен байланысты экономикалық қатынастардың жиынтығы”.

Осылайша, сақтандыру нарығы қарамағында бір жағынан, уақытша бос сақтандыру қорларының қаражаттары болады, ал екінші жағынан, сақтандыру нарығының оларды жоғары табыс әкелетін және салынған қаражаттардың тез қайтарылуын қамтамасыз ететін қызмет сфераларына салуға мүмкіндігі болады.

Сәйкесінше “сақтандыру нарығы” түсінігі оның мәні есебінен ашылады. Бәріміз білетіндей, мән философиялық категория ретінде белгілі бір құбылыстың ішкі мазмұны деген мағынаны береді.

Сақтандыру нарығының мәні “сақтандыру қызметі” және “сақтандыру тәуекелі” категорияларын қарастыру кезінде анықталады. Осы жерде “... нарық пен сақтандыру тәуекелі өзара байланысты”. Бір жағынан, нарық сақтандыру тәуекеліне әсер етеді, екінші жағынан – қалыптасқан жағдайға байланысты сақтандырудың тәсілі мен шарттары дайындалады.

Сақтандыру нарығында келтірілген нұқсандар территориялық ғана емес, сондай-ақ уақыт аспектісінде қарастырылады. Осымен бірге сақтандырылушылар арасында сақтандыру қорын қайта бөлу тиімді болу үшін, айтарлықтай үлкен территория және де сақтандырылған адамдардың саны айтарлықтай аз болу керек. Осы шарттар сақталған кезде ғана үлкен территорияларды қамтыған апаттар нұқсандарын үлестіру мүмкін болады.

Кездейсоқ жағдайлардан туындаған нұқсанды уақыт бойынша үлестіру бір шаруашылық жыл шегінен асып кетуі мүмкін. Төтенше жағдайлар бірнеше жыл болмауы мүмкін және олардың нақты болатын күні белгісіз болады. Бұл жағдай қолайлы жылдары түскен сақтандыру төлемдерінің бір бөлігін қолайсыз жылдары болатын төтенше жағдайларды өтеудің қайнар көзі ретінде қолдану үшін резервтеу қажеттілігін тудырады.

Сақтандыру нарығының ерекше белгісі болып сақтандыру корына жиналған сақтандыру төлемдерінің қайтарымдылығы табылады. Сақтандыру төлемдері мүмкін болатын нұқсанды өтеуге арналған нетто-төлемдердің және сақтандыруды жүргізуші сақтандыру ұйымын ұстау үшін жөнелтпе шығындардан тұратын сақтандыру тарифтерінің негізінде анықталады. Нетто-төлемдердің барлық сомасы белгіленген уақыт кезеңінде нұқсанды өтеу нысанында қайтарылады. Қаражаттарды қайтару белгісі сақтандыруды несие категориясына, ал сақтандыру нарығын қаржы-несие нарығына жақындатады.

Сақтандыру қоры қаражаттарының шоғырлануы – сақтандыру нарығын ұйымдастырудың негізгі қағидаты. Бұл қағидат кез-келген сақтандыру ұйымы үшін анықтаушы болып табылады.

Сақтандыру ұйымы – сақтандыру қорының жұмыс істеуінің тарихи анықталған қоғамдық нысаны. Сақтандыру компанияларына техникалық-ұйымдастырушылық бірлік және бөлек мүлкінің, ресурстарының болып, экономикалық айналымда тәуелсіз болуы тән. Экономикалық тәуелсіз сақтандыру ұйымдары бір-бірімен қайта сақтандыру және ортақ сақтандыру негізінде өз қатынастарын қалыптастырады.

Сақтандыру нарығының болуының міндетті шарты болып сақтандыру қызметтеріне деген қоғамдық қажеттіліктердің болуы және сол қажеттіліктерді қанағаттандыра алатын сақтандырушылардың болуы табылады. Отандық экономиканың нарыққа өтуі экономикалық қатынастар жүйесіндегі сақтандырушының рөлі мен орнын өзгертеді. Сақтандыру компаниялары шаруашылық өмірдің толық құқылы субъектілеріне айналуда.

Сондай-ақ, сақтандыру нарығының қалыптасуы үшін кәсіпорындар мен ұйымдардың, халықтың мүлкін сақтық қорғау үшін сәйкес сақтандыру қорларының болуы шарт. Бірнеше миллиондаған теңге сақтандыру сомасы және де өзінің ірі капиталы бар ондаған сақтандыру компаниялары болуы керек.

Сақтандыру нарығының қызмет етуінің негізгі заңдары болып құн заңы мен сұраныс және ұсыныс заңы саналады.

Сақтандыру нарығы тауарлы шаруашылықтың даму процесінде қалыптасады және де соңғысының ажырамас элементі болып табылады. Айтылған екеуінің де пайда болуының шарты болып қоғамдық еңбек бөлінісі және әртүрлі меншік иелерінің болуы табылады. Сақтандыру нарығы нарықтық қатынастардағы субъектілердің дербестігін, олардың сақтандыру қызметін сату-сатып алу бойынша тең құқылы серіктестігін, көлденең және тік байланыстардың дамыған жүйесін, бәсекелестікті болжайды.

Мемлекет экономикасындағы сақтандырудың нарықтық қатынастар инфрақұрылымының қызмет етуінің негізгі элементі ретіндегі рөлі артуда. Бұл жерде экономикалық инфрақұрылымға сақтандыру механизмін енгізу мен мемлекеттегі сақтандыру нарығының өз инфрақұрылымын құру сияқты екі параллель процесс жайлы сөз болуда.

Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, сақтандыру нарығының мәні – адамдардың, шаруашылық құрылымдардың, кәсіпкерлік және коммерциялық фирмалардың, өндірістік кәсіпорындардың әртүрлі кездейсоқ жағдайлардан сақтық қорғауға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруда.

Сақтандыру нарығының экономикалық мәні материалдық немесе басқа да нұқсан келтіре алатын сақтандыру тәуекелінің болуымен шарттасылған қайта бөлушілік ақша қатынастарымен сипатталады.

Бір жағынан, сақтандыру қызметтерінің нарығы – бұл сақтандыру өнімін сату-сатып алумен байланысты экономикалық қатынастар жиынтығы, ал екінші жағынан, сақтандыру қызметін сату-сатып алумен байланысты бірнеше нарықтық қатынастар субъектілері арасындағы тең құқылы және жауапкершілікті серіктестік.

Сәйкесінше, нарық сақтандыру бизнесінің белсенді дамуы, көптеген сақтандыру ұйымдарының құрылуы мен қызмет етуі үшін объективті жағдайлар жасайды. Осылайша, сақтандыру нарығы белгілі бір жағдайлар жасалған кезде Қазақстанның экономикалық қатынастары мен байланыстары жүйесінде айтарлықтай маңызды рөл ойнар еді. Қазірдің өзінде сақтандыруға деген көзқарас өзгеруде. Сақтандыру қызметтері нарығында мүдделердің жаңа топтары қалыптасуда. Сақтандыру нарығы нарықтық қатынастар құралдарының ішінде нық орын алуда.

Наши рекомендации