Партиялық жүйелер
Қазіргі кезде әр түрлі елдерде саяси билік үшін күреске қатысатын саны алуан түрлі партиялар әрекет етеді. Олар біреумен шектелмей, бірнеше ондаған болуы да мүмкін. Сол секілді әр түрлі партиялардың қоғам мен билік құрылымындағы орны да бірдей емес. Атап көрсетілгеніндей, олардың бірі үкіметтік болса, екіншісі – оппозициялық бола отырып, сонымен бір мезгілде өкілдік органдардың жұмысына қатысады, үшіншілері – билік институттарының қалыптасуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етуде мүлдем ешқандай роль атқармайды. Саяси процесс барысында партиялардың арасында қандайда болмасын өзара қарым-қатынас туындайды, сондай-ақ саяси партиялар мемлекетпен және басқа да саяси институттармен белгілі бір қатынасқа түседі. Басқаша айтқанда, әр түрлі елдерде белгілі бір партиялық жүйе қалыптасады, оларды біздің көзқарасымыз тұрғысынан алғанда қоғамның саяси жүйесінің күрделі жүйешесі ретінде қарастыруға болады.
Сөйтіп, партиялық жүйе партиялардың азаматтармен, мемлекетпен, басқа да саяси институттармен және бір-бірімен өзара әрекетінің жиынтығы болып саналады, олар сол қоғамда қайсыбір деңгейде саяси-әкімшілік қатынастарды алуға, ұстап тұруға және іске асыруға қатысады.
Әр түрлі партиялық жүйелерді зерттеуге арналған көптеген отандық және шетелдік әдебиеттер бар. Оларды зерттеу партиялық жүйенің қайсыбір типі партиялардың формальды санына қарап емес, олардың саяси биліктің қалыптасуы мен жұмыс істеу механизміндегі нақты роліне қарай анықталатындығын көрсетеді. Партиялық жүйенің құрылуына бірқатар факторлар ықпал етеді. Олар: қоғамның экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-таптық күштердің арақатынасы, қоғамдық қатынастардың жетілу деңгейі, халықтың ұлттық құрамы, тарихи және діни дәстүрлер және басқалары. Партиялық жүйенің қалыптасуына әрекет етіп тұрған заң және де ең алдымен сайлау заңдары елеулі ықпал етеді.
Осыларға сәйкес партиялық жүйенің әр түрлі типтері қалыптасады. Саяси режимнің түріне байланысты демократиялық, авторитарлық және тоталитарлық партиялық жүйелер туралы айтуға болады; үстемдік етіп тұрған әлеуметтік құндылықтарға сәйкес социалистік және буржуазиялық жүйелер болып бөлінеді; партия мен мемлекеттің арасындағы қатынастың ерекшелігіне қарай бәсекелес және бәсекелес емес, альтернативті және альтернативті емес партиялық жүйелер болып бөлінеді. Қалай болғанда да барлық осы типологиялар билік үшін күреске нақты қатысатын партиялардың санына сәйкес[74] партиялық жүйелердің көппартиялық, екі партиялық және бірпартиялық болып бөлінетіндігімен байланысты.
Саяси даму тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, қоғамның демократиялық дамуының үйлесімді түрі және шарты болатын көппартиялық жүйе (екіпартиялық). Олардың ерекше өзгешеліктері бір партияның тарапынан билікке қатысты монополияның болмауы және шынайы саяси оппозицияның өмір сүруі болып табылады.
Көппартиялық жүйе елде билік үшін күресте сайысқа түсетін бірнеше саяси партиялардың болуымен сипатталады. Бұл партиялардың арасында, әдеттегідей одақ құру немесе келісім жасау тәжірибесі болады. Көппартиялылық әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерінің барынша толық өкілдігін қамтамасыз етеді, саяси процестің бәсекелестігі мен ашықтығына, қоғамның саяси элитасының әлсін-әлсін жаңарып тұруына жәрдемдеседі. Соған сәйкес көппартиялық жүйе саяси процеске де күшті ықпал етуге қабілетті.
Қазіргі уақытта дамыған елдердің көпшілігінде көппартиялық жүйе орнықты, дегенмен оның жетістігі мен кемшілігіне қатысты пікір талас толастар емес. Мысалы, орыс ойшылы Б.Н.Чичерин көппартиялылықты «жақтап» немесе оған «қарсы» мынандай дәлелдер келтірді: «жақтау» – саяси мәселелердің жан-жақты түсіндірілуі, оппозиция тарапынан билікке бақылаудың болуы, ұйымдастырушылыққа тәрбиелеу, нағыз көшбасшыларды табу; «қарсы» – партия көзқарастары мен әрекеттерінің біржақтылығы, үкімет билігінің әлсіреуі, партиялардың күресі процесінде әдет-ғұрыптың нашарлауы.
Тарихи тәжірибе көппартиялық жүйенің бірнеше алуан түрін көрсетеді. Оның нақты құрылымы – партиялық әдет-ғұрып – бір елден екінші елге елеулі түрде ауысады. Классикалық көппартиялық жүйе (Дания, Бельгия, Австрия, Нидерланды) бірнеше саяси партияның бәсекелестігімен сипатталады, олардың ешқайсысы парламенттегі көпшілік орынды жеңіп алуға және билікті өз бетінше іске асыруға мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан да көппартиялылықтың алуан түрлілігі көппартиялылықтың бытыраңқылығы ретінде айқындалады. Бұл жағдайда партиялар коалициялық көпшілік құру мақсатында ымыраға келуге, одақтастар мен серіктестер іздеуге мәжбүр болады.
Партиялық коалиция – бұл мүдделерінің консенсусы, ымыраға келуі және тепе-теңдігі негізінде ортақ саяси мақсаттарға жету үшін құрылған саяси партиялардың одағы, бірлестігі. Партияаралық коалициялардың дәстүрлі түрде электоральдық (сайлау науқаны кезінде құрылады), парламенттік және үкіметтік сияқты түрлері бөліп көрсетіледі. Сондай-ақ легислатуралық коалицияны да ажыратуға болады, оған партиялар сайлауға әзірлік барысында бірігеді және олардың әрекет ету мерзімі бүкіл легислатураға, яғни сайланбалы органның өкілдік мерзіміне есептеледі және коньюнктуралық коалициялар да бар, олар тек сайлаудан кейін қалыптасады және көбіне уақытша сипатта болады. Көппартиялық бытыраңқы жүйе кезіндегі атқарушы биліктің тұрақсыздығы нәтижесінде саяси тәжірибеде саяси биліктің аса тұрақтылығы мен тиімділігіне кепілдік беретін басқа партиялық тәртіпке өту үрдісі байқалады.
Кейбір саясаттанушылар көппартиялылықтың ерекше түрі ретінде блоктық және поляризациялықты бөліп көрсетеді. Мұнда саяси аренада екі және одан да көп ірі саяси блоктарды біріктірген бірнеше саяси партиялар әрекет етеді[75]. Әр түрлі партияларды өзіне тарта отырып, блоктар саяси күштердің шоғырлануына, саяси процестің ұсақталуын жеңуге мүмкіндік береді. Партиялар өздерінің сайлау алды стратегиясы мен тактикасын блоктардың біріне жататындығын есепке ала отырып құрады. Сайлаудың нәтижелері тек жекелеген әрбір партияның күшіне қарап емес, блок ішіндегі әрекеттердің үйлесіміне қарап та анықталады. Мысалы, Францияда Социалистік партия басқаратын солшыл күштер блогы мен Республиканы қолдау Бірлестігі (РҚБ) басқаратын оңшыл партия біріне-бірі қарсы тұрады.
Үстемдік етуші партиясы бар көппартиялық жүйе (үстемдік ету тәртібі) оппозицияның тиімділігінің аз болуы барысында билікте бір партияның ұзақ уақыт болуымен сипатталады. Билеуші партия өзінің қарсыластарының әлсіздігі мен ыдыраңқылығының, оларға берік оппозициялық одақ құруға мүмкіндік бермейтін бірқатар қайшылықтардың арқасында үстемдік ету жағдайына жетеді және оны ұстап тұрады.
Мысалға, Жапонияда 1955 жылдан 1993 жылға дейін билік либералдық-демократиялық партияның қолында болды, Үндістанда соғыстан кейінгі кезеңде билікті ұзақ уақыт бойы Үндістан Ұлттық Конгресі ұстап тұрды. Швецияда Социал-демократиялық жұмысшы партиясы үстемдік етуші партия болып табылады. Үстемдік ету тәртібінде – үстемдік етуші партия тұрақты бірпартиялық үкімет қалыптастыруға мүмкіндік береді, бірақ өзіне билеуші партияның оралымсыздығын, тоқырап қалу қаупін алады.
Екіпартиялық жүйе елде қуатты екі партияның болуына саяды, олардың әрқайсысы өз бетінше билікті қабылдауға және оны іске асыруға қабілетті болады. Партиялардың біреуі сайлауда жеңіске жетсе, екіншісі оппозицияға айналады, сөйтіп олар әлсін-әлсін билік тізгінін бір-біріне ауыстырып отырады. Сайлаушы екі саясатшының арасында және тіпті мемлекеттегі екі билеуші команданың ортасында таңдау жасау мүмкіндігіне ие. «Екіпартиялық жүйе» түсінігі, елде басқа да, ықпалы аздау партиялардың да өмір сүретінін жоққа шығармайды. Олар да саяси процеске қатысады, бірақ жеңіске жетуден шынайы үміттене алмайды.
Екіпартиялық жүйенің классикалық үлгісі АҚШ-та қалыптасты, онда Демократиялық партия мен Республикалық партия бір-біріне қарсы тұрады. Ұлыбританияда консерваторлар мен лейбористер билік үшін күрес жүргізеді.
Классикалық екіпартиялық жүйемен қатар екіпартиялықтың модификацияланған нұсқасы да – «жартылы екі партия» жүйесі де бөліп көрсетіледі. Мұнда да өзара ірі партиялар бәсекелеседі, бірақ олардың ешқайсысы парламенттегі абсолюттік көпшілік орынға ие емес және үкіметті қалыптастыру үшін үшінші партиямен коалицияға кіруі тиіс. Бұл үшінші партия тепе-теңдік ролін атқарады, ол жетекші партиялардың бірінің басымдығын қамтамасыз ету үшін қолдау көрсетеді. Мұндай тәртіп ГФР-да қалыптасқан, онда СДПГ мен ХДС / ХСС арасындағы реттеуші ролін Еркін Демократиялық Партия атқарады.
Екіпартиялылықтың қалыптасуына көбіне мажоритарлық сайлау жүйесі мүмкіндік береді. Бипартизм биліктің салыстырмалы түрдегі тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды, яғни коалициялық келісімдердің тұрақсыздығынан еркін, бірпартиялық үкімет құрады. Екіпартиялық жүйе мүдделердің артикуляция және агрегация процесін жеңілдетеді, өйткені бәсекелестікке түсетін партиялардың әрқайсысы өзінің электоралдық негізін барынша кеңейту мақсатында әр түрлі әлеуметтік топтардың талаптарын жинақтап қорытуға, «қысқартуға» ұмтылады[76], – деп көрсетеді француз саясаттанушысы Р.-Ж.Шварценберг. Тағы бір француз саясаттанушысы М.Дюверже де осыған ұқсас баға береді[77]. Сонымен қатар екіпартиялық жүйе шешімдер қабылдауға ұсақ, азшылықтың мүдделерін білдіретін, онша беделді емес партияларды қатыстырудан шеттететіндігі үшін сынға ұшырайды.
Көппартиялық және екіпартиялық жүйенің қандай да бір түрінің тиімділігі мен демократиялылығын априорлық тұрғыдан жоғары бағалап, оған бір жақты баға беру мүмкін емес. Бәрі де елдің тарихи дамуының ерекшеліктеріне, тұрақтанған дәстүрлерге, нақты саяси жағдайға байланысты.
Бірпартиялық жүйе авторитарлық және тоталитарлық режимдерге тән екендігін, сондай-ақ дамушы елдерде таралғандығын айта кеткен жөн. Бірпартиялық жүйеде партия басқарушылар мен бұқараның арасындағы байланысты қамтамасыз етеді, сонымен бір мезгілде парламент те, сайлау механизмдері де не жойылады, не болмаса өзінің нағыз мәнінен айырылады.
Бірпартиялық жүйе билікке тек қана бір партияның монополиясы болуымен сипатталады. Бірпартиялық жүйеде саяси бәсекелестік деген атымен болмайды. Билеуші партия билікке өзімен қатар басқалардың үміткер болуына жол бермейді. Десек те, авторитарлық режимде үстемдік етуші партиямен қатар басқа да саяси партиялар ресми түрде өмір сүруі мүмкін, бірақ соңғыларының шынайы дербестігі болмайды, қызмет өрісі барынша шектеулі болады және билеуші партияның жетекші ролін мойындайды. Мұндай жүйе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде – Болгарияда, ГДР-де, Польшада, Чехословакияда қалыптасты, онда аталмыш одақтас партиялар саяси өмірде болмашы ғана роль атқарды.
Авторитарлық режим өмір сүріп тұрған кейбір дамушы елдерде бірпартиялық жүйелерге өзіндік ерекше өзгешеліктер тән. Мұнда билеуші партияның ролі мемлекет басшылығының саясатын жаппай қолдауды ұйымдастыруға саяды. Партиялар басқарушы мемлекеттік органдарға ұсыныла отырып, мемлекетті басқаруға тікелей қатыспай, қалай болғанда да көбіне «екінші рольде» әрекет етеді.
Тоталитарлық режимде тек бір ғана саяси партия әрекет етеді, қалғандары таратылады немесе оларға тиым салынады. Партиялық және мемлекеттік құрылымдарды тұтастырудың нәтижесінде билеуші партия мемлекеттен жоғары тұрады және онда үстемдік жасаушы рольді іске асырады. Бір ғана партияның билік функцияларына монополиясы саясаттағы субъективтілікке және волюнтаризмге, басқарудың әміршіл әдісін иеленуге, халық пен биліктің арасындағы өзара байланыстың бұзылуына және бұқара халықтың саясаттан шеттетілуіне алып келеді.
ХХ ғасырда бірпартиялық жүйенің жұмыс істеу тәжірибесі оның тиімсіздігі мен антидемократиялылығын айқын көрсетті. Қазіргі кезде мұндай жүйелердің беделі түсіп, саяси аренадан кетуде. Мұның мысалы Шығыс Еуропа мен Еуразия елдеріндегі партиялық жүйелердің қайта құрылуы болып табылады. Мәселен, ХХІ ғасырдың басында Қазақстан Республикасында саяси өмірдің әр түрлі бағыттарын көрсететін 12 саяси партия ресми түрде тіркелді. Біздің елімізде өтпелі кезеңнің динамикалық партиялық жүйесі қалыптасқан. Жаңа партиялардың көпшілігі әзірге саны жағынан аз және аморфты, оларда нақты айқындалған әлеуметтік негіз және елдің дамуының конструктивті бағдарламасы жоқ. Партиялық құрылымды құру жөніндегі мәлімдеме мен декларациядан бастап халықтың сенімінен шығу және мемлекетті басқарудағы шынайы саяси рольге дейінгі аралықта соншалықты ұзақ та, ауыртпалықты, сонымен бірге қарама-қайшылықты жолды жүріп өту міндеті тұр.
Демек, біздің елімізде партиялық жүйенің қалыптасу процесінің әлі аяқталатын түрі көрінбейді. Партиялар, қоғамдық бірлестіктер туралы заңның қабылдануымен бірге Қазақстанда саяси партиялардың бірігу процесі жеделдеді және сайлауға үміткерлерді ұсыну партиялық тізімдердің негізінде жүретін жағдайларда сайлауға белсене қатысу есебімен қатар қозғалыстар да күшейді.
Осыған байланысты Қазақстандағы көппартиялылық – қара бастың қамы емес, қоғамның белгілі бір жіктерінің мүдделерін білдіруге және қорғауға қабілетті саяси құрылымдарды қалыптастыру тәсілі екендігін атап көрсеткен жөн. Мемлекеттік билікке қатыса отырып, олар елдегі туындап отырған қиындықты жеңетін және экономикалық дамуға, Қазақстан халқының құқықтары, бостандықтары мен амандығы, тыныштығы үшін мемлекетті нығайтуға мүмкіндік беретін ортақ шешім табуға үндейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның саяси орталығы ролін іс жүзінде ел басшылығы – президент пен білік партиясы деп аталатын билік «вертикалы» орындап отырғандығы жөніндегі кейбір ғалымдар мен саясаткерлердің пайымдаулары көкейге қонады. Бұл саяси күш шын мәнінде елдің қоғамдық-саяси өмірінің реттеушісіне айналды. Демократиялық қоғамның өлшемдеріне жауап беретін партиялық жүйенің қалыптасуы мен дамуы процесі көбіне соларға байланысты.
Партиялық жүйенің қалыптасуы – жалпы бұл бірнеше ондаған жылдар бойы жүзеге асырылатын және барынша ұзаққа созылатын процесс екендігін есте ұстаған жөн. Ол қоғамның әлеуметтік жіктелуімен, негізгі әлеуметтік топтар мен тұтас алғандағы қоғамда саяси сана мен саяси мәдениеттің демократиялық типтерінің қалыптасуымен қосарлана жүреді. Сонымен бірге, посткеңестік кеңістікте саяси партиялардың қай кезде болмасын, өткен кезеңдегі батыс елдерінің саяси өмірінде партиялар қандай маңыздылыққа ие болса, дәл сондай маңыздылықты иемденуі екіталай. Қазіргі әлемде жаппай аталмыш саяси институт өмірге келтірген қоғамдық қатынастардың эрозиясымен байланысты партиялардың құлдырауы (әлеуметтік-таптық қарсы тұру) байқалады. Қазір, бұрынғы өткен кезеңдегі әлеуметтік байланыстар келмеске кетіп, экономика барған сайын жаһандана түсіп, шынайы билік қуатты мүдделі топтарға көше бастаған шақта, партиялардың өздерінің сайлаушыларына берген уәделерін орындауға мүмкіншілігі жоқ, бұл оларға деген жаппай сенімсіздікті тудырады.
Соған қарамастан, тұрақты көппартиялық жүйе тарихи түрде қалыптасқан елдерде партиялар саяси өмірдің барынша елеулі факторы болып қалуда. Осындай елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қоғамның тиімді дамуы үшін екі немесе үш партия үстемдік ететін саяси жүйенің нұсқасы әлдеқайда артық боп табылады.
Осыған байланысты, қоғамдағы саяси партиялар мен олардың жүйелерінің қызметі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметімен толығып отыратындығын айта кеткен жөн. Қазіргі жағдайда олардың маңыздылығы арта түсуде. Олар қоғамның саяси өміріне барған сайын көбірек ықпал етуде.