Кәсіпкерлік: нысандары және түрлері
Кәсіпкерлік – бұл бастамшыл қызмет: таза табыс табуға бағытталған; сұранысты қанағаттандыру жолымен; меншік мүлкіне негізделген; кәсіпкердің атынан жүзеге асырылатын; кәсіпкердің тәуекелге баруымен жүзеге асырылатын; кәсіпкердің мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын қызмет.
Кәсіпкер— жеке тұлға, ол: өндірістік-шаруашылық; көтерме сауда; инновация; кеңестер беру; коммерциялық делдалдар; бағалы қағаз операциялары және тағы да басқа сияқты заңмен тыйым салынбаған кез келген қызмет түрлерімен айналысуына құқылы.
Мемлекет кәсіпкерлік қызметтің еркіндігіне кепілдік береді және соны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 30 тамызындағы Конститутциясына сәйкес «...Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқы бар».
Кәсіпкерлік субектісі:
· Қазақстан Республикасының және басқа да елдердің азаматтары (қызметтері заң талабына сай болса ғана).
· Заңды түрдегі шетел азаматтары мен өкілеттілігі шектеулі тұлғалар.
· Азаматтық бірлестіктер.
Кәсіпкерлік қызмет төмендегідей екі нысанда жүзеге асады:
· Меншік иесінің өзінің тәуекел етуі және мүліктік жауапкершілігі негізінде.
· Кәсіпорынды меншік иесі атынан басқару.
Меншіктің мұндай ережелері өзара міндеттерді анықтай отырып, келісім арқылы реттеледі. Бұл келісімде:
· мүлікті пайдаланудың құқықтарын шектеу;
· әр түрлі қызметті іске асыру;
· материалдық жауапкершілік пен өзара қаржылық қарым-қатынас шарттары мен тәртіптері;
· келісімді сақтаудың негіздері мен шарттары жасалады.
· Меншік иесінің келісім жасалған сәттен бастап кәсіпкердің іс-әрекетіне араласуға құқығы жоқ (алдын-ала келісімдер мен кәсіпорынның жарғысында және заңда көзделінген жағдайларды қоспағанда). Кәсіпкердің құқықтары
· келісімнің бастамаларын жүзеге асырып қаржы-қаражат тарту;
· интеллектуалды меншік объектілерінің, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлкі мен жекелеген мүліктік мүдделерін қорғау;
· өндірістік бағдарламалар жасау;
· өз өнімдеріне тұтынушылар мен жеткізіп берушілерді таңдау;
· Қазақстан Республикасының заңдары мен келісімдеріне сәйкес баға белгілеуді реттеу;
· сыртқы экономикалық қызметтерді жүзеге асыру;
· кәсіпорындарды басқаруда әкімшілік-тәртіптік қызметтерді жолға қою;
· кәсіпорын иесінін атынан кызметкерлер жалдау және оларды жұмыстан босату.
Кәсіпкер тұтынушынын ақша төлеп алатын қажетті заттарын өндіруді өз міндетіне алады. Бұл тұста тауар өндіру және қызмет көрсетуді кең мағынада түсінуіміз қажет. Мәселен, бұлар ғимарат және құрал-жабдықтар; үй-жай, мүлік; өндіріс және тұтыну тауарлары; ақпарат; интелектуалды нәтиже (пікір, жаңалық ашу, патент); ақша, валюта, құнды қағаздар; басқа да тауарлар, жұмыстар мен кызметтер болуы мүмкін.
Сурет 4 – Кәсіпкерліктің түрлері
Кәсіпкерлік қызмет:
· өндірістік;
· коммерциялық;
· қаржылық;
· кеңестер беру болып бөлінеді.
Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен жетістіктері бар. Өндірістік кәсіпкерлікке қатысты негізгі қызметтер:
· өнім өндіруге бағытталған жұмыстар мен қызмет көрсетуді атқару;
· ақпараттарды өңдеу және жинау;
· рухани құндылықтарды игеру;
· тұтынуға жататын басқа да өткізілімдер.
Бұлардың негізгі қолдану өрістері:
· өндірістік кәсіпорын және мекемелер;
· коммерциялық сауда мекемелері;
· тауар-қор биржалары;
· банктер мен халықтар.
Қызмет түрін таңдауда алдын-ала маркетингтік зерттеу жүргізу керек және қандай тауардың немесе қызмет көрсетудің тұтыным мүмкіндігі мол, оған деген сұранымның тұрақтылығы, келешек даму теңденциясы, тауарларды сатуда ықтимал баға бірліктері, өнім өндіру мен оны өткізу процесіндегі шығындар, өткізу көлемін болжау. Өндірістік кәсіпкерлік қызметтің нәтижесінде өнім пайда болатынын жоғарыда айттық. Кәсіпкер екінші сатыда өндіріске қажетті қаржы-қаражаттың шамасын белгілеуге, қорытынды мәмілелерді топтауға, өнім өндіруді бастауға дейін әзірленген заттарды жеткізу мен банкротқа ұшыраудың алдын алуға бағытталған жұмыстарды атқаруға тиіс.
Өнімді тиімді сату шаралары кәсіпкерліктің үшінші сатысын құрайды. Бұл процесс делдал агенттіктер, брокер немесе кәсіпорынның өз күшімен жүзеге асырылады. Бұл кәсіпкерлік технологиясының айрықша жауапты кезеңі.
Коммерциялық кәсіпкерліктің мазмұны тауар-ақша қатынастары мен сауда-айырбас операцияларынан тұрады. Шын мәнінде, бұл тауар мен қызмет көрсетуді қайта сататын орын. Оның өндірістік кәсіпкерлік қызметтен айырмашылығы - мұнда өнім өндіруді өндірістік қорлармен қамтамасыз ету қажет болмайды. Мұндағы ең басты мәселер:
· "нені сатып алу керек";
· "нені сату керек";
· "қайда сату керек" деген сұрақтарға жауап іздеу.
Кәсіпкер тауар және қызмет көрсету қозғалысына болжам жасап, алдын-ала бағалау үшін өзінің нақты іс-әрекет жоспарын (бизнес-жоспар) жасайды. Міне, осылардың қорытындысында:
· сатып алу - сату мәмілесін жүргізу;
· тауарларды көтере сатып алу және сату бағалары бойынша есеп айырысулар;
· шығын мен ақырғы нәтижелер;
· жұмысшылардың саны;
· көлік жұмысының ауқымы;
· жарнама;
· коммерциялық құжаттарды дайындау жұмыстары нақтылы анықталады.
Бизнес-жоспарда бұлардан басқа мыналар қарастырылады:
· тауарларды алдағы уақытта сату үшін көтере сатып алу;
· ұйымдардан қызмет көрсету туралы міндеттемелерді жинау және оларға төлем жасау;
· тауарларды сақтайтын қоймалар мен тұрғын үйлер жалдау, өнімдерді өткізетін сауда орындары;
· тауарларды өткізу нысандары;
· несие және басқа қарыз қаражаттарын алудың негіздері;
· мемлекеттік және қаржы мекемелеріне салық және басқа да міндетті төлемдерді өтеу.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерді төмендігілерге жатқызылуы мүмкін:
· шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (орташа жылдық саны ары кеткенде 50 адама);
· орта кәсіпкерлік субъектілеріне (орташа жылдық саны 250 адамға дейін);
· ірі кәсіпкерлік субъектілеріне (орташа жылдық саны 250 адамнан артық).
Төмендегідей қызметтерді жүзеге асыратын жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылмайды:
· есірткілік заттарды, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметтерді жүргізетін;
· акциздік өнімдерді шығаратын және көтерме саудада сататын;
· астық қабылдау орындарында астықты сақтау қызметін жүзеге асыратын;
· лотерея ұйымдастыратын;
· ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметпен айналысатын;
· аккредитациялау, сертификаттау, метрология және сапаны басқару саласындағы қызметпен айналысатын;
· мұнайды, мұнай өнімдерін, газды, электр және жылу қуатын өндіру, өңдеу және сақтау қызметімен айналысатын;
· радиобелсенді материалдардың айналымымен байланысты қызметпен;
· банклік қызметпен (немесе оның жекелеген түрлерімен) және сақтандыру нарығындағы қызметпен (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
· аудиторлық қызмет;
· құнды қағаздар нарығында кәсіби қызмет.
Шағын кәсіпкерлік субъектілері:
· заңды тұлғаны құрусыз жеке тұлғалар;
· кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар (толық серіктестік, командиттік серіктестік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік, акционерлік қоғам, өндіріс кооперативі).
Қаржылық кәсіпкерлікке сату-сатып алудың ерекше тауарлары: ақшаны, валютаны, құнды қағазды (акция, вексель, облигация, ваучер), яғни ақшаны тікелей және қосымша нысанда сату жатады. Нарықтық қатынастарға етуге байланысты ақша нарығы, валюта және құнды қағаз нарықтары бой көтерді, оларға қатысушылар:
· коммерциялық банктер;
· қор биржалары;
· кейбір кәсіпорындар мен ұйымдар;
· кәсіпкерлер және жеке тұлғалар.
Кәсіпкер немесе бизнестің осы саласына қатыстылар өздерінің іс-әрекеттерін құнды қағаз нарығы мен маркетингтік қызметті ұйымдастырудан бастайды. Сөйтіп бір уақытта олар ақшаның, валюта мен құнды қағаздардың көздерін табады.
Кәсіпкерлік қызметтің тағы бір нысаны — меншіктік акцияға, облигацияға, несие билеттеріне және коммерциялық құнды қағаздарға (ақша міндеттері, век-сель) қатысты құнды қағаз эмиссиясын жүзеге асырады.
Құнды қағаздар айналымының аса тараған нысаны:
· құнды қағазды кәсіпкердің өзінің сатып алуы (Да);
· оны басқа сатып алушыға жоғары сомада сатуы (Дв);
· Дв мен Да арасындағы айырма оған табыс әкеледі.
Егер кәсіпкердің құнды қағаздарды сатып алатын ақшасы жоқ болса,
онда ол несие алады немесе несие жөнінде банктермен келісім жасасады (Дк). Қаржылық кәсіпкерлік жүйесі нақты мәліметтермен толықтырылуды және жоғары дәрежеде ұйымдастыру ісі техникаларымен қамтамасыз етуді қажет етеді. Қаржы-несие жұмыстарын жүргізу кезінде кәсіпкер тұтынушыға ақшаны, валюта мен құнды қағаздарды қарызға береді, ал белгілі бір уақьптан кейін берілген соманы қарыз процентімен қоса, яғни жоғары көлемде қайтарып алады. Мұндай мәміле кезінде кәсіпкер сатып алушылардың қаржылық мүмкіндіктері жөнінде хабардар болуы немесе алдын-ала кепілдік мәселесін шешіп алуы қажет.
Кеңес беру қызметіне:
· жалпы басқару;
· әкімшіліктік басқару;
· қаржылық қолдау;
· маркетинг;
· ақпаратты технология;
· арнайы қызметтер жатады.
Сонымен қатар халыққа ақылы немесе ақысыз түрде кеңестер беріліп, қызметтер көрсетіледі.
1.4 Банкроттық түсінігі мен белгілері және кәсіпорынның банкроттығы
Кәсіпорынның банкроттығы нарықтық қатынастарды қамтыған Қазақстан экономикасы үшін жаңа құбылыс емес. Қазақстан экономикасында шаруашылық субъектілердің банкротқа ұшырауының көптеген алғы шарттары бар. Кәзіргі уақытта бұл саладағы нормативтік база қабылданып және дамытылып жатыр. Банкроттық нарық шаруашылығының бір категориясы болып табылады. Ол соттың шешімі мен немесе кредитордың келісімі бойынша соттан тыс ресми түрде жарияланады. «Банкроттық туралы» Қазақстанда үш заң актісі қабылданды.
Бірінші заң 1992 жылы 14 қаңтарда қабылданып, 1992 жылы 1 ақпанда күшіне енді,
Ал екіншісі – Президенттің 1995 жылғы 7 сәуірдегі заң күші бар Жарлығы. Бірақ қабылданған заң актілері көп мәселелерді шешпеді, дауларды қарау кезінде көптеген қиындықтар байқалды. Мұндағы заңдарды жаңарту қажеттігін туғызатын ең басты себеп – банкроттыққа байланысты мәселелердің біріңғай жүйеленбегендігі еді. Мәселен, қайта ұйымдастыру, кредиторлардың мүдделерін қорғау жолдары шешілмеген. Кредиторлардың өз мүдделерін қорғауларына мүмкіндік беретін құрылтай жиналысы қалыптаспаған екен. Ерекше талаптарды қажет етпейтін істерді жүргізу процесі нақты реттелмеді, іс жүргізуді қозғау үшін қажетті құжаттар тізімі болмады. Осыған байланысты соттар өтініштерді қабылдаудан бас тартты. Яғни, заңды жүзеге асыру механизмі болмады. Ең негізгі мәселенің бірі – талап-арыз, өтініштерді орындау реттелмеді. Банкроттық туралы заңдардың жетілмеуінен және борышкердің дәрменсіздігіне қатысты нақты критерийлердің және сот шешімін орындау механизмінің жоқтығынан төлем қабілеттілігі жоқ көптеген шаруашылық жүргізуші субъектілер күнделікті айналымнан шығарып тасталынбады, мұның өзі экономиканың дамуына кері әсер етті. 1995 жылы 7 сәуіріндегі Қазақстан Республикасының Президентінің заңдық күші бар Жарлығына сәйкес «Банкрот болу» заңы шықты. Банкрот болу – тауарды, жұмысты және қызметті, сонымен бірге бюджетке, бюджеттен тыс қорларға жіберілетін міндетті төлемдерді, қарызы бар тұлғаның мүлкінен оның міндеттемесінің басым болу себептерінен төлей алмау жағдайын айтамыз. Банкрот болуға қарызы бар тұлғаның балансының қанағатсыз құрылымы да әсерін тигізеді. Кәсіпорынның мүмкіншілігінің жоқ екендігінің сыртқы нышаны – ағымдағы төлемдерді тоқтатып, қарыз берушілердің талабын талап еткен күннен бастап үш ай шамасында орындай алмау болып табылады. Әдетте қарызы бар кәсіпорынға келесі шаралар қолданылады:
· қайта қалыптастыру – бұл жерде сырттан басқарушы тағайындалады, кәсіпорынның қалыптасуына заң бойынша белгілі бір уақыт беріледі;
· жою
а) қарыз берушілердің бақылауымен ерікті түрде
ә) сот шешімі немесе конкурс ашу негізінде жоюға мәжбүр ету
· өзара келісімге келу – бұл жерде кәсіпорын мен қарыз берушінің арасында несиеге қатысты бітімгершілік жүзеге асырылады.
Ал үшіншісі - Банкроттық туралы Қазақстан Республикасының1997 жылғы 21 қаңтардағы № 67-1 Заңы.
Банкроттық туралы заң тәжірибесі көрсеткеніндей, арыз бергеннен бастап, сотпен белгіленген әрекет – кәсіпорын таратылғанша немесе қайта ұйымдастыру жөн-жосығын қолдану аяқталғанға дейінгі сот өндірісінің бүкіл жөн-жосығын қамтуы керек.
Банкроттық — кәсіпорындардың төлем қабілетсіздігі салдарынан өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатуы. Әдетте, фирманың банкроттығы, көбінесе, олардың шығыны кірісінен асып кетуі салдарынан туындайды. Мұндай жағдайда борышқор тек соттың шешімі бойынша ғана банкрот деп танылады. Борышқорды банкрот деп танудың негіздері, тәртібі мен рәсімі ҚР “Азаматтық Кодексінің” 52-, 53-, 54-, 55-, 56-, 57-баптарында, “Банкроттық туралы” заңда (21.1.1997) көзделген. Осы актілерге сәйкес Банкроттық ерікті не ықтиярсыз түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Егерборышқор өзінің төлем қабілетсіздігі жайында сотқа арыз берсе, онда ол ерікті банкрот болып табылады. Алайда борышқор арызын соттың тиісті шешімінсіз кері қайтарып ала алмайды. Ал, ықтиярсыз Банкроттық туралы іс қозғауға кредит берушінің талабы негіз болады. Кейде фирмалардыңалған қарыз ақшаларын жасырып қалу мақсатымен “жалған Банкроттыққа” ұшырау деректері де кездеседі. Бұл теріс әрекет ретінде танылып, заңмен қудаланады. Банкроттыққа ұшыраған кәсіпорынның кредит берушіге қарызын және басқа да міндетті төлемдерін өтеу туралы үшінші жақтың кепілдігі болмаған жағдайда сот баспасөзде борышқордың қаржы жағдайын жақсартып, кредит берушілердің тілек-шағымдарын қанағаттандыруына жәрдем беруге қабілетті заңи тұлғалар мен азаматтарға арналған тендр жариялай алады. Егер бір ай ішінде мұндайлар табылмаса, кәсіпорынның банкроттықтығы туралы іс заң құжаттарында көрсетілген тәртіппен қаралады да кәсіпорын мемлекеттік тіркеу регистрінен шығарылып, таратылады.
Дейі (касақана) банкроттық. Экономикалық, қызмет саласындағы қылмыс, коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сол сияқты жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы, ірі зиянға немесе өзге де ауыр залалдарға апарып соғуы. Коммерциялық ұйым басшысының немесе оның меншік иесінің, сол сияқты жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы ірі зиянға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, экономикалық қызмет саласындағы қылмыс болып табылады.
Банкрот - дәрменсіздігін сот белгілеген борышкер. Банкроттық - борышкердің сот шешімімен танылған оны таратуға негіз болатын дәрменсіздігі;
Жалған банкроттық - коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сол сияқты дара кәсіпкердің кредиторларға тиесілі төлемдерді кейінге қалдыру немесе ұзарту немесе борыштардан шегерім жасатқызу үшін, сол сияқты борыштарды төлемеуі үшін кредиторларды жаңылыстыру мақсатында өзінің дәрменсіздігі туралы көбіне жалған хабарлауы.