Тіл - Қатынас ҚҰралы
І семестр
Тақырып. Мемлекеттік тіл мәртебесі. Тіл туралы Заң. Тіл – қатынас құралы. Сөз құрамы және қосымша. Синоним. Антоним. Омоним.
Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары
1. Сөз құрамы және қосымша туралы айтып өту.
2. Мемлекеттік тіл мәртебесі. Тіл туралы Заң. Тіл – қатынас құралы. (осы тақырыптарды толықтыру, еске түсіру, студенттерге сұрақтар қою).
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІ
Тіл дегеніміз - адамды адаммен, халықты халықпен жақындастыратын ерекше құрал. Сол себепті біздер достықтың құралы және еліміздегі бірліктің негізі ретінде тілді ерекше құрметтеуіміз керек. Ана тілінде әркімнің білім алуына жағдай жасау, олардың ұлттық мәдениетін дамыту - маңызды мемлекеттік стратегия.
Қазақ халқының ана тілі - қазақ тілі. Қазақ тілі- бай тіл. Бұл күнде қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақстанда тұратын ұлты басқа халықтар да қазақ тілін үйренуде. Олар қазақ тілін арнайы курстарда, мектептер мен университеттерде оқиды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев халыққа Жолдауында былай деп атап өтті: "… біздер қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеміз, көп ұлтты және көп мәдениетті келісімі бірегей ұлттың алға дамуын қамтамасыз етеміз".
Мемлекеттік тіл - Қазақстанның болашағы.
Тапсырмалар.
1.Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.
2. Берілген сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыздар: ана тілі, мемлекеттік мәртебе, басқа халықтар, жағдай жасау, достықтың құралы, мәдениетті дамыту.
3. ерілген сөздерді сөз құрамына талдаңыздар: құрметтеуіміз, жолдауында, дәстүрін, жақындастыратын, ғасырлық, мәдениетін, достықтың, еліміздегі, халықты.
4. Мәтіннен ілгерінді, кейінді ықпалға мысалдар келтіріңіз.
5. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, ауызша жауап беріңіздер.
6. Мына етістіктерден келер шақ формасын жасаңыздар. Үлгі: жазу-жазады-жазар-жазбақ. жақындастыру, құрметтеу, алу, үйрену, оқу, өту, дамыту, сақтау, алға даму.
7. Берілген сөз тіркестерін септеңіздер: ұлттық мәдениет, ғасырлық дәстүр, қазақ тілі, ерекше құрал.
8. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді теріп жазыңыздар.
9. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді жазып, аударыңыздар.
Ана тілінде ... білім алуына жағдай жасау, олардың мәдениетін дамыту- ... мемлекеттік стратегия. Қазақ тіл- ... тіл. Бұның ... негізі Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы ... жазылған. Қазақ .. ана тілі - қазақ тілі.
10. Мәтіннен есімдіктерді тауып, аударыңыз, сөйлем құрастырыңыз.
11. Мына нақыл сөздерді оқып, аударыңыздар:
ü Түрлі-түрлі байлықтар бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы- бәрінен де сенімді байлық. (Ғ.Мұстафин).
ü Сөзді бағалар, сөзге тоқтар, сөзден мағына іздеу адамды мәдениеттендіре түседі. (Ілияс Омаров).
ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ
1989 жылы тілдер туралы Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Бұл 1993 жылғы Конституцияда бекітілді. 1990 жылдан бері қазақ тілі заңды түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақстан Республикасының Тілдер туралы Заңы 1997 жылдың 11-шілдесінде шықты.
Тіл туралы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді. Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.
Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Тапсырмалар.
1. Мәтінді оқып, аударыңыз.
2. Мына сөздермен сөз тіркесін, сөйлемдер құрастырыңыз: қатынастар, ұйымдастырушылық, міндетті, құқықтық, өкілді, атқарушы, дамыту, топтастыру, қабылдау.
4. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз
5. Мәтіннен туынды және негізгі сын есімдерді теріп жазыңыз. Туынды сын есім тудырушы жұрнақтарды көрсетіңіз.
6. Мәтіндегі сан есімдерді құрамына, мағыналық түріне қарай талдаңыз.
7. Мына мақалдарды аударып, жаттап алыңыздар.
· Өнер алды - қызыл тіл.
· Сәлем - сөздің анасы.
· Көп сөз - күміс, аз сөз - алтын.
· Ең тәтті де - тіл,
Ең ащы да - тіл,
· Ең жұмсақ та - тіл,
Ең қатты да - тіл.
8. М.Шахановтың өлеңін тыңдаңыз.
ТІЛ - ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ
Қыркүйектің 22-сі Қазақстан Республикасы халықтарының тіл мерекесі күні болып жариялануы - аса маңызды гуманистік қадам. Бұл, ең алдымен, тілге, сол арқылы мәдениет пен өнерге қоғам мен мемлекеттің көрсеткен құрметі.
Тіл - адамдар қатынасының аса маңызды құралы. Адам өз ойын екінші біреуге тіл арқылы, яғни сөзбен айтып жеткізеді. Осындай аса маңызды қатынас құралын дұрыс пайдалану, яғни дұрыс сөйлей білу - үлкен өнер. Адамның білімділігі, мәдениеттілігі оның сөйлеген сөзінен көрініп тұрады. Кісінің абыройлы, беделді болуы да оның дұрыс сөйлей білуіне байланысты.
Тіл - адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, табыстыратын өзгеше құрал. Тілі жоқтың күні жоқ, келешегі жоқ. Мұны ешбір ел, ешбір халық қаламайды. Халықтың жаны - тіл.
Тіл жылдан-жылға дамып, жетіле береді де, оның сөздік қоры молая түседі. Сөйлеген сөзіміз әдемі, тартымды әрі көркем болу үшін, біз әдеби кітаптарды, яғни көркем әдебиет пен прозалық шығармаларды, поэзиялық шығармаларды көп оқуымыз керек. Сонда ғана сөйлеу мәнеріміз, тіл мәдениетіміз жоғарылайды.
Тапсырмалар.
1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.
2. Сұрақтарға жауап беріңіз.
а) Тіл мерекесі қашан атап өтіледі?
ә) Адам өз ойын не арқылы жеткізеді?
б) Адамның мәдениеттілігі неден көрінеді?
в) Халықтың жаны не?
г) Адамның беделді болуы неге байланысты?
3. Мәтіннен шылау сөздерді теріп жазыңыз.
4. Мәтіннен синоним сөздерді тауып, аударыңыз.
5. Берілген сөздерден сын есімнің шырайларын жасаңыз, дәптерге жазыңыз: маңызды, үлкен, әдемі, тартымды, көркем, өзгеше.
6. Сөйлемдерден есімдіктерді теріп жазып, мағыналық түрін көрсетіңіз. Сөйлем құраңыз.
7. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді теріп жазып, сөз тіркесін жасаңыз.
8. Тіл, ұлт, мәдениет, мемлекет, адам, халық сөздерін септеңіз.
9. Мына сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыз: маңызды іс, тіл мерекесі, өз ойы, үлкен өнер, сөздік қоры, қатынас құралы, дұрыс сөйлеу, тіл мәдениеті.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.
2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.
4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (1-тақырып) [қосымша 12, 16, 19, 20 ]
1. «Мемлекеттік тіл мәртебесі» тақырыбына шығарма.
2. «Тіл туралы Заң» конспект.
3. «Тіл – қатынас құралы» шығарма.
Тақырып. Адам бәрін жасайды. Билл Гейтс. Қол өнер. Қазақ тіліндегі жалғау түрлері: көптік, жіктік, тәуелдік, септік. Жай және тәуелді септеу.
Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары
1. Жай сөйлем туралы айтып өту.
2. Адам бәрін жасайды. Билл Гейтс. Қолөнер тақырыптарына сұрақтар қою.
3. Грамматика бойынша 2-3 сөзді жіктету, тәуелдету, септету.
АДАМ БӘРІН ЖАСАЙДЫ
Әр адам өмірге келгенде өзіне сұрақ қояды: адам болу оңай ма? Бұл сұрақ тек қуаныш пен бақыт кезінде қойылмайды. Өз болашақ жолын таңдағанда бұл сұраққа жауап алу өте қиынға соғады. «Адам» деген сөзге не жатады? Алдымен осыны түсініп алуымыз керек. Адамның бойындағы негізгі қасиеттері өз алдында шындық, өз басына жауап беру, өз мақсатына жету, достыққа шақыру, талап қоя білу болып табылады. Өз басына жинаған тәжірибе – адамға өмір бойы көмектеседі, дұрыс шешім қабылдауға жетелейді. Адам осы өмірде бәрін өзі жасайды. Жақсыны да, жаманды да қолдан жасайтын адам ғой! Ғажайып табиғаттың шеккен азабы қандай?! Мысалы, Арал теңізінің кебуі, орман-тоғайлардың жануы, сулардың ластануы, осының бәрін кім жасады? Адам өз ісімен табиғатқа зиян келтіретіні туралы ойланбайды.
Бірақ адамның жетістіктері де көп. Әлемдегі Өркениет адамның қолымен жасалған. Адам өзінің өмір сүруін жеңілдету үшін түрлі шаралар ұйымдастырып құрастырған. Адамның сана-сезімі қарқынды даму үстінде. Ол өз қиялымен неше түрлі техниканы, күнделікті қолданылатын заттарды ойлап тапқан. Бүгінде адам баласының ойының жетілгені соншама, нанотехнология, биотехнологияны дамыту үстінде.
Тапсырмалар.
1. Жаңа сөздерді оқып, аударып, сөз тіркесінде қолданыңыз.
2. Мәтіннен тәуелдік, көптік жалғаулы сөздерді табыңыз.
3. Мәтіндегі септік жалғаулы сөздерді оқыңыз.
4. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:
а) Адамның бойындағы негізгі қасиеттерді атаңыз?
ә) Адамдар табиғатқа қандай зиян келтіруде?
б) Адам баласының бүгінгі күндегі жетістігі қандай?
в) Адам болу оңай ма? -деген сұраққа сіз қалай жауап берер едіңіз?
БИЛЛ ГЕЙТС
Билл Гейтс - әлемдегі бай адамдарының ішінде ең байы, жасы жағынан ең жасы. Жеке байлығы 100 млдр. долларды құрайды. Әкесі – адвокат, анасы – мектеп мұғалімі болған. Лейксайд жекеменшік мектебінде оқыған. Осында компьютерге деген қызығушылығы артады.
«Болашаққа жол» кітабында «Біз Поль Алелен екеуіміз қарапайым программа жасаудан бастадық. Оқушы үшін әр жазда 500 доллар табу үлкен қаржы еді» - деді.
Сонау 1974 жылы американдық MITS фирмасы Altair 8800 шағын қондырғысын шығарды. Кейіннен бұл әлемде алғашқы жеке компьютерлер болып саналды. Ол Гарвард университетінің бірінші курсында оқитын Билл Гейтстің программасы – программистер үшін құралмен (Бейсик тілінің интерпретаторы) жабдықталды. Бұл Гейтс үшін әлі күнге дейін үлкен мақтаныш. Осы арқылы ол бірінші болып нарық әлемінде өзі қалаған күрделі тірлікке сәтті қадам жасады.
Гейтстің жетістіктерінің сыры, оның өз тауарын стандартқа айналдыруында жатыр. Сонда ол тауар өзін қайта-қайта сатып отырады. Гейтс қолдануға ыңғайлы, жан-жақты жетілдірілген жүйенің компьютерлер үшін үнемі қажет болатынын дер кезінде бағалай білді. «Бір үйреніп алған тұтынушы өзгені қажетсінбейді (немесе өзгені қолдана алмайды)». Ол ұстанған бағыт осы болды.
Тапсырмалар.
1. Мәтінді оқып, аударыңыз.
2. Төмендегі сөздермен сөйлем құраңыз.
Жеке меншік, құрайды, қызығушылық, қаржы, қондырғы, нарық, жоба, жүйе, жетістік, тауар, тұтынушы, бағыт.
3. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.
а). Б. Гейтстің жеке байлығы қанша доллар құрайды?
ә). Ата-анасы кім болған?
б). Б.Гейтс қандай мектепте оқыған?
в). MITS фирмасы не шығарды?
г). Б.Гейтс қандай университетте оқыды?
ғ). Қандай жүйе жасау жөнінен жетекші ролге ие болды?
ОЛӨНЕР
Қазақ жерінде ХVІІІ – ХІХ ғасырларда қолөнер дәстүрлері қатты дамыған. Мысалы, жүннен жасалған ашық түсті текеметтер, қара ала сырмақтар, қызылды-жасылды түскиіздер, қызыл гүлді кілемдер, қошқар мүйізді алашалар мен тоқылған сандық қап, аяққап, кесеқап және шекпен, шапан, т.б.
Сонымен бірге, қазақтың өткен заманда дамыған қолөнер түрі – зергерлік өнер. Бұрынғы заманда Қазақстан жерінде алтын, күміс, қорғасын, мыс, қалайы тағы басқа металдар өндірілген. Олардан түрлі бұйымдар, киім-кешектер де әзірленген. Әсіресе әйелдерге, қыздарға арналған шолпы, білезік, қапсырма, сақина, жүзік, сырға, алқа, түймелер жасаған.
КИІЗ ҮЙ
Киіз үй негізгі төрт бөлшектен тұрады. Ол – кереге, уық, шаңырақ, есік. Бұлардың бәрі ағаштың мынадай түрлерінен жасалады: тал, қайың, терек. Ең жақсысы – тал. Кереге, уық, шаңырақ, есікті осы кәсіпке маманданған шебер жасайды. Үйшілер көбінесе талды өзендер бойында тұрады. Олар – Еділ, Жайық, т.б. кішірек өзендер. Ағаш бөлшектерді жасау үшін үйшілер мор, тез, үскі деген ұлттық жабдықтарды пайдаланған.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.
2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
3.Түймебаев Ж.. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.
4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (2-тақырып) [қосымша14,15,17,18,19]
1. «Адам бәрін жасайды» тақырыбына әңгіме.
2. «Билл Гейтс» туралы әңгіме.
3. «Қол өнер» тақырыбына буклет жасау.