ХХІ ғасыр поэзиясындағы модернистік және постмодернистік даму үрдістері
Бүгінгі таңда барлық әдістердің танымдық тұрғылары қым-қиғаш араласқан. Кеше бір еңбектерде романтикалық арнада жазылды деген шығармалардың енді модернистік туынды ретінде бағалануы сәнге айналды. Керісінше, қазіргі әдебиеттануда модернистік, постмодернистік деп бағаланған шығармалардың көркемдік тінінде, қаламгерлердің суреткер, қоғам, жеке тұлға мен болмыс хақындағы толғаныстарынан, ой-пікірлерінен романтикалық дүние қабылдаудың сілемдерін бағамдауға болады.
Кеңес әдебиеттануында «кездейсоқ оқиғалар мен ерекше характерлер» жасаудың үлгісі болған (Ф.Энгельс) романтизмді жүйелеуде В.Г.Белинский көбінесе реализмге жүгініп, негізсіз пікір білдіреді. Кеңес тұсында да романтизмді реализмнің аясында бір жақты қарастырды. Шын мәнінде, әдебиетте адам жанының алдыңғы қатарға шығу қажеттілігімен санассақ, романтизмді реализммен қатар қарастырудан гөрі модернизммен бірлікте қатар қарастырған жөн.
Мақаланың тақырыбына қарасақ, ол екі мәселені қамтиды. Біріншісі - модернизм эстетикасында трансформацияға ұшыраған романтизм мәселесі болса, екіншісі – осы мәселенің Д.Амантай шығармаларындағы көрінісі.
Романтизм тенденциясының ХІХ ғасырмен ғана шектелмей, оның шеңберінен тыс кезеңдерде бой көрсетіп жүргенін ғалымдар да мойындайды. Әрине, ХХ ғасырдың көркемдік дамуына модернизмнің ықпалы орасан. Классикалық реализмнен өзгешелігі ол өзін поэзиядан гөрі, прозада айқынырақ, күштірек танытты. Модернизм әдебиет пен өнердің сахнасына ХХ ғасырда түбегейлі орнығып, өз дәуірінің мәдени қажеттілік талабынан табиғи туындады. ХХ ғасырда модернистік ағымдар мен интенциялар тұтастай мәдени кеңістікте қатар көрініп, әдебиеттің сан түсті, қалың бояулы көркемдік тінін құрайды. Модернизм имманенттік тұрғыда романтизмнің көркемдік жетістіктерін бойына сіңіре білді.
Модернистер әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің фәнидегі жалғыздығын түсінеді деген пікірлерді алға тартты. Жалғыздық қасіреті қоршаған ортаны адамның жатсынуы модернизм өкілдерінің шығармаларында айрықша көрініс тапты. Қоғам мен адам арасындағы қайшылық сарыны тұрғысынан романтизм эстетикасымен ұқсас тұстары болды. Қазақ прозасындағы адам табиғатының трагедиялығы, болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы бейнеленген, адамның панасыздығын, қорғансыздығын меңзейтін шығармаларда романтикалық сипат пен модернистік ұстанымның берік байланысы жатыр. Орыс әдебиетінде модернизм, постмодернизм құбылыстарын зерттеуші Д.Затонский ХХ ғасыр модернизмінің романтизм құндылықтарынан тамыр тартып жатқанын сөз етеді. «Модернизм мен постмодернизм» деп аталатын кітабының арнаулы тарауында романтизмнің көркемдік жүйесінде кездесетін, ортақ «модернистік» белгілерді «тани» отырып былай дейді: «Если обозреть бытие искусств как бы с птичьего полета, то нетрудно заметить, что они, в свою очередь, тоже тяготеют к движению циклическому: Возрождение объявляло (и даже искренне верило), будто наследует античности, романтизм в некотором роде подражал Средним векам, модернизм ХХ века - романтизму... Модернизм и в самом деле многое позаимствовал у романтиков, тех в известном смысле даже можно бы наречь «пре-модернистами». Что, тем не менее, вовсе не исключает их сродства с постмодернистами. В частности, и потому, что романтическое не=жизнеподобие в общем и целом все-таки чуждо фанатически-революционной экстреме» /2,157/.
Романтизмнің постмодернизммен кей мәселелерде тамырласып жатқан тұстары бар. Орыс әдебиетінде В.Набоковтың «Лолита», М.Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романдарын зерттеушілер бірде романтикалық, бірде постмодернистік шығармалардың қатарына жатқызып жүргені сондықтан болар. Екі бейнелеу тәсілінде де жазушылардың дүниетанымдық аңсарынан кейіпкердің өзін жалғыз сезінуі, пенденің ортамен қарама-қайшылығы, тоқтамас арынды заманның технократиялық болмысынын сескену, заңдылықтан гөрі кездейсоқтықтың басымдығы, нақты болмыстың фантасмагориялық кейіпте суреттелуі, жеке тұлғаның рухани ізгіліктердің тапшылығынан зардап шегу сарыны аңғарылады.
Д.Амантай - қазіргі қазақ әдебиетінде «нағыз» модернист, әрі постмодернист ретінде бағаланып, шығармалары әдеби сынды «шулатып жүрген» жазушыларымыздың бірі. Қазіргі таңда Д.Амантайдың туындыларына екі түрлі, бір-біріне қайшы келетін көзқарас қалыптасқан: бір топ - оның тілі қасаң, шығармаларының көркемдігі төмен, мағынасы ауыр, кірме эпизодтар мол, түсіну қиын деп жатса, екінші топ - туындылары астарлы, алыстан орағытады, философиясы терең, көп қабатты деп мақтап жатады. Біз бұл екі топқа да қосыла кетпей, өз кезегімізде зерттейтін объектімізге қатысты ғана пікір айтуды жөн көрдік.
Д.Амантай шығармашылығы мен ондағы постмодернистік сарын туралы Б.Майтанов, З.Серікқалиев, Г.Бельгер, Ә.Бөпежанова, Т.Әсемқұлов, Л.Сафронова, т.б. бірқатар әдебиеттанушылар мен сыншылар өз пікірлерін білдірді. Д.Амантайдың көркемдік әдісіне нақты сипаттама беру мақсатын алға қоймағанымен жекеленген зерттеу мақалаларында жазушы шығармаларындағы модернизм мен постмодернизм поэтикасына қатысты тұстары ғана талданды.
Қазіргі әдебиеттегі автордың, жазушының орны туралы өз көзқарастары Д.Амантайдың бірқатар эсселерінде көрініс берген. «Әдебиеттің ролі» эссесінде «жоғарғы мәдениетті транзитті экономиканың құрбандығы» /2,20/ деп бағалай отырып, мәдениетке қамқорлыққа алып, кітап бастыру дәстүрлерін сақтап қалуға шақырады. Зерттеуші Л.Сафронова: «жазушы модернистік идеологияны ағартушы, суреткер-реалист, сонымен қатар суреткер-романтик, эстет позицияларымен қатар ұстанады» /3,89/ – дейді.
Д.Амантайдың романтикалық концепциясы суреткер туралы көзқарастарында байқалады. Оның ойынша, суреткер – мессия (мессия сөзінің діни мағынасы - құдайдың жерге құтқаруға жіберген адамдары), үгіт-насихатшылар, мәдениетті алға жылжытушылар – «алға жылжудың мәңгілік азшылық бөлігі» («вечное меньшинство продвижения»). Жазушы суреткердің қызметі туралы: «И в настоящее время в Казахстане именно это меньшинство борется за настоящую культуру, которая несет в себе высокие вечные идеалы человечества. Это – высокая эстетика, погруженная в любовь и выражающаяся в великой красоте»; «Қазақстанда қазіргі жағдайда осы азғантай топ қана нағыз, шынайы мәдениет үшін күрес жүргізіп, өз бойындағы адамзаттың мәңгілік асқақ идеалдарын тарата білді. Бұл – асқақ эстетика, ол махаббаттан нәр алып, ұлы сұлулықта көрініс табады» (Жолма-жол аударма – Жанұзақова Қ.). /2,20/ – дейді.
Д.Амантайда қазіргі автор, суреткер, ең алдымен, күрескер. Бұл әрине, постмодернистік емес, романтикалық дүние қабылдау ерекшелігінен туындайды. Суреткер мен ортаның, суреткер мен оны түсінбейтін көпшіліктің қарама-қарсылығы – бір жағынан әрі романтикалық, әрі модернистік мәселе. Суреткер өзіне қарсы тұратын көпшілікпен күреседі. Д.Амантайдың пайымдауынша, қазіргі жазушы «көпшіліктің жалпылай алыс ортағасырлық өткенге иек артуымен, мифологияландырылған ұлттық тарихтың жасалуымен, сонымен қатар жалпы мәдениеттің архаикаландырылуымен» күреседі /2,20/.
Д.Амантайдың шағын ғана «Гүлдер мен кітаптар» романы әдеби сында үлкен қарама–қайшылықты пікірлер тудырды. Д.Исабеков оны «роман емес» деп бағалады. Г.Бельгер романды, тұтастай алғанда, «астар мен толғаныс, үзілген сөз, мозаикалық баяндауға, бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға» құрылғанын айтады /4/. Әрине, бұл бір жағынан шығармаға құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен, ізденістерімен де ұштасып жатыр.
Ә.Бөпежанова Дидар Амантай шығармашылығының «көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен» және «жасампаз сұхбаттастық сипатымен» ерекшеленетініне назар аударады және жазушы туындыларына тән осындай қасиеттердің көркем көріністері – жазушының жаңа заман талабына сай «Мен Сізді сағынып жүрмін» атты повесі мен «Гүлдер мен кітаптар» романында айқынырақ танылғанын жазады. «Гүлдер мен кітаптар» романын көлемі шағын, бірақ «конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін шығарма ретінде бағалайды. /5,12/.
Роман сюжетіне келер болсақ, бас қаһарман - Әлішер есімді жазушы жігіт үлкен кітап жазу мақсатын алға қояды. Шығармада қатар жатқан қос әлем бар - Әлішерге қатысты бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің көне тарихын қозғайтын өткен күн оқиғалары кезектесе дамиды, яғни сақ өркениеттері мен бүгінгі мегаполис болмысы иық түйіскен. Романның алғашқы «Әлішер» тарауы бүгінгі күні, яғни жиырма бірінші ғасырда Әлішердің ойындағы кітабын жазып бітіруге бар жанымен құлшына кіріскен қаракетінен басталады. Қаһарман түс көреді: «Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітап иісі шығады. Кәдімгі шаң-топырақ басқан сарыала қағаздың таңсық иісі тап иегінің астынан аңқып тұр...» /6,3/.
Тәңіріні іздеп жүрген Әлішердің бүкіл ойы - қалайда өз бетінше жол салған, өзгеше өлшемді «Тәңірі кітабын» жазып бітіру. Сол кітапты жазу барысында қаһарманның күдік пен күмәнға толы сергелдең күй кешуі, өмірде жолы болмай, жалғызсыраған, көңілі толмаған, тіпті түңілетін күнделікті өмірі, таныс және бейтаныс адамдармен кездесуі, әңгімелесуі бүгінгі әлем бейнесімен байланысты. Екінші әлем қаһарманның кітабында көрініс табатын, оны санасында бейнеленіп жатқан көне түркілердің тарихын, аңызды қозғайды.
Жазушы жігіттің рухани ізденістері, өмірлік мұраты - өзінің түп негізін табуға бағытталған. Ол өз кітабында көне түркілердің сонау ерте замандардан бастап осы кезеңге дейінгі жалғастығын, үзіліссіз тарихын сомдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Романның екінші желісі де жазушының осы ұмтылысы жүзеге асқан тарихи аңыз сілемдерімен байланысты дамиды. «Мұса», «Ғайса», «Мұхаммед», «Заратуштра», т.б. тарауларында қазақ даласына келіп орныққан діндердің тарихына шолу жасайды, түркілер арасындағы алғаш пайда болған күнә, өлім, т.б. рухани категорияларға негізделген аңыздарға иек артады.
Д.Амантай романын зерттеушілер модернистік және постмодернистік эстетикамен ұштастырады. Ғалым Б.Майтанов: «Автор баяндау барысын күлт үзіп, кенет күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеуге көшеді... Д.Амантай шығармаларында аллюзия, интертекст, реминисценция және «сана ағымының» автор еркіндігімен сабақтас түрі елеулі философиялық, тұрмыстық, эзотериялық мәселелерді постмодернистік поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль атқарады» - дейді /7,64-65/. Жазушы шығармалары түрлі туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Шығармалары көбінесе көлемі шағын болып келеді. Дәстүрлі мағынадағы сюжет үлгісі кездеспейді.
Алайда осы шығармада модернизммен трансформацияға түскен романтикалық таным іздері де байқалады. Бұл тұрғыда қаһарман дүниені, әлем бейнесін руханиятпен байланыстырады. Ол қазіргі қоғамда кітаптың қадірі болмай, кітаптың күні өткеніне қынжылады. Кезінде кітапқа бас иген, кітапты қадірлеген адамдар оған «сатқындық» жасады. Кітаптың бүгінгі қоғамда аяқ асты болуы Әлішердің жеке өміріндегі трагедияға айналады.
Постмодернизм эстетикасы ұстаздық тағылымдардан, идеалдардан бас тартса, қаһарман үшін идеал - кітаптар мен гүлдер. Романтизм эстетикасында гүлдер қашанда сұлулықтың, сезім тазылығының символына айналады. Гүлдер Әлішер үшін сұлулық символы, ал кітаптар - өнер символы. Оның шығарма тақырыбына арқау болып отырғаны да осы себептен.
Қаһарман бүкіл әлемде өзін жалғыз сезінгенде, өмірден баз кешкенде, оның басты серігі, көңіліне медет тұтары - кітаптары мен гүлдері. «Жаратылыстың барлық түрі кітапқа ену үшін жаратылған, депті әсемдікке ғашық Малларме. Кез-келген кітаптың асқақ мұраты елге танылу болса, онда қалам жазған ойдың алдымызға сырғытып отырған тұжырымында адал ниет жоқ» /6,41/, «Асқақ кітап, ең алдымен, кісіліктің белгісі» /6,42/.
Авторланған Әлішердің «Гүлдер» тарауындағы гүл туралы толғаныстарында да романтикалық элементтер ұшырайды: «Ол гүл туралы толғанды. Көздің жасы тәрізді домалап асқар биіктен күннің дәмі шәрбәт нұры тамады, тамған нұрдан жаралып, періштеге айналған жарықтың бұла еркесі дүниеге құшағын ашып, ұяң жүзбен иіле қарайды. Төңірек жез қанат қырғауылдың әдемі күлкісінен ертегінің еліндей шексіз құлпырады. Ескі заманда шайыр қызды сұлуын гүлге теңеді. Қазір ол ізгіліктің бейнесіне айналып отыр. Қасірет шегіп, бейнет көргенде, шындықты танып, бақыт кешкенде, сіздің іргеңізден ұдайы гүл табылады. Қайғыңызға ортақтасады, қуанышыңызды бөліседі, жалғыздықта серік болады... Шөл дала ма, таулы қырат па, құнарлы өлке ме, перизат гүл аспанға қарап алақанын жаяды. Сонау жоғарыдан құлдилап құлаған бір күндік сәуле молынан төгіліп, үлбіреген қауыздың ішіне толады. Үстірттен тапқан шақпақ алтын құсап, жарқырап келіп шашақ себетіне көлденең шағылып, айналасына бұрқырап шашырады Өңі қашқан реңсіз топырағына киелі шапағаты тиеді» /6,52/ деген толғаныстың романтикалық бояулары жоқ деп көріңіз. «Гүл, бірінші кезекте, әуен. Өз орнын тапқан әсемпаз паң асқабы гүл күннің нұры құйылған нәс бөлмеде ғажайып үндестікті туғызады. Қас әдеміліктің өлшемі гүл» «Гүл – азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі. Гүлде сол бір жасырын мұң бар, сол бір жасырын мұң гүлге талмай қадалып ұзақ қараған соң, сізге көшеді, кейін қанша қуансаңыз да, сізден шыққан күлкі тереңдігі күрсіністі жасыра алмай, бетіңізде жүгірген ізінің әйтеуір бір жерінен алаң көңілді белгісін беріп тұрады» /,53/. «Кітап ой ретінде жалғыздықтың аясында дүниеге келетін жұмбақ құбылыс, ал, гүлді серік іздеген жаны нәзік адам өсіреді. «Гүл – сезімді ой тудырады, кітап – ойдың сезімін дамытады». Әлішердің кітаптар мен гүлдер туралы ой-пікірлерінде авторлық идеялар бас көрсетеді. Жалпы «Гүлдер» тарауы көлемі жағынан шағын болғанымен, мұнда романтикалық көңіл-күй ұшқыны да, эссеистикалық, публицистикалық толғамдар, гүлді күтуге байланысты натуралистік ақыл-кеңестер де араласып кеткен.
Автор гүлге тыңайтқыш ретінде калий тұзын, суперфосфатты пайдалану қажеттігін, оны қандай мөлшерде қанша сумен дайындауға болатынын ежіктеп айтып келеді де: «Нәзира гүлдің мамыражай бейқам қорғансыздығы сергек ұйықтаған жалғыз көзді жалмауызды оятады» /6,52/ деп романтикалық әуенге қайта оралады.
Сонымен қатар «Кітаптар» тарауында автор әлем әдебиетінде танымал жүз шақты кітаптардың тізімін санамалайды. «Қаламгер» тарауында да жазушыларды атап шығады. «Гүлдер» тарауында да бізге таныс және таныс емес сал алуан гүлдердің түгелдей аттарын атап шығады. Шығарманың екінші бөлімінде түркілердің ежелгі тарихы, олардың пайда болуы туралы жиырма бес жыр кірістірілген. Бір жыр – ойлары үтірлермен бөлінген бір сөйлемнен тұрады» дейді автор. Әрине, бұны постмодернистік танымнан тамыр тартқан автордың рухани тәжірибесі деп бағалауға болады. Жалпы жазушы дәстүрлі стильден кейде саналы түрде бас тартып, әдеби эксперименттерге барады.
Романның қаһарманы Әлішер бір жағынан әлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан ол «постмодернистік» дәуірдегі адамның рухани құлдырауына, азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның жалғызсырауы туады. Зерттеуші Ә.Бөпежанова Әлішердің мінез ерекшелігі турасында: «Ол – адам санасының тұтастығы жойылған, «әлемнің кіндігі – адам» қағидасы белгілі бір деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттің «жеңіп», адамның, қоғамның өмірсалты, тіпті дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнің кейіпкері деуге болады; белгілі философ-мәдениеттанушы А.Наурызбаева «постгуманистік кезең» деп анықтама беретін кезеңнің кейіпкері; алайда рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейіпкер» /5/ деп сипаттама береді. «Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемі бір мұң бар» деуі зерттеушінің шығарманың романтикалық табиғатын танудан туған байламы де қабылдауға болады.
Қарап отырсақ, Әлішердің бойынан жазушының жеке тұлғасы бой көрсетеді. Автордың демі, тынысы, көзқарасы айқын сезіледі. Д.Амантай қоғам мен жеке тұлғаның тұрмысында модернизм мен постмодернизм құбылысының тереңдеп енуінің салдары туралы «Таңбалардың ойыны» мақаласында: «Қазір өзін фәлсафашы, ойшыл, жай ғана адам санаған тұлға постмодернистік нигилизм сырқатына ем іздеудің үстінде. Оны табамыз ба, жоқ па, белгісіз. Бірақ ізденістің нәтижесі қайткен күнде де адамзаттың тағдырына тікелей әсер ететіні сөзсіз» дейді. Д.Амантай шығармада мәні мәңгілік мәселелерді сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Осы жағынан романтикалық бейнелеу тәсілінің ұшқындары аңғарылады.