Геодезия ғылымының мәні және негізгі міндеттері
Картография және топография
Негіздері
Оқу құралы ретінде университеттің Ғылыми кеңесімен
мақұлданған
Астана – 2016
УДҚ 528.9
ББК 26.1
Пікір беруші:
Е. Алибаев Г.А. Абудраманов | Геодезия және картография ғылыми зерттеу орталығының директоры С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты |
А.Т. Беристенов, О.К. Дюсебаев, Ф.К. Ермеков, Б.Е. Бердижаров, Э.С. Берістен, Картография және топография негіздері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті баспасы, 2016 ж. – 150 б.
ISBN _____________
(ISBN номері)
Аталған оқу құралын оқыту халық шаруашылығының әр саласында пайдалану мақсатында құрастырылған. Соның ішінде: жер реформасы барысында пайда болған жер пайдаланушылықтардың жер көлемін анықтап бөлу кезінде "Картография" және "Топография" ғылымының нақты іс-әрекеттері баяндалады.
Оқулық қазіргі нарықтық экономика барысында шаруашылық иелерінің жерді тиімді пайдалану, даму бағыттарын алдын-ала жоспарлап, картография және топографиялық негіздерін игеру мақсатында терең меңгеру үшін құрастырылған.
УДҚ 528.9
ББК 26.1
ISBN ______________ (ISBN номері) | © © | Беристенов Алимбек Тайнагазиевич, Дюсебаев Орманбет Кулмакович, Ермеков Фараби Керимбаевич, Бердижаров Баубек Ералиевич, Эльмира Серікбайқызы Берістен, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ баспасы, 2016 ж. |
Алғы сөз
Бұл оқу құралы "Картография және топография" ғылымының теориялық және практикалық курс бағдарламасына байланысты жазылған. Сонымен қатар геодезия, топография, картография сұрақтарын терең әрі жылдам игеруге қолайлы.
Оқу құралының негізгі бағыты –студенттерге картографиялық білім мен қатар географиялық карталармен жұмыс істеуді үйрену мен ғылыми практикалық жұмыстарда қолдануға дағдылану.
Оқу құралында теориялық, практикалық сұрақтарға әр бөлімнің басында қысқаша анықтама қарастырылған.
Оқу құралы ауыл шаруашылық мамандары соның ішінде: Жерге орналастыру, жер кадастры, геодезия және картография мамандығында оқитын студенттерге арналған.
Кіріспе
Геодезия ғылымының мәні және негізгі міндеттері
Геодезия – жердің пішіні мен көлемдерін анықтауда оның бетін планға, картаға түсіруде, жердің қималарын /профильдерін/ жасауда инженерлік жұмыстарды жобалауда, жүргізуде және падалануда қолданылатын әртүрлі өлшеу тәсілдері туралы ғылым.
Геодезия ежелгі ғылымдардың бірі бола келе, өзінің даму сатысында жоғары геодезия, геодезия /топография/, радиогеодезия, космостық геодезия, картография, аэрофототопография және инженерлік геодезия деген ғылыми салаларға бөлінеді.
Бұлардың мақсаты мен міндеті ортақ болғанымен, әрқайсысының өз объектісі, зерттеу тәсілі, өз теориясы бар.
Жоғары геодезия – Жердің пішіні мен мөлшерін зерттейді және жер бетінің әрқилы нүктелерінің кординаталарын бір жүйеде анықтайды, яғни еліміздің барлық территориясының мемлекеттік геодезиялық негізін жасайды. Кейінгі кезде жоғары геодезияның алдында үлкен мәселелер қойылып отыр. Олар – жердің сілкілуіне, таулардың құрылуына, жанартаулардың атқылауына байланысты құрлықтар мен теңіз денгейлерінің айырмасын және оның өзгеруін зерттеу. Жер қыртысының вертикаль және горизонталь бағыттағы ығысуын бақылау.
Жер бетінің шағын аймақтарын жазықтық ретінде қарап, оны өлшеу және қағаз бетіне кескіндеу төменгі геодезияны /топографияның/ жұмысы.
Аэросуреттер бойынша топографиялық карта жасаудың әдістерін зерттейтін және оны жетелдірумен шұғылданатын ғылым аэрофототопография деп аталады.
Жалпы жер бетінің немесе оның бөлшектерінің карталарын жасау және пайдалану әдістерін зерттеу – картографияның жұмысы.
Кен қазуда осы айтылған барлық геодезиялық жұмыстарды тау-кен ісіне тән әдістермен жүргізу маркшейдерлік іс деп аталады.
Инженерлік геодезия құрылыс жұмыстарының, табиғат байлықтарын пайдаланудың т.б. инженерлік жұмыстардың есептерін шешеді. Мұнда жоғары геодезияның да, топографияның да, фототопографиясының және маркшейдерлік істің де негіздері қолданылады.
Геодезия басқа ғылымдармен тығыз байланысты. Геодезиялық өлшеулер жер бетінде, оның қойнауында атмосфера қабатында, теңізде және космоста әртүрлі арнаулы аспаптар мен құралдар арқылы жүргізіледі. Сол аспаптардың құрылысын зерттеуде, жасап шығаруда геодезия физика, механика, химия, радиоэлектроника және т.б. ғылымдардың деректеріне сүйенеді. Геодезиялық өлшеулердің нәтижесі өзіне сәйкес есептеулер арқылы өңделінеді. Соған байланысты геодезияда ғылыми математикалық өңдеу және өлшеу нәтижелерінің сапасын бағалауға көп көңіл бөлінеді.
Ғылым мен техниканың дамуына, қоғамның өркендеуіне байланысты соңғы кезде геодезияда автоматика, телемеханика, радиоэлектроника кең орын алады.
Жер жөніндегі ғылымдар өзара тығыз байланысты. Жерді әлем кеңістігіндегі бір тұтас дене ретінде алып қарағанда, геодезия астрономияға, оның саласы - планетаралық космогонияға сүйенеді. Жердің рельефін, оның геодезиялық қабықтарын, зоналарын зерттейтін география, геология, гравиметрия, геоморфология сияқты ғылымдар геодезиямен ұштасып жатады. Біздің елімізде пайдалы қазыналардың мол қоры бар. Бұл байлықты халық игілігіне жұмсауда тау-кен өндірісінің алатын орны зор. Қазіргі тау-кен өндірісі жоғары дәрежелі техникамен жабдықталған, еңбек өнімділігінің жедел өсуін және халық қажеттерін неғұрлым толығынан қанағаттандыруды қамтамасыз ететін халық шаруашылығының бір саласы болып есептеледі. Осыған байланысты маркшейдерлік іс алдында кендерді тиімді пайдалану, маркшейдерлік-геодезиялық жұмыстарды жүргізудің тәсілдері мен техникасын жоғары көтеру, алдыңғы қатарлы автоматтандырылған маркшейдерлік-геодезиялық аспаптарды пайдалану міндеттері қойылып отыр.