Тақырып. Мемлекеттік бағалы қағаздар

Мақсаты:

«Мемлекеттік бағалы қағаздар» түсінігін зерделеу, бағалы қағаздар нрығындағы тәуекелдердің пайда болуына әсер ететін тәуекелдер мен факторлардың күрделі сипатын ашып көрсету. Және бағалы қағаздар жіктелімін ашу.

Лекция жоспары:

1 Мемлекеттік бағалы қағаздардың маңызы және олардың жіктеуі.

2 Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары

.

Тақырыптың негізгі ұғымы:

Мемлекеттік бағалы қағаздар – ол үкіметтің қарыз міндеттемесі. Ол – қарызды бағалы қағаздар, оның эмитенті мемлекет. Өзінің экономикалық мәні жөнінен мемлекеттік бағалы қағаздардың барлығы қарызды бағалы қағаздар болғанымен іс-жүзінде оларды бір-бірінен ажырататын әрбіреуінің өз атауы болады. Әдетте «облигация» деген терминнен басқа «қазынашылық вексельдер», «сертификат», «займ» және с.с атаулар да қолданылады. Әрбір ел мемлекеттік бағалы қағаздар шығарғанда өзінің терминдерін пайдаланады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар кез-келген мемлекеттің бағалы қағаздар нарығының маңызды құрамдас бөлігі болып есептеледі. Бағалы қағаздардың бұл тұрі мемлекеттің экономикалық қызметінің дамуына байланысты пайда болады. Оны атқару үшін мемлекеттің қаржы жүйесі құрылады. Қаржы жүйесі бірін-бірі толықтырып тұратын екі бөлімнен – бюджеттік және несиелік жүйелерден тұрады.

Қазіргі мемлекеттерге тапшылық бюджеті тән, яғни шығыны кірісінен артық. Мемлекеттік бюджеттің тапшылығын дәл осы тарихи кезеңде осы мемлекеттің даму ерекшеліктеріне байланысты қарастырған жөн. Егер бюджет тапшгылығы соғыс, экономиканы милитаризациялау және т.б келеңсіз жағдайлардың салдарынан, ұлттық өндіріс деңгейінің төмендеуінен туындаса, онда ол теріс тапшылық. Егер бюджет тапшылығы ел экономикасының өркендеуін көрсетсе, онда ол жағымды тапшылық. Мұндай тапшылықты аздаған қиындықтармен жоюға болады. Ал кірісі мен шығыны бойынша балансталған бюджет – ұлттық экономиканың пропорционалды тапшылығын елдің Орталық банкінен алған несиемен жоюға болады. Егер несие алу мүмкіндігі болмаса, я ол жетіспесе, онда ақша белгілерін эмиссиялауға болады (әрине ол қажетсіз, себебі ол инфляцияға соқтыратын жағдай) немесе мемлекеттік қарыз міндеттемесін шығаруға болады.

Мемлекеттік қарыздеген мемлекеттің өтелмеген займдары мен олар бойынша төленбеген проценттердің жалпы сомасы. Займдарды орналастыру аясын есептегенде мемлекеттік қарыз ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Мемлекеттік қарыздың түрлері: а) үкімет алған несие; ә) мемлекеттік займдар, яғни үкімет атынан эмиссияланған бағалы қағаздар; б) үкімет кепілдік берген басқа қарыз міндеттемелері. Мемлекеттік қарызды ел үкіметі басқарады және қарыз оның барлық активтерімен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қарыз мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі, яғни мемлекеттік қарыз міндеттемелерін өтеу мерзімі келгенде займдар жойылып, олар бойынша процент төленеді.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды айналысқа шығарудың мақсаты:

а) айналысқа қосымша ақша массасын шығармай-ақ белгілі бір күнтізбектік датаға бюджеттік шығын кассадағы бір қаражаттан көп болғанда (кассалық тапшылық); бір айда немесе тоқсанда түскен табыс, осы мерзімде бюджет шығындарын қаржыландыру үшін қажетті қаражаттан кем болғанда (маусымдық тапшылық); жыл қорытындысында бюджетке түскен табыс бюджет шығындарынан кем болып, ол тапшылық келесі жылы бюджетке түсетін түсіммен өтелмегенде (жылдық тапшылық) мемлекеттік бюджеттің тапшылығын инфляцияға соқтырмай қаржыландыру;

ә) тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымдар, әлеуметтік қамтамасыз ету және с.с. мемлекеттік мақсатты бадарламаларды қаржыландыру;

б) айналыстағы ақша массасын, инфляция мен бағаны, инвестиция бағытын, экономикалық даму, төлем балансын және т.б. экономикалық өрлеу проценттерін реттеу.

Әлемдік тәжірбиеде мемлекеттің құжат түріндегі қарыз міндеттемесі алашқыда Таяу Шығыс мемлекеттерінде, Грецияда, Римде пайда болған.

Қазіргі кезде әрбір елде өзінің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тарихы қалыптасқан. Онда шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздардың түрлері, шығарылым мерзімі, оларды шығарушылар, ұлттық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының масштабы, оған қатысушылар және с.с. жағдайлар көрініс табады.

АҚШ-та бағалы қағаздар нарығы қарқынды дамыған. Онда мемлекет ең ірі қарыздар болып табылады. АҚШ-та мемлекеттік бағалы қағаздар эмитентіне қарай:

· Федеральдық үкіметтің қазынашылық бағалы қағаздары;

· Үкіметтік мекемелердің, агенттіктердің және т.б. бағалы қағаздары болып екіге бөлінеді.

Сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар қор нарығында айналысқа түсу

қабілеттілігіне қарай бастапқы қалпына қайтымды (обратимый) және қайтымсыз (необратимый) бағалы қағаздар болып та бөлінеді. Қайтымды қағаздардеген олармен сауда-саттық қор нарығының кез-келген бөлімінде жүргізілетін қағаздар. Олар қазынашылық вексельдер (мерзімі 3 айдан 12 дейінгі, қазынашылық ұзақ мерзімді облигациялар мерзімі 10-30 жылға дейінгі). Қайтымды бағалы қағаздар, әдетте, алдын ала белгіленген мерзімде үнемі ашық аукциондарда сатылады.

Қазынашылық вексельдер қағазсыз формада, яғни шоттарға жазу (компьютер жүйесі арқылы бір шоттан басқасына өткізу) түрінде жүргізіледі. Қазынашылық ұзақ мерзімді облигациялар - олар я купонсыз, я баланстағы кері қайтарылатын облигациялар. Олар тек мерзімі аяқталған соң өтеледі.

Қайтымды бағалы қағаздар бойынша табыс төлеу формасы әр түрлі болады: өзгермелі ставка бойынша (олардың табыстылық деңгейіне және инфляцияға қарай), бекітілген купондық процент немесе дисконттық табыс формасында (кейде соңғы екі табыс түрі үйлестіріліп төленуі мүмкін). Мемлекеттік бағалы қағаздар ұсынушы және атаулы қағаз болып шығарылады.

Қайтымсыз қағаздардеген сатып алу-сатуға болмайтын мемлекеттік бағалы қааздар. Олар бойынша тек алғашқы сатып алушы шығынының орны толтырылады. Оларды басқаға беруге және ссуданы қамтамасыз ету үшін қолдануға болмайды. АҚШ-та мұндай бағалы қағаздар көп шығарылуда, әрі олардың саны ұдайы өсуде. Олара ЕЕ және НН сериялы жинақ облигациялары жатады.

ЕЕ сериялы облигациялардың бағасы 50 прцентке кемітіп сатылады да, ал көрсетілген құнымен (номиналымен) өтеледі. Көрсетілген құны мен сатылу бағасының арасындаы айырма бүкіл айналыс мерзіміндегі жалпы процент сомасына тең. Көрсетілген құны 50 ден 10 мың доллар болатын, ал айналыс мерзімі 8 жыл болатын облигациялар шығарылады. Алайда оларды өтеуге мерзімінен бұрын да (шығарылғаннан кейін 6 айдан соң) ұсынуға болады. Облигациялар өтелуі ұлғаймалы шкаламен шығарылады, яғни облигациялар бойынша процент инвесторлардың қолында болу мерзіміне қарай ұлғаяды. 1982 жылдан бұл облигациялар бойынша процент өзгермелі ставкамен төленеді. Ол соңғы 5 жылда шығарылған барлық қазынашылық міндеттемелер бойынша орташа табыс көрсеткішіне тең.

НН сериялы облигациялар 10 жыл мерзімге шығарылып, шығарылған кезде көрсетілген құнымен сатылады. Ол 50 ден 10 мың долларға тең. Олар бойынша төленетін проценттер нарықтық конъюктураны есептеп шығарылып, алдын ала хабарланып, жылына 2 рет төленеді. Облигациялар көрсетілген құнынан төмен баға бойынша мерзімінен бұрын өтелуі мүмкін. Бұл сериялы облигациялар 1982 жылдың соңынан кейін емін еркін сатылмайтын болғандықтан, оларды минимальды көрсетілген құны 500 доллар болатын ЕЕ сериялы облигацияларға айырбастау арқылы ғана болады.

Соңғы жылдары АҚШ-тағы мемлекеттік бағалы қааздардың саны әр түрлі үкіметтік мекемелер (Атом энергиясы жөніндегі Агенттік, Экспорт-импорт банкі және т.б.) шығарған облигациялар есебінен ұлғаюда. Бұл бағалы қааздар сенімді болғандықтан, оларды инвесторлар зор ынтамен алуда. Себебі олар осы мекемелердің активтерімен ғана қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ оларды ешқашан банкротқа ұшыратпайтын АҚШ үкіметі қамсыздандырады.

Германияда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы өте жоғары деңгейде дамыған. Мемлекеттік бағалы қағаздарға федеральдық үкіметтің займдары, федерацияның облигациялары, федеральдық теміржолдың, почтаның, жердің, коммуналар мен қалалардың займдары жатады. Немістің қор нарығында мемлекеттік бағалы қааздардың үлесі зор, атап айтқанда, олардың айналымдағы үлесі 40 процентке тең. Мемлекет ішкі қарыздың 50 процентін қарыз міндеттемлерін шығару арқылы өтейді. Германияда бюджеттің шығынын өтеу үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды пайдалану пайдалырақ деп есептейді. Сондықтан бұл елде федеральдық қарыз міндеттемелері де қарқынды шығарылуда. Мемлекеттік бағалы қарыздарды орналастырумен Облигациялық банктік консорциумға кіретін Бундесбанк шұғылданады. 1986 жылдан консорциумға шетел банктері де қатысуға (олардың үлесі - эмиссияның 20 процентіне дейін) рұқсат етілген. Мемлекеттік бағалы қағаздардың барлығы да нақты эмиссиялық бағаммен орналастырылады.

Германияда бағалы қағаздармен қатар нарықтық емес қағаздар да шығарылады. Оларға А және Б сериялы қазынашылық сертификаттар (А сериялыға проценттер жыл сайын төленеді, ал Б сериялыға проценттер жинақталып, оны өтегенде төленеді) және федеральдық үкіметпен оның мекемелерінің қысқа мерзімді қаражат қажеттілігін өтеу үшін мерзімі 1-2 жылға шығарылатын қазынашылық қаржылық міндеттемелер жатады. Қазынашылық қаржылық міндеттемелерді заңды және жеке тұлғалар (банктер мен несие институттарынан басқа) сатып алуына болады. Бұлар қор нарығының процентсіз құралдары болып есептеледі (олар дисконтпен сатылады).

Сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясын экономикасы дамыған басқа да мемлекеттер кең қолданады. Мысалы, Жапония тұрғын үй және жол құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, әсіресе, энергетика корпорациялары, сондай-ақ аймақтық мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыратын үкіметтік мекемелер. Ұлыбританияда Англия банкінің облигациялары жалпыға кеңінен мәлім.

Қорыта айтқанда, әрбір елдің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы, бір жағынан, отандық нарықтың нақты жағдайларына сай болса, екінші жағынан, көптеген елдердегі тәрізді мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының жалпы экономикалық негізін және оның қазіргі жаңалықтарын қамтып көрсетеді.

Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының пайда болуын және қалыптасуын түсіну үшін оны тарихи тұрғыдан қарастырып өтелік. Жоспарлы-әкімшілік экономика жағдайында дамыған КСРО-да барлық шаруашылық субъектілері өздеріне қажетті капиталды я орталықтанған бөлу бойынша бюджеттен, я үкімет бекіткен несиелік жоспар бойынша мемлекеттік банктен алып дамыды. Ол кезде баалы қағаздар нарығы механизмі арқылы кәсіпорындардың бос капиталды алатын қарыз алу жүйесі, сондай ақ мемлекеттік займдардың нарықтық өтімділігі болған жоқ. Мемлекеттік облигациялар мәжбүрлі түрде халыққа сату арқылы тартылды.

Егеменді Қазақстанның нарықтық экономикаға өтуі кезінде мүлікті жекеменшіктендіру нәтижесінде мүлікке мемлекеттің меншіктің қысқаруы, халық шаруашылығының құрылымдық өзгеруі, инфляция деңгейінің шарықтауы және басқа да тың өзгерістер мемлекетті қарызды бағалы қағаздарды шығаруға шарасыз әкеп соқтырады.

Төменде мемлекеттік бағалы қағаздарға сипаттама беріліп, оларды шығарудың мақсаты және міндеті айқындалып, сондай ақ Қазақстан қор нарығындағы мемлекеттік бағалы қағаздардың негізгі түрлері сипатталады.

Мемлекеттік бағалы қағаз –ол мемлекеттің ішкі қарызын білдіретін құжат формасы. Қазақстанда алғашқыда 1995 жылғы 21 сәуірдегі «Бағалы қағаздар және қор биржасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығының 3 бабында «Мемлекеттік бағалы қағаздар Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне сәйкес ішкі мемлекеттік қарыз шамасында шығарылатын ішкі мемлекеттік займ облигациялары, сондай ақ басқа бағалы қағаздар» деген сипаттама берілген. 2003 жылғы 2 шілдедегі «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңның 1 бабында «мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар – қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болатын қарыз алуға қатысы жөнінен ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаздар» делінген. Заң негізінде ұлттық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын қалыптастырудың мақсаты – халықтың, коммерциялық банктердің, қаржы ұйымдарының уақытша бос ақша қаражатын республикалық бюджеттің кемшілігін қаржыландыруға жұмылдыру және Ұлттық Банктің Қаржы министрлігін тікелей несиелендіру көлемін азайту.

Мемлекеттік бағалы қағаздардың мәніолар мемлекеттің қаржы-несиелік қатынастарының жиынтығы болып саналады. Бұл қатынастарда мемлекет қарыз алушы ретінде негізінен халықтың бос ақша қаражатын қарызға алып, оны бағалы қағаздар шығаруға жұмылдырады. Әрбір мемлекеттік бағалы қағаздардың экономикалық мәні бірдей, яғни олар қарызды бағалы қағаздар болғанымен іс-тәжірбиеде олардың әрқайсысының өз алдына атауы болады. Мемлекеттік бағалы қағаздар, әдетте, бюджеттің ағымдағы кемшілігін қаржыландыру; мемлекеттік қарызды жою, атап айтқанда, бұрынғы займды өтеу; мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалуын қамтамасыз ету; коммерциялық банктерді өтімді резервтік активтермен қамтамасыз ету; жергілікті әкімшілік органдарының атқаратын мақсатты бағдарламсын қаржыландыру және әлеуметтік мекемелер мен ұйымдарды қаражатпен қамтамасыз ету мақсатында шығарылады.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару- Ұлттық банктен қарыз алу және ақша белгілерін эмиссиялаумен салыстырғанда- бюджет кемшілігін қаржыландырудың экономикалық тиімді әдісі. Себебі нарықтық экономика жағдайында Ұлттық банктің несиелік қорын пайдалану оның капитал нарығын реттеу мүмкіндігін шектейді. Ал бюджет кемшілігін ақша эмиссиялаумен жою айналымға нақты тауарлармен қамтамасыз етілмеген төлем құралдарын шығарумен бара- бар. Ол әрине инфляцияны туындатады. Мемлекеттік қарызды бағалы қағаздарды шығарумен өтеу оны банктік несиемен өтеуден анағұрлым арзан. Себебі мемлекеттік қарыз міндеттемелері жоғары өтімді болғандықтан инвесторлар оларды екінші нарықта оңай орналастыруға мүмкіндігі бар. Сондықтан мемлекеттік бағалы қағаздар- ішкі қарызды қаржыландырудың негізгі қаражат көздерінің бірі.

Мемлекеттік бағалы қағаздардың басқа бағалы қағаздармен салыстырғанда екі артықшылығы бар. Біріншіден, оның жұмсаған қаражат үшін сенімділігі өте жоғары және соған сәйкес жұмсаған негізгі капиталды және түсетін табысты жоғалту тәуекелі төмен. Екіншіден, бағалы қағаздарға немесе басқаға жұмсаған капиталға салынатын салықпен салыстырғанда бұл бағалы қағаздарға жеңілдетілген салық салынады Әдетте мемлекеттік бағалы қағаздармен жүргізілетін операцияларға және олардан түсетін табысқа салынбайды. Мемлекеттік бағалы қағаздар шығару формасы, өтеу мерзімі процент түріндегі табысты есептеу және төлеу жағдайлары, айналыс сипаты және эмитентінің түрі бойынша жіктеледі.

Мемлекеттік бағалы қағаздар: шығару формасы бойынша құжатты бағалы қағаздар және құжатсыз бағалы қағаз болып бөлінеді. Құжатты бағалы қағаз – ол құжатты нысанда шығарылған (қағаздағы немесе арнайы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ бағалы қағаздардың мазмұнын тікелей оқуға болатын өзге де материалдық берілімкөзіндегі) бағалы қағаздар. Құжатсыз бағалы қағаздар- ол құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрінде )шығарылған бағалы қағаздар; өтеу мерзімі бойынша : қысқа мерзімді айналыс мерзімі 1 жылға дейінгі, орта мерзімді- айналыс 1 жылдан 5 жылға деінгі және ұзақ мерзімді – айналыс мерзімі 5 жылдан артық бағалы қағаздар болып бөлінеді; процент түріндегі табысты есептеу және төлеу бойынша проценттік ставкасы белгіленген, сатылы және ауыспалы бағалы қағаздар болып үшке бөлінеді. Басқаша айтқанда, бағалы қағаздарды ақша айналдырғанда онда көрсетілген құнынан кемітіп сатады; айналыс сипаты бойынша нарықтық және нарықтан тыс бағалы қағаздар болып бөлінеді. Нарықтық бағалы қағаздар биржада да биржадан тыс нарықта да еркін сатылады және қайта сатылады. Нарықтан тыс бағалы қағаздар ең алғашқы нарықта ғана сатылады, екінші нарықта қайта сатылмайды. Олар негізінен халыққа сату үшін шығарылады. Олар мемлекеттік әлеуметтік, сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету қорларының бағалы қағаздары; эмитентінің түрі бойынша бағалы қағаздар қазынашылық. Муниципальдық болып бөлініп, оларды сәйкесінше үкімет және жергілікті атқарушы органдар шығарады.

Әдетте, мемлекеттік бағалы қағаздарды таратып орналастыру:

Біріншіден, мемлекеттің Ұлттық банкі немесе Қаржы министрлігі арқылы жүзеге асырыладышығарылған облигациялардың түріне қарай олардың негізгі инвесторлары болып халық, банктер, зейнетақы және сақтандыру компаниялары мен қорлары, инвестициялық компаниялар мен қорлар саналады.

Екіншіден құжатты (бланктік) немесе құжатсыз формаларда (арнаулы шоттарға жазу түрінде) шығарылады Қазіргі кезде мемлекеттік бағалы қағаздарды құжатсыз формада шығару бағыты өрістеуде.

Үшіншіден, аукциондық сауда бекітілген бағамен барлық сстып алуға тілек білдіргендерге ашық түрде сату (ашық сауда), белгілі бір инвесторларға жабық саудада үлестіруі (жабық) сауда және басқада әртүрлі әдістерді қолдану арқылы айналысқа түсіріледі.

Ел экономикасының нарықтық қатынастарға өтуінің алғашқы кезеңінде, яғни 1994 жылдың сәуірінде қаржы министрлігі айналыс мерзімі 3 айлық қысқа мерзімді вексельдерді шығарды. 1996 жылдың сәуірін ол мемелекеттік қазынашылық міндеттеме деп, ал 1997 жылдың 22 сәуіріндегі № Үкімет қаулысымен МЕККАМ-дар – Мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылықміндеттемелер деп атауы өзгертілді, 1995 жылдың шілдесінен бастап Ұлттық Банк айналыстағы ақша массасын реттеу мақстаныда қысқа мерзімді ноталарды шығарды.

1995-96 жылдардағы бағалы қағаздар нарығының қалыптасуында мерзімі үш айлық МЕККАМ- дарға сұраныс ұсыныстан 4,8,-5,6 есе көп болғанын көрсетеді. Осы кездері инвесторлар аукционнан алғашқы делдал дилерлер арқылы МЕККАМ эмиссиясының 57 тен 84 ке дейінгі көлемін сатып алған Ұлттық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы осындай жағымды тенденцияларды ескеріп, үкімет МЕККАМ-дардың айналыс мерзімі ұзақтау жаңа түрлерін: 1995 жылғы шілдеден – мерзімі 6 ай, 1996 жылғы шілдеден мерзімі 2-3 жыл болатын МЕОКАМ -24 деп аталатын мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелерді шығарды. Оларға қоса, 1996 жылы айналыс мерзіиі 364 күн болатын ішкі мемлекеттік займның ұлттық жинақ облигациясы (ҰЖО) шығарылды. Егер айналыс мерзімі 3,6,12 ай болатын мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер (МЕККАМ) бағалы қағаздардың дисконттық (яғни дисконтпен- номиналынан кемітіп сату) тобына жатса, ҰЖО проценттік бағалы қағаздар тобына кіреді. Бұл ҰЖО – ның МЕККАМ- дан ерекшелігі. Әр тоқсан сайын купондық процент есептеуді проценттік бағалы қағаз деп атайды. Ұлттық жинақ облигациясына есептелген проценттер олардың айналыс мерзімі 91, 182 және364 кун болғанда төленеді. Өзгермелі проценттік ставка МЕККАМ-3-тің орташа есептелген дисконттық аукциондық бағасы бойынша есептелген иабыс ставкасына тең беітіледі. Мысалы егер 1996 жылы 26 желтоқсанда ҰЖО- ның бірінші шығарылымы бойынша бірінші табыс 27,4 жылдық процент көлемінде болса, онда МЕККАМ- ға төлнетін табыс көлемі де 27,4 болады.

Проценттік бағалы қағаздарға сондай-ақ МЕОКАМ және МЕАКАМ (мемлекеттік арнаулы қазынашылық міндеттемелер) жатады. МЕОКАМ ол көрсетілген құны 1000 теңгеге болатын және жылына екі рет купондық процент төленетін мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер, МЕОКАМ аукциондарға бірдей проценттік жағдайда кесілген баға бойынша (эмитент шығарған бағалы қағаздар көлеміне қойылған баға) орналастырылады.

МЕАКАМ – ол үкіметтің алған несиесі бойынша қарызын қайта рәсімдеу мақсатында 1998 жылы қаңтардың 8-де шығарылған мемлекеттік арнаулы қазынашылық міндеттеме. Оның купоны эмиссияланған кейінгі айналыс мерзімі аралығында әрбір 6-айда төленеді. МЕАКАМ- дар шығарылған бағалы қағаздар көлемінде кесілген бағамен арнаулы аукциондарға оналастырылады.

МЕКАВМ – ол индекстелетін мемлекеттік қысқа мерзімді арнаулы валюталық міндеттеме, 1999 жылы айналыс мерзімі 3,6.9, және 12 ай болатын қазақстан қор нарығының валюталық құралы.

МЕИКАМ – ол үкіметтің 1999 жылғы 10 наурызындағы қаулысына сай айналыс мерзімі 3,6,12, ай болатын, көрсетілген құны (номиналы) 1000 теңгеге тең мемлекеттік индекстелген қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемесі . Индекстелген дегенді таратып айтсақ, бұндай бағалы қағаздар бойынша төленетін сыйақы ифляция деңгейіне байланысты индекстеледі (өзгереді), яғни бағалы қағаздың иесі болашақтағы инфляцияның әсерінен алатын табысын жойылту қаупінен сақталады.

АВМЕКАМ ол көрсетілген құны 100 АҚШ доллары болатын және өтелу мерзімі 2004 жылы сәуірдің 8 сәуірі деп белгіленген арнаулы валюталық мемлекеттік облигация. Оның міндеті – теңгенің емін-еркін өзгермелі бағамына өтуіне байланысты жинақтаушы зейнетақы активтерін қорғау делінген 1999 жылдың 3 сәуіріне дейін жинақтаушы зейнетақы қорларының портфеліндегі мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер, яғни МЕККАМ, МЕОКАМ, МЕАКАМ және ҰЖО АВМЕКАМ-ға еркін айырбасталады. Басқаша түсіндірсек, Қаржы Министрлігі МҚО мен ҰЖО-ын ағымдағы құнымен сатып алып, одан теңгемен түскен түсімді АҚШ долларына шаққандағы 88,3 теңге бағамымен АВМЕКАМ- дарды көрсетілген құны бойынша өтеу үшін жұмсады. Сөйтіп, осы аталған бағалы қағаздарды 5 жылдан кейін өтегенде көрсетілген құнын алуға, сондай-ақ 1999 жылдың 12 сәуірінен бастап әрбір жарты жылда (яғни 12.10.1999 және 12.04.2000) 6,14, жылдық процент мөлшерінде сыйақы (мүдде) алуға да құқығы сақталады.

Дәл осындай айырбас үлгісі көрсетілген құны 100 АҚШ доллары болатын және айналыс мерзімі 35 күн, яғни 1999 жылдың 12 сәуірінен 13 мамырына дейін деп қазақстан республикасының Ұлттық банкінің 1999 жылы 6 сәуіріндегі қаулысы бекіткен арнаулы валюталық ноталар айналысқа түсірілді сыйақы (мүдде) бекітілген ставка бойынша 5,4 жылдық процент мөлшерінде төленді.

Қорыта айтқанда 1994 жылы алғашқы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы қалыптасты. Ол қазіргі кезде қазақстан бағалы қағаздар нарығының ең қарқынды дамыған сегменті әйтседе мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында негізінен қаржы құралдарының құрылымына және сауда- саттықтың нәтижесі бойынша бағалы қағаздардың табыстылығына байланысты маңызды өзгерістер байқалуда бұл біріншіден, қаржы министрлігінің шеттен аоған қарыз көлемінің төмендеуінің және екіншіден, Жинақтаушы зейнетақы қорларынан эейнетақы активтерінің корпаративтік облигациялар секторына құйылуының айғағы.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығы бойынша нормативті-заңнамалық актілер жинағы. 2 томдық -1997, 1999 жж.

2. Карагусов Ф.С. и др. Операции с ценнами бумагами в Республике Казахстан. Алматы – 1995 ж., 220 бет

3.Ануарбеков, Шарипбаев А.А. Справочник по ценнам бумагам в Республике Казахстан. Алматы – 1995 ж.

4.Кулекеев Ж.А., Джексекбаева Л.Н. Государственные ценные бумаги в экономике Казахстана/ учебное пособие. Алматы – 1996ж.

5.Шалгимбаева Г.Н. Рынок ценных бумаг: механизм государственного регулирования. Алматы – 1996 ж.

6.«Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 1284 Қаулысы

Теориялық білімдердің бақылау сұрақтары:

1. Мемлекеттік бағалы қағаздар дегеніміз не?

2. Мемлекеттік бағалы қағаздардың біздің экономикамыздағы ролі қандай?

3.Мемлекеттік бағалы қағаздардың түрлері?

4.Қазақстандағы мемлекеттік бағлы қағаздар нарығы қалай дамыды?

5.Мемлекет пен бағалы қағаздар нарығы арасындағы байланыс қандай?

СОӨЖ на арналған тапсырма:

1. Мемлекеттік бағалы қағаздар деген не?

2. Қандай мемлекеттік бағалы қағаздар түрлерін білесіздер?

3. Қайтымды және қайтымсыз мемлекеттік бағалы қағаз дегеніміз не?

4.Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының дамуына талдау көрсетіңіз

Наши рекомендации