Негізгі сұрақтар. 1. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы
1. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы.
2. Халықтың денсауңлығына қарсы қылмыстар.
3. Адамгершілікке қарсы қылмыстар.
1. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде халықтың денсаулығына және адамгершілігіне қарсы қылмыстар жеке тарау болып бірге беріліп отыр. Өйткені қоғамның дұрыс дамуы, оның мүшелерінің бірқалыпты қызмет атқаруы үшін халықтың денсаулығының, адамгершілік қасиеттерінің құқықтық нормалар (оның ішінде қылмыстық құқық) арқылы қорғалуы аса кажет. Осыған орай Қазақстан Республикасы Конституциясында азаматтардың өмірін, денсаулығын, оларды қоршаған ортаны, тарихи және мәдени мұраларды, адамгершілік нормаларын қорғау принциптеріне ерекше мән берілген. Осы көрсетілген принциптерді қатаң сақтау — әркімнің қасиетті борышы. Кейбір жағдайларда осы принциптер бұзылып қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастарға белгілі бір зиян келтіріледі. Есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз айналымға айналдыру, адамгершілікке жат іс-әрекеттермен шұғылдану сияқты қылмыстардың етек алуы алаңдатушылык туғызады. Осыған орай халықтың денсаулығына және адамгершілігіне қарсы қылмыстармен күрес жүргізу үшін Қылмыстық кодекстің 10-тарауында осы тұрғыдағы қоғамға қауіпті іс-әрекеттер үшін арнайы жауаптылық белгіленген.
Тікелей объектісіне байланысты бұл тарауда көрсетілген қылмыстар негізінен екі түрлі топқа: 1) халықтың денсаулығына және 2) адамгершілікке қарсы қылмыстар болып бөлінеді.
Халықтың денсаулығына қарсы қылмыстарға: есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату (259-бап). Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды ұрлау не қорқытып алу (260-бап). Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға көндіру (261-бап). Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру (262-бап). Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды дайындау үшін пайдаланылатын шикізаттың, аспаптардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы (263-бап). Есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (264-бап). Есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін, күшті әсер ететін немесе улы заттарды ұстау ережелерін бұзу (265-бап). Жекеше медициналық практикамен немесе жекеше фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысу (266-бап). Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу (267-бап). Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру (268-бап). Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету (269-бап) жатады.
Адамгершілікке қарсы қылмыстар: Жезөкшелікпен айналысуға тарту (270-бап). Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап). Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап). Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап). Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды зансыз тарату (274-бап). Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап). Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап) жатады.