Тіл - Қатынас ҚҰралы
І семестр
Тақырып. Мемлекеттік тіл мәртебесі.
а) Тіл туралы заң
Тіл қатынас құралы
Грамматика: Сөз құрамы, түбір және қосымша. Омоним. Синоним. Антоним.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІ
Тіл дегеніміз - адамды адаммен, халықты халықпен жақындастыратын ерекше құрал. Сол себепті біздер достықтың құралы және еліміздегі бірліктің негізі ретінде тілді ерекше құрметтеуіміз керек. Ана тілінде әркімнің білім алуына жағдай жасау, олардың ұлттық мәдениетін дамыту - маңызды мемлекеттік стратегия.Қазақ халқының ана тілі - қазақ тілі. Қазақ тілі- бай тіл.
Бұл күнде қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақстанда тұратын ұлты басқа халықтар да қазақ тілін үйренуде. Олар қазақ тілін арнайы курстарда, мектептер мен университеттерде оқиды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев халыққа Жолдауында былай деп атап өтті: "… біздер қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеміз, көп ұлтты және көп мәдениетті келісімін бірегей ұлттың алға дамуын қамтамасыз етеміз." Мемлекеттік тіл - Қазақстанның болашағы.
Тапсырмалар:
1.Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.
2.Берілген сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыздар: ана тілі, мемлекеттік мәртебе, басқа халықтар, жағдай жасау, достықтың құралы, мәдениетті дамыту.
3.Мәтіннен ілгерінді, кейінді ықпалға мысалдар келтіріңіз.
4.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, ауызша жауап беріңіздер.
5.Мына етістіктерден келер шақ формасын жасаңыздар. Үлгі: жазу-жазады-жазар-жазбақ. жақындастыру, құрметтеу, алу, үйрену, оқу, өту, дамыту, сақтау, алға даму.
6.Берілген сөз тіркестрін септеңіздер: ұлттық мәдениет, ғасырлық дәстүр, қазақ тілі.
ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ
1989 жылы тілдер туралы Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Бұл 1993 жылғы Конституцияда бекітілді. 1990 жылдан бері қазақ тілі заңды түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақстан Республикасының Тілдер туралы Заңы 1997 жылдың 11-шілдесінде шықты. Тіл туралы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді. Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті.
Тапсырмалар:
1. Мәтінді оқып, аударыңыз.
2. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз
3. Мәтіннен туынды және негізгі сын есімдерді теріп жазыңыз.
Туынды сын есім тудырушы жұрнақтарды көрсетіңіз.
4. Мәтіндегі сан есімдерді құрамына, мағыналық түріне қарай талдаңыз.
5. Мына мақалдарды аударып, жаттап алыңыздар.
Өнер алды - қызыл тіл.
Сәлем - сөздің анасы.
Көп сөз - күміс, аз сөз - алтын.
Ең тәтті де - тіл,
Ең ащы да - тіл,
ТІЛ - ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ
Қыркүйектің 22-сі Қазақстан Республикасы халықтарының тіл мерекесі күні болып жариялануы - аса маңызды гуманистік қадам. Бұл, ең алдымен, тілге, сол арқылы мәдениет пен өнерге қоғам мен мемлекеттің көрсеткен құрметі.
Тіл - адамдар қатынасының аса маңызды құралы. Адам өз ойын екінші біреуге тіл арқылы, яғни сөзбен айтып жеткізеді. Осындай аса маңызды қатынас құралын дұрыс пайдалану, яғни дұрыс сөйлей білу - үлкен өнер. Адамның білімділігі, мәдениеттілігі оның сөйлеген сөзінен көрініп тұрады. Кісінің абыройлы, беделді болуы да оның дұрыс сөйлей білуіне байланысты.
Тіл - адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, табыстыратын өзгеше құрал. Тілі жоқтың күні жоқ, келешегі жоқ. Мұны ешбір ел, ешбір халық қаламайды. Халықтың жаны - тіл.
Тіл жылдан-жылға дамып, жетіле береді де, оның сөздік қоры молая түседі. Сөйлеген сөзіміз әдемі, тартымды әрі көркем болу үшін, біз әдеби кітаптарды, яғни көркем әдебиет пен прозалық шығармаларды, поэзиялық шығармаларды көп оқуымыз керек. Сонда ғана сөйлеу мәнеріміз, тіл мәдениетіміз жоғарылайды.
Тапсырмалар:
1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз.
2. Мәтіннен шылау сөздерді теріп жазыңыз.
3. Сөйлемдерден есімдіктерді теріп жазып, мағыналық түрін көрсетіңіз.
Сөйлем құраңыз.
4. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді теріп жазып, сөз тіркесін
жасаңыз.
5. Тіл, ұлт, мәдениет, мемлекет, адам, халық сөздерін септеңіз.
6. Мына сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыз:
маңызды іс, тіл мерекесі, өз ойы, үлкен өнер, сөздік қоры, қатынас құралы, дұрыс сөйлеу, тіл мәдениеті.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Сүлейменова Э., Қадашева Қ., Аханова Д. Қазақ тілі. Учебный комплекс. Алматы, 1996.
2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.
СОӨЖ «Мемлекеттік тіл мәртебесі» тақырыбына шығарма. «Тіл туралы Заң» конспект. «Тіл – қатынас құралы» шығарма.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (1-тақырып) [қосымша 2, 15]
1. «Төрт Ана» М.Шаханов. «Үш бақытым» М.Мақатаев.
2. «Ана тілің – арың бұл». Қадыр Мырзалиевтардың өлеңдерін
жаттау.