Дәріс. Жемқорлықққа төзбеушілік идеясы Сыбайлас жемқорлықтық қылмыстың себептік-кешендік факторлары
1.1 Сыбайлас жемқорлық ұғымы және түрлері.Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
1.2 Сыбайлас жемқорлықтықтың себептік-кешендік факторлары (пайда болу себептері)
Сыбайлас жемқорлық мәселесін зерттеген кезде мынадай сауал туындайды: сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қандай және осы құбылыс неліктен осындай түрде жүзеге асады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері жүйеленіп, мынадай жіктелім ұсынылады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер, сондай-ақ мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Осы себептердің әрқайсысына тоқталайық.
Әлеуметтік-экономикалық себептер. Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда керісінше фактіні байқауға да болады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды. Елдің табиғи ресурстармен (орман, минералдық, су ресурстары) жақсы қамтылуы да сыбайлас жемқорлықтың дамуының бір факторы болып есептеледі. Елдегі бұндай байлыққа екі тұрғыдан қарауға болады. Бір жағынан, елде бай табиғи ресурстардың болуы ел экономикасы өркендеуінің негізі болып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне себеп болуы керек. Екінші жағынан, табиғи байлық ел экономикасының өркендеуін емес, өзіне пайда алуды мақсат тұтқан сыбайлас жемқорлық субъектілерін қызықтырады. Сонымен бірге Жемқорлықтың өріс алу себептерінің аса маңыздысы - мемлекеттік және жеке секторлар қызметкерлерінің еңбекақы көлемі. Әрине, еңбекақысы төмен болғандықтан, шенеуніктер қосымша табыс көздерін іздестіреді, осындай жағдайда шенеуніктер ресми қызметтік міндеттерін асыра пайдаланып, пара алады. Мемлекеттік қызметшілердің табысы үлкен көлемді болғандықтан, олар өз қызметінің қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасамауына жағдай туғызады: қызмет бабында өз міндеттерін адал да мінсіз орындаған қызметшілерді көтермелейді, сыйақы беруге ұсынады, заңды түрде лауазымын көтере ді. Осындай жағдайда лауазымды тұлғалар өз құзыреті шеңберінен шықпауға, заңды бұзбауға, әділ әрі адал болуға тырысады.
Саяси себептер. Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпалын тигізетін саяси факторларға мемлекеттік құрылымның ерекшеліктерін жатқызуға болады. Қоғамның демократиялануына байланысты сыбайлас жемқорлық «жаңа» салаларды игерді, бұл – саяси партияларды, электораттық лауазымдық қылмыстарды қаржыландыру, сайлауда сайлаушылар дауысының басым көпшілігін алуды қамтамасыз ету үшін саяси демеушілер жүйесін дамыту. Демократияландыру үдерісі саяси қызметті жүзеге асыру үшін орталық биліктің біршама өкілеттіктерін аймақтық және жергілікті билікке беруді көздейді, ал бұндай жағдай кейбір басшыларға жаңа конституциялық өкілеттіктерін асыра пайдалануға мүмкіндік береді. Сөйтіп, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
- бостандыққа ие азаматтық қоғам - мемлекетте жемқорлық деңгейі өте төмен болуының кепілі.
- саяси тұрлаулылық, үкіметтің, басшылардың жиі ауысуы, сыбайлас жемқорлықтық өрістеуінің басты шарты.
- мемлекеттің жалпы саяси бағытының жиі өзгеруі елдегі әлеуметтік - экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына әкеп соғады.
Ұйымдық-институционалды себептер. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттіліктің институционалды негіздеріне сіңіп, олардың қызметінің тиімсіздігі, дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан, есеп беру және бақылау жүйесінде нақтылық болмағандықтан кең өріс алуда. Билік және сыбайлас жемқорлықты бақылау бір-бірімен тығыз байланысты. Сыбайлас жемқорлық – биліктің қауқарсыздығының көрсеткіші. Нақты институционалды ұйымның болмауы, қызметтің егжей - тегжейлі регламенттенбеуі, құқық бұзушылықтың бақыланбауы және жасалған қылмыс үшін жауапқа тартылмауы - басқару аппаратының қауқарсыздығына және сыбайлас жемқорлықтың дамуына әкеп соғады.
Құқықтық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлық - бұл әлеуметтік жауыздық, біріншіден мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік түрде құлатады. Мемлекеттік аппараттың тиімсіз ұйымдастырылуының салдарынан қоғамда құқықтық реттеудің кемшіліктері де орын алуы ықтимал. Құқықтық реттеудің кемшіліктеріне кейбір елдердің заңнамасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәмілелер жасасқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жазалау жүйесінің болмауы, мемлекеттік қызметті өтеу жөніндегі нақты ережелер мен регламенттің жоқтығы жатады. Ал бұндай жағдай ұйымдасқан қылмыспен астасып жатқан кәсіпкерліктің және биліктің тығыз байланыста жұмыс істеуіне өте тиімді. Осыған орай фаворитизм, протекционизм, лоббизм өркендеуде. Сонымен қатар непотизм мен саяси демеушілік те кең тараған. Сыбайлас жемқорлық қалыпты нормаға айналады. Ал бұл – құқық қорғау органдарының, көп жағдайда осы органдардың өзі де сыбайлас жемқорлыққа малынған, біріншіден, институционалды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге күші жетпейді, екіншіден құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық субъектілері өз заңдарына бағындырады. Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі жазаға тартылмағандықтан, қылмыстық істерін одан әрі жалғастыра береді. Көп жағдайда сот жүйесі сыбайлас жемқорлық субъектісіне қатысты өз бетінше және тәуелсіз шешім шығара алмайды. Тәуелсіз құрылымдар енгізілген бірқатар елдер (АҚШ-та тәуелсіз прокурор, Гонгконгта, Сингапурде, Малайзияда, Тайванда тәуелсіз комиссия) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Бұндай мекемені құру кезінде билік пен мүлік, саясат пен ақша мәселесі жүйелі шешімін табуы керек.
Мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлыққа мәдени - этикалық факторлардың ықпал етуіне баға беру жеңіл емес, себебі бұл сала «материалды емес». Алайда қоғамның мәдениеттілігін сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі ретінде қарастыруымыз тиіс. Дін, мәдениеттің ажырамас бөлігі бола тұрып, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың дамуының алғышарттары болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда бір әрекет норма деп танылса, оны қылмыс деп жариялау қиындық келтіреді. Осы жағдайға орай мынадай мысал келтірейік. Қытайда басты идеология конфуциандық болғанын білеміз, оның қағидаттары бойынша халық жоғары қызметтегі адамдарды «әкеміз» деп қарастырған. Сондықтан қабылдауға келмегеннен гөрі, қабылдауға сыйлықсыз келгені наразылық туғызған. Байқағанымыздай, бір елде кейбір құбылыс сыбайлас жемқорлықтық деп танылса, екінші елде оны сыпайылық танутышылық деп біледі. Мәселен, «керек» адамды мейрамханаға шақыру, «ерекше» бір көмегі үшін біреуге құнды сыйлық беру, жоғары оқу орнына түсуге көмектесу тағы сол сияқты этикаға жатпайтын қылық деп танылмайды.
Дәріс. Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қатынастарының жетілуі шарты негізіндегі жемқорлыққа қарсы тұру
Азақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қатынастары жүйесінің реформалануы, жемқорлыққа қарсы тұру мәселесіндегі басты фактор.
Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне айырықша мән бере отырып, мемлекет деңгейінде сыбайлас жемқорлықты жою тұжырымдамасының негізгі бағыттарын анықтады.
Оның шеңберінде
1. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңы
2. 2015жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралыЗаңы
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы
4. «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасы
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының негізгі мақсаты - демократиялық негіздерді, мемлекеттік басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге, халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік міндеттерді атқаратын қызметкерлердің риясыз адалдығын арттыруға жағдайлар жасау болып танылады.