Тоталитарлық саяси режим
Тоталитарлық саяси режим мемлекеттің, қоғамдық өмірдің барлық салаларына шексіз бақылау қоюға ұмтылуымен, адамның саяси билікке және үстемдік етуші идеологияға толық бағынуымен сипатталады. Мемлекет барлық қоғамды және нақты адамды жұтып жібереді. Осыған сәйкес билік, бір адам және басқарушы элита адамдарының санаулы топтары арқылы, әдетте барлық деңгейлерде жабық түрде қалыптасады. Тоталитаризм ХХ ғасырда пайда болған, ол диктатураның ерекше жаңа формасы.
Диктатура (лат.тілінен dictatura – «шексіз билік») – басқарылатындар тарапынан бақылау қойылмайтын, бір адамның немесе бір жетекші басшылық ететін адамдар тобының басқару тәртібі. Ол ертеде пайда болған және өзінің көрінуінің көптеген тарихи формалары болған. Диктатуралар іштей тұрақсыз болған режимдер, оларды тек диктатордың еркі ғана нығайтады. Диктатор құқыққа бағынбайды, халықтың алдында есеп бермейді және заңды өзінің мүддесіне қарай өзгертіп отырады.
Тоталитаризм диктатураның жаңа типі болып саналады[52], онда мемлекет пен идеология ерекше рөл атқарады.
«Тоталитаризм» ұғымы латынның «totalis» деген сөзінен шыққан, бүкіл, тұтас, толық дегенді білдіреді. Оны ХХ ғасырдың басында айналымға енгізген итальян фашизмінің идеологы Дж.Джентиле. Бұл түсінік алғаш рет 1925 ж. итальян парламентінде айтылды. Итальян фашизмінің жетекшісі Б.Муссолини оны саяси сөз қорына енгізді. Жаңа саяси режим ретінде Б.Муссолини тоталитаризмнің мәнін былайша тұжырымдады: «барлығы да мемлекетте, мемлекеттен тыс ештеңе жоқ, мемлекетке ештеңе қарсы емес». Кейінірек бұл ұғымды неміс және американ саясаттанушылары қолданды. Ф.Хайектің «Дорога к рабству» (1944), Х.Арендтің «Истоки тоталитаризма» (1951), К.Фридрихтың «Тоталитаризм» (1954), К.Фридрих пен З.Бзежинскийдің «Тоталитарная диктатура и автократия (1956), Р.Аронның «Демократия и тоталитаризм» (1958) атты еңбектерінде бұл құбылыстың тұжырымдамалық жағынан жете зерттелуіне қол жеткізілді.
Тоталитаризм тек ХХ ғасырда ғана шындыққа айналғанымен, оның идеялық қайнар көздері ежелден бастау алады. Көптеген тоталитарлық идеялар Шан Янның, Платонның, Т.Мордың, Т.Кампанелланың, Г.Бабефтың, Р.Оуэннің, А.Сен-Симонның, Ш.Фурьенің, Фихтенің, Гегельдің, Маркстің, Ницше және т.б. шығармаларында да болды. Алайда, саяси режим ретіндегі тоталитаризм идеялары тек ХХ ғасырда ғана кеңінен тарап, тәжірибеге енді. Тоталитарлық саяси режимнің пайда болуына ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы объективті процестер мүмкіндік берді. Тоталитаризмнің алғышарттары көп түрлі және қоғамдық өмірдің шаруашылық, саяси, әлеуметтік салаларынан шығады. Олардың негізінде дүниетанымдық алғышарттар мен психологиялық факторлар жатыр.
Адамзат қоғамы дамудың индустриалдық сатысына аяқ басуы жаппай көпшілік коммуникацияның тармақтанған жүйесін құруға себепші болды, тұлғаға идеологиялық және саяси бақылау жасаудың технологиялық мүмкіндіктері пайда болды. Индустриалдық еңбектің өскелең бөлінісі мен мамандандырылуы өмірдің дәстүрлі формаларын бұзды, тұлғаны нарықтың сұрапыл және бәсекелестік әлемі алдында қорғансыз етті. Әлеуметтік қатынастардың күрделенуі әмбебап реттеуіш және мүдделері сәйкес келмейтін индивидтердің өзара әрекетін ұйымдастырушы ретінде мемлекет рөлінің күшеюін талап етті. Тәжірибе көрсеткеніндей, тоталитарлық саяси режимдер, әдетте, төтенше жағдайлар: қоғамдағы үдей түскен тұрақсыздық; өмірдің барлық жақтарын қамтыған терең дағдарыс; ақырында, ел үшін өте маңызды стратегиялық міндеттердің шешілуінің қажеттігі барысында пайда болады.
Айта кеткен жөн, тоталитарлық саяси режимдер қалыптасуының объективті алғышарттары ХХ ғасырдың бірінші жартысында көптеген әлем елдерінде өмір сүрді. Бірақ, дәстүрлері берік, демократиялық мәдениеті дамыған жерлерде мемлекет тек азаматтық қоғамды ығыстыра түсті, дегенмен, оның институттары мен ұйымдарын жоймады, ол өзінің билігін монополиялауға ұмтылмады. 30-40-жылдардағы уақыттың үндеуіне терең демократиялық дәстүрлері бар қоғамның қалай жауап бергенінің жарқын мысалы АҚШ президенті Ф.Рузвельттің «жаңа бағыты» болып табылады. Қарама-қарсы реакция демократиялық дәстүрлер мен азаматтық қоғамның дамыған институттарына ие емес елдерде, Германия мен Ресейде (КСРО) болды. Нақ осы елдерде 30-40-жылдарда тоталитарлық саяси тәртіп орнықты. Тоталитарлық саяси режимнің қалыптасуы адамзатқа қайғы-қасірет әкелетіні белгілі.
Айта кету керек, тоталитарлық саяси режимнің іс жүзіндегі шарты – экономикалық және саяси биліктің арасына шек қою, индивидтің экономикалық еркіндігі болып табылатын азаматтық қоғам болмайды.
Тоталитаризмде меншік толығымен мемлекетке тиісті және оның қатал бақылауында болады. Бұл болмай қалмайтын билік монополиясын тудырады, сондай-ақ, саясат пен экономиканың тетіктері бір жерге біріктіріледі, сөйтіп, мемлекеттің мәжбүрлі жалпыға бірдей билігіне алып келеді. Тоталитарлық саяси режимнің қалған ерекше белгілерінің бәрі осыдан келіп шығады. Тарихтан белгілі дәстүрлі деспоттық режимдерге қарағанда тоталитарлық жүйе белгілі бір уақыт ағымында басқарушылар мен басқарылатындар арасында консенсус сақталатын ішкі бірлігімен ерекшеленеді.
Осыған байланысты тоталитарлық саяси режим пайда болған және дамыған елдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болғанын атап айтқан жөн. Сонымен бірге, тоталитарлық саяси режимдердің барлық түрлеріне тән және оның мәнін көрсететін ортақ белгілер де бар. Олар мыналар:
1. Биліктің жоғарыда шоғырлануы, басқарушы аппараттың гипертрофиялануы, оның қоғам өмірінің барлық саңылауларына енуі. Тоталитарлық санада «билік пен қоғам» проблемасы болмайды: билік пен халық бірыңғай, бөлінбейтін тұтастық деп шамаланады. Мүлдем басқа проблемалар көкейтесті болады, нақты айтқанда: билік пен халықтың ішкі жауларға қарсы күресі, билік пен халық – дұшпандық сыртқы ортаға қарсы. Бұл қаншалықты парадоксальды болса да, тоталитарлық саяси тәртіп жағдайында биліктен шынайы қол үзген халық үкімет оның мүдделерін оның өзіне қарағанда терең әрі толық білдіреді деп сендіреді. Сөйтіп, экономикаға орталықтандырылған бақылау және экономикалық қызметті бюрократиялық басқару жүйесі жасалынады.
2. Тоталитарлық саяси режимдерге бір партиялық тән. Харизматикалық жетекші-көсем басқаратын бір ғана басқарушы партия өмір сүреді. Бұл партияның партиялық бастауыш ұйымдар желісі қоғамның барлық өндірістік-ұйымдық құрылымдарына енеді, сөйтіп бақылау жасай отырып олардың қызметін бағыттайды. Көпшілік үшін көсемге, оның ұсынған идеяларына деген соқыр сенім тән.
3. Биліктің бір қолға – автократияға барынша шоғырлануы билікті бөлу принципін жояды. Заң шығарушы және атқарушы билік бір құрылымға шоғырланады, тәуелсіз сот билігі деген мүлдем болмайды. Сот билігі партиялық-мемлекеттік машинаның мүдделеріне қызмет ететін малайдың рөліне дейін жеткізеді.
4. Барлық қоғам өмірінің идеологияландырылуы. Тоталитарлық идеологияның негізінде – тарихты барлық құралдары ақтайтын, белгілі бір мақсаттарға қарай (әлемдік үстемдік, коммунизм құру және т.б.) заңды қозғалыс ретінде қарау жатыр. Аталмыш идеология магиялық символдар күшін бейнелейтін мифтер сериясынан тұрады (жұмысшы табының жетекші рөлі жөнінде, арилық нәсілдің жоғарылығы жөнінде және т.б.). Тоталитарлық қоғам халыққа идеологиялық ықпал жасау үшін үлкен күш жұмсайды. Мемлекеттік идеологияны және билік өкілдерін сынауға тыйым салынады.
5. Тоталитаризм ақпаратқа деген билік монополиясымен, бұқаралық ақпарат құралдарына толық бақылау жасаумен және баспа қызметіне қатал цензура жасаумен сипатталады. Барлық ақпарат бір жақты бағыттылықта – өмір сүріп тұрған құрылысты және оның жетістіктерін дәріптеу бағытында болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен көпшіліктің тоталитарлық саяси тәртіп қойған мақсатты орындауы үшін құлшынысын көтеру міндеті шешіледі.
6. Қарулы күрес жүргізудің барлық құралдарын қолдануға деген мемлекеттің монополиясы. Әскер, полиция, барлық басқа да күштеу құралдары саяси билік орталығына толығымен бағынышты болады, олар жазалаушы органдар қызметін атқарады.
7. Адамдардың жүріс-тұрысына жалпы бақылау жасаудың істеліп біткен жүйесінің, жаппай репрессия және күштеу жүйесінің өмір сүруі. Бұл мақсаттар үшін ауыр еңбек қолданылатын, адамдарды азаптау, қарсыласқандардың еркін басу, ешқандай жазығы жоқ адамдарды қырып-жою жүргізілетін, тұтқындарды бір жерге жинап ұстайтын лагерьлер мен геттолар құрылады. КСРО-да лагерьлердің тұтас желісі – ГУЛАГ құрылды. 1941 жылға дейін оған 53 концентрациялық лагерь, 422 еңбекпен түзеу колониясы және 50 кәмелетке толмағандар лагері кірді. Осы лагерьлер өмір сүріп тұрған жылдары онда 40 млн. астам адам қаза болды. Тоталитарлық қоғамда мұқият ойластырылған жазалау аппараты әрекет етеді. Оның көмегімен жеке адам тағдырына және отбасы мүшелеріне қауіп төнеді, күдікщілдік, сөз тасу, домалақ арыздарға (анонимкаларға) мадақтау жасалынады. Бұның бәрі елде басқаша көзқарас және оппозиция туындамауы үшін жасалынады. Күштеу және жазалаушы органдардың көмегімен мемлекет халықтың өмірі мен мінез-құлқына бақылау жасайды.
Жоғарыда аталған және кейбір басқа да ортақ сипатты белгілер аз немесе көп деңгейде болсын, барлық тоталитарлық саяси режимдерге тән, сонымен қатар, оларды тоталитаризм деп аталатын бір топқа біріктіруге негіз болады.
Сонымен бірге аталмыш топта тоталитарлық саяси режимнің «солшыл» және «оңшыл» деп аталатын екі түрін бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін ерекше белгілері де бар.
«Солшыл» тоталитарлық саяси режим КСРО-да және басқа социалистік елдерде пайда болды. Қазір ол қандай да бір деңгейде Кубада, Қытайда, КХДР-да, Вьетнамда өмір сүруде. «Оңшыл» тоталитарлық режим фашистік Италия мен Германияда, сондай-ақ, әлсіз «өшкен» күйінде Испанияда – Франко басқарған кезеңде, Португалияда Салазар басқарған кезеңде өмір сүрді. «Солшыл» тоталитарлық саяси режим марксизм-ленинизм идеологияларына негізделді, ол, біріншіден, барлық индивидтердің қажеттіліктері толығымен қанағаттандырылатын коммунистік қоғам құрудың мүмкіндігіне сендірді; екіншіден, жеке меншікті жойып, жоспарлы, басқарылатын экономиканы құруға; үшіншіден, пролетариаттың жетекші рөліне; төртіншіден, жаңа қоғамға өту барысында пролетариат диктатурасының қажеттілігіне; бесіншіден, әрбір елде коммунизм құрудың мүмкіндігіне сендірді. Үстемдік етуші идеологияның көзқарасы тұрғысынан алғанда басқа барлық таптардың прогрессивтілігі төмен, ал кейбіреулері – тіпті реакцияшыл болып табылады. Іс жүзінде бұл меншік иелерінің және шаруалар тобының жойылуын білдіреді. «Жарқын болашақты» құру қуатты күштеу аппаратын, зорлау, террорға дейін қолдануға барады.
КСРО-дағы тоталитарлық саяси режимнің өмір сүруінің уақыттық шеңбері саяси ғылымдағы айтыс тудыратын мәселе болып отыр. Бір саясаттанушылар бүкіл кеңестік кезеңді тоталитарлық саяси режим деп атауға болады деп есептейді. Басқалары – тоталитарлық саяси режим деп Сталиннің басқаруы кезеңінде (1929-1953) қалыптасқан тәртіпті атайды, ол қайтыс болғаннан кейінгі тәртіпті посттоталитарлық режим ретінде анықтайды.
Бірінші көзқарас шеңберінде Кеңестік қоғамдағы 80-жылдардың аяғында басталған процестерді түсіндіру біраз қиындық тудырады, өйткені, оның өкілдері тоталитарлық саяси режимнің өзгермейтін ерекшеліктері мен белгілеріне айырықша назар аударады, сөйтіп, 80-жылдардағы шалағай реформалардың және 90-жылдардағы түбегейлі реформалардың негізі болған 60-80-жылдардағы экономикалық және әлеуметтік өмірдегі қалтарыс өзгерістерді ескерусіз қалдырады. Екінші көзқарас ауқымында арта түскен күтілістер мен өзгере түскен қоғамның талаптары және басқарушы элитаның жеткіліксіз бейімделуі арасындағы қарама-қайшылықтар талданады. Тереңдей түскен қарама-қайшылық саяси тұрақтылықтың негіздерін қиратты және ақыр соңында кеңестік тоталитарлық саяси режимнің толық жойылып ыдырауына алып келді.
«Оңшыл» тоталитарлық саяси режим герман фашизмі түрінде ұлтшыл-социализм идеологияларына негізделді. Бұл идеология этатистік және ұлтшылдық ұрандардың қосындысы болып есептеледі. Соңғысы Х.Чемберленнің «жоғары» арий нәсілінің өзегі ретіндегі германдықтар жөніндегі нәсілшіл идеясына және Ж.Гобиноның қан араласуымен байланысты оның әлсіреуі жөніндегі пайымдауына сүйенеді. Дәл осы постулаттардан неміс ұлтының артықшылығы және әлемдік үстемдікке ұмтылысы жөніндегі нацизм идеялары туындады.
Ұлтшыл-социалистік идеологияның басты ережелері мынаған саяды: біріншіден, германдық рейхтың жаңғыруына; екіншіден, неміс нәсілінің тазалығы үшін күреске; үшіншіден, барлық бөтен элементтерді (ең алдымен еврейлерді) қырып-жоюға; төртіншіден, антикоммунизм; бесіншіден, капитализмді шектеу.
«Оңшыл» тоталитарлық саяси режимнің әлеуметтік негізі экстремистікке бағытталған қоғамның орта жіктері болып табылады. Герман фашизмі ірі капиталдан да қолдау тапты, өйткені ол көпшіліктің революциялық қозғалысымен және коммунистік идеологиямен салыстырғанда одан «көп жамандық» көрмейді.
Марксизм-ленинизмге қарағанда ұлтшыл-социализм таптық ортаның және бірыңғай ұлттық дәстүрлер негізінде «халықтық қауымдастықтың» идеяларын жақтады. Ұлтшыл-социализм идеологиясы коммунизмнің, еврейлердің, католик шіркеулері «жауының» бейнесін белсенді түрде насихаттады. Олармен күресу үшін және ұлттың аман қалуы үшін террор мен репрессияны қолдануға дейін жол берілді. Кез келген дәрменсіздік неміс ұлтына төнген қауіп-қатер ретінде қабылданды.
Айта кеткен жөн, тоталитарлық саяси режимдер осы тәртіп үстемдік еткен елдерде экономикалық прогресті және әлеуметтік дамуды тежеді, сондай-ақ, адамзатқа орны толмас қайғы-қасірет әкелді.
Осыған байланысты мынаған назар аудару керек: тоталитаризм – бұл авторитарлық саяси режиммен байланысты, онымен тығыз өрілген, тарихи тұйыққа тірелген, болашағы жоқ саяси режим.