ТеориялыҚ-Әдістемелік негіздері

2.1. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ

ТЕОРИЯЛЫҚ АСТАРЫ

Мемлекет қоғамның ажырағысыз бөлігі болғандықтан барлық дерлік гуманитарлық ғылымдар мемлекеттік басқару мәселелерін қарастырады. Сол сияқты мемлекеттік басқару ісінде де және ол туралы ғылымды қалыптастыру процесінде де басқа да гуманитарлық емес ғылымдардың әдістері мен мәліметтері қолданылады. Бірақ ғылымның әр саласы мемлекеттік басқару мәселесін өзінің зерттеу тұрғысынан қарастырады. Атап айтқанда мемлекет қызметін мемлекет және құқық теориясы, саясаттану, әлеуметтану, философия және тағы басқа көптеген ғылыми пәндер зерттейді.

Философия – табиғат, қоғам және адам ойының дамуының жалпы заңдылықтарын аша отырып, мемлекетті, мемлекеттік басқаруды қарастырғанда оның мүмкіндіктері мен шегін, объективті және субъективті жақтарын қарастырады.

Әлеуметтану - қоғамдағы мемлекеттің рөлін және соған орай мемлекеттік басқаруды халықтың әр түрлі әлеуметтік, кәсіби және басқа да топтарымен өзара байланыста және қарым-қатынаста қарастырады.

Саясаттану - мемлекетті ерекше саяси институт ретінде, ең алдымен мемлекеттік басқарудың орнын көрсету тұрғысынан қарастырады.

Экономикалық теория – мемлекеттік басқарудың рөлін экономикамен байланыста қарастырады. Ал мемлекеттік басқару теориясы мемлекеттік басқарудың мәні мен проблемаларын, оның заңдарын, қағидаларын, нысандары мен әдістерін, сондай–ақ мемлекетітк басқарудың объектілері мен субъектілерінің ерекшеліктерін қарастырады.

Аталған ғылымның зерттеу саласы мемлекет, саясат, мемлекеттік басқару, билік сияқты негізгі түсініктерді қамтиды. Осы пәннің негізі саналатын концепция саясаттың, құқықтың, басқару мен биліктің өзара байланысынан туындайды. Басқару арқылы билік жүзеге асырылады, ол құқыққа және саясатқа сүйенеді.

Мемлекеттің әлеуметтік басқару саласындағы қызметі қоғамдық қатынастар мен адамдардың іс-әрекетін құқықтық реттеумен байланысты. Осыдан мемлекеттік басқарудың заңдық аспектісі туындайды. Бұл мағынада ол білімнің саяси-заңдық саласы ретінде сипатталуы мүмкін.

Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай мемлекеттік басқару мемлекеттің тұтас қоғамға жалпы ықпалы және де оның әлеуметтік жүйенің әр түрлі элементтерімен өзара әрекеті қарастырылатындықтан, бұл әлеуметтік ғылым. Осыларға орай мемлекеттік басқару теориясы – саяси-құқықтық және әлеуметтік ғылым.

Сонымен, мемлекеттік басқару теориясының мазмұны – қоғамды басқару институты ретіндегі мемлекеттің маңызды функцияларын, оларды жүзеге асырудың заңдылықтары мен қағидаларын оқып-үйрену, басқарудың негізі ретіндегі мемлекеттік саясатты ғылыми негіздеу.

Мемлекеттік басқару теориясының пәні – қоғамды басқарудың саяси-құқықтық институты ретіндегі мемлекеттік билік органдарының қызметін және қалыптасатын саяси-құқықтық, әлеуметтік қарым-қатынастарды талдау болып табылады. Сондықтан біз оны кешенді ғылым деп қарастырамыз. Оған келесідей ұғымдарды жатқызамыз: мемлекеттің негізгі функциясы ретінде басқаруды сипаттайтын жалпы ұғымдар: мемлекеттік басқару, басқару субъектісі ретіндегі мемлекет (мемлекеттік орган, аппарат, мекеме), мемлекеттік басқару объектісі (әлеуметтік топтар, қоғамдық процестер, әлеуметтік институттар); мемлекеттік билік ( саяси, әкімшілік, экономикалық және т.б.); басқарушылық қызмет (саяси жетекшілік, әкімшілік басқару, нормативті-құқықтық реттеу); басқарудағы қатынастар ( ұйымдық-экономикалық, әлеуметтік-саяси, нормативтік-құқықтық);

атқарымдық қызмет процесі ретінде мемлекеттік басқаруды бейнелейтін ұғымдар: мемлекеттік басқару қызметі, басқару заңдылығы мен қағидалары, басқару ісінің нысаны, әдістері, құралдары, стилі;

басқару процесінің негізгі элементтері мен кезеңдерін бейнелейтін ұғымдар: мақсатты тұжырымдау, саяси стратегия, мемлекеттік шешімдер мен қабылданған шешімдер;

басқару қызметі мен қатынастардың қозғаушы күштерін және оларды шектейтін факторларды сипаттайтын ұғымдар: ұлттық-мемлекеттік мүдделер, әлеуметтік топтар, саяси мүдделер, жалпы ұлттық және топтық құндылықтар;

тұтастай мемлекеттік басқаруды сипаттайтын ұғымдар: мемлекеттік билік (үш тармақ), басқару мен билік субъектілерінің деңгейі; билікті орталықтандыру және орталықсыздандыру және басқару;

мемлекеттік басқару жүзеге асырылатын сыртқы ортаны сипаттайтын ұғымдар: әлеуметтік, саяси, құқықтық, экономикалық және басқа кеңістіктер. Мемлекеттік басқару теориясында философиялық-әлеуметтік және басқа жалпытеориялық түсініктер, ең алдымен әлеуметтік басқару ғылымының түсініктері қолданылады.

Ғылыми әдебиеттерде басқару әртүрлі белгілері бойынша бірнеше түрге бөлінеді: қоғамдық өмірдегі салаларға байланысты: тұтас қоғамды басқару, экономикалық басқару, әлеуметтік басқару, саяси басқару, рухани-идеологиялық басқару.

Қоғамдық қатынастардың құрылымына байланысты: қоғамның экономикалық (тұтынушылар мен өндірушілер арасындағы байланыс), әлеуметтік (білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметін пайдалану барысында туындайтын қатынастар), саяси және рухани дамуын басқару.

Басқарудың қоғамдық құбылыстарды қамту көлемі мен сипатына байланысты: қоғамды басқару, мемлекетті басқару, ұлттық экономиканың өрістері мен салаларын басқару, кәсіпорын, ұйымдарды, фирмаларды басқару және т.б.

Мемлекеттік басқарудың өзіне ғана тән ерекшеліктері оны басқа басқару түрлерінен ерекшелеп тұрады. Ондай ерекшеліктер үшеу. Мемлекеттік басқаруда, осы аталған басқару түрін жүзеге асыратын оның субъектісі – мемлекет. Мемлекет анықтамаларының айырмашылығына және оның көп қырынан көрініс табуына қарамастан барлық зерттеуші-ғалымдар бір ауыздан онда шоғырланған билік күшін атап өтеді. Мысалы М.Вебер: «Мемлекет дегеніміз адамдардың легитимді күш қолдану арқылы екінші бір адамдарға үстемдік етуі»- деп жазған. Қоғамда адамдардың тәртібінің дұрыс болуын қамтамасыз ететін және оған мәжбүрлеу арқылы қол жеткізетін мемлекеттік құрылым туралы пікір қалыптасты Қазіргі заманғы философиялық энциклопедияда мемлекет “адамдардың біріккен іс-әрекеттерінің нәтижесінде, үкіметтің қызметінің нәтижесінде үнемі өзгеріп отыратын, қандай да бір салада қоғамдық істерді тәртіпке келтіретін үстемдік ету құрылымы ретінде түсіндіріледі”. Осыдан мемдлекеттің мемлекет болып табылатындығы да, оның қоғамдық құрылымдардан айырмашылығы да сол, онда адамдарға қатысты мемлекеттік билік шоғырланған және ол қоғамда жүзеге асады. Ал билік өзара байланысты білдіреді, оның процесі кезінде адамдар материалдық, ақпараттық және басқа себептермен өз еріктерімен немесе күш қолдану арқылы басқалардың үстемдігін, сондай-ақ мақсатты, нормативті нұсқауларды мойындайды, солардың талаптарына сай іс-әрекеттер жасайды, өз өмірлерін құрады. Мысалы: отбасында да, адамдар тобында, ұжымда, сол сияқты салт-дәстүрде, қоғамдық пікірде де билік болады, бірақ бұның бәрін біз мемлекеттік басқарумен салыстыра алмаймыз. Өйткені мемлекеттік билік құқыққа негізделген, ал оны жүзеге асыру күштеу құралдарына ие болып отырған мемлекеттік аппарат күшінде. Сондықтан мемлекеттік басқаруда оның басқарушылық әсері мемлекеттік билікке сүйенеді және сол арқылы қамтамасыз етіледі. Ал бұл жәй тілек, ниет, ұран емес, керісінше басқару мақсаттарына, ондағы ұйымдастырушылық серпілістерге және бекітілген реттеушілік нормаларға сөзсіз қол жеткізуге, жүзеге асыруға, орындауға бағыттайтын күштеп көндіру механизмі. Осыдан мемлекет қандай, оның мақсаты не және сол мақсаттарға қалай қол жеткізу керек деген тағы басқа көптеген тарихи мәнге ие болатын, шешімін табу адамзатты өзінің даму кезеңінен бастап толғандырып жүрген мәселелелр туындайды.

Мемлекеттік басқарудың екінші ерекшелігі оның барлық қоғамға, тіпті одан тыс, мемлекеттің халықаралық саясатын жүргізу шеңберінде басқа адамдардың қоғамына таралуы. Көп жағдайда бұл тезис мемлекет адамдардың барлық іс-әрекеттеріне араласады, олардың өзара қарым-қатынастарын басқарады деген сияқты түсінбеушіліктер тудырады. Тек тоталитарлық мемлекет қана осыған ұқсас істерді жасауға тырысты, оның өзінде де қоғамға мүлтіксіз бақылау орнатуға мүмкіндік болмағандықтан оны жүзеге асыра алмады. Қоғамда әрқашанда аз да болса еркіндік болады. Мемлекет пен қоғамның өзара байланысының қалыпты варианты адамдардың қоғамдық іс-әрекеттеріне еркіндік, өзін-өзі басқару, дербестік тән екендігін көрсетеді. Бірақ осы еркіндіктің, дербестіктің, өзін-өзі басқарудың шегі қоғамдық институттар мен қатар мемлекетпен де анықталады. Тек мемлекет қана адамдардың қоғам өмірінің барлық саласындағы іс-әрекетінің негізгі жалпы ережелерін заңдар арқылы белгілейді және оларды қатаң сақтауды өзінің билік күшімен қамтамасыз етеді. Көп жағдайда мемлекет міндетті түрде еркіндікке қарсы тұрады және басқару тек қана шектеулер, тыйым салу, жазалау алып келеді деп саналады. Және мемлекет қоғамдық процестерді неғұрлым аз басқарса, қоғам мемлекеттен еркін болса, соғұрлым адамдарға да жақсы болады және қоғамдық проблемалар тез шешімін табады деп саналады. Алайда үлкен тарихи тәжірибе “әділдік” заң арқылы, идеалды заң негізінде, құқық негізінде жүзеге асу керек деген қорытынды жасалынған. Адамның еркіндігі оның өзі өмір сүріп жатқан мемлекетте қабылданған заңдар іс жүзіне асырылған кезеңнен басталады. Сонымен, қоғам, адамдар мемлекетке қарсы күрес жүргізбей, құқықтық-демократиялық мемлекет үшін күресуі қажет. Еркіндікке мемлекетпен бірге, соның көмегімен қол жеткізген жөн. “Мемлекеттік басқарудың барлық қоғамға таралу” проблемасы мемлекеттің қоғамның қандай да бір саласынан “кетуімен”, саланы басқаруды тоқтатуымен, кез келген процестерді ұйымдастырудан бас тартумен шектелмейді. Бәрі де қоғамның даму жағдайымен, оның өзін-өзі объективті реттеуіне және басқаруына, адамдардың нақты тәртіптеріне байланысты. Оның үстіне қоғамның әрбір саласы мен адамдарды тәртіпке келтіру, ерік пен іс-әрекет бостандығы мемлекеттік басқарудың жалпыға міндетті және заң жүзінде бекітілген тәртіп ережелерін (нормаларын) қаншалықты қатаң сақтай алатындығымен тікелей байланысты. Болашақта да мемлекеттік басқару өзінің бүкіл қоғамға әсер ету қасиетін сақтай алады деп ұйғаруға негіз бар. Бірақ оның әсерінің ауқымы, терең тамыр жаю, сипаты мен мазмұны бүкіл қоғамның даму жағдайына қарай үнемі өзгеріп отырады. Сонымен бірге ол өзінің ұйымдастырушылық, реттеушілік және мақсатты бағытталған әсерін тигізетін процестермен, құбылыстармен, қатынастармен өзара байланыста болуға бейім.

Мемлекеттік басқарудың өзіне тән үшінші ерекшелігі. Мемлекет күрделі және көпқырлы қоғамдық құбылыс бола отырып және басқару субъектісі ретінде басқаруға жүйелілік сипат береді. Басқарудың басқа түрлеріне қарағанда мемлекеттік басқару бұл ерекшелігінсіз жүзеге аспайды. Онда милллиондаған адам, көптеген мемлекеттік органдар және басқа құрылымдар, ал құрылымдарда лауазымды тұлғалар жұмылдырылған. Мемлекеттік басқаруда әртүрлі материалдық, қаржылық және интеллектуалдық ресурстар мен ауқымды ақпараттар қолданылады. Ол басқарушылық шешімдер мен ұйымдастырушылық амалдардан тұрады. Егер әрбір лауазымды тұлға өзінің қызметін Крылов мысалындағыдай аққу, шортан, шаян құсап атқарса, осындай басқарудың нәтижесінде қоғамда қандай бейберекет орнайтынын елестету қиын емес. Сол себепті мемлекеттік басқару үшін жүйелілік ерекшелігі үлкен мәнге ие болады. Осы ерекшелік қана оған қажетті келісімділікті, үйлесімділікті, белгілі мақсаткерлікті, тиімділікті береді.

Сонымен қорыта айтқанда мемлекеттік басқаруды былай деп анықтауға болады: мемлекеттік басқару - бұл мемлекеттің адамдардың қоғамдық іс-әрекеттерін тәртіпке келтіру, сақтау немесе қайта құру мақсатында өзінің билік күшіне сүйене отырып практикалық, ұйымдастырушылық және реттеушілік әсері. Әрине, күрделі қоғамдық құбылыстың кез келген анықтамасы шартты сипатқа ие және шектеулі болады, себебі берілген сипаттамаларға кейбір элементтердің енбей қалуы мүмкін. Мемлекеттік басқарудың ұсынылып отырған анықтамасының ерекшелігі оның жүйелі ұйымдасқан субъект ретінде басқарушы әсерді қабылдайтын адамдардың қоғамдық өмірін, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын басқару әсерін біріктіруінде. Ол өз кезегінде мемлекеттік басқаруға әр қырынан теориялық сипаттамалар беруге, дұрыс түсінуге және тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Наши рекомендации