Көмекші етістіктер және Етістіктің аналитикалық форманттарының жасалуы

Етістіктің аналитикалық форманты деп жетекші етістікке қосылып айтылатын қосымшалар мен көмекші етістіктен құралған, етістіктің белгілі бір грамматикалық категориясына қатысты мағынаны білдіретін морфологиялық көрсеткіштерді айтамыз. Аналитикалық форманттар, негізінде, жетекші сөзге қосылған бір қосымша мен бір көмекші етістіктен құралады. Аналитикалық форманттар тілімізде өте жиі қолданылады. Сондықтан олар сан жағынан өте көп. Бірақ, соған қарамай, олардың компоненттерінің орны мейлінше берік, құрамы тұрақты болады. Аналитикалық форманттардың жасалуының мына сияқты жолдары бар.

Олар жетекші етістікке қосылып айтылған қосымша мен көмекші етістіктердің бірлестігі түрінде жасалады.Мысалы, барып ал, көріп ал дегендегі –п ал форманты.Бұл жерде ал етістігі, жетекші етістік пен көсемшенің - п жұранғы арқылы жалғасып тұр. Осы жалғасым арқылы ал етістігі субъектінің қимылды өзі үшін жасауын білдіретін көрсеткішке айналған. Ал етістігі көсемшенің –п жұрнағысыз бұл мағынаны бере алмайды. Сондықтан олар бірге, бір бірлестікте қаралуы керек. Міне осындай бірлестіктер (-п ал) етістіктің аналитикалық форманты деп аталады. Мұндай форманттың күрделі түрі де болады. Мысалы, құлап бара жатыр деген аналитикалық формалы етістік -а жат (бара жатыр) жалаң форманттың алдына көсемшенің -п жұрнағы қосылған сөзді қосып айту арқылы –п бара жатыр деген күрделі формант түрінде айтылған.

Аналитикалық форманттар көсемше, есімше, рай, шақ көрсеткіштері қосылған жетекші етістіктерге ет, еді, екен, емес, жоқ көмекші сөздерді тіркеп айту арқылы жасалады. Мысалы: барып еді, көрген екен, болар емес. Мұндай форманттар етістіктің қандай грамматикалық категориясының қосымшасы арқылы жасалса, сол категорияға қатысты болады.

Аналитикалық форманттар жасауға көсемшенің -п, -а, -е, й жұрнақтары актив қатысады. Бұл жұрнақтар арқылы -п ал, -а ал, -е ал, -п бер, -а бер, -е бер сияқты көптеген формалар жасалған.

Есімшелер арқылы жасалған аналитикалық форманттар есімшенің –қан, -ар, -атын, -ушы жұрнақтары мен еді, бол көмекші етістіктердің тіркесінен -қан еді, -ар еді, -атын бол сияқты формант түрінде жасалады.

Шартты райдың , қалау райдың жұранқтары да қатысады. Мысалы: -са еді, -са игі еді, -ғай еді т.б.

Етістіктің аналитикалық форманты деп қосымша мен көмекші етістіктен тұратын, белгілі бір категорияның мағынасын білдіретін біртұтас қүрделі морфологиялық көрсеткішті айтамыз. Етістіктің аналитикалық форманты көп жағдайда бір қосымша мен бір көмекші етістіктен құралады. Аналитикалық формант құрамында келетін қосымшалар- көсемше, есімше, шартты рай мен қалау рай жұрнақтары. Осы аталған қосымшалармен тіркесетін тілде отызға жуық көмекші етістіктер бар болса, олардың бірлігінен жасалған аналитикалықформанттар саны жетпістен астам. Мысалы, -а ал, -п ал, -а бер, -п бер, -а баста, -а бар, -п бар, -п біт, -п кел, -п шық, -а шық, -а жазда, -п жібер, -п қал, -а қал, -п кет, -е кет, -п қой, -п сал, -а сал, -п түс, -е түс, -п отыр, -п тұр, -п жүр, -п жат., -п жатыр, -а жатыр, -п таста, -п бақ, -п өт, -п біт, -п көр, -ған бол, -ғы кел, -а көр, -са екен, -са игі еді, -п еді, -ғай еді,-атын еді, -мақ еді, -са еді, -ар еді, -п келе жат, -а көрме, -п жүре бер, -п сала бер, -п кеп кет, -п кеп жібер, 0 еді, 0 емес, 0 жоқ т.б. Аналитикалық форманттар құрамы жағынан жалаң (дара) және күрделенген (күрделі) аналитикалық форманттар болып екіге бөлінеді. Бір, екі, үш морфемалы аналитикалық форманттар жалаң аналитикалық формантгар деп аталады. Мысалы, Қатты өзгеріп, жаны толқынғатүскен Абай әлі оңалған жоқ (М.Әуезов). Менің күлкім түрткі болды да, сахнада тұрған артистердің бәрі күліп жіберді (Қ.Байсейітов). Толып жатқан үйді бір аралап шыққысы келеді (М.Әуезов). Мұнда 0 жоқ, -іп жібер, -қысы кел аналитикалық форманттар қолданылған. Олар 0 жоқ форманты бір морфемадан, -іп жібер екі морфемадан, -қысы кел үш морфемадан құралған. Бір морфемалы аналитикалық форманттарға 0 еді, 0 екен, 0 емес, 0 жоқ форманттары жатады, олардың саны аз, бірақ тілде өте жиі қолданылады. 0 еді аналитикал ық форманты - қатыстық өткен шақтың көрсеткіші. Мысалы, Менің бүгінгі шарықтаған табысымды Александров, Жүргенов, Құрманбек көрсе ғой, қуаныштан жүректері жарылып кетер еді (Ш.Жиенқұлова). 0 екен форманты да өткен шақтық мағына береді. Мөселен, Тәкежанның үйінен Абай аттанғанда, күн кешкіріп, екінтіге тақап қалған екен (М.Әуезов). Жоғарыда 0 еді мен 0 екен аналитикалық форманттары өткен шақтық мағынаны білдіреді. Бірақ 0 еді формантын субъекті өзі қатысқан өткен уақыттағы іс-қимылмен байланысты қолданса, екінші мысалдағы 0 екен формантын субъектінің өзі қатыспаған, көрмеген еткен кездегі іс-қимыл туралы айтқан кезде ғана қолданады. Төрт морфемалы аналитикалық форманттар күрделенген аналитикалық форманттар деп аталады. Мысалы, Қисса, ертегі, күйлерді бар ықыласын қоя тыңдайды, нота біледі, ұнағандарын дереу нота дәптерлеріне жазып ала қояды (Ш.Жиенқұлова). Күрделенген аналитикалық формант бір ғана мағына береді, оның құрамындағы морфемалардың орны тұрақты, олардың арасына басқа морфема қосылмайды. Аналитикалық форманттардың тілде 3 түрлі жолмен жасалғанын байқауға болады: 1) күрделі етістік арқылы; 2) еді, екен, емес, жоқ көмекші етістіктері арқылы; 3) анапитикалық форманттардың өзара бірігуі арқылы. Аналитикалық форманттар етістік категорияларының мағынасын білдіреді, солардың морфологиялық формасы болып жұмсалады. Аналитикалық форманттардың категорияларға қатысы тұрғысынан қимылдың өту сипаты категориясы мен модальдылық категориясының, рай категориясының, шақ категориясының, болымсыздық категориясының аналитикалық форманттары деп көрсетуге болады. Аналитикалық форманттар түрлі категорияларға қатысты. Бұл туралы профессор Н.Оралбаева: «... қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық категорияларында синтетикалық форма мен қатар аналитикалық форманың кең қолданылатынын көрсетеді. Атап айтқанда, етістіктің аналитикалық форманттары мына категорияларда қолданылады: модальдылық, қимылдың өту сипаты, рай, болымсыздық категориялары». Аналитикалық форманттардың көпшілігі қимылдың (амалдың) өту сипаты категориясының мағынасын білдіреді. Мәселен, Осы сәтте есік қоңырауы шылдырлап қоя берді(Ә.Нұршайықов). Абай қатты бір күдік ойлап, Қарабастың қасына келіп сұрастыра бастады (М.Әуезов). Ақылбай Абайдың төменгі жағында отыр еді, қатарындағы Әйгерімге салмақпен сыбырлап күліп сөйлеп жатыр (М.Әуезов). Аналитикалық форманттар модальдық мағынаны да білдіреді. Модаль мағыналы аналитикалық форманттар сөйлеушінің қимылға көзқарасын білдіреді. Мысалы, айта алады, жеңе алады, сұрай алады, қорғай алады. -а ал форманты арқылы сөйлеушінің амалға, қимылға қөзқарасы, іс-әрекетке, қимылға деген пікірі беріліп тұр. Бұндай көрсеткіштер мағынасы тұрақты, тілде үнемі осы бір мағынада қолданылады. Жоғарыда аталған аналитикалық форманттан басқа да модальдық мағынаны білдіретін аналитикалық форманттар бар. Олар: -ғы кел, -а біл. Мысалы, сөйлей біледі, шыдай біледі, тыңдай біледі, көре біледі, жаза біледі, айтқысы келеді, жасағысы келеді, білгісі келеді, барғысы келеді т.б. Аналитикалық форманттар бұйрық рай мағынасын білдіреді. Мысалы, Айтпа, айтпа деймін анаған! Айтушы болма анаған!... - деп, әкесі жақты нұсқап, Абайдыңа уызын ашырмай, шалқалатып жыға берді (М.Әуезов). Аналитикалық форманттар қалау рай мағынасын білдіреді. Қалау мағынасы -са игі еді, -са екен, -са еді аналитика лық форманттары арқылы беріледі. Мысалы, Өзінікі болса игі еді (М.Әуезов). Соны текбір қайырып айтсаңыз екен (М.Әуезов). Осылар айта берсе екен, араласа берсе екен (Ғ.Мұстафин). Аналитикалық форманттар нақ осы шақ мағынасын білдіреді. -п отыр, -п жатыр, -п тұр, -п жүр, -п келе жатыр, -п бара жатыр аналитикалық форманттары нақ осы шақ жасайды. Мысалы, Баймағамбет сөйлеп отыр (М.Әуезов). Аналитикапық форманттар етістіктің болымсыздық мағынасын білдіреді. Болымсыздық мағынаны білдіретін екі аналитикалық формант бар. Олар: 0 + емес, 0 + жоқ аналитикалық форманттары. Емес, жоқ көмекшілерінің сөзге ешбір қосымшасыз тіркесетінін көрсету үшін оны мынадай 0 белгімен көрсетеді. Мысалы, Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес (Б.Момышұлы). Оған Бақтығұл қараған жоқ (М.Әуезов). Бірақ Абай жеткізетін емес (М.Әуезов).

Наши рекомендации