Энергетикалық және технологиялық жүйелерде тұтынушыларды электрмен жабдықтау
Тұтынушыларды энергетикалық және технологиялық жүйелердің қосалқы жүйесі ретінде электрлік жабдықтау.
Өндіріс орындарының электрлік жабдықтау жүйесі жергілікті өндірістік, көліктік, коммуналдық және ауылшаруашылық тұтынушылардың комплексті электрлік жабдықтауын қамтамасыз ететін энергетикалық жүйенің қосалқы жүйесі болып табылады. Сонымен бірге өндіріс орындарының электрлік жабдықтау жүйесі электрлік жабдықтауға белгілі бір талаптар қоятын сол өндіріс орнының технологиялық жүйесінің қосалқы жүйесі болып табылады.
Өндіріс орындарының электрлік жабдықтау жүйесі өнеркәсіптік қабылдағыштарды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін құрылады.
Мұндай тұтынушыларға түрлі машиналар мен механизмдердің электр қозғалтқыштары, электрлік пештер, электролиздік құрылғылар, электр пісіру аппараттары мен машиналары, жарықтандыру қондырғылары және басқа да өнеркәсіптік тұтынушылар жатады.
Қазіргі кезде тұтынушылардың көбісі электр энергиясын электр желілері арқылы электр энергия көздері мен электр станцияларын байланыстыратын энергетикалық жүйеден алады.
Энергетикалық жүйе дегеніміз - электр энергиясы мен жылуды өндіру, түрлендіру үздіксіз процесінде ортақ режиммен байланысқан электр станциялары, электр және жылу желілерінің жиынтығы.
Электр энергетикалық жүйе деп электр энергиясын өндіру, жеткізіп беру, тарату және тұтыну процестерімен байланысқан энергетикалық жүйенің электрлік бөлігі және содан тұтынатын қабылдағыштарды айтады.
Электрлік жабдықтау - тұтынушыларды электр энергиясымен қамту.
Электрлік жабдықтау жүйесі - ол тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған электр қондырғыларының жиынтығы.
Орталықтандырылған электрлік жабдықтау - ол тұтынушыларды энергетикалық жүйеден жабдықтау.
Электр желісі - бұл белгілі бір аймақта жұмыс істейтін қосалқы станциялар, тарату құрылғылары, ток өткізгіші, әуе және кабельдік электр тарату желілерінен тұратын, электр энергиясын тарату және жеткізу электр қондырғыларының жиынтығы.
Электр энергия қабылдағышы - ол электр энергиясын басқа бір энергияға түрлендіретін аппарат, агрегат және т.б.
Электр энергия тұтынушысы - ол технологиялық процесі ортақ, белгілі аймақта орналасқан электрқабылдағыш немесе электрқабылдағыштар тобы.
Тәуелсіз қоректену көзі - ол апаттық режимнен кейін басқа қоректену көздерінде кернеу жоғалса да, өзінің кернеуін сақтап тұратын қоректену көзі.
Бірақ көптеген кәсіпорындар өздерінің ЖЭО-сын салуда. Оның мынадай себептері бар:
а) технологиялық мақсаттар мен жылуландыруға жылу энергиясының қажеттілігі және оған қоса электр энергиясын өндірудің қолайлылығы;
б) жауапты тұтынушылар үшін резервті қоректену көзінің қажеттілігі;
в) кейбір кәсіпорындардың энергетикалық жүйеден алшақтығы;
Өндіріс объектілері мынадай өндіріс салаларына қатысты:
а) тау-кен өндірісі (көмір шахталары; рудалы және рудалы емес қазбаларды өндіру карьерлері; мұнай кәсіпшілігі; кен байыту комбинаттары және агломерациялық фабрикалар);
б) қара металлургия (кокс-химиялық цехтар; домендік цехтар қондырғылары; мартенді, конверторлы және жаймалау цехтар қондырғылары);
в) машина жасау және металл өндеу (металл кесу және ағаш өңдеу станоктары; электрлік аспаптар; ұсталық қалыптау басқақтары және машиналары);
г) химия өнеркәсібі (азот өнеркәсібі; сода; суперфосфат, күкірт қышқылы, кальций карбиді, хлор, металдық натрий, техникалық бұйымдар және синтетикалық каучук өндірістері және т.б.);
д) мұнай өндеу кәсіпшілігі;
е) қағаз-целлюлоза кәсіпшілігі;
ж) жеңіл өнеркәсіп (мақта-қағаз, суконды және жасанды маталардың тоқыма және тігін фабрикалары, аяқ киім, былғары және т.б. фабрикалар);
и) құрылыс материалдарының өндірісі (цемент, әйнек, кірпіш зауыттары, темір-бетон зауыттары);
к) тамақ өнеркәсібі (элеваторлар, диірмендер, күрпі, нан зауыттары, қант, сүт, спирт және т.б. зауыттар).
Барлық салалардың өндіріс орындарындағы жалпы өндірістік қондырғыларды мынадай негізгі топтарға бөлуге болады:
1. Көтерме – көліктік машиналары (кран, тельфер, көпірлік және консольді крандары, лифттер, манипуляторлар және т.б.).
2. Ағынды-көлік жүйелері (конвейрлер, шнектер және жүк тасымалдау механизмдері).
3. Компрессорлар, желдеткіштер, насостар.
Өндірістің электр технологиялық саласын ерекше атап өту қажет. Оған:
1. Электр-термиялық қондырғылар.
2. Электр-пісіру қондырғылары.
3. Электролиз қондырғылары.
4. Металл өңдеудің электрлік әдістері.
5. Кернеуі жоғары электрлі өріс қондырғылары жатады.
Ең көп тараған электр энергиясының тұтынушысы өндіріс орындарының электрлік жарықтандыруы болып табылады (қыздыру, галогенді, люминесцентті, сынап – кварцты, ксенонды және натрийлі шамдар).