Дипломдық жұмыстың (жобаның) жазылу тәртібіне қойылатын талаптар
Жалпы ережелер
1.1 Дипломдық жұмыс (жоба) – жазбаша бітіру жұмысы болып табылады, егер де бұл мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында және мамандықтың оқу жоспарында қарастырылған болса, студент оқудың соңғы кезеңінде орындайды.
1.2 Әдістемелік нұсқаулық мамандық бойынша дипломдық жұмысты ұйымдастыруға, өткізуге және ресімдеуге қойылатын талаптарды белгілейтін және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде (одан әрі С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ) жүзеге асырылатын жоғары кәсіптік білім беруге дайындау бағыттарының негізгі құжаты болып табылады.
1.3 Дипломдық жұмыс (жоба) мынандай мақсатта әзірленеді:
- мамандық бойынша теориялық білім мен тәжірибелік дағдысын жүйелеу, бекіту мен кеңейтуге және оны нақты ғылыми, техникалық, экономикалық және өндірістік, сонымен қатар мәдени бағыттағы міндеттерді шешуде қолдану;
- студенттің қазіргі заманғы өндіріс, ғылым, техника, мәдениет, сонымен қатар оның кәсіптік құзырлылық жағдайында өзіндік жұмыс жасауына дайындығын анықтау;
- өзіндік жұмыс жүргізе алу мен дипломдық жұмыстың (жобаның) мәселелерін шешуде эксперимент жүргізу дағдыларын дамыту, ғылыми зерттеуәдістемесін меңгеру.
1.4 Дипломдық жұмыс (жоба) белгілі бір мамандық пен ғылым саласының бір өзекті мәселесін зерттеу және өзбетінше ізденіс нәтижелерін қорытындылайды.
1.5 Дипломдық жұмыс (жоба) ғылыми жетекшінің басшылығымен орындалады және келесі талаптардың біреуіне жауап беруі тиіс:
- ғалымдармен, сарашылармен, практиктермен, инженерлермен, конструкторлармен, менеджерлермен, экономисттермен өткізілген жобалық шешімдер мен зерттеулер нәтижелерінің қорытындылануы;
- зерттелген объектілер бойынша ғылыми негізделген теориялық тұжырымдардың болуы;
- нақты міндеттерді шешілуін қамтамасыз ететін ғылыми негізделген нәтижелердің болуы.
Дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыптарына қойылатын талаптар
2.1 Дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыптары қазіргі жағдай мен болашақтағы ғылымның, техника мен мәдениеттің дамуына сай өзекті болып, мазмұны жағынан 1.5 п. талаптарға жауап беруі қажет.
Дипломдық жұмыстардың (жобалардың) тақырыптарын анықтағанда өндіріс, ғылым және мәдениеттің мәселелері мен шынайы міндеттерін есепке алу ұсынылады.
2.2 Дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыптары мамандықтарға және мамандарды дайындау профильдеріне сәйкес болуы қажет.
2.3 Дипломдық жұмыстардың (жобалардың) тақырыптары бітіртуші кафедрамен әзірленеді және факультет кеңесінде қаралып, бекітіледі.
2.4 Дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыптарының 30%-ы жыл сайын жаңартылып отырылуы тиіс.
2.5 Дипломның жобасы, диртомдық жұмыс факультет деканы ұсыныс жасаған жағдайда ғана Басқарма төрағасының рұқсатымен алмастырылады. Бұл жағдайда дипломдық жұмыс ғылыми-зерттеушілік сипатта болып, оның есептік – графикалық бөлімі болуы қажет.
2.6 Студент дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыбын бекітілген тақырыптардан таңдайды.
Студентке бекітілген тақырыптардан да тыс тақырыпқа дипломдық жұмысын (жобасын) орындау құқығы беріледі. Мұндай жағдайда студент кафедраға таңдаған тақырыбының негіздері дәлелденген тұжырымдамасын немесе осы тақырыпқа тапсырыс берген мекеменің хатын тапсыруы керек.
Сырттай оқу бөлімінде білім алушыларға дипломдық жұмысының (жобасының) тақырыбын өндірістік қажеттілікке сәйкес таңдап алуына рұқсат беріледі.
2.7 Студентке дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыбы дипломдық жұмыс қорғалатын оқу жылының басында С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ Басқарма төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
Диплом алдындағы тәжірибе аяқталысымен дипломдық жұмыстың (жобаның) тақырыбы қажетті жағдайларда бітіртуші кафедраның ұсынысымен өзгертілуі, нақтылануы, түзетілуі мүмкін.
Дипломдық жұмыстың (жобаның) жазылу тәртібіне қойылатын талаптар
3.1 Дипломдық жұмысты (жобаны) жазуға 2 кредит бөлінеді, яғни 4 апта. Ол 2 кредиттің ішіне дипломдық жұмысты (жобаны) рәсімдеп, қорғау кіреді. Дипломдық жұмысты (жобаны) дайындау үдерісі алдын ала кәсіби тәжірибеде және теориялық сабақтарының соңында басталады.
3.2 Дипломдық жұмысты (жобаны) жазу үшін кафедраның ұсынуымен әр студентке ғылыми жетекші тағайындалады.
3.3 Дипломдық жұмыстың (жобаны) ғылыми жетекшілері болып профессорлар, доценттер, тәжірибелі оқытушылар мен сол жоғары оқу орнының ғылыми қызметкерлері және ғылыми зерттеу, басылым салалары студенттің мамандығына сәйкес келетін басқа ұйымдардың жоғары білікті мамандары тағайындалады.
3.4 Дипломдық жұмысқа (жобаға) тапсырма студенттердің дайындаған бастапқы материалдар мен дерек көздерінің сипаттамаларынан, сұрақтар тізімінен, ұсынылатын әдебиеттер тізімінен, кестелік материалдар тізімінен (кесте, диаграмма, сұлба және т.б.), дипломдық жұмыстың (жобаның) күнтізбелік кестесінен тұрады.
Дипломдық жұмыстың (жобаның) тапсырмасын жұмысты аяқтау мерзімін көрсете отырып, кафедра меңгерушісі бекітеді. Дипломдық жұмыстың (жобаның) тапсырмасы дипломдық жұмысқа нөмірсіз тігіледі.
3.5 Жекелеген бөлімдердің кезекпен орындалуы көрсетілген жұмыстың күнтізбелік кестесі барлық кезеңдерге құрылады және ғылыми жетекшімен келісіледі.
3.6 Қажет болған жағдайда дипломдық жұмыстың (жобаның) ғылыми жетекшісінің ұсынуымен кафедра дипломдық жұмыстың (жобаның) жекелеген бөлімдері бойынша ғылыми жетекшіге бөлінген уақыт есебінен кеңесшілер шақырады.
3.7 Кеңесші ретінде жоғары оқу орнының профессорларын, доценттерін, оқытушыларын және ғылыми қызметкерлерін, сонымен қатар басқа ұйымдардың біліктілігі жоғары мамандары мен ғылыми қызметкерлерін тағайындауға болады. Кеңесшілер өздеріне белгіленген бөлімдерді тексеріп, қолдарын қояды.
3.8 Бітіртуші кафедра дипломдық жұмыс (жоба) орындалмас бұрын дипломдық жұмысқа (жобаға) әдістемелік нұсқау әзірлеп, студенттерді қамтамасыз етуі керек, дипломдық жұмыстың (жобаның) орындалуына ұсынылған талаптар мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартының мамандықтарына сәйкес болуы тиіс.
3.9 Кафедра меңгерушісі дипломдық жұмыстың (жобаның) орындалуы бойынша студенттің кезеңді есеп беру мерзімін белгілейді. Бұл мерзімдерде студент ғылыми жетекшісі мен кафедра меңгерушісінің алдында есеп береді, осы есеп бойынша дипломдық жұмыстың (жобаның) дайындық дәрежесі есепке алынып, факультет деканына мәлімет ретінде беріледі.
3.10 Дипломдық жұмыс (жоба) мамандық бойынша негізгі әдебиеттерді (оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар, басылымдық әдебиеттер, дәрістік курстар, соның ішінде шетел тілдеріндегі журналдар, нормативтік әдебиеттер және т.б.) терең меңгеру арқылы орындалады.
3.11 Әр дипломдық жұмыстың (жоба) тапсырмалары жеке перспективалық теориялық және практикалық сұрақтарды дайындау тапсырмаларына сәйкес болуы қажет.
Инженерлік мамандықтарда білім алушылар дипломдық жобаларында (жұмысында) негізгі тақырыптан тыс технология, автоматтандырылған және кешенді өндіріс механизмі, стандарттау, еңбекті ғылыми ұйымдастыру және өндірісті басқару т.б. мәселелеріне байланысты сұрақтарды қамтуы қажет. Әр жобаның сәйкес экономикалық негіздемесі, сонымен қатар еңбекті қорғау және өндірістік экологияға арналған сұрақтарды қамтыған бөлімдері болуы қажет.
3.12 Дипломдық жұмыстың (жобаның) негізгі мәтіні шығармашылық ойды, зерттеу әдістерін пайдаланудың негіздемесін, компьютерлік технологияны қолданумен қабылданған есептеу әдістері мен есебін, жүргізілген тәжірибенің сипаттауын, оларды талдау және олардың тұжырымдарын, техникалық-экономикалық нұсқаларын салыстыруды ашып көрсетуі және қажет болған жағдайда кестелермен, эскиздермен, диаграммалармен, сұлбалармен көрсетіліп сүйемелденуі қажет.
3.13 Дипломдық жұмысты (жобаны) студент жоғары оқу орнында, сонымен қатар өндірісте, ұйымда, ғылыми, жобалық – конструкторлық және басқа ұйымдарда орындайды.