Аурухананың мамандандырылған бөлімдерінің ішкі ортасының жоспарлануына және ұйымдастырылуына қойылатын гигиеналық талаптар.

5.1 Хирургиялық бөлім.Қазіргі кездегі көп профильді ауруханалардағы хирургиялық төсек саны, жалпы төсек орнының 25 - 45% құрайды. Хирургиялық бөлім палата бөлімінен және операциялық блоктан тұрады.

Палаталық бөлімшенің жоспарлануы мен құрамы басқа да жоғарыда аталған бөлімдердей. Қосымша, тек қана таңу-байлау бөлмесі кіреді және бір және екі төсектік палаталар саны 20% азаяды. Бірақ, хирургиялық бөлімшелерді жобалауда және орналастыруда, бөлімшенің жұмысын жақсартуда және АІИ болдырмауда мына талаптар сақталуы қажет:

1. Операциялық блок және емдеу –диагностикалық бөлімше бір-біріне жақын және олайлы байланыста болуын;

2. Опрациядан кейінгі «таза» және «іріңді» сырқаты бар науқастардың қарым-қатынасы болмауын;

3. Науқастардың операциядан кейінгі болу жағдайларын дұрыс ұйымдастыру;

4. Жеткілікті түрде таңу-байлау бөлмелері мен процедуралық кабинеттер болуын.

Барлық хирургиялық бөлімдер таза және іріңді болып екіге бөлінеді. Іріңді бөлімдердң іріңді-септикалық(іріңді ісік, бітеу жара, іріңді плеврит т.б.) үдерістері бар науқастарды емдейді. Инфекция таралуының алдын алу мақсатында, мұндай бөлімдерді бөлек ғимараттарда, сырт жақта немесе жоғарғы қабаттарда орналастырады. Іріңді науқастарға операцияны бөлек блоктарда жасайды. Таза бөлімдер төмеңгі қабатта орналасады.

Операциялық блок аурухананың негізгі құрылымдық бөлімі және хирургиялық бөлімнің құрамдас бөлігі болып табылады. Ол операциялық залдар мен қосымша бөлмелерден тұрады. Хирургиялық стационарлардың мамандандырылуына байланысты (жалпысалалық, травматологиялық, кардиохирургиялық және т.б.). операциялық блоктың құрамына қосымша бөлмелер кіреді

Операциялық блокты хирургиялық бөлімінің тұйықтау жерінде, бүйір жағында немесе бөлек қабатта орналастырады. Бірнеше хирургиялық бөлімдердің операциялық блоктары бір кешенге біріктірілсе, онда оны орналастыру үшін ғимараттың бөлек бір шеті, түгелдей бір қабаты (әдетте, жоғарғы қабаты) немесе стационармен тікелей, әлде жабық өтетін жер арқылы байланысатын, арнайы жалғастыра салынған құрылыс беріледі. Мұндай жағдайда, стационардан толық оқшаулануы қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, операциялық кешеннің хирургиялық бөлімдермен, анестезиология және реанимация, рентген-диагностикалық және стерильдеу бөлімдерімен байланысатын жолы ыңғайлы болуы керек. Операциялық кешеннің болуы, қымбат және күрделі жабдықтарды тиімді пайдалануға және бірқатар жалпы бәріне бір, қосалқы бөлмелерді жабдықтауға, сондай-ақ, қызметкердің жұмысын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Операциялық кешеннің құрамында міндетті түрде, бір-бірінен бөлек орналасқан асептикалық («таза») және септикалық («іріңді») операциялар жасауға арналған операциялық блоктар қарастырылады.

Операциялық блоктың құрамына операция жасайтын, операция жасайтын бөлменің алдындағы, наркоз беретін, стерильдейтін, аппараттық бөлмелер, жедел анализдерді жасауға арналған зертхана, құрал-жабдықтық, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерінің кабинеттері және т.б. кіреді.

Бұл бөлмелердің тазалық дәрежесі бойынша, бір бірінен айырмашылығы бар, сондықтан оперблоктарды жоспарлауда оларды бірнеше зоналарға бөліп, топтастырады. Бірінші - стерильді зонаға, операция жасайтын және стерильдейтін бөлмелер жатады. Екінші зонаға – қатаң тәртіптегі (өте таза), операциялық бөлмемен тікелей байланыста болатын: операциялық бөлменің алдындағы, наркоз беретін және операциядан кейінгі барлық бөлмелер кіреді.Үшінші - шектелген тәртіптегі (таза) зонаға –қанды және тасымалданатын аспаптарды сақтауға, хаттама жазуға арналған бөлмелер, хирургқа және медбикелерге арналған бөлмелер, жедел анализдер жасайтын зертхана, санитарлық өткізгіштің «таза» зонасы жатады. Төртінші – жалпы ауруханалық тәртіп зонасы, бұған санитарлық өткізгіштің лас зонасы және т.б. кіреді. Операциялық блокты зоналарға бөлудің мақсаты, аурухана ішілік инфекцияның даму қауіпін және осыған байланысты операциядан кейінгі асқынуларды төмендету болып табылады.

Операциялық бөлімге кіруі, қызметкер үшін санитарлық өткізгіш арқылы, ал науқастар үшін – шлюздер арқылы ұйымдастырылады. Жүріс ағындары «стерильді» - хирургтар мен операцияға қатысатын медбикелер өтуі үшін, «таза»- науқастарды әкелу үшін, анестезиологтар, кіші медицина қызметкері мен техникалық қызметкер өтуі үшін және «лас» - қалдықтарды, қолданылған заттарды әкетуге арналған жолдарға бөлінуі керек. Бұл ағындар бірі-бірімен жанаспауы немесе қиылыспауы керек.

Операциялық бөлмелерді бір үстелге есептеп, жобалау қолайлы болып табылады, өйткені, операцияларды екі немесе одан да көп үстелдерде жасаса, ол бөлме ауасының тез ластануына әкеліп, хирургтардың жұмысын қиындатады және науқастар үшін психологиялық дискомфорт туғызады. Жалпы профильдегі операция жасайтын бөлмелердің ауданы 36 м2 кем болмауы керек, бұл операция жасайтын бригаданың қысылыспай орналасуын қамтамасыз етеді. Үлкен операциялық бригаданың қатысуымен күрделі, профильдік операциялар жасалатын бөлменің ауданы –45-50м2 болуы кажет. Операциялық бөлмелердің биіктігі 3,5 м кем болмауы керек.

Операциялық бөлмелердің қабырғалары тегіс, бұрыштары дөңгелектенген болуы керек. Қабырғаларды төбесіне дейін глазурленген плиткамен немесе басқа да, ылғалға төзімді, жеңіл жуылатын, дезинфекциялаушы заттармен өңдеуге шыдамды материалдармен жабады. Төбесін майлы сырмен сырлайды, ал еденін, трапқа қарай еңістеу етіп, плиткалардан жасайды. Едендер ұшқын шығармайтын, антистатикалық болуы керек. Операция жасайтын бөлменің есіктері тығыз жабылуы қажет.

Операциялық бөлмелерді терезелерсіз немесе терезелерімен жасайды. Терезелерінің болмауы шудан, шаңнан қорғануды қамтамасыз етеді, бірақ, қызметкердің үнемі тек жасанды жарық бар бөлмелерде болуы, оларда қажу дамуын күшейтеді және ахуалын төмендетеді. Операция жасайтын бөлмелердің терезелерін солтүстікке, солтүстік-шығысқа, солтүстік-батысқа бағыттайды, бұл, тікелей түсетін күн сәулесінің әсерінен көрмей қалуды, операция жасау кезінде медициналық құрал-саймандардан күн сәулесінің шағылысуын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, микрофлораның дамуына мүмкіндік тұғызатын және микроклимат жағдайын нашарлататын, операциялық бөлменің артық қызуын болдырмауға жағдай жасайды. Жарық коэффициенті операция жасайтын бөлмелерде 1:4- 1:5 қатынасындай болуы тиіс, табиғи жарықтану коэффициенті (ТЖК) –1,5% кем болмауы керек.

Хирург пен медицина қызметкерінің көруімен байланысты, жұмысының ерекшеліктері операция жасайтын бөлмелердегі жасанды жарықты ұйымдастыруға қойылатын талаптарды жоғарылатады. Біріншіден, жарықтандырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етілуі тиіс және операция алаңының үстінде, сонымен бірге, жараның түбінде көлеңке мүлде болмауы керек. Екіншіден, шырақ жараны және хирургтың басын қыздыратын қарқынды жылу бөлмеуі және көру аймағында тікелей және шағылысқан жалтылдауды бермеуі керек. Үшіншіден, жарық спектрі күндізгі жарыққа жақын болуы және түрлі түстерді қабылдау бұрмаланбауы тиіс.

Осыған байланысты, операциялық бөлмелерде жалпы және жергілікті жарықтандыруды ұйымдастырады. Жалпы жарықтандыруға люминесценттік және қыздыру шамдарын қолданады. Люминесценттік шамдармен жалпы жарықтандыру 400 лк кем болмауы керек, бұл операциялық медбике жұмысына (инелер, тігуге арналған материалдар, құрал-саймандармен манипуляциялар жүргізуде) және науқастың терісінің, шырышты қабаттарының түрі мен көз қарашығының реакциясын бақылайтын анестезиологтың жұмысына жеткілікті болып табылады. Операциялық көру алаңын локальды жарықтандыруға арнайы көлеңкетүсірмейтін, асып қоятын немесе жылжымалы шырақтарды қолданады.

Көлеңкетүсірмейтін шамдар беретін жарықтын деңгейі 10000-30000 лк дейін жетеді. Жараның тереңдігі үлкен және операция жасайтын беттің шағылысу коэффициенті неғұрлым аз болса, соғұрлым жарықтану деңгейі жоғары болуы тиіс.Хирургтардың көзінің қажуын азайту үшін, ақ маталарға қарағанда, шағылысу коэффициенті төменірек, көгілдір-жасыл, көгілдір ақық-жасыл түсті халаттарды және ақ жаймаларды пайдаланады. Нәтижесінде, операция алаңы мен қоршаған нысандардың арасындағы кереғарлық (контраст) төмендейді, сондықтан, көзді жарадан айналасындағы фонға аударғанда, көздің тор қабықшасының элементтерінің қажуы азаяды.

Операция жасайтын бөлмелерде оңтайлы микроклимат қамтамасыз етудің маңызы зор. Микроклимат параметрлері науқастардың ғана емес, операцияға қатысып тұрған медицина қызметкерлерінің де жылу реттейтін механизмдерінің зорлануын болдырмауы керек. Нормативтер бойынша, жазғы уақытта операция жасайтын бөлмелерде ауаның ылғалдылығы 50-55% және қозғалу жылдамдылығы 0,1 м/с дейін болған жағдайда, ауаның температурасы 20-22° С (қыста19-20° С ) болуы қарастырылады.

Қолайлы микроклиматтық жағдайлар жасау үшін, әсіресе, операциялық бөлмелерде асептикалық жағдайларды ұйымдастыру үшін, өте маңызды болып табылатын ауаны кондиционерлеу қарастырылады. Ауа бактерицидтік сүзгілерде тазартылуы қажет, табиғи желдету рұқсат етілмейді. Ауа алмасуы 10-еседен аз болмауы керек (10.2-кесте), оған қоса, енбелі ауа сормалы ауадан, кем дегенде, 20% артық болу тиіс, бұл операциялық бөлмеде ауаның артық қысымын тудырып, көрші бөлмелерден ластанған ауаны жібермейді. Операциялық бөлмеде ауа жақсы алмасуы үшін, ауа енетін саңылауын бөлменің бір қабырғасында, төбеге жақын жерінде, ал ауаны сорып әкететін саңылауын - қарама қарсы қабырғада, еденге жақын, орналастырады.

Жоғары деңгейдегі асептика жағдайын қажет ететін операцияларды (сүйектерге, буындарға, жүрекке, қан тамырларына, өмірлік маңызы бар мүшелерге трансплантация жасау кезінде, т.б) жүргізгенде, одан да жоғары ауа алмасу есесі - сағатына 30-90-ға дейін және одан да артық болуы оптимальды болып табылады. Мұндай жағдайларда, ауаның микробтық ластануы 1 м3 ауада 30-100 микробқа дейін төмендейді, патогенді стафилококк анықталмайды, операциядан кейінгі іріңді асқынулардың саны 3-4 есеге дейін төмендейді.

Микробтық ластануды болдырмау мақсатында, операция жасайтын бөлмелерге әкелінетін құрал-жабдықтардың барлығы алдын ала дезинфекцияланады, аспаптар мен жара таңатын заттар стерильденеді.

Операциялық бөлмедегі 1 м3 ауада жалпы микроағзалар саны жұмысқа дейін 500-ден аспауы, ал, алтын түстес стафилококк және гемолитикалықстрептококк болмауы керек. Жұмыс кезінде жалпы микробтық ластануы 1 м3 ауада колония түзуші бірліктердің 1000 дейін көбеюіне рұқсат етіледі. Алтын түстес стафилококктың мөлшері 1 м3 ауада 4-тен аспауы керек, ал, гемолитикалық стрептококк табылмауы тиіс.

Операциядан кейін, операция жасайтын бөлме мұқият жуылып тазартылады, едені мен панельдерін дезинфекциялаушы ерітінділермен және ыстық сумен жуады, сонан кейін экрандалмаған бактерицидтік шамдардың сәулесімен 30 минут бойына зарарсыздандырады.

Операция блоктарындағы кабинеттерді жалпы жинап-тазалау, аптасына 1 рет жүргізіледі. Бөлмелер алдымен сабын-сода ерітіндісімен жуылады, сонан кейін дезинфекциялаушы заттармен өңделеді. Зарарсыздандыру үшін қажетті уақыт өткеннен соң, бөлмелерді сумен жуады және 2 сағат бойына ультракүлгін сәулемен санациялайды.

Акушерлік бөлім.

Бөлімнің жоспарланауы сырқаты жоқ жүкті әйелдерді науқастарынан оқшаулауға, АІИ жұғуының алдын алуға мүмкіндік беруі тиіс. Сондықтан, акушерлік бөлімнің перзентхананың құрамында екі бөлімі болады: физиологиялық және обсервациялық. Бұл бөлімдерде әйелдер босануы кезінде және босанғаннан кейін болады. Физиологиялық бөлім сырқаты жоқ жүкті әйелдерге арналған, обсервациялық бөлімі (күдікті) – инфекция көзі болатын мүмкіндігі бар жүкті әйелдер үшін. Перзентханаларда, бұл бөлмелерден басқа, тағы жүктілік патологиясы деген бөлім бар. Физиологиялық және обсервациялық бөлімдердің жоспарлануы бірдей, олардың құрамына босану алдынғы палаталар, босанатын және операциялық блоктар, операциядан кейінгі палаталар, босанғаннан кейінгі палаталар, жаңа туған балаларға арналған палаталар және қосымша бөлмелер кіреді. Босанатын әйелдерді оқшаулауды, қабылдайтын-қарайтын бөлімнен бастап, жүргізеді. Босанатын әйелдер қарайтын бөлмеге түскенге дейін фильтрден өтеді, бұл жерде акушер әйел немесе медбике, олардың температурасын өлшейді, эпидемиологиялық мәліметтерін пысықтап сұрап, анамнез жинайды, іріңді аурулары, микроскопиялық саңырауқұлақтар тудыратын және жыныс қатынасы арқылы берілетін ауруларды анықтау мақсатында сырт көрінісін қарайды. Жедел респираторлық аурулары бар, температурасы жоғары, тұмау, баспа, сыздауық, іріңдік (абсцесс) және басқа да іріңді аурулары бар, сондай-ақ, этиологиясы белгісіз бөртпелері бар және алмасу картасы жоқ болса, босанатын әйелдер фильтрден обсервациялық бөлімнің қарайтын бөлмесіне жіберіледі. Дені сау әйелдерді физиологиялық бөлімнің қарайтын бөлмесіне жібереді. Қарау бөлмесінде дәрігер қарайды, медициналық құжат толтырады, босану жүргізу жоспарын белгілейді.Қарағаннан кейін, босанатын әйелдер қарайтын бөлменің жанында орналастырылған душы, әжетханасы бар, санитарлық өндеуден өтетін бөлмеде санитарлық өндеуден өтеді, одан кейін физиологиялық немесе обсервациялық бөлімдерге жиберіледі. Босанған әйелдерді бұл бөлімдерден шығаруға арналған бөлмелер, әрбір бөлім үшін бөлек болуы тиіс. Обсервациялық бөлім, физиологиялық бөлімнен оқшау орналасуы керек. Оны бірінші қабатында, жалғап салған құрылыста немесе жүктілік патологиясы, физиологиялық, гинекологиялық бөлімдердің үстіндегі жоғарғы қабатында орналастырылады. Олардың арасындағы байланыс тек шлюз арқылы жүргізіледі. Әрбір бөлімде өз алдына бөлек емдеу-диагностикалық және қосымша бөлмелері қарастырылады. Босану алдындағы палаталар 1 немесе 2-4 төсектік болады. Босану блогының құрамына 2 кем емес босанатын залдар, қарайтын бөлме, қызметкерге арналған дайындық бөлме, жаңа туған балаларға манипуляция-туалет жасайтын бөлме, қарқынды емдеу палатасы, кіші операциялық бөлме кіреді. Кіші операциялық бөлмеде анамнезі ауыр әйелдер босанады және қажет болған жағдайда, кесарь тілуінен басқа, акушерлік операциялар жасалады.

Операциялық блоктың бөлмелеріне, операция жасайтын бөлменің алдындағы, үлкен операциялық, стерильдеу бөлмелері және әдеттегі, операция блогының құрамына кіретін басқа да бөлмелер жатады. Үлкен операциялық бөлмелерде көбіне, құрсақ жаратын операциялар жасалады.

Босанудан кейінгі палаталарды 2-4 төсектік етіп жасайды. Палаталарды толтыруда, босанған әйелдердің түсуі мен шығуы бір күнде болатындай етіп ұйымдастырады, бұл, бөлмеге жалпы санитарлық өңдеу жүргізуді жеңілдетеді және АІИ таралу мүмкіншілігін болдырмайды. Жаңа туған балаларға арналған палаталарды оқшау бөлігінде, 20 төсекке есептеп орналастырады, оған кіреберісте арнайы бөлмеде кезекші медбике посты орналасады. Сонымен қатар, жаңа туған балаларды кішірек палаталарда анасымен бірге жатқызу немесе 3-4 жаңа туған балаларды аналарының палаталарының арасындағы бөлек палатада орналастыру түрлерін де қолданады. Мұндай орналастыру, балаларды күтуге қолайлырақ жағдай туғызады.

Шала туған балаларды 1-2 төсектік бокстарға немесе жартылай бокстарға жатқызады. 8 төсекке бір постық медбике қызмет көрсетеді.

Обсервациялық бөлімнің төсек саны, физиологиялық бөлімге қарағанда, аздау. Мұндағы төсек саны, акушерлік төсектердің жалпы санының 20-25% құрайды. Босанғаннан кейінгі палаталарды, бокстар немесе жартылай бокстар түрінде 1 немесе 2 төсектік етіп ұйымдастырады.

Перзентханаларда асептика талаптары қатал сақталуы керек, себебі, анаға да, және жана туған балаға да инфекция жұғу қаупі жоғары.Акушерлік бөлімдердегібосану залдарының, оперблоктың жоспарланауына және санитарлық режимін ұйымдастыруға қойылатын гигиеналық талаптар, хирургиялық бөлімдердің операциялық блоктарына қойылатын талаптарға ұқсас. Қолайлы жағдайларда, жас босанған әйелдерді жаңа туған балаларымен босану үйлерінен ертерек шығару дұрыс болып шықты, ол АІИ-мен аурушаңдықты төмендетуге мүмкіндік берді. Перзентхана жылына бір рет дезинфекция жасау үшін жоспарлы түрде жабылуы тиіс.

Балалар бөлімі.

Балалар бөлімін немесе балалар ауруханасын жоспарлаудың, бірнеше себептерге байланысты, өз ерекшеліктері бар. Бәрінен бұрын, жұқпалы аурулардың жиілігіне және балалар жасында оларды жұқтыру мүмкіншілігі жоғары болуына байланысты, балалар бөлімін үлкендердің бөлімінен мүмкіндігінше максималды оқшаулау және стационарға түсуі мен ол жерде болуы кезінде, аурухана ішінде инфекцияны жұқтырудың алдын алуға мүмкіндік беретін шаралар қамтамасыз етілуі керек.

Осыған байланысты, сиымдылығы 60 төсектен артық балалар бөлімі,өз алдына көлік кіретін жолдары және өзінің жеке қабылдау бөлімі бар, бөлек корпустарда орналасады. Балалар бөлімін үлкендерге арналған бөлімі бар аурухана ғимаратында орналастырған кезде, оның құрамында өз алдына жеке қабылдайтын-шығаратын бөлімін ұйымдастырып, ғимараттың бірінші қабатында орналастырады. Қабылдау бөлімінің ерекшелігі, балаларды қабылдайтын-қарайтын бокстарда қабылдайды, бокстардың саны бөлімдегі барлық төсек орнының 3% кем болмауы тиіс. Егер, балада жұқпалы ауруға күдік болса немесе диагнозы белгісіз болса, мұндай балаларды жұқпалы аурулар ауруханасындағыға ұқсас боксталған диагностикалық бөлімдерге жатқызады.

Бөлімнің өзінің жоспарлануы, карантин орнатқан жағдайда, әрбір палата секциясы толығымен оқшауланып, өз алдына жұмыс істей алатындай болуы тиіс.

Сондықтан, балалар бөлімінің әрбір секциясы өтпелі емес және барлық қажетті бөлмелер жиынтығы болуы керек. Қосымша бөлмелері (асхана, буфет, ойын бөлмелері, т.б.) екі секцияға жалпы болмауы керек.

Әрбір секцияда палаталардан басқа, 2 бокс немесе 1 төсектік жартылай бокс және жұқпалы ауруларға күдікті балаларды орналастыруға арналған 1 төсектік екі палата болуы керек. 1жасқа дейінгі балаларға арналған секциялар 24 төсектен тұрады, олардың әрбір 8 төсегіне бір, кезекші медбике тағайындалады. Бір жасқа дейінгі балалардың палатасы 2 төсектен артық болмауы тиіс.1 жастан асқан балалардың секциясында 30 төсек қарастырылады, палатада 4 төсектен. Артық болмауы керек, 1 төсекке есептелген ауданы -6 м2. Төсектерді палатада үлкендердің бөлімдеріндегідей етіп орналастырады. Ауалы-тамшылы инфекциялардан қорғау үшін, төсектердің арасына алмалы-салмалы шыныдан жасалған қалқан қойылады.

Стационарға жатқызылатын емшек еметін және ясли жасындағы балалар, анасының күтімінсіз бола алмайды, соған байланысты басқа бөлімдерден айырмашылығы, мұнда аналары үшін бөлек бөлмелер қарастырылады. Аналарының күндізгі уақытта болуына арналған бөлмелерінің ауданы 7,5 м2, тәулік бойы болуына арналған бөлмелерінің ауданы – 9,5 м2болуы тиіс.

Балалар бөлімінің өзіне тән ерекшелігі- жылытылатын верандалар, сондай-ақ, мектеп және мектепке дейінгі жастағы балалардың сабақ өтуіне, ойнауларына арналған арнайы бөлмелерінің болуы.

Терезелерінің қолайлы бағытталуы – оңтүстік, балалар бөлімінің 3 жасқа дейінгі балаларға арналған палаталарының және барлық балалар бөліміндегі ойнауға арналған бөлмелерінің терезесі батысқа бағытталмауы керек, себебі, бөлмені өте қыздырып жібереді. Палата секцияларындағы микроклимат параметрлері мен ауа алмасуын ұйымдастыру жоғарыда айтылды.

1 жасқа дейінгі балалар палатасының және сүт тағамдары бөлмелерінің ауасын зарарсыздандыру үшін, әрбір жуып- жинаудан кейін бактерицидтік шамдардың сәулесімен өңдейді.

5.4.Емхана бөлімі.Емханалар және амбулатория түріндегі басқа да мекемелер, негізінен, күту орындарынан, дәрігерлік мен емдеу-диагностикалық кабинеттерден тұрады. Емхананың негізгі кіретін есігі, әдетте, тіркеу орнымен және киім шешетін орнымен тікелей байланысқан вестибюльге апарады. Кезек күтуге арналған үлкен залдар ұйымдастыруды, әр түрлі сырқаттары бар науқастар бір-бірімен қарым-қатынаста болуына әкеп соғатындықтан, дұрыс деп санамайды. Орталықтандырылмаған құрылыс жүйесінде, кезек күтетін орын ретінде ені 3,2 м дейін ұлғайтылған дәліздерді пайдаланады. Олар жақсы жарықтандырылуы және желдетілуі тиіс. Фтизиатрия, тері-венерология, гинекология және рентген кабинеттерінің кезек күту орындарын бөлек ұйымдастырған дұрыс. Емхананың жұмысын дұрыс ұйымдастыру науқастардың көп жиналуын болдырмайды. Рентген кабинеттерінің жұмысын туберкулезбен ауыратын және осы ауруға күдікті науқастарды бөлек уақытта қабылдайтын етіп ұйымдастыру қажет.

Дәрігерлер кабинетінің ауданы 12 м2, ал мамандандырылған болса - 15-18 м2. Кабинеттерінің терезесі, шулы көше жаққа қарамауы керек, олардың бағытталуы нормаланбайды,бірақ солтүстікке қарай болғаны дұрыс.

Балалар бөлімі үлкендер бөлімінен толық оқшауланады.Оған «фильтр-бокс» арқылы кіреді, бұл жерде медбике баланың ата-анасымен сұхбат жүргізеді, баланың температурасын өлшейді, терісін және шырышты қабықшасын тексереді. Жұқпалы ауруларға күдікті балаларды көшеге шығатын бөлек есігі бар, ауруды қарайтын боксқа жібереді. Күту орындары орталықтандырылмаған жүйедегідей ұйымдастырылады. Балалар бөлімдерінде ер балалар мен қыз балаларға арналған дәретханалардан басқа, лас заттар төгетін унитазы бар және кішкентай балаларға арналған түбек бөлмесі болуы тиіс.

Наши рекомендации