Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету объектiлерi, қатерлерi, әдiстерi, құралдары және негiзгi бағыттары
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк объектiлерiне:
жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң ақпарат алуға, таратуға және пайдалануға, құпия ақпаратты және зияткерлiк меншiктi қорғауға арналған құқықтары;
сақтау нысандарына байланыссыз, мемлекеттiк құпияларды, коммерциялық құпияны және басқа құпия ақпаратты, сондай-ақ ашық (жалпыға қолжетiмдi) ақпаратты қамтитын мәлiметтерi бар ақпараттық ресурстар;
әртүрлi сыныптағы және мақсаттағы ақпараттық жүйелерді, кiтапханаларды, мұрағаттарды, деректер қорлары мен банктерiн, ақпараттық технологияларды, ақпарат жинау, өңдеу, сақтау және беру регламенттерi мен рәсiмдерiн, ғылыми-техникалық және қызмет көрсететiн персоналды қамтитын ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, сақтау, тарату және пайдалану жүйесi;
бұқаралық ақпарат және насихат құралдарына негiзделетiн қоғамдық сананы (дүниетаным, саяси көзқарастар, моралдық құндылықтар және өзгелер) қалыптастыру жүйесі;
арнайы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi, сондай-ақ байланыстың спутниктiк жүйелерi;
жаңалықтар, патенттелмеген технологиялар, математикалық және технологиялық алгоритмдер, өнеркәсiп үлгілерi, пайдалы моделдер мен эксперименттiк жабдық;
күрделi зерттеу кешендерiн басқару жүйелерi (ядролық реакторлар, қарапайым бөлшектердi жеделдетушiлер, ғарыш кешендерi және тағы басқалар);
ақпараттандыру құралдары мен жүйелерi (есептегiш техника құралдары, ақпараттық-есептеу кешендерi, желiлерi мен жүйелерi), бағдарламалық құралдар (операциялық жүйелер, дерекқорларды басқару жүйелерi, басқа да жалпыжүйелiк және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету), автоматтандырылған басқару жүйелерi, мемлекеттiк құпияларды қамтитын ақпарат қабылдауды, өңдеудi, сақтауды және берудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың байланыс және деректер беру жүйелерi;
саяси шешiмдердi қабылдау жүйелерi жатады.
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк қатерлерiн олардың шығу тегiне байланысты сыртқы және iшкi деп бөлуге болады.
Ақпараттық қауiпсiздiк қатерлерiнiң көздерi:
жекелеген шетелдiк саяси, экономикалық, әскери және ақпараттық құрылымдар;
шетел мемлекеттерiнiң барлау және арнайы қызметтерi;
халықаралық террористiк және экстремистiк ұйымдар;
құрылымға қарсы бағыттағы заңсыз саяси, дiни және экономикалық құрылымдар;
ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтар мен топтар;
жекелеген жеке және заңды тұлғалар;
дүлей зiлзалалар және апаттар болып табылады.
Сыртқы қатерлерге:
шетел мемлекеттерiнiң жаһандық ақпараттық мониторинг, ақпарат тарату және жаңа ақпараттық технологиялар саласындағы сындарлы емес саясаты;
шетелдiк барлау және арнайы қызметтердiң iс-әрекеттерi;
халықаралық топтардың, құралымдар мен жеке тұлғалардың қылмыстық iс-әрекеттерi, өнеркәсiптiк және банктiк шпионаж;
дүлей зiлзалалар және апаттар;
халықаралық террористiк және экстремистiк ұйымдардың қызметi;
шетелдiк саяси және экономикалық құрылымдардың Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған қызметi жатады.
Мыналар iшкi қатерлер болып табылады:
ақпарат түзу, тарату және пайдалану саласындағы саяси және экономикалық құрылымдардың заңға қарсы қызметi;
жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң ақпарат саласындағы заңдық құқықтары мен мүдделерiн бұзуға әкелетiн мемлекеттiк құрылымдардың заңға қайшы iс-әрекеттерi;
ақпарат жинаудың, өңдеудiң, сақтаудың және берудiң белгiленген регламенттерiн бұзу;
ақпараттық жүйелер персоналының әдейi жасаған заңсыз ic-әрекеттерi және әдейi жасамаған қателерi;
ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердегi техникалық құралдардың iстен шығуы және бағдарламалық қамтамасыз етудiң iркiлiстерi.
Жоғарыда санамаланған қатерлердi iске асыру әр түрлi:
ақпараттық, бағдарламалық-математикалық, физикалық, радиотехникалық және ұйымдастырушылық-құқықтық әдiстермен жүзеге асырылуы мүмкiн.
Ақпараттық тәсiлдерге:
мекенжайдың және ақпараттық алмасу уақтылығының бұзылуы, заңға қарсы ақпарат жинау және пайдалану;
ақпаратқа және ақпараттық ресурстарға рұқсат етiлмеген қолжетiмдiлiк, ақпарат саласындағы деректердi заңсыз жою, түрлендiру және көшiру;
ақпаратқа рұқсат етiлмеген әсер ету және/немесе ақпаратпен айла-амалдар жасау (терiс ақпарат, ақпаратты жасыру немесе бұрмалау);
ақпараттық жүйелердегi деректердi заңсыз көшiру;
бұқаралық ақпарат құралдарын адам, қоғам және мемлекет мүдделерiне қайшы келетiн ұстанымда пайдалану;
кiтапханалардан, мұрағаттардан, деректер банктерiнен және қорларынан ақпарат ұрлау;
ақпарат өңдеу технологиясын бұзу жатады.
Бағдарламалық-математикалық тәсiлдер:
вирустар бағдарламаларын енгiзудi;
бағдарламалық және аппараттық салынған қондырғыларды орнатуды;
ақпарат жүйелерiндегi деректердi жоюды және түрлендiрудi қамтиды.
Физикалық тәсiлдер:
ақпарат өңдеу және байланыс құралдарын жоюды немесе бұзуды;
ақпарат тасығыштардың машиналық немесе басқа түпнұсқаларын жоюды, бұзуды немесе ұрлауды;
бағдарламалық немесе аппарат кiлттерiн және криптографиялық ақпарат қорғау құралдарын ұрлаудан;
персоналға әсер етудi қамтиды.
Радиотехникалық тәсiлдер:
қорғау объектiсiне жақын орналастырылған не байланыс арналарына немесе ақпарат өңдеудiң техникалық құралдарына қосылған техникалық құралдарды пайдалану арқылы ақпарат қармау;
техникалық құралдарда және үй-жайларда ақпарат қармаудың электрондық қондырғылары;
деректер беру және байланыс желiлерiнде жалған ақпаратты қармау, цифрды жай жазуға айналдыру және таңу;
парольдық-кiлт жүйелерiне әсер ету;
байланыс желiлерi мен басқару жүйелерiн радиоэлектрондық тұмшалау болып табылады.
Ұйымдастырушылық-құқықтық тәсiлдер:
жетiлмеген немесе ескiрген және сәйкестiгiн растаудан өтпеген техникалық құралдар мен ақпараттандыру құралдарын сатып алуды;
заңнама талаптарын орындамауды және ақпарат саласында қажеттi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауды кешiктiрудi;
тұтынушыларға сенiмсiз, толық емес, бұрмаланған ақпаратты қасақана немесе жауапсыз берудi;
жеке және заңды тұлғалар үшiн маңызды ақпаратты қамтитын құжаттарға қолжетiмдiлiктi заңсыз шектеудi қамтиды.
Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету әдiстерi мен құралдары мемлекет қызметiнiң түрлi салалары үшiн ортақ болып табылады және былайша топтастырылады:
1) құқықтық: қоғамдағы ақпараттық қатынастарды регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер кешенiн, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде басшылыққа алынатын және нормативтiк-әдiстемелiк құжаттар әзiрлеу;
2) бағдарламалық-техникалық:
рұқсат етiлмеген қол жеткiзудi немесе оған әсер етудi болдырмау жолымен жанама электромагнит сәулелерi мен нысаналар есебiнен өңделетiн ақпараттың сыртқа шығып кетуiн болдырмау;
ақпараттың бұзылуын, жойылуын, бұрмалануын немесе ақпараттандыру құралдары жұмысында iркiлiстер тудыратын арнайы әсер етудің алдын алу;
енгiзiлген бағдарламалық немесе аппараттық салынған қондырғыларды анықтау;
ақпарат өңдеудiң техникалық құралдарын техникалық барлау құралдарынан арнайы қорғау;
ақпарат қорғаудың криптографиялық әдiстерi мен құралдарын қолдану;
3) ұйымдастырушылық-экономикалық:
құпия және жасырын ақпаратты қорғау жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қалыптастыру және қамтамасыз ету;
ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы қызметтi лицензиялау;
ақпараттық қауiпсiздiк саласында техникалық реттеу;
қорғалған ақпарат жүйелерiнде персоналдың iс-әрекеттерiн бақылау және дәлелдеу (экономикалық ынталандыру, психологиялық қолдау және басқа);
ақпараттық жүйелердi және ақпарат ресурстарын қорғауды және оған қол жеткiзу режимiн қамтамасыз ету;
халықтың қоғамдық пiкiрiн, қатер көздерiн, олардың пайда болуына әсер ететiн шарттар мен факторларды зерделеу жөнiнде әлеуметтiк зерттеулер (мониторинг) жүргiзу.
Сонымен қатар, мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың қызметтерi саласының әрқайсында ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң өз ерекшелiктерi бар, бұл ең алдымен, қойылған мiндеттердi шешу ерекшелiгiне, ақпараттық қауiпсiздiктiң әрбiр саласына тән әлсiз элементтер мен осал буындардың болуына байланысты.
Сондықтан, әрбiр сала үшiн арнайы жұмыстарды ұйымдастыру, оның жай-күйiне әсер ететiн ерекше факторларды ескере отырып, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету нысандары мен тәсiлдерiн пайдалану талап етiледi.
Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары:
нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру, әдiстемелiк және техникалық құжаттар әзiрлеу;
ақпарат қорғау саласында бiрыңғай техникалық саясат әзiрлеу және жетiлдiру;
мемлекеттiк құпияларды қорғауды қамтамасыз ету;
техникалық барлауларға қарсы iс-әрекет ету;
ақпараттық қарудың әсерiнен қорғау;
ақпараттық ресурстарды, ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелердi және ақпараттық инфрақұрылымды ұйымдастырушылық-техникалық қорғау;
ақпараттық жүйелер мен ақпараттандыру объектiлерiнiң ақпарат және ақпарат қорғау саласындағы стандарттар мен нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкестiгi;
техникалық құралдардың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн растау;
ақпараттық қауiпсiздiк қатерлерiнiң көздерiн анықтау, бағалау және болжамдау, техникалық барлау құралдарына қарсы iс-әрекет етудiң барабар шараларын жедел қабылдау;
ақпарат қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бағыттары бойынша ғылыми-техникалық қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу қызметi;
ақпараттық технологиялар мен ақпарат қорғау саласында кадрлар даярлау;
халықаралық ынтымақтастық.
Саяси салада
Саяси салада ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету объектiлерi:
отандық және шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының әсерiмен қалыптасатын халықтың түрлi санаттарының қоғамдық санасымен саяси бағдары;
көбiнесе оның ақпараттық қамтамасыз етiлу сапасы мен уақтылығына байланысты саяси шешiмдер қабылдау жүйесi;
мемлекеттiк органдардың халықты елдiң қоғамдық-саяси және әлеуметтiк-экономикалық өмiр сүру аспектiлерi туралы ақпараттандыру және қоғамдық пiкiр қалыптастыру жүйесi;
саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өз көзқарастарын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауға қатысу жүйесi болып табылады.
Саяси салада ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету объектiлерiне қатер қазiргi кезеңде мыналар болып табылады:
бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттiк немесе мемлекеттiк емес монополияландыру, сондай-ақ оларға жеке, оның iшiнде қылмыстық топтар тарапынан саяси немесе экономикалық қысым көрсету;
жекелеген саяси күштер пайдасына әлеуметтiк, ұлтаралық, конфессияаралық және рулық араздықты қоздыратын, халықтың түрлi санаттарын ел басшылығына қарсы қоятын отандық және шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға терiс насихаттық және психологиялық әсер етуi;
мемлекет пен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасы саласындағы қолданыстағы заңнаманың жетiлмегендiгi;
қоғамдық пiкiрдi қалыптастыру жүйесiн саясаттандыру, халық арасында сауалнама жүргiзетiн түрлi әлеуметтiк құрылымдар қызметiнiң нәтижелерiн, олар алған ақпаратты бұрмалап пайдалану немесе бiржақты түсiндiру;
компьютерлiк қылмыстар.
Саяси салада ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi әдiстерi:
ақпарат саласында саяси өмiр субъектiлерiнiң өзара қарым-қатынасын реттейтiн құқықтық және ұйымдастырушылық тетiктердi айқындайтын заңнаманы үнемi жетiлдiру;
өкiлдi органдар базасында мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтану және саясаттану орталықтарының, институттар мен қызметтердiң iс-әрекеттерiн тәуелсiз және жария бақылау жүйелерiн қамтамасыз ету;
Қазақстанның бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру;
елдiң ақпарат нарығын теңгерiмдi дамыту;
отандық бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын және бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру;
сыртқы ақпараттық ықпал етудi бiртiндеп төмендетуге жәрдемдесу, республика аумағында шетел бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн регламенттеу;
бұқаралық ақпарат құралдарының заңнаманы бұзу фактiлерiне құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттiк органдардың (прокуратураның, қаржы полициясы мен iшкi iстер органдарының, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi органның, облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының) тиiмдi ден қоюы;
қолда бар техникалық құралдар мен ақпарат арналарын дер кезiнде жаңғырту мен жетiлдiру бойынша жағдайлар жасау, осы салада шетелдiң озық тәжiрибесiн үнемi зерделеп отыру;
елдiң iшкi iстерiне араласуды болдырмау үшiн ақпараттық және дипломатиялық деңгейлерде белсендi қарсы насихат қызметiнiң жүйесiн құру бола алады.
Экономика саласында
Экономика саласы объектiлерiнiң арасында мыналар ақпараттық қауiпсiздiк қатерлерiнiң әсерiне:
мемлекеттiк басқару және статистика жүйесi;
барлық меншiк нысандарындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң коммерциялық қызметi туралы ақпарат көздерi;
қаржылық, биржалық, салықтық, кедендiк ақпаратты, мемлекеттiң сыртқы экономикалық қызметi және коммерциялық құрылымдар туралы ақпаратты, ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, беру, сақтау және өңдеу жүйелерi неғұрлым жиi ұшырағыш болып келедi.
Мемлекеттiк статистикалық есептiлiктiң ақпараттық-есептеу жүйесi оның ақпараттық ресурстарына рұқсат етiлмеген қол жеткiзуден жеткiлiктi қорғаушылыққа ие болады. Бұл ретте бастапқы ақпарат көздерiн және оларды рұқсатсыз пайдалану ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн кейбiр жалпы деректердi қорғауға басты назар аударылатын болады.
Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қалыпты жұмыс iстеуi коммерциялық қызмет туралы ақпарат көздерiнiң мәлiметтердiң сенiмсiздiгi және оны жасырғаны үшiн (нақты шаруашылық қызметi нәтижелерi туралы, инвестициялар туралы және басқа) жауапкершiлiк белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң болмауынан бұзылады. Екiншi жағынан, қорғауға жататын ақпараттың таралу (сыртқа шығып кету) салдарынан мемлекеттiк және кәсiпкерлiк құрылымдарға елеулi экономикалық залал келтiрiлуi мүмкiн.
Қаржылық, биржалық, салықтық, кедендiк ақпаратты жинау, беру, сақтау және өңдеу жүйелерiнде ақпараттық қауiпсiздiк тұрғысынан ақпаратты ұрлау және қасақана бұрмалау неғұрлым үлкен қауiптiлiктi бiлдiредi. Олардың мүмкiндiгi ақпаратпен жұмыс iстеу технологиясын қасақана немесе кездейсоқ бұзумен, оған рұқсат етiлмеген қол жеткiзумен байланысты, бұл ақпаратты қорғау шараларының жеткiлiксiздiгiмен түсiндiрiледi. Тақылеттес қатер сыртқы экономикалық қызмет туралы ақпаратты қалыптастырумен және таратумен айналысатын органдарда да (министрлiктердiң орталық аппараты, сауда өкiлдiктерi, кеден және басқа) бар.
Тұтастай алғанда, экономика саласының қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қылмысты элементтердiң компьютер жүйелерi мен желiлерiне кiруiне байланысты барынша әккi компьютерлiк қылмыстар (алдау, ұрлау және басқа) елеулi қауiп туғызады.
Стандарттық әдiстер мен құралдарды кеңiнен пайдаланумен қатар, экономика саласы үшiн ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң басым бағыттары:
жеке және заңды тұлғалардың ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткiзуге және оны ұрлауға, ақпаратты бұзуға және бұрмалауға, қасақана жалған ақпарат таратуға, қолжетiмдiлiгi шектеулi ақпарат таратуға жауапкершiлiгiн белгiлейтiн құқықтық нормалар әзiрлеу және қабылдау;
бастапқы ақпарат көздерiнiң жауапкершiлiгiн енгiзу, ақпарат өңдеу және талдау қызметтерiнiң iс-әрекеттерiн пәрмендi бақылауды ұйымдастыру, ақпаратты техникалық қорғаудың арнайы ұйымдастырушылық және бағдарламалық-техникалық құралдарын пайдалану арқылы ақпараттың сенiмдiлiгiн, толықтығын, салыстыруға келетiндiгiн және қорғалуын арттыру;
қаржылық және коммерциялық ақпаратты, сондай-ақ адамның денсаулығының жай-күйiне қатысты жеке сипаттағы ақпаратты арнайы қорғауды құру және жетiлдiру;
экономика саласындағы ерекше қызметтi ескере отырып, ақпараттық қызмет технологиясын жетiлдiру және шаруашылық, қаржылық, өнеркәсiптiк және басқа экономикалық құрылымдарда ақпарат қорғау жөнiнде ұйымдастырушылық-техникалық iс-шаралар кешенiн әзiрлеу;
экономикалық ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және тарату үшiн персоналды кәсiби iрiктеу және даярлау жүйесiн жетiлдiру болып табылады.
Орғаныс саласында
Қорғаныс саласындағы қатердiң барлық кешенi тарапынан неғұрлым осал ақпараттық қауiпсiздiк объектiлерiне:
әскери iс-қимылдарды дайындау және жүргiзудiң жедел және стратегиялық жоспарлары туралы, әскерлердiң құрамы және орналасуы туралы, жұмылдыру дайындығы, қару-жарақ пен әскери техниканың тактикалық-техникалық деректерi мен сипаттамалары туралы мәлiметтер мен деректердi қамтитын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен құралымдары әскери басқару органдарының, құрамаларының, бөлiмдерi мен мекемелерiнiң ақпараттық ресурстары;
қорғаныс кешенi кәсiпорындарының ғылыми-техникалық және өнеркәсiптiк әлеуетi, шикiзат пен материалдардың стратегиялық түрлерiнiң жеткiзiлiм көлемдерi мен қорлары, қару-жарақтың, әскери техниканың негiзгi даму бағыттары, олардың жауынгерлiк мүмкiндiктерi туралы және қорғаныс мүддесiнде өткiзiлетiн iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстары туралы мәлiметтер мен деректердi қамтитын олардың ақпараттық ресурстары;
байланыс жүйесi және әскерлер мен қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерi, оларды ақпараттық қамтамасыз ету;
ақпараттық-насихаттық әсер етуге тәуелдi бөлiгiнде әскерлердiң моралдық-психологиялық жай-күйi;
ақпараттық инфрақұрылым, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары әскери басқару органдарының, құрамаларының, бөлiмдерi мен мекемелерiнiң ақпараттарын өңдеу, талдау және сақтау орталықтары;
қару-жарақ және әскери техника жатады.
Сыртқы қатер көздерiнен қорғаныс саласы объектiлерiнiң ақпараттық қауiпсiздiгiне едәуiр дәрежеде әсер ететiн мыналар:
шетелдiк арнайы қызметтер мен шетел мемлекеттерi ұйымдарының барлау қызметiнiң барлық түрлерi;
ақпараттық-техникалық әсер ету (радиоэлектрондық күрес әдiстерi, компьютерлiк желiлерге кiру және басқалар);
арнайы әдiстермен және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметi арқылы жүзеге асырылатын психологиялық операциялар;
қорғаныс саласында Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған шетелдiк саяси және экономикалық құрылымдарының қызметi;
ақпараттық соғыстар, компьютерлiк қылмыстар.
Iшкi қатер көздерiнен мыналар бiршама қауiп төндiредi:
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының әскери басқару органдарында, құрамаларында, бөлiмдерi мен мекемелерiнде ақпаратты жинау, өңдеу және берудiң белгiленген регламенттерiн бұзу;
арнайы мақсаттағы ақпараттық жүйелер персоналының қасақана iс-әрекеттерi мен әдейi жасалмаған қателiктерi;
арнайы мақсаттағы ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелерде техникалық құралдардың iстен шығуы және бағдарламалық қамтамасыз етудiң iркiлiстерi;
мемлекет мүдделерiне қарсы бағытталған, Қарулы Күштердiң беделiне және олардың әскери дайындығына нұқсан келтiретiн ұйымдар мен жекелеген тұлғалардың ақпараттық-насихаттау қызметi.
Бұл қатер көздерi әскери-саяси жағдай шиеленiскен кезде ерекше қауiп төндiредi.
Қорғаныс саласында ақпараттық қауiпсiздiктi жетiлдiрудiң негiзгi бағыттары:
қорғаныс саласында ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсаттарын құрылымдауды, одан туындайтын практикалық мiндеттердi қамтитын тұжырымдамалық;
қорғаныс саласында ақпараттық қауiпсiздiк жүйесiнiң функционалдық органдарының оңтайлы құрылымы мен құрамын қалыптастыру және олардың тиiмдi өзара iс-қимылын үйлестiру қажеттiлiгiне байланысты ұйымдастырушылық, стратегиялық және жедел жасырыну мен терiс хабар беру, барлау және радиоэлектрондық күрес тәсiлдерi мен жолдарын, ақпараттық-насихаттау және психологиялық операцияларға белсендi қарсы iс-әрекет жасау әдiстерi мен құралдарын жетiлдiру;
ақпараттық ресурстарды оларға рұқсат етiлмеген қол жеткiзуден қорғау құралдарын үнемi жетiлдiрумен, қорғалатын жүйелердi, оның iшiнде байланыс және әскерлер мен қару-жарақты басқару жүйелерiн дамытумен сипатталатын техникалық, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету сенiмдiлiгiн арттыру болып табылады.
Бұдан басқа, қорғаныс саласында ақпараттық қауiпсiздiктi жетiлдiрудiң басты бағыттарының бiрi қару-жарақ пен әскери техниканы әзiрлеу, өндiру және олардың тактикалық-техникалық сипаттамалары туралы ақпаратты қорғау тиiмдiлiгiн арттыру болып табылады.