Дәріс №2. Қаржылық талдаудың әдістері мен тәсілдері

Дәрістің мақсаты:Қаржылық талдауды зерттеуде қолданылатын әдістері мен тәсілдерін экономикалық қажеттілігін анықтау

Жоспар:

1. Қаржылық талдау әдістері

2. Қаржылық талдау тәсілдері

Негізгі ұғымдар: леверидж, модель, пайыз, дисконт, опцион, тәуекел, фактор

Иллюстрациялық материал: схема, слайд, үлестірме материалдар

1. Қаржылық талдау әдістері

Қаржылық талдау шаруашылық субъектісінің өндірістік, шаруашылық, сауда – саттық және т.б. қызметтерінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Кәсіпорынның өндірістік шаруашылық қызметін талдау негізі екі бөлімнен тұрады:

1. Қаржылық талдау;

2. Өндірістік-басқарушылық талдау.

Олардың бір-бірінен айырмашылығы:

- қаржылық талдауды жүзеге асыру арқылы алынған нәтижелер ақпаратты сырттан қолданушыларға арналған;

- басқарушылық талдауда кәсіпорынның нарықтағы орны, шығын көлемі, құрылымы анықталады, бірақ оның нәтижелері кәсіпорын ішінде ғана қолданылатын, құпия мәлімет болып табылады.

Сыртқы қаржылық талдаудың ерекшеліктеріне мыналар жатады:

1. Талдау субъектілерінің саны көп;

2. Талдау субъектілерінің мақсаттары мен мүдделері әртүрлі;

3. Талдау жүргізудің, бухгалтерлік есепті жүргізудің стандарттары мен әдістемелері бір мемлекеттің көлемінде біркелкілігі;

4. Қаржылық талдаудың нәтижелері міндетті түрде жарялылығы;

5. Қаржылық талдаудың міндеттері шектеулілігі;

6. Кәсіпорынның қызметі туралы талдаудың нәтижелері барынша транспаренттілігі (ашық немесе қолжетімді).

Қаржылық талдаудың сатылары (кезеңдері) немесе мазмұны мынандай:

· пайданың абсолютті көрсеткіштерін талдау;

· рентабельділіктің салыстырмалы көрсеткіштерін талдау;

· кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау;

· кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау;

· кәсіпорынның нарықтағы тұрақтылығын талдау;

· кәсіпорын балансының өтімділігін талдау;

· кәсіпорынның төлем қабілеттілігін талдау;

· сырттан тартылған қарыз қаражаттарын пайдаланудың тиімділігін талдау;

· кәсіпорынның қаржылық жағдайына экономикалық диагностика жасау және эмитенттерге рейтингтік тұрғыдан баға беру.

Қаржылық талдаудың әдістемелері бір-бірімен өзара тығыз байланысты үш бөліктен тұрады:

1. Кәсіпорын қызметінің қаржылық нәтижесін талдау;

2. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау;

3. Кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметінің тиімділігін талдау.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдауға қажетті ақпараттың негізгі көзі – бухгалтерлік баланс және оған қосымша келесі құжаттар:

- кәсіпорынның пайдасы мен залалдары туралы есебі;

- кәсіпорынның ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебі;

- кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы есебі;

- кәсіпорынның меншікті капиталының жағдайы туралы есебі;

- кәсіпорынның сырттан тартылған қаражаттарын пайдаланудың жағдайы туралы есебі.

Қаржылық талдаудың мақсаты: Кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы, пайдасы мен шығындары туралы, активтері мен пассивтерінің құрамындағы өзгерістері туралы, дебиторлармен және кредиторлармен есептесудің жағдайы туралы шынайы және дәл мәлімет беретін ақпараттық сыйымдылығы жоғары аздаған көрсеткіштердің жиынтығын анықтау.

Қаржылық талдаудың мақсатына жету үшін бірқатар бір-бірімен тығыз байланысты аналитикалық міндеттерді шешу қажет.

Аналитикалық міндет дегеніміз –қаржылық талдаудың мақсатын талдаудың ұйымдық, ақпараттық, техникалық және әдістемелік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нақтылау.

Қаржылық талдаудың сапасы сол талдауды жүргізуде қажетті мәліметтердің сапасына тікелей тәуелді. Талдауды жүзеге асырған кезде қаржылық есеп құжаттарында көрсетілген мәліметтерді аналитикалық тұрғыдан оқу қажет. Аналитикалық тұрғыдан оқудың негізгі қағидасы – дедукция әдісі. Дедукция әдісі бірнеше рет қайталанып пайдаланылады.

2. Қаржылық талдау тәсілдері

Қазіргі әлемдік тәжірибеде кеңінен тараған қаржылық талдаудың негізгі 6 тәсілдері бар. Олар:

1. Көлденеңінен талдау;

2. Тігінен талдау;

3. Трендтік талдау;

4. Салыстырмалы көрсеткіштерді талдау;

5. Кеңістіктегі салыстырмалы талдау;

6. Факторлық талдау.

Көлдеңінен талдау(уақыт көлемінде талдау) – қаржылық есеп құжаттарында көрсетілген әрбір көрсеткішті алдыңғы өткен мерзімдердің дәл сондай көрсеткіштермен салыстыра отырып талдау.

Тігінен талдау (өзгеру бағытын талдау) – бір уақыт мерзіміндегі әртүрлі көрсеткіштерді бір-бірімен салыстыра отырып талдау.

Трендтік талдау(өзгеру бағытын талдау) – алдыңғы өткен мерзіміндегі қаржылық көрсеткіштердің өзгеру динамикасын, яғни тенденциясын анықтай келіп, болашақ мерзімге болжам жасау.

Салыстырмалы көрсеткіштерді талдау -әртүрлі есеп құжаттарында көрсетілген көрсеткіштерді бір-бірімен салыстырып талдау. Бұл әдіс әртүрлі көрсеткіштердің бір-бірімен байланысын, тәуекелін анықтайды.

Кеңістіктегі салыстырмалы талдау –кәсіпорынның жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің көрсеткіштерін бір-бірімен салыстырып талдау немесе әртүрлі кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерін бір-бірімен салыстырып талдау немесе жеке бір кәсіпорын көрсеткіштерін жалпы салалық көрсеткіштермен салыстырып талдау.

Факторлық талдау –кәсіпорынның қаржылық жағдайына ықпал етуші әртүрлі сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып талдау.

Кәсіпорынның қаржылық нәтижелерін талдау кезінде міндетті түрде анықталуы тиіс мәселелерге мыналар жатады:

1. Әрбір көрсеткіштің алдыңғы өткен мерзімдегі көрсеткіштерімен салыстырғандағы өзгеру динамикасы;

2. Әрбір көрсеткіштің құрылымындағы өзгерістерді анықтау;

3. Алдыңғы өткен мерзімдегі көрсеткіштердің динамикасын анықтай келіп, болашаққа болжам жасауға талпыныс жасау.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайы оның қаражаттарының орналасуы мен пайдалануына байланысты (актив) және сол қаражаттардың құрылу көздеріне байланысты (пассив).

Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайы дегеніміз – осы кәсіпорынның қаржылық тұрғыдан бәсекеге қабілеттіліг, төлем қабілетіліг, несиені қайтару қабілеттілігі, ресурстар мен капиталды пайдаланудың тиімділігі, мемлекет пен басқа да шаруашылық субъектілерінің алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігі.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайын анықтаушы негізгі факторлар:

- кәсіпорынның қаржылық жоспарын орындау мүмкіндігі;

- меншікті айналым капиталының пайданың есебінен толығу мүмкіндігі;

- айналым қаражаттарының айналым жылдамдығы.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайының құрылымы мен динамикасын анықтау үшін салыстырмалы аналитикалық балансын құру қажет. Бұл балансты құру үшін кәсіпорынның бухгалтерлік балансындағы көрсеткіштерге осы көрсеткіштердің өзгеру қарқынын, құрылымын, динамикасын қоса отырып, жаңа аналитикалық құжат жасалады.

Салыстырмалы аналитикалық баланстың міндетті көрсеткіштері мынандай:

1. Баланстың жекелеген баптарында көрсетілген абсолютті көрсеткіштердің мерзім басындағы немесе мерзім соңындағы шамалары;

2. Баланстың жекелеген баптарының баланс қорытындысындағы үлес салмағы;

3. Көрсеткіштердің үлес салмақтарындағы өзгерістері;

4. Жыл басына шаққандағы көрсеткіштердің өзгерістерінің пайыздық шамасы;

5. Баланстың қорытындысы мен жекелеген баптарындағы көрсеткіштердің әрбір пайызының бағасы.

Наши рекомендации