Р СУ кодексінің 2-бабында оның мақсат міндеттері көзделген.
Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тiршiлiк жағдайларын сақтау мен жақсарту үшiн су пайдалану мен су қорын қорғаудың экологиялық қауiпсiз және экономикалық оңтайлы деңгейiне қол жеткiзу және қолдау болып табылады.
Қазақстан Республикасы су заңдарының мiндеттерi:
1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізу;
2) су қатынастарын реттеу;
3) тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету;
4) су қорын пайдаланудың және қорғаудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау;
5) су ресурстарын зерттеу, барлау және осы ресурстар мен су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы қатынастарды басқару.
Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттiк маңызын мойындау;
2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткiзуi;
4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
9) су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану.
Азақстан Республикасы су қорының түсінігі мен құрамы және оның жеке бөліктерінің құқықтық режимі. Суды ұтымды пайдалануды және қорғауды камтамасыз ететін мемлекеттік-құқықтық механизмі.
Қазақстан Республикасының су қоры Қазақстан Республикасының аумағы шегiндегi мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген немесе енгiзiлуге тиiс барлық су объектiлерiнiң жиынтығын қамтиды.
Шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлерiндегi және жер қойнауындағы су шоғырланымдары Қазақстан Республикасының су объектiлерiне жатады. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi.
Қазақстан Республикасының су ресурстары су объектiлерiнде жиналған, пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер үстi және жер асты суларының қорлары болып табылады.
Су қорының жерлерi
Су айдындары (өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, iшкi сулар, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, мемлекетаралық және республикалық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан су қорының жерлерi, сондай-ақ осы құрылыстардың су қорғау белдеулерiне және ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерiнiң санитарлық қорғау аймақтарына бөлiнген жерлер мемлекет меншiгiнде болады.
Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (cyapу және сорғыту жүйелерi) орналасқан су қорының құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ бiр шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесiне қызмет көрсететiн ирригациялық құрылғылар, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, азаматтардың және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн. Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттiк меншiкте болады.
Су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады.
Су объектiлерiне мемлекеттiк меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.