Елбасы Жолдауында халықтың әлеумметтік жағдайын жақсарту мақсаты көзделген

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет дамуының басты бағыттарын айқындап берді. Экономиканы көтере отырып, әлеуметтік жағдайды жаңғырту мәселесінде негізгі бағыттардың бірі – қуатты Қазақстан. Халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайының жақсаруы ол экономиканың дамуына тікелей байланысты. Қазіргі нарық жағдайында экономиканың өзгеріп отыруы, заман ағымынан қалмай жұмыс жасау, қаржы әлеуетін икемді пайдалану тек қана еліміздің ішінде емес, әлемдік деңгейде толғандырып отырған мәселе. Мемлекет басшысы экономикалық жағдайымызды жақсартып, оны алға қарай бастырудың жолдары туралы биылғы Жолдауында өте терең тоқталып өтті. Біздің кешенді түрде жүзеге асырып жатқан индустриалдық-инновациялық даму бағдарламамыз бар. Онда өңірлерді өз мүмкіндігіне байланысты дамыту мақсаты көзделген. Өйткені әр өңірдің өзінің даму үрдісі бар. Сол арқылы өндіріс орындары құрылып жатыр, ол инновациялық түрде дамып, жұмыс орындары ашылып, экономикамызды дамытуға өз үлесін қосуда. Мұның бәрі халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Былтыр индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының қорытындысы шығарылды. 2010-2011 жылдары 389 жоба іске асырылып, 90 мың жұмыс орыны ашылды. Жаңа іске қосылған кәсіпорындар 2011 жыл мен 2012 жылдың 1- тоқсанында 680 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл жалпы өнеркәсіптің 7 пайызын құрайды.

Әрине, өңір дамымай, біздің еліміздің өркендеуі мүмкін емес. Өңір жаңарса, ең бірінші жұмыссыздық азаяды және адами капиталды дамытуға жол ашылады. Ол да осы Жолдауда көрініс тапты және Президент соған орай Үкіметке үлкен тапсырма берді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жаңа өнеркәсіптің құрылуы, оның шығаратын өнімдерінің сапалы болып, сыртқы экономикада бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары болуы және өнімнің өзіндік құны төмен болуы өте маңызды. Ол үшін адами капиталымыз да бәсекелестікке шыдап тұра алатындай болып дамуы тиіс. Сондықтан да халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Осы орайда болашақ ұрпақты бесіктен бастап жаңа заман талабына бейімдеп, дайындауымыз керек. Ол үшін жас ұрпақтың денсаулығы мықты болуы қажет. Сол себепті Елбасы денсаулық мәселесіне көп көңіл бөлуіміз керек екенін айтты. Одан кейін дене тәрбиесі мен білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін не жасау керек? Ол үшін материалдық базаларымызды мықтап, көбейтуіміз керек. Оның өзін бала-бақшадан бастау керек. Сондықтан осы мәселелер алға қойылып отыр. Неге десеңіз, жаңа қоғамда мамандар керек және орта буынды техникалық мамандар көбірек қажет. Соның барлығы адами капиталға келіп тіріледі. Осы мәселе үлкен жолға қойылған.

Елбасы Жолдауында халықтың әлеумметтік жағдайын жақсарту мақсаты көзделген. Онда қол жетімді баспана мәселесі көтерілді. Тұрғындарға басты қажеттіліктің бірі үй-жай, әсіресе, жастардың тұрғын үйге сұранысы жоғары. Президент өз Жолдауында осы мәселені шешу үшін Үкімет алдына талаптар қойды. Елімізде жылына 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салып отырсақ, соның 1 млн. шаршы метрі жалға беру тәсілімен бөлінеді. Бұл өте орынды, уақытылы көтерілген бастама. Осы мәселені шешпей, алға қойған міндеттерді орындаудың да тежелуі мүмкін. Сондықтан Елбасы Үкіметке экономикалық және әлеуметтік мәселенің барлығын жан-жақты қарастырып, оны орындау жөнінде тапсырма берді. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру үшін Парламент «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын қабылдады.

Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында шағын қалаларды дамыту жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берді. Өйткені, шағын қалалардың экономикалық дамуы өте күрделі мәселе. Бұрынғы Кеңес үкіметінің уақытында шағын қалалар экономиканың бір саласына ғана бағытталған мекен болып қалыптасып еді. Қазіргі уақытта жан-жақты дамыған өнеркәсіп орындарын ашып, оның үстіне инфрақұрылымын жақсартып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, көп көлемді әр тармақ бойынша жүйелі дамыған экономикалық қала болып қалыптасуына жол ашу керек. Шағын қалалардың экономикамыздан, нарықтан тыс қалып қойған жағдайлары бар. Оларды дамыту үшін қаржы керек. Қаржыны жұмсау үшін сол қаланың ерекшелігіне байланысты әзірленген озық жобалар жасалуы тиіс. Қаланың өркендеуі үшін оның инфрақұрылымын жаңарту қажет. Яғни, ауыз су, энергия қуаты, автокөлік жолдары, бала-бақша, мектеп, емхана, аурухана, спорт кешендері, мәдени орындар секілді әлеуметтік нысандар талапқа сай салынуы керек. Мұның барлығын экономиканың дамуына сәйкес, шағын қалалардың әлеуметтік саласында тиімді болып, заман ағымынан қалып қоймайтындай қылып атқаруымыз керек деп ойлаймын. Үш жылдық бюджет Мәжілістің қарауына келген кезде біздер осы шағын қалаларды дамыту мәселесіне көбірек көңіл бөлдік. Неге десеңіз, бұл қалалардың барлығы өңірлерде орналасқан, ал өңір дегеніміз – еліміздің тірегі мен болашағы. Сол себепті бұл қалалар әлбетте экономика дамуының екпінді бір жолының жанартылған бағыты деп есептеу керек.

Жолдауда жастар мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Оның ішінде ауыл жастарының жұмыспен қамтылуын ерекше атап өтті. Себебі, қазіргі таңда ауылдық жерде 47 пайызға жуық халқымыз тұрады. Барлығымыз да ауылдан шыққанбыз. Әрине, ауылдың мәселесі тіптен бөлек.

Ең біріншіден, Президент ауылға қолдау жасау үшін кәсіпкерлікті дамытуға шағын несиені қол жетімді қылу керек екенін айтты.

Қазіргі жағдайға назар салсақ, мысалы, ауыл шаруашылық өнімдерінің 80 пайызы шағын шаруашылықтардан, үй шаруашылығынан өндіріліп отыр. Бірақ та нарық болғаннан кейін, ол бәсекелестікті талап етеді. Бәсекелестікке шыдау үшін әрине бірігу керек. Кооператив құрамыз ба, тағы басқа бірлестіктер құрамыз ба, ол енді алдағы тұрған үлкен міндеттердің бірі. Ал ауылға ең бастысы қол жетімді несиелерді жеткізуіміз керек. Ол ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатыны сөзсіз. Әр отбасы қол жетімді шағын несие алатын болса, әрбір шаңырақтың дәулеті артады. Мәжіліске осы мәселелерді реттеуге бағытталған заң жобасы келіп түсті. Ол заң актісінде көптеген мәселелер қарастырылған.

Шағын несиені қол жетімді қылу үшін ең бірінші не керек? Әуелі әкімшілік кедергілерді азайтуымыз керек. Біздің ауылдың адамдары ең басты-басты құжаттарымен барып, шағын несиені алуға қол жеткізе алатын жағдайды заң түрінде жасауымыз керек.

Екінші мәселе – несиеге қойылатын кепілдік. Ауылда не бар? Әр үйдің бау-бақшасы болуы мүмкін, қорасы мен малы бар, құсы бар. Сондықтан шағын несие алу үшін кепілге қойылатын мүліктің көлемін ұлғайтып, автокөлігін не малын сала ма, тағы басқа мүліктері бар ма, ауылдық жерлерде заң түрінде мүліктерді кепілдікке қоюға мүмкіндік жасап, жол ашылуы үшін атсалысып жатырмыз.

Үшінші мәселе ауыл адамдары өндірген өнімін делдалсыз нарыққа шығара алатын жағдайға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін тұрғындарға қолайлы сатып алу кооперативтерін ашу қажет. Мысалы, бір бидон сүтті жүз адам болып тасымау керек, әрбіреуі бір бидоннан бір жерге әкеліп тапсырып, бір нүктеден нарыққа шығаратын орталыққа жеткізуіміз керек. Ол, біріншіден, ауыл жұртшылығына өнімді көбейтуге қолайлы. Өздері үшін де, ел үшін де ауылдықтардың өнімді көбейтумен айналысқаны қажет. Сату жағына келгенде оларда ешқандай кедергі болмауы тиіс. Яғни, олардың өнімін делдалсыз алатын орындарды ашсақ, онда ауыл шаруашылығы өнімдері біздің тұрғындарға қолайлы бағамен келеді. Тұтынушылар экологиялық таза, бағасы қол жетімді өнімді алады. Осы мәселені шешуіміз қажет. Сонда біздің ауылда жұмыс орындары ашылады, жастарға жұмыс табылады. Содан кейін барып ауылдың әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Осы мәселеге Елбасы Жолдаудағы оныншы бағытында арнайы тоқталып өтті.

Ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарына жеңілдік ретінде шағын несиені қол жетімді қылу, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытып, нарыққа айналдырып, жұмыс орындарын ашып, сол арқылы әлеуметтік жағдайларын жақсартып, ауылды дөңгелетіп әкетуге толық мүмкіндік бар деп ойлаймын.

Жалпы, осы өңірлердің дамуы туралы, экономиканы әр тараптандыруға келген кезде бәрі де жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне келіп тіреледі. Себебі, экономиканың дамуына байланысты басқару жүйесі де өзгеріп отырады. Ол түпкілікті бір орында қатып қалмайды. Неге десеңіз, қазір нарық кезеңі әр жағдайда өзгеріп, құбылып отырады. Ол үшін басқару жүйесі де икемді болып отыруы керек. Осы орайда бұдан 2-3 жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құзыретiн, қызметiнiң ұйымдастырылуын, тәртiбiн, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.

Әрине, қазіргі заман басқа, бұрынғыдан қоғамымыз да, нарық та өзгерді, экономикамыз да өзгерді. Мысалы, қазіргі жағдайда өзін-өзі басқару мәселесі әзірше ауданға дейін ғана жетіп, маслихаттар деңгейінде тоқталдық. Өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру республикалық бюджеттен түскен қаржыны трансферт арқылы бөліп, өңірде қалатын салық жүйесін ретке келтіріп отыруды қамтиды. Бұл мәселені маслихат депутаттары жергілікті атқарушы билікпен аудан деңгейінде шешу қазірше қалып отыр. Ал бірақ біз енді ауылдық деңгейге түсетін жағдайға жеткен сияқтымыз. Ауылды дамытамыз деп жатқанда, оның өзінің қаржысы болуы керек, оны тиімді бөлу үшін, оның салық базасының нығаюы үшін, оны әрмен қарай дамыту үшін, жергілікті орын оған ынталы болуы керек. Мәселен, салық жинаса, соның қаншасын ауылдық жерде қалдыру керек, аудандық көлемдегі үлесі қанша, сондай-ақ облыстық көлемде қанша қалдырамыз? Соның бәрін заң түрінде реттеген жөн. Содан кейін барып республика көлемінде қалдыруымыз керек. Осыны рет-ретіне келтіріп, өзінің дамуы мен бағытына байланысты, жоспары бойынша түпкілікті шешу үшін бір үлестіретін кез келген сияқты. Сондықтан өзін-өзі басқару заңы Парламентке келетін болады деп ойлаймын. Сонда осы мәселе түпкілікті түрде қамтылып, ауылдық округке дейін жеткізу мәселесі қаралады деп ойлаймын.

Сайып келгенде, өмірдің өзі бір орында тұрмайды. Елдің жағдайы да, әлем де өзгеріп, дамып отырады. Сондықтан біздің еліміздің әлем деңгейіндегі жетістіктері бар. Сол табыстарымызбен шектеліп қалып қоймау үшін Елбасы өзінің Жолдауында әлемдік деңгейде даму үшін, өзге елдердің шаңында қалып қоймау үшін бәрімізде атсалысып, алдын-ала жобалап, осы әлемдік нарықтың бір белді ортасында нақты тұру үшін қарышты қадамдар жасауымыз керек екенін айтты. Алға қойған міндеттеріміз орындалса, әлбетте, біз әлі де талай рет еліміздің даңқын әлемге шығара аламыз.

Наши рекомендации