Фитоценоздағы өсімдіктердің бір-біріне әсер ету жолдары 8 страница
5. Фитопаразитарлық флуктуациялар. Кейбір паразитті консорттардың, өте жиі - паразитті саңырауқұлақтардың /мысалы зең саңырауқұлағы/ жаппай көбеюі фитоценоздың флуктуациясына әкеліп соқтырады. Паразитті саңырауқұлақтардың жаппай көбеюі - жайылымдық фитоценоздардан алынатын мал азығының сапасын төмендетеді. Фитопаразитарлық флуктуациялар әр жылдардағы метеорологиялық және гидрологиялық жағдайдың өзгеріп тұратындығына тығыз байланысты.
Фитоценоздардың қалыптасу процесінде әр жылда өзгеріп тұратын метеорологиялық және гидрологиялық жағдайларға, жануарлардың әртүрлі қарқынды әсеріне төтеп беріп бірге өмір сүре алатын өсімдік түрлері іріктеліп алынған. Сондықтан экотоп жағдайының тұрақтылығы дәрежесіне қарап экологиясы жағынан біресе ұқсас, біресе қарама-қарсы өсімдік түрлері таңдалып алынған. Бұл фитоценоздардың үлкен ортасындағы бір жаққа бағытталмаған, әртүрлі бейімделген және қысқа мерзімді өзгерістері /мысалы құрғақшылық жылдың ерекше жаңбырлы жылмен алмасуы/ экотопикалық және онымен байланысты флуктуацияның басқа типтерінің болуына себепкер болады/. Соған лайықты фитоценоздардың “орташа жағдайынан” біресе үлкен, біресе кіші бір жаққа бағытталмаған, әртүрлі бейімделген өзгерістері болады. Мұндай жағдайда өсімдіктердің кейбір түрлері “жойылған” немесе “пайда болған” сияқты көрінеді. Өсімдіктердің кейбір түрлері үшін қолайсыз жылдары олардың особьтары қысылған немесе толас күйіне көшеді /олар “жойылған” сияқты болады/; ал ауа-райы қолайлы жылдары олардың толас күйіндегі және қысылған особьтары қаулап өсіп кетеді. Сонымен, флуктуация процестері кезінде фитоценоздың флоралық құрамы өзгермейді, тұрақты күйінде қалады.
Көптеген фитоценоздарда өсімдік түрлерінің особьтарында сан жағынан және тіршілік жағынан айтарлықтай өзгерістер болады. Өскен ортасы жағдайының жылдан-жылға өзгеруіне өсімдіктің түрлері өздерінің экологиялық жеке сапасына байланысы жауап қайтарады. Бұл, әсіресе, шөптесін фитоценоздарда жақсы байқалады. Оларда жылдар өткен сайын түрлердің сандық ара қатынастары өзгереді, кейде тіпті бір доминантты түрлердің орнына екіншілері келеді.
Флуктуациялар амплитудасына және ұзақтығына байланысты мынадай үш топқа /Работнов, 1978/ бөлінеді:
1. Жасырын елеусіз /скрытые/, оны дәл есептегенде ғана аңғаруға болады. Мұндай жасырын флуктуациялардың фитоценоз өмірінде елеулі маңызы жоқ. Оларды көзбен шолып байқау мүмкін емес. Мұндай флуктуациялар жер үстіндегі мүшелері /көпжылдық ағаштар, мүктер, қыналар/ фитоценоздарға тән. Олар монодоминантты шөптесін ценоздарда да кездеседі.
2. Осциляциялық флуктуациялар – фитоценоздар компоненттерінің ара-қатынасына, өнімділігіне өзгеріс енгізетін, қысқа мерзімді, ұзақтығы 1-2 жылдық өзгерістер. Мұндай өзгерістерді тікелей бақылау арқылы ғана байқауға болады. Осциляцияға доминанттары өзгеріп алмасып тұратын фитоценоздар жатады. Осциляцияға субдоминанттары кезектесіп ауысып тұратын фитоценоздарды да жатқызуға болады. Полидоминантты шөптесін фитоценоздарда жылдар бойында кейбір доминанттардың өзгеруі осциляция типі бойынша, ал басқа доминанттардың өзгеруі циклділікпен жүреді. Мұндай фитоценоздардың флуктуациясын осциляциялы – циклды деп атайды.
3. Дигрессивті демутациялық флуктуациялар – фитоценоздардың структурасының айтарлықтай күшті бұзылып 3-10 жыл ішінде алғашқы қалпына келуімен байланысты. Фитоценоздардың бұзылуының себептері: биогеоценоздардың метрологиялық және гидрологиялық жағдайының кенет орташа жағдайынан ауытқуы /күшті ұзақ құрғақшылық, көктемдегі ұзақ уақыт жер бетінде судың жиналуы, қары аз суық қыс болуы/, сонымен қатар, фитофагтардың және жертесерлердің жаппай көбеюі.
Сонымен, біздер фитоценоздардың қайтып орнына келетін өзгерістерінің түрлеріне тоқталып өттік. Фитоценоздардың бұл қасиетін зерттеудің маңызы өте зор. Фитоценоздардың өзгерістерінің маусымдық және флуктуациялық циклдарын дұрыс білмей ассоцияцияларды анықтап бөлу, оған дұрыс диагностика беру және фитоценоздардың өнімділігіне биологиялық және шаруашылық сипаттама беру мүмкін емес. Әсіресе, шалғындық өсімдіктерін зерттегенде оның флуктуациялық өзгерістерін ескеру қажет, өйткені ол қасиет оларда айқын байқалады.
Флуктуацияда фитоценоздың мәні өзгермейді, ол оның флоралық құрамын өзгертпейді, сондықтан флуктуация фитоценоздардың қайтып қалпына келмейтін өзгерістеріне /сукцессияға/ қарама-қарсы қойылды.
3.3 Фитоценоздардың эколого-биологиялық структурасы
Фитоценоздардың эколого-биологиялық структурасы дегеніміз – ондағы өсімдіктер түрлерінің жеке сапалық белгілерімен ерекшеленетін биоморфаларының және экоморфаларының сандық құрамы. Маңызды белгілері мыналар: негізгі биоморфа, тамыр жүйесінің және жер үстіндегі өркендерінің структуралық типтері, өркендердің даму циклдары және өсіп ұлғаю әдістері, қыстап шығу әдістері, жеміс салу және таралу түрлері, әртүрлі факторларға /су, температура, жарық, топырақ байлығы, топырақтағы тұздың мөлшері және т.б./ қатысты экологиялық типтер. Фитоценоздың санымен көрсетілген эколого-биологиялық структурасы осы фитоценоз компоненттерінің бейімделу белгілерін сипаттап және оның ерекшеліктерін анықтауға мүмкіншілік береді. Сондықтан фитоценозды оның құрамына кіретін өсімдіктер түрлерінің биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін толығырақ біліп, дұрыс сипаттау үшін фитоценоздың эколого-биологиялық структурасын зерттеудің маңызы өте зор.
Фитоценоздағы өсімдіктердің эколого-биологиялық ерекшеліктерін көп жақты талдап, жалпы қорытынды жасау осы ауданның, зонаның табиғат жағдайын, оларды меңгеру механизмін, бейімделу ерекшеліктерін және олардың арқасында осы жер жағдайын игеріп, биосферада органикалық заттар жинап, оның қорын арттыруда мүмкіншілігін білуге өте қажет болып табылады.
Табиғи өсімдіктердің эколого-биологиялық белгілерін және қасиеттерін зерттеудің жасанды фитоценоздардың үлгісін /моделін/ жасау үшін маңызы өте зор.
Тамыр жүйесінің өсу қарқындылығы және топыраққа ену тереңдігі әртүрлі, жер бетіндегі мүшелерінің структурасы бірдей емес және даму ритмикасы әртүрлі өсімдіктерді таңдап алу арқылы, экологиялық факторларды жан-жақты толық пайдалана отырып, өнімділікті барынша арттыруға болады. Сонымен қатар, өсімдіктердің тамыр жүйелері және жер үстіндегі мүшелерінің биологиясы туралы мәліметтерді /жабайы/ табиғи дәрілік және басқа да пайдалы өсімдіктерді дақылдар қатарына енгізу үшін пайдалануға болады.
Тамыр жүйелерін зерттеу жұмыстарының нәтижесін топырақтың эрозиясымен күресу үшін жыралардың, таулардың беткейлерін шалғындандыру ісінде өсімдіктерді дұрыс іріктеп алу үшін пайдалануға болады.
Қысқаша айтқанда, биоморфологиялық зерттеу жұмыстарының маңызы өте зор. Өйткені, олар өсімдік түрлерінің фитоценотикалық ролін және ортаны құрудағы маңызын ашуға мүмкіншілік туғызады.
3.4 Фитоценоздардың функционалдық структурасының элементтері
Фитоценоздың компоненттерінің қарым-қатынасына негізделген ұйымдасушылық формаларының структурасын оның функционалдық структурасы деп атайды /Миркин, Розенбург, 1983/. Фитоценоздың функционалдық структурасының элементтеріне ценоячейка, синузия, консорция жатады. Консорциялар негізінен биоценоздың элементтеріне жатады.
3.4.1 Ценоячейка
Ценоячейка туралы ұғымды фитоценоздың функционалдық структурасының қарапайым өлшемі ретінде В.С. Ипатов /1966/ енгізді. Ценоячейка дегеніміз - орта арқылы бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасайтын өсімдіктер тобы. Мысалы, ормандағы ағаш және жер үстіндегі оның ықпал өрісіндегі өсімдіктер. Бір ценоячейкада барлық особтар бір-біріне тікелей әсер етеді. Ценоячейкалардың шекаралары жоқ, сырт көрінісімен көзге шалынбайды. Олардың бірін-бірі жабуы жер бетіндегі өсімдік жабынының үзіліссіз /континуум/ болуына себепші болады.
3.4.2 Синузия
Синузия /гректің synusia – бірге мекендеу, қауым/ терминін геоботаникада бірінші рет өзінің дәрісінде Швейцария геоботанигі Рюбель /1912/ пайдаланды, бірақ ол термин Гамстың /1918/ Александрова бойынша, /1969/ синузия туралы жұмысы жарияланғаннан кейін ғана геоботаникаға еніп, кеңінен пайдалана бастады.
Гамс синузияны экологиялық және биологиялық біркелкі түрлерден тұратын – біркелкі тіршілік орнына орналасқан өсімдіктер мен жануарлардың эколого-биологиялық бірлестігі деп түсінді. Бірақ та, Гамс синузияға жалпы дәл анықтама берген жоқ. Гамс синузияны үш қатарға /категорияға/ бөліп оларға сипаттама берді.
1-ші қатардағы синузия – дербес бір өсімдіктер қауымы ішінде өмір сүретін особьтарының жиынтығы.
2-ші қатардағы синузия - дербес бір тіршілік формасына жататын бір өсімдіктер қауымы ішіндегі әртүрлі түрлердің особьтарының жиынтығы.
3-ші қатардағы синузия - дербес өмір сүретін әртүрлі тіршілік формаларына жататын түрлер особьтарының жиынтығы. Олар белгілі бір ортаның жағдайында бірге өсетіндігімен бір-бірімен байланысты.
Е.М. Лавренко /1969/ Гамстың бірінші синузиясы ценотикалық популяцияға, ал үшінші синузиясы микрофитоценозға сәйкес келетіндігін атап көрсетті, VI Халықаралық ботаникалық конгресте /Амстердам, 1935/ және одан кейінгі жылдары көптеген геоботаниктер синузия дегеннің не екенін егежей-тегжейлі қарап, ол түсінікке шек қойды. Гамстың ұсынған бірінші синузиясы ценопопуляцияға, ал үшінші синузиясы микрофитоценозға сәйкес болғандықтан, олардан /1-ші және 3-ші қатардағы синузиялардан/ бас тарту керектігі айтылды.
Синузияны түсінуде ауыз бірлік жоқ. Көптеген зерттеушілер синузияны Гамстың 2-ші қатардағы мағынасында түсіну керек деп санады.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде /бұрынғы КССРО/ геоботаниктердің көпшілігі синузияны В.Н. Сукачевтың /1952/ берген анықтамасына сәйкес түсіндіреді. Сукачевтың берген анықтамасы бойынша, синузия дегеніміз - нақты түрлер құрамымен, осы түрлердің айқын экологиялық сипатымен кеңістікте /немесе уақытқа байланысты/ жекеленген /өзімен-өзі/, демек, осы синузияны құратын өсімдіктердің жасаған ерекше фитоценотикалық ортасымен сипатталатын фитоценоздың стуруктуралық бөлімі. Сукачев бойынша, синузияның міндетті, негізгі белгілері - оның кеңістікте бөлініп көрінуі және ішкі ортасының болуы. Сукачев кеңістіктегі синузиялармен қатар, уақытша синузиялар барлығын көрсетті.
Сукачевтың кеңістіктегі синузиясы Гамстың екінші қатырындағы синузиясымен және Т.М. Липмааның /1939, Трасс, 1976 бойынша/ бір ярусты өсімдіктер қауымының синузиясымен сәйкес келеді. Т.М. Липмаа /1946/ синузияларды фитоценоздардың қарапайым структуралық бөлігі деп санады. Липмаа бойынша фитоценоздар дегеніміз - қарапайым синузиялар комбинациясы, ал ассоцияциялар - терең синузия типтерінің комбинациясы. Синузияның автономиялығы туралы бір ауыздылық жоқ. Б.Н. Норин /1966, 1968/ синузиялардың үйлесулерін төрт типке бөледі:
1/ конгломеративтік /экотопикасымен бір-бірімен байланысты/;
2/ гломеративтік /экотопикамен байланысына әлсіз фитоценотикалық әрекеттестік қосылады/;
3/ комбинативтік /синузия бөліктері арасындағы ценотикалық байланыс орнауы/;
4/ ассоциативтік /күшті эдификаторлық синузияның болуына байланысты/ барлық синузиялар ценотипті байланысқан.
Геоботаникада синузия туралы басқа да түсініктер бар. Мысалы В.В. Алехиннің /1928/ ойы бойынша, синузия деп атау үшін міндетті түрде олардың кеңістікке бөлінуі және ішкі ортасының болуы қажет емес. В.В. Алехин, мысалы, аралас жалпақ және қылқан жапырақты орманда ағаш ярусының ішінде екі синузияны ажыратты – біреуі жалпақ жапырақтылар, екіншісі қылқан жапырақтылар; ал шөптесін бұташықтар ярусында шөптесін және бұташықтар синузияларын ажыратты. В.В. Алехиннің көзқарасы В.Н. Сукачевтің көзқарасына сәйкес келмейді. Егер де синузияны В.В. Алехинше түсінсек, онда, синузияны фитоценоздың құрамында кездесетін әрбір түр үшін бөлу керек еді, өйткені әрбір түрдің өзінше экологиялық қасиеті бар, яғни синузияны ценотикалық популяциямен ұқсастырып, шатастыру болған болар еді. Әрине, В.В. Алехиннің көзқарасы дұрыс емес.
В.Н. Сукачевтің синузияға берген анықтамасына сәйкес әрбір жақсы бөлінген ярус ерекше синузияның құрамына кіреді. Мысалы, ерекше синузияларға трахеялы эпифиттер жиынтығын, лианаларды, эпифитті қыналарды жатқызуға болады. Синузиялар ретінде, қысқа уақыт өмір сүретін ярустарды құратын түрлер тобын бөлуге болады, мысалы көктемдегі орман эфемороидтары, өйткені олар уақыты бойынша жазда вегетацияланатын шөптесін өсімдіктер синузияларынан жақсы бөлінген, ал көктемдегі басқа өсімдіктерден құрылымы, экологиялық және ценотикалық жағынан айырмашылығы бар. Кейбір жылдарда ғана болып тұратын синузияларды да атауға болады. Мысалы, шөлейт жерлерде жаңбыр көп болған жылдары пайда болатын біржылдық өсімдіктер синузиялары. Ормандарда синузияларды жақсы ажыратуға болады. Ал шөптесін өсімдіктерді алатын болсақ, мысалы, шалғындықты алсақ, оларда ярустар кеңістікке және уақытқа байланысты айқын көрініп бөлінбейді, сонымен қатар экологиялық және ценотикалық жағынан айырмашылығы бар. Кейбір жылдарда ғана болып тұратын синузияларды да атауға болады. Мысалы, шөлейт жерлерде жаңбыр көп болған жылдары пайда болатын біржылдық өсімдіктер синузиялары. Ормандарда синузияларды жақсы ажыратуға болады. Ал шөптесін өсімдіктерді алатын болсақ мысалы, шалғындықты алсақ, оларда ярустар кеңістікке және уақытқа байланысты айқын көрініп бөлінбейді, сонымен А.П. Шенников /1941/ және тағы басқа зерттеушілер сияқты орманның синузиялылығын немқұрайлы механикалық түрде шалғындыққа пайдаланған дұрыс емес. Шөптесін фитоценоздарда синузияның болмауы да мүмкін. Көптеген шалғындықтардың типтерінде бір ғана синузияны бөлуге болады. Сонымен қатар, егер де түрлі шөптер арасында астық тұқымдастардың (Poaceae) немесе қияқөлеңдер (Cyperaceae) тұқымдасының шымдары сан жағынан көп болса, оларды дербес синузия ретінде бөліп көрсетуге болады. Бұл жағдайда олардың шымдарының арасында өсетін түрлі өсімдіктерді өз алдына бір синузия деп атауға болады. “Ярус –синузия» деген /ормандарда/ немқұрайлы ережені табиғи және мәдени шөптесін өсімдіктерге пайдалануға болмайды. Дақылдарды алатын болсақ, онда оларда мәдени өсімдіктер және арамшөптер синузияларын бөлуге болатын сияқты.
Енді синузия мен фитоценоздың басқа кейбір құрылымдық бөлімдері /ярус, ценопопуляция, микроценоз/ арасындағы арақатынасына қысқаша тоқталып өтейік.
Фитоценоздарда синузиялар және ярустар әртүрлі принциппен анықталады, олар тек кейбір жағдайда ғана бір-бірімен сәйкес келеді. Ярус синузияға қарағанда фитоценоздың кеңірек құрылымдық бөлігі болып табылады. Ярустың ішінде әдетте бір-бірінен тіршілік формаларымен ажыратылатын бірнеше синузияларды бөліп көрсетуге болады. Мысалы, дала өсімдіктері қауымының ярусында ірі шымды астық тұқымдастар синузиясын, тамырсабақты астық тұқымдастар синузиясын, кіндік тамырлы қосжарнақтылар синузиясын және басқаларын ажыратуға болады.
Ярус бірнеше синузиядан тұруы мүмкін, ал синузия барлық уақытта бір ярусты /Корчагин, 1976/.
Синузия көбінесе екі немесе одан да көп бір тіршілік формасына жататын түрлерден құралады. Бұл жағдайда синузия екі және одан да көп ценопопуляциядан тұрады. Мысалы, орман бұташықтарының синузиясына екі ценопопуляция кіреді – қара жидек ағашы /черника/ және итбүлдірген /брусника/ популяциялары. Тек қана бір түрден ғана тұратын синузия ценопопуляцияға сәйкес келеді. Мысалы, ормандағы шырша синузиясы бір ғана шырша ценопопуляциясынан түзілген.
Синузия мен микроценоздың ара-қатынасын білген дұрыс. Кейбір зерттеушілер синузияны микроценоз көлемінде түсінеді. Ол әрине дұрыс емес. Өйткені микроценоз синузияға қарағанда өсімдіктер қауымының жоғарырақ дәрежедегі, күрделірек құрылымдық бөлігі болып табылады. Олар фитоценозда әртүрлі белгілерге қарап бөлінеді, сондықтан бір-біріне сәйкес келмейді. Микроценоз екі және одан да көп бір-бірімен дамуы жағынан байланысқан синузиялардан тұруы мүмкін. Кейде қарама-қарсы жағдайда болуы мүмкін, яғни бір синузия екі не одан да көп микроценоздан құрылуы мүмкін. Мысалы, шырша орманында шыршаның синузиясы шыршаның қалың және сирек микроценоздарынан тұруы мүмкін. В.Д. Александрова /1969/ көрсеткендей, микроценоз синузияға қарағанда мынадай ерекшеліктерімен сипатталады:
1/ сол ауданда өсетін барлық өсімдіктер кіреді /синузияға бір немесе ұқсас тіршілік формаларына жататын өсімдік түрлері ғана кіреді/;
2/ әрбір микроценоздың басқа микроценоздармен жабылмайтын өзінің ерекше көлемі болады тағы с.с.
3.4.3 Консорция
Консорция туралы ұғымды В.Н. Беклемишев /1951/ және Л.Г. Раменский /1952/ ендірді. Олар консорцияны “тағдырдың бірлігімен тығыз байланысқан, әртекті организмдердің үйлесімділігі” деп түсіндірді. Консорция туралы ілімді ары қарай дамытуға көп ғалымдар үлес қосты /Лавренко, 1950; В.В. Мазинг, 1966, 1969, Т.А. Работнов, 1969 тағы басқалары/.
Консорция /латынның Consortium – араласу, қауым/ дегеніміз - биоценоз структурасының бөлігі. Экосистемадағы энергия алмасып, өзгеруінің негізгі ұясы, оның құрамына дербес особь немесе автотрофты өсімдік популяциясы және онымен трофикалық /қоректену/ және топикалық /орналасу/ байланысты түрлердің популяциясы /консументтер, редуценттер, паразиттер, эпифиттер және т.б./ кіреді.
Консументтерге /латынның Consumo - пайдалану/ органикалық заттармен қоректенетін жануарлар мен кейбір өсімдік топтары жатады. Консументтерге жануарлармен қоректенетін фитофагтар, зоофагтар және өсімдіктермен жануарлармен қоректенетін фитозоофагтар да жатады. Редуценттер /латынның Reducents - қайтару/ дегеніміз - органикалық заттарды қарапайым заттарға айналдыратын организмдер.
Консорцияға кіретін түрлер консорттар деп, ал басты автотрофты түр консорция - детерминанты немесе орталық ядро деп аталады. Консорцияның маңызды ерекшелік белгісі ондағы детерминант түрменен консорттардың байланысында емес, олардың эволюциялық тағдырының бірлігінде, яғни консорттар мен детерминант түрдің эволюция процесі кезінде бір-біріне бейімделуінде.
Сонымен әрбір консорция екі бөліктен тұрады: детерминант немесе орталық өсімдіктен /негізгі, консорция ядросы/ және онымен тіршілік әрекеттері арқылы байланысқан организмдер тобы консорттардан. Консорттар концентрлер қатарын құрады /11 сурет/.
Консорцияның орталық өсімдігі - эдификатор /Беклемишев, 1951/, консорция детерминанты /Работнов, 1970/ немесе консорция ядросы /Быков, 1973/ фотосинтез процесі жүретін күрделі өсімдіктер.
Күрделі автотрофты өсімдіктер консорциялардың продуценттері болып табылады, өйткені олар биоценозда органикалық заттардың көбісін өндіреді.
Консорцияның орталық организмі болып тек автотрофты өсімдіктер ғана емес, гетеротрофты организмдер – жануарлар да болуы мүмкін /Беклемишев, 1951; Емелянов, 1965/, тіпті кейбір зерттеушілердің ойынша, консорция ядросы ролінде өлі организмдер де болуы мүмкін /Дылис, 1973; Селиванов, 1974/.
Бұл кітапта консорцияның орталық организмі өсімдіктер болған жайларға ғана тоқталып өтеміз. Бірақ бұл мәселенің өзінде де әртүрлі ойлар бар. Мысалы, В.В. Мазингтің /1969/ ойынша, консорцияның орталық өсімдігі ролінде тек қана мөлшері үлкен және күрделі доминанттар және эдификаторлар бола алады, ал Т.А. Работнов /1969/ консорцияның орталық өсімдігі болып кез-келген автотрофты өсімдік бола алады деп санайды.
Консорцияның орталық бөлігі болып тек өсімдіктердің жеке данасы, түрдің популяциясы ғана емес, сонымен қатар, өсімдіктің түрі синузияға жақын түрлер, ал кейде тіпті түгел туыс та бола алады. Соған байланысты консорцияны қарапайым /жеке/, ценопопуляциялық түрлік, синузиялық және туыстық сияқты әртүрлі топтарға бөлуге болады. Олардың ішіндегі биоценоздың және соған сәйкес өсімдік қауымының компоненті есебінде ең маңыздылары қарапайым /жеке/ және ценопопуляциялық топтар болып саналады.
Консорцияның орталық өсімдігі /не өсімдіктері/ - органикалық заттарды синтез жасайтын продуценттер.
Продуценттердің синтездеген /түзген/ органикалық заттарын негізгі пайдаланатындары консументтер және редуценттер. Продуценттердің өнімі арқасында әртүрлі өсімдіктер мен жануарлар әлеміне жататын консорттардың көпшілігі тіршілік етеді.
Консорцияның орталық эдификаторлық өсімдігін кейбір консорттар бекінетін орын есебінде пайдаланады, мысалы, консорттар – эпифиттер /басқа бір өсімдік денесіне бекініп тіршілік ететін өсімдіктер, бұл өсімдіктер паразитке жатпайды/.
Өсімдік консорттарының ішінде органикалық заттарды пайдалануға және олардың өзгеруімен айналуында ең маңызды рөл атқаратындар, әсіресе, ризосферадағы бактериялар және саңырауқұлақтар. Консорттарға бактериялар мен саңырауқұлақтардан басқа мүктер, қыналар, балдырлар және кейбір күрделі өсімдіктер /паразиттер және жартылай паразиттер/ жатады. Ал жануарлардан консорттар ретінде үлкен рөл атқаратындар омыртқасыз жәндіктер, әсіресе, бунақденелілер, оның ішінде фитофагтар және фитопаразиттер. Кейбір өсімдік түрлері топтарының консорция структурасындағы орнын анықтау қиынға соғады. Өйткені, мүктер және қыналар көп жағдайда консорттарға жатады, бірақ кейде мүктер фитоценозда өте күшті дамып эдификаторлық мәнге ие болады: бұл жағдайда оларға консорцияның орталық түрі - продуцент есебінде қарау керек.
Консорттарды консорцияның орталығына, ядросына байланысты, орналасуына қарай екіге бөлуге болады, эпиконсорттар /немесе эпибионттар/ және эндоконсорттар. Эпиконсорттар консорцияның орталық особінің /эдификатордың/ үстінде /сыртында/, ал эндоконсорттар эдификаторлардың ішінде мекендейді.