Тексеру нәтижелерiн ресiмдеу
12. Тексеру нәтижелерiн ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк инспектор қолданыстағы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген арнайы терминдер мен анықтамаларды ғана пайдаланады.
Объектінi тексеру нәтижелерi бойынша мемлекеттiк инспектор атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тeкcepу акт-нұсқамасын жасайды.
әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамаларға сәйкес мемлекеттiк инспектор:
1) атмосфералық ауаны қорғау туралы заңнаманың бұзылғандығы анықталған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және осы құқық бұзушылық бойынша қаулы шығарады;
2) ерекше жағдайларда, көрсетiлген мерзiмде талап қою шағымы мiндеттi түрде сотқа ұсыныла отырып, экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн үш күннен аспайтын мерзiмге тоқтатады не тыйым салады. Бұл ретте қызметтi тоқтата тұру не тыйым салу туралы нұсқама сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады.
Егер, шаруашылық және өзге қызметтiң объектiлерiн салу немесе пайдалану экологиялық талаптарды бұза отырып немесе мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылса, мемлекеттiк инспектор "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Заңға сәйкес тиiстi қаржы-кредит ұйымдарына мұндай қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқама шығарады.
Ал, атмосфералық ауаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтарға келетін болсақ, ол Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 243-бабында нақты көрсетілген. Осы бапта ластаушы заттарды атмосфераға шығарудың шектеулі нормативтерінен асып кету не ластаушы заттарды рұқсатсыз шығаруға байланысты, ластаушы заттарды атмосфераға шығарудың шектелуі немесе уақытша келісілген нормативтерінен асып кету; зиянды физикалық әсердің шектеулі нормативтерінен асып кетуі; сондай-ақ осыған арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз ластаушы заттарды атмосфераға шығару, егер бұл іс - әрекеттерде қылмыстық шара қолданылатын әрекет белгілері болмаса, - лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырма беске дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, атмосфераға шығарылған қалдықтарды тазалауға арналған жабдықтарды пайдалану ережелерін бұзу, сондай-ақ пайдаланбау үшін де Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексімен реттелген.
Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі талаптарды сақтамай кәсіпорындарды пайдалануға бергені үшін, атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі талаптарды қанағаттандырмайтын жаңа және қайта жаңғыртылған кәсіпорындарды, ғимараттарды және басқа да объектілерді пайдалануға беру - лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер де өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жинау ережелерін бұзу, аталған қалдықтарды жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтамау – ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептік көрсеткіштің үшке дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерін немесе қондырғыларды, ғимараттарды және басқа да объектілерді пайдалану ережелерін бұзу, егер бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына немесе өзге де өзгеруіне әкеп соқса, онда кінәлы тұлғаларға жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның бір айдан екі айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығын айыруға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзету жұмыстарына, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады.
Қылмыстық жауапкершілікке: табиғи ресурстарды пайдалану, кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерлі жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсіп, энергеитка, көлік пен байланыс объектілерін, ауыл шаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектілерін пайдалану, қалалар мен бақа да елді мекендерді салу кезінде, әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшін жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған ортаның едәуір ластануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса – үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып не онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың объектісі – шаруашылық немесе басқа да қызметтердегі әрекеттерді жүзеге асырудағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қарым-қатынастары.
Кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, қалалар мен басқа да елді мекендерді салу кезінде экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ережелер бұлжымай орындалуы тиіс. Құрылыс жұмыстарын атқару кезінде жерді қалпына келтіру, табиғи ресурстарды молықтыру мен ұтымды пайдалану, аумақты көркейту және қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар қолданылуға тиіс.
Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы, сәйкес ережелерді адамның орындамауы немесе сол ережелерге тиіссіз қараумен сипатталады. Бірақ, қандай да болмасын жағдайда Қылмыстыќ кодекстіњ 277-бабы бойынша жауаптылықтың міндетті белгісі болып анықталған зардаптың тусуі танылады: қоршаған ортаның едәуір ластануы; адамның денсаулығына зиян келтірілуі; жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы.
Қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өндірістердің және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсері.
Ауыр зардаптардың қоршаған ортаға тигізілуі нақты мән-жайларға байланысты анықталуы тиіс. Зардаптарға баға беруде, ластанған заттардың, жер көлеміне байланысты олардың таралуы, қоршаған ортаға немесе адамның денсаулығына қауіптілігінің сандық немесе сапалық сипаттамасы жатады. Денсаулыққа зиян кетіру қатарына денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру немесе жеңіл зиян келтіруді енгізеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтіруде, ҚР ҚК 103 және 277-баптары жиынтығымен дәрежеленуі қажет.
Жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің құрып кетуі –олардың өсімі және ерекше маңыздылығына қарай, сонымен қатар жойылып кетуі санымен анықталады. Өзге де ауыр зардаптар – экоцидтің қаупін төндіретін; эпидемиялық; оқыс–залал; қоршаған ортаның бұзылуынан тірі организмдерге, соның ішінде адамдардың денсаулығына зиянын тигізетін жердің деградациясы немесе өзге де экологиялық қауіпсіздікті елеулі мөлшерде бұзатын қандай да болмасын зардаптар. Экологиялық талаптардың бұзылуы және қоғамға қауіпті әрекеттердің түсуі арасындағы себептік байланыстың орын алуы қажет. Қылмыстың субъективтік жағы – зиянды зардаптардың түсуіне байланысты қасақана немесе абайсыздықта болуы мүмкін (олардың анықтамасы ҚК 20 және 21–бабында сипатталған). Қылмыстың субъектісі–16 жасқа толған, есі дұрыс адам танылады. Диспозицияның мазмұны бойынша (аталған бап бойынша) қандай да болмасын адам емес, яғни шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың қауіптілігін, талаптарын сақтауға жауапты болып танылатын адамдар, арнайы субъектілері бола алады.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы, егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндірсе – екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не үш жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, не жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне әкеп соққан, сол сияқты төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер – бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Атмосфераның ластануының қоғамдық қауіптілігі сол, яғни атмосфераға зардаптың келтірілуі нәтижесінде адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Атмосфераның ластануы, табиғи қоршаған ортаға үлкен табиғи апаттар әкелуіне икемін тигізе алады, сонымен қатар адамның келешектік өміріне тиесілі түрде зиянды жағынан көрінуі мүмкін.Аталған қылмыстың обьектісі болып, адам өміріне қажетті табиғи ортаның ластануынан сақтаудағы аса маңызды болып табылатын атмосфералық ауаның қауіпсіздігін сақтаудағы қоғамдық қатынастары табылады.
Аталған ережелердің бұзылғандығы үшін қылмыстық жауаптылық, егер бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына немесе өзге де өзгеруіне әкеп соқтырса пайда болады. Ауаның табиғи қасиеттерінің ластануы болып, өндіріс орындарының қалдықтарды (газ, шаң-тозаң, т.б.) , жол беруге болатын шекті мөлшерден, нормативті белгілерінен асып кетуі, ережелерін бұзу табылады; өзге де өзгеруі – ауаның қалыпты құрамының, химиялық қасиеттерінің өзгеруі т.б. Қылмыс аяқталған болып, ауаның ластануы немесе оның табиғи қасиеттерінің өзгеруі сәтінен саналады.
Нормативтік-құқықтық актілер:
1. Қазақстан Республикасының экологиялық кодексі. 9.01.2007 ж. // "Егемен Қазақстан", 2007 жылғы 19 қаңтар, N 12-13.
2. «Қазақстан Республикасының тұрғындардың радиациялық қауіпсіздігі туралы» заңы 23.04.1998ж.
3. «Қазақстан Республикасында қоршаған ортаның гигиенасы бойынша әрекет етудің Ұлттық жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 9.06.2000 жыл, №878.
4. «Қазақстан Республикасының Ауаның алыс қашықтықта шекарааралық ластануы туралы конвенцияға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 23 қазан N 89-ІІ // "Егемен Қазақстан" 2000 жылғы 24 қазан N 260
5. Қазақстан Республикасының «Озон қабатын қорғау туралы Вена конвенциясына Қазақстан Республикасының қосылуы туралы» заңы 30.10.1997 ж. // Егемен Қазақстан, 1.11.1997
Осы Заң атмосфералық ауаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды және Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуге және адамның өмiрi мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған орта мен оның жай-күйi туралы дұрыс ақпарат жөнiндегi азаматтар құқықтарын iске асыруға бағытталған.
Оқытудың техникалық құралдары: интербелсенді тақта
Лекция оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: түсіндіру, баяндау, пікір алмасу, сұрақ-жауап
Бақылау сұрактары: (20 балға дейін)
1 Жалпы ережелер
2 Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырудың тәртiбi
СӨЖ және ОБСӨЖ тапсырмалары (слайд):(30 балға дейін)Атмосфера ауасының жағдайын бақылау және оны қадағалауды ұйымдастыру. Атмосфералық ауа сапасын нормалау. Атмосфералық ауаға қатысты нормативтік құжаттар
Әдебиет:
Негізгі:
1. Полонский В.М. Охрана воздушного басссейна.-М., 2006.
2. Брюхань Ф. Промышленная экология.-М.: «Форум», 2013.
3. Воровьев В.И. Эколого-градостроительные основы расчёта приземных
концентраций газа.-М., 2006.
4. Брюхань Ф. Промышленная экология.-М.: «Форум», 2011.
5. Рекомендации по оформлению и содержанию проектов нормативно
предельно допустимых выбросов в атмосферу (ПДВ) для предприятия
Республики Казахстан. РНД 211.2.02.02-07. Алматы, 2007.
Қосымша:
1. Методическое пособие по расчету, нормированию и контролю выбросов
загрязняющих веществ в атмосферный воздух. НИИ Атмосфера.- Спб., 2005.
2. Пыле – и газоулавливающие устройства. Методические указания к
выпускной работе для студентов – бакалавров специальности 5В0717 -
Теплоэнергеника. - Алматы: АИЭС, 2010 - 44 с.