Фитоценоздағы өсімдіктердің бір-біріне әсер ету жолдары 14 страница

7.3 Флоралық дүниелер

Флоралық дүние - ең үлкен флоралық бөлім. Жер шарында бір-бірінен флорасымен кенет өзгешеленетін алты флоралық дүниелер аймақтар бар /21 сурет/.


1. Голарктикалық дүние. Ол Солтүстік жарты шарларының тропикадан басқа бүкіл бөлігін қамтиды. Бұл аймаққа Asteraceae, Apiaceae, Brassicaseae, Campanulaceae, Caryophyllaceae, Berberidaceae, Betulaceae, Primulaceae, Ranunculaceae, Rosaceae, Salicacaceae, Saxifragaceae және басқалары тән. Басқа флоралық дүниелерде бұл тұқымдастар аз немесе тіпті кездеспейді. Көлемді Carex туысының көптеген түрлері тек қана голарктикалық дүниеде кездеседі. Голарктика дүниесі бірнеше флоралық аймақтарға бөлінеді: Шығыс Азиялық, Орта Азиялық, Батыс Азиялық, Шығыс Сібірлік, Жерорта теңізі - макронозейлік, Европалық Батыс Сібірлік, Оңтүстік Атлантикалы – Солтүстік Американдық, Солтүстік Атлантикалы – Солтүстік Американдық, Тынық мұхитты - Солтүстік Американдық және Циркомарктикалық.

2. Палеотропикалық дүние. Ол ескі әлемнің барлық тропикалық /ыстық жақтар/ аудандарын қамтиды және көптеген қысы суық болатын аймақтарда кездеспейтін, тропикалық тұқымдастардың /мыcалы, Pandanaceae Yingiberaceae және басқалары/ болатындығымен ерекшеленеді. Мұнда үш дүние тармағын бөледі:

а/ африкалық

б/ индо-малайлық

в/ полинезиялық

Бұлардың әрқайсысы эндемикалық тұқымдастардың болуымен сипатталады.

8 Неотропикалық дүние. Бұған Мексика, Орталық және Оңтүстік Америка /ең шеткі оңтүстік аудандарынан басқа/ жатады. Бұл флоралық дүниеде, палеотропикалық дүниеде кездесетін тропикалық тұқымдастар өте көп кездеседі, бірақ туыстардың көпшілігі әртүрлі.

Тропикада кең тараған туыстардың 47%-ы палеотропикалық дүниеде кездеседі, тек 13%-ы ғана екі дүниеде бірдей кездеседі.

4. Австралиялық дүние. Бұл флоралық дүние ерекше оңашаланған жағдайда. Мұндағы барлық түрлердің 86%-ы тек қана Австралияда кездеседі. Бірқатар эндемикалық тұқымдастар, тұқымдас тармақтары және туыстар бар. Ерекше есте қаларлықтары Eucalyptus және Acacia туыстары. Eucalyptus туыстарының 450 шамасындай түрлері бар, олардан Австралияның барлық ормандары тұрады. Ал мұндағы Acacia туысының ерекшелігі олардың филлодиялары бар.

5. Антрактикалық дүние. Бұл дүние Оңтүстік Америкадан Жаңа Зеландияға дейін созылып, антрактика континентін қоршап жатады.

Антрактида континентінде гүлді өсімдіктердің тек осы жерге ғана тән жергілікті екі түрі кездеседі: Colobanthys crassifolius /Cariophyllaceae/ Deschampsia antarctica /Poaceae/.

Ерекше маңызы бар антарктикалық элемент – Nothofagus туысы.

Бұл туыстың түрлері басқа кейбір антрактикалық ағаш туыстарымен бірге Жаңа Зеландияда және Оңтүстік Американың оңтүстік батысында ылғалды антрактикалық ормандарды құрастырады.

6. Кап дүниесі. Бұл флоралық дүниелердің ішіндегі көлемі жағынан ең кішкентайы, оған тек Африканың оңтүстік-батыс шегі ғана кіреді, бірақ соған қарамастан, бұл дүниеде 6000-нан астам гүлді өсімдіктердің түрлері кездеседі. Бұл аймақта бірнеше эндемикалық тұқымдастар /Brunicaceae penaeaceae және басқалары/ бар. Үйлерде өсетін өсімдіктердің көбісі, мысалы Pelargonium, Amaryaullis, Freecsica және басқалары, Оңтүстік Африкадан шыққан.

7.4. Фитоценоздардың комплекстілігі

Жер бетінде фитоценоздар белгілі заңдылықтармен таралады. Олардың біреулері негізінен экотоптың жағдайына сәйкес фитоценоздардың алмасу ерекшеліктеріне байланысты. Бұған әртүрлі комплекстік /латын. Complexus – қабысу, тұтасып кету/ құбылыстар жатады. Екіншілеріне ассоциациялардың, формациялардың және өсімдіктер жабыны типтерінің климат жағдайына байланысты таралып, горизонтальдық және вертикальдық аймақтарға бөлінуі жатады.

Комплекстік – бір ландшафтағы әртүрлі ассоциациялардың экотоп жағдайына байланысты алмасулары салдарынан өсімдіктер жабынының біркелкі емес формалары. Шығу тегі биогендік нанарельфпен / гректің nannos – тырбиған және relief – релеф-бедер, рельефтің өте кішкентай формалары –горизанталі 1дм – 2м, вертикалі 1м дейін, мысалы, сарышұнақ төмпешігі/ немесе микрорельефпен /гректің micos - кішкентай, relief - рельеф, рельефтің кішкентай формалары, мысалы, кішкентай құм төбешіктері, сор /сортаң/ ойпаты және т.б./ байланысқан нағыз комплекстерде бір емес бірнеше ассоциацияларға жататын фитоценоздардың бір ізбен /жүйелі/ тұрақты алмасып отыратындығын байқауға болады.

Комплекстегі фитоценоздар экотондағы /гректің oikos - үй және tonos - пішін, түр ренк/ - қауымдар арасындағы өтпелі микрозона сукцессиялар арқылы бір-бірімен байланысты. Олардың бағыты осы аймақтағы байырғы, түпкілікті өсімдіктер жабыны типтерінің қалыптасуында, өсімдіктер және топырақ –комплексі дамуының жалпы стратегиясына сәйкес болады. Комплекске енетін ассоциациялар санына байланысты олар екі мүшелі, үш мүшелі, төрт мүшелі және т.б. болып бөлінеді.

Нағыз комплекстерде фитоценоздардың алмасуы бір жүйемен, тұрақты болады. Ал егер фитоценоздардың алмасуы бір жүйеде, тұрақты болмай, әртүрлі сипатта болып және фитоценоздардың мөлшері әр қалай болса, ол комплекстілік емес комбинация /латынның combino - қосамын, жалғаймын/ деп аталады. Комбинация мезо және микрорельефке тікелей тәуелді. Комбинация микрокомбинация /кішкентай/, мезокомбинация /орташа/ және макрокомбинация /үлкен/ болып бөлінеді. Мысалы, Іле Алатауының батыс беткейіндегі өрік ағашы /Armeniaca vulgaris Lam/ орманымен доланалы – алма /Malus sieversii Ledeb/, /Crataegus songorica C. Koch./ ормандарының және раушан /Rosa platyacantha/ комбинацияларын көруге болады.

7.5 Өсімдіктер жабындарының аймақтылығы

Өсімдіктер жабындарының аймақтылығы - сол территорияның континентальды климат ерекшеліктерімен әрекеттестікте болады. Ал белгілі бір территорияның климат ерекшеліктерін ол жердің мұхиттан қанша жерде орналасқандығына, жауын-шашын мөлшеріне, климаттық режимінің қарама-қарсылығына және өсімдіктердің әртүрлі тау биіктігінде белдеуленіп орналасуына байланысты қарау керек.

Өсімдіктер жабындарының аймақтылығы геоботаникалық аудандастыру жүйелерінде бейнеленіп көрсетіледі, олар негізінен геоботаникалық аймақтар ретінде көрсетіледі.

Аймақтылығы жалпы географиялық заң ретінде И.И. Докучаев /1898/ дәлелдеді, соның ішінде ол әрбір аймақтың климаты, топырағы, өсімдіктер және жануарлар әлемдері арасында заңды байланыстар бар екендігі туралы жазды.

ТМД елдерінде өсімдіктер жабындарының төрт аймағын жақсы ажыратуға болады: тундра, орман, дала және шөл. Әрбір аймақта жазықтықтағы тіршілік ететін орындарды /суды бөліп тұатын тегістіктерде/ осы аймаққа тән өсімдіктер жабынының аймақтық типтері болады. Шөлдер аймағында бұта және бұташа типтері, дала аймағына бұта, шөптесін, орман аймағына – орман және шалғындық /шөптесін/, тундра аймағына қына, мүк және бұташа типтері тән.

Жоғарыда аталған аймақтар арасында немесе шекараларында өтпелі алқаптары болады. Ол өтпелі алқаптарды әдетте, тип тармақтары есебінде қабылдайды.

Тундра және орман аймақтары арасында өтпелі алқап - орманды тундра, орман және дала аймақтары арасында өтпелі алқап – орманды-дала, дала және шөл зоналары арасында өтпелі алқап – шөлді дала бар екендігіне көз жеткізуге болады. Осы өтпелі алқаптарда фитоценоздардың комплекстерімен комбинациялары ерекше жиі кездеседі.

Өсімдіктер жабындарының аймақтық типтерінің аймақтың әрбір геоботаникалық провинцияларында /аймақтар/ өз кезегінде геоботаникалық округтерге, округтер геоботаникалық аудандарға бөлінеді. Геоботаникалық округтерге өсімдіктер формацияларының топтары, геоботаникалық аудандарға формациялар тән.

Егер өсімдіктер жабындарының аймақтағы типтері жазықтықтағы тіршілік ету орындарында кездесетін болса, тіршілік етудің басқаша жағдайларында өсімдіктер жабындарының интерзональды /ағылшынның interzonal, латынның inter - аралық және гректің zone – зона/ типтері дамиды. Интерзональды фитоценоздарға, өсімдіктер топтарына мысалы, суаттардағы, арна жанындағы жайылымдардағы, сортаң және қышқыл топырақтағы өсімдіктер жатады. Кейбір аймақтардағы экстразональды /латынның extra - сырт және гректің zona - зона/ өсімдіктер жабындары кездеседі. Мысалы, дала аймағындағы қарағай орманы.

Климат тек қана горизонталь бағытта ғана емес, вертикаль бағытта да өзгереді. Климатпен бірге өсімдіктер де өзгереді. Жазықтықтағы кейбір аймақтар өсімдіктеріне таудың әртүрлі биіктігіндегі белдеуленуі сәйкес келеді /24 сурет/.

Аймақтық өсімдіктер орналасқан ареалы бойында оңтүстікке және солтүстікке жылжыған сайын олардың климаттық жағдайы өзгереді.


Бұл түрлердің және өсімдіктер қауымдарының ландшафтағы алатын орнына, рөліне едәуір әсерін тигізеді. Мұндай жағдайда Г. Вальтер, В. Алехин дәлелдеген тіршілік ету орнының тұрақтылығы ережесін /правило предварения/ байқауға болады. Бұл ботаникалық-географиялық әдебиетте - өте кең тараған ереже. Ереженің мәні - Солтүстік беткейлерде солтүстікке тән, ал оңтүстік беткейлерде оңтүстікке тән /байқаушының тұрған нүктесіне қатысты/ өсімдіктер қауымдарының пайда болу фактілерін түсіндіруде. Бұл аймақтық ережеден ауытқуы күн сәулесінің түсу бұрышына байланысты. Бұл ереже таулы территорияларда да орын алады. Мысалы, тауды оңтүстік беткейлерде алқаптар /пояс/ шекарасы солтүстік беткейлерге қарағанда биігірек болуы немесе кейде тіпті кейбір алқаптардың толық шығып, болмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда Солтүстік және оңтүстік беткейлер үшін әртүрлі вертикаль алқаптар бағанасын тұрғызуға мәжбүр боламыз. Геоботаникалық аудандастыруға жоғарыдағы ережені қолданудың үлкен маңызы бар. Өйткені табиғи геоботаникалық аудандарды бөлгенде жазықтықтағы өсімдіктер қауымының типтерін ғана емес, сонымен қатар беткейдегі өсімдіктер қауымдарын да есепке алу керек. Оларды жиі экстразональды өсімдіктер жабыны деп атайды. Экстразональды өсімдіктер жабынының климат жағдайының индикаторы есебінде өсімдіктер жабынының үйлесімділік структурасын дұрыс түсінуде маңызы үлкен.

7.6 Өсімдіктер жабындарын картаға түсіру

Өсімдіктер жабындарын картаға түсіру геоботаника ғылымының маңызды бір бөлігі болып табылады. Оның дамуы - геоботаниканың жалпы жағдайына едәуір дәрежеде тәуелді.

Өсімдіктер жабындарын картаға түсіру өз кезегінде геоботаниканың кейбір бөлімдерінің /өсімдіктер жабының классификациясы, динамикасы, геоботаникалық аудандастыру және фитоценоздың географиясы/ дамуына жағдай жасайды. Қазіргі геоботаникалық карталар картаға түсірілетін территорияның өсімдіктер жабыны туралы мәліметтерге /құрамы, структурасы, динамикасы, тарихы, географиясы және оның көптеген табиғат факторларымен байланысы/ синтез жасап қана қоймай, оларды талдауға салып, жаңа ботанико-географиялық проблемаларды шешуге мүмкіншілік береді. Геоботаникалық картаға түсіру - қазіргі кезде өсімдіктер жабынын зерттеуде және өсімдіктер қауымының географиясын білуде негізгі тәсілдердің бірі болып табылады.

Барлық геоботаникалық карталар толықтығына, дәлдігіне және масштабына қарай төртке бөлінеді:

1. Майда масштабты карталар, масштабы 1: 500000

2. Орташа масштабты карталар, масштабы 1: 300000 - 1: 100000

3. Ірі масштабты карталар, масштабы 1: 50000 – 1.10000;

4. Толық дәл карталар және пландар, масштабы 1: 5000 – 1: 500.

Әрине, әртүрлі масштабтағы карталарға өсімдіктер жабынының әртүрлі категориялары түсіріледі. Мысалы, майда және орта масштабтағы карталарға жеке фитоценоздар және ассоциацияларды түсінуге болмайды, өйткені ол карталар өте кішкентай жеке фитоценоздарды ірі масштабты және толық, дәл карталарға ғана түсіруге болады.

Барлық геоботаникалық карталар мақсатына және мағынасына қарай бірнеше кластарға бөлінеді, олардың ішіндегі ең маңыздылары мыналар:

1. Биоэкологиялық жіктеудің негізінде өсімдіктер жабынының ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін карталар, олардың талабына сай легенда /карталарға берген түсінік сөздер/ жасалынады;

2. Генетикалық немесе география-генетикалық жіктеудің негізінде өсімдіктер жабынының ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін карталар. Бұл жағдайда да картаның талабына сай легендасы жасалады;

3. Өсімдіктер жабындарының кейбір жеке ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін арнайы карталар. Мысалы, мал азықтары, ормандар жалпы өсімдіктер қорлары туралы карталар.

Өсімдіктер жабынын картаға түсіру әдістері әртүрлі. Фитоценоздарды толық, дәл түсіруді территорияны алдын-ала квадраттарға бөліп, қазық /пикет/ қағып, белгілеп алып барып бастайды. Ірі және орта масштабқа түсіруде топографиялық карталар пайдаланылады. Бұл жағдайда топографиялық картаға алдын-ала рельеф ерекшеліктерін ескере отырып, паралелель /қатар/ маршруттарды сызып алып барып, картаға түсіреді. Паралельді маршруттардың аралығы қанша болу керектігі 11 кестеде көрсетілген.

Ірі және орташа масштабпен картаға түсіргенде ормансыз жазықтықта автомашина қолданылып, арақашықтықтарын спидометр арқылы өлшеп отырады.

Қазіргі кезде геоботаникалық картаға түсіруде аэрофотосъемка өте кең пайдаланылады. Аэрофотосъемка дегеніміз - жер бетін ауадан суретке түсіру. Ол үшін аэрофотоаппараттарымен 1: 200-ден 1: 100 000 дейінгі масштабта суретке түсіріледі, соның нәтижесінде алынған аэрофотопландар геоботаникалық картаға түсіруде негізге алынады. Аэрофотосъемка мәліметтеріне негізделіп жасалған геоботаникалық карталар өте дәл және толық болады.

Геоботаникалық картаны басқа тақырыптық карталармен /топырақтың, геологиялық, геоморфологиялық, климаттық гидрологиялық және т.б./ салыстыру өсімдіктер қауымдарының өткен кездегі және қазіргі кездегі күрделі экологиялық және географиялық байланыстары туралы қорытынды жасап және келешекте қалай өзгеретіндігі туралы болжам айтуға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар, әрбір картаға берілген түсініктер /легендалар/ жалпы классификация проблемасына қосылған үлес болып табылады.

Геоботаникалық карталар геоботаникалық аудандастырудың ғылыми негізі болып табылады. Геоботаникалық аудандастыруды дамыту және мейлінше жетілдіру геоботаникалық картаға түсірумен тікелей тығыз байланысты.

Геоботаникалық универсал карталар өсімдіктер жабынының арнайы карталарын /азық, орман, өсімдіктер шикізаты және т.б./ және табиғаттың кейбір арнайы карталарын /медико-географиялық, зоогеографиялық және т.б./ жасауға ғылыми негіз болады. Сонымен қатар, геоботаникалық карталар халық шаруашылығының әртүрлі саласында /әртүрлі жоспарлау жұмыстарында, ауыл шаруашылығында, орман шаруашылығында, медицина және денсаулық сақтау жұмыстарында, геологияда, өндірістің кейбір салаларында және т.б./ және де табиғатты қорғау жұмыстарын ұйымдастыруда кең қолданылады.

Барлық ботаникалық карталар екі топқа бөлінеді: флоралық және өсімдіктер жабынының картасы. Өсімдіктер жабынының карталары өз кезегінде геоботаникалық аудандар және геоботаникалық немесе өсімдіктер қауымдарының карталары болып бөлінеді.

Геоботаникалық карталар мақсатына және жасалу принциптеріне байланысты екі категорияға бөлінеді: 1/ универсалды және 2/ арнайы, универсалды геоботаникалық карталар өсімдіктер жабынының бөлшектерінің табиғи қалыптасу процесі кезінде құрылып, жер бетінде таралуын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл карталарда өсімдіктер жабынының бөлшектерінің адам тіршілігі және басқа да сыртқы факторлардың әсері нәтижесінде өзгеруінде көруге болады. Соған байланысты универсалды геоботаникалық карталарды 1) қалпына келген өсімдіктер жабыны карталары және 2) қазіргі кездегі өсімдіктер жабыны карталары деп екіге бөледі. Қазіргі кездегі өсімдіктер жабыны туралы карталар өсімдіктер жабынын пайдалануға байланысты проблемаларды шешуге пайдаланылады. Ал қалпына келген өсімдіктер жабыны туралы карталар экологиялық жағдайды бағалауға және әртүрлі палеогеографиялық мәселелерді шешуге қажет.

Универсал карталар синтетикалық және аналитикалық деп бөлінуі де мүмкін. Синтетикалық геоботаникалық карталар жасау үшін өсімдіктер жабыны толық картаға түсіріледі. Олардың мақсаты әртүрлі. Аналитикалық карталардың қосымша /қосалқы/ маңызы бар, ол карталар кейбір жеке өсімдіктер қауымдарын, олардың топтарын көрсетеді. Бұл карталар мәліметтер және монографиялар үшін жасалып, әртүрлі салыстырмалы жұмыстар үшін пайдаланылады.

Арнайы геоботаникалық карталардың универсал карталардан айырмашылығы, оларда шаруашылықтағы маңыздылығы туралы түсініктемелер беріледі. Бұл карталарда өсімдіктерді шаруашылықта пайдалану ерекшеліктері көрсетіледі.

11 кесте

Ірі масштабты және толық картаға түсіргендегі дәлдік және маршруттар арасындағы қашықтық

Түсіру Масштабы Маршруттар және қазықтар арасындағы қашықтық Контурдың көлемі
Картаға түсіруге міндетті Ең аз көлемі Ең аз ені
Ірі масштабты 1: 300000 немесе 3 км/см 7,5 км 500,0 га 225,0 га 7,5 км
  1: 200000 немесе 2км/см 5,0 км 200,0 га 100, 0 га 5,0 км
  1: 100000 немесе 1км/см 2,0 км 50,0 га 25, 0 га 250 м
  1: 50000немесе 500 м/см 1,0 км 12,5 га 6,25
  1: 25000 немесе 250 м/см 0,5 км 3,0 га 1,50га 62, 5 м
  1: 10000 немесе 100м/см 0,2 км 0,5 га 0,25 га 25,0 м
Толық 1: 5000 немесе 50м/см 100 м 1250 м2 625,0 м2 12,50 м
  1: 2500 немесе 25 м/см 50 м 300,0 м2 150,0 м2 6,25 м
  1: 1000 немесе 10 м/см 20 м 50,0 м2 25,0 м2 2,50
  1: 500 немесе 5 м/см 10 м 12,5 м2 6,25 м2 21,5 м
  1: 250 немесе 2,5 м/см 5 м 3,0 м2 1,5 см2 0,50 м

Арнайы геоботаникалық карталар универсал карталардың негізінде оларды белгілі бір бағытта толықтыру нәтижесінде жасалынады. Оларда бірқатар маңызды көрсеткіштер болады, мысалы мал азығы туралы карталарда -өнімділігі, орылу уақыты және отап жеп қоюы және т.б. орман туралы карталарда – ағаштардың қоры, орман шаруашылығы туралы, дайындау пунктері, ағашты тасуға болатын жолдары туралы және т.б.

Арнайы геоботаникалық карталар оларды шаруашылықта пайдалану бағытына байланысты бірнеше типтерге бөлінеді: 1/ Мал азығы карталары, 2/ Индикациялық карталар; 3/ Ормандар картасы; 4/ Өсімдіктер қоры туралы карталар; 5/ Медико-географиялық карталар және т.б.

Мал азығы туралы карталар мал азығы үшін пайдаланылатын жерлердің өсімдіктер жабынының практикалық маңызы бар структуралық биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін бейнелейді, олардың өнімділігін сипаттайды.

Индикациялық карталар жасаудың мақсаты - өсімдіктер жабынының ортаның кейбір факторларымен немесе табиғат құбылыстарымен /жер астындағы су, пайдалы қазбалар, топырақтың физико-химиялық қасиеттері және с.с./ ерекше байланыстарын анықтап, көрсетіп, келешекте өсімдіктер жабындары арқылы оларды іздеуге мүмкіншілік беру.

Орман туралы карталар әртүрлі ағаш өсімдігі тұқымдарының /порода/ орналасу ерекшеліктері туралы түсінік береді. Бұл карталар ормандағы әртүрлі ағаш өсімдігі түрлерін дұрыс пайдалану үшін инвентаризация жасап, орман шаруашылығын дұрыс жоспарлауға өте қажет. Соңғы жылдары пайдалы өсімдік қорларын дұрыс пайдаланып, дайындау үшін әртүрлі өсімдіктер қорларының карталарын жасау кең өріс алып, әрі қарай дамуда.

Медициналық география проблемаларын шешуде /мысалы, кейбір аурулардың табиғи ошақтарын зерттегенде, курорттарды орналастыру жұмыстарында/ медико-географиялық карталар жасалады. Өсімдіктер жабындарын картаға түсірудің териясын және тәсілдерін жетілдіру - геоботаникалық жалпы ғылым проблемаларының дамуына, жаңа ақиқат зерттеу әдістерін кіргізуге, аэро- және космо-әдістердің жетістіктерін кең пайдалануға байланысты.

Өсімдіктер жабындарының классификациясын негізге алып карталарға легенда жасалады. Сондықтан геоботаникалық карталардың ғылыми және практикалық маңыздылығы едәуір дәрежеде өсімдіктер жабындарын классификациялау принциптерімен анықталады.

7.6.1 Өсімдіктер жабыны картасын жасаудың маңызы және міндеттері

Биосфераның маңызды компоненттерінің бірі туралы іргелі ілімнің көзі ретінде өсімдіктер картасының үлкен ғылыми маңызы бар. Өйткені ол қоғамның тіршілігін қамтамасыз ету проблемаларын шешуде және қазіргі замандағы қоғамның табиғи қоршаған ортамен қарым-қатынасын үндестіруде ақпараттық негіз болып саналады. Оның практика жүзіндегі рөлі де өте маңызды. Көп уақыт бойы майда масштабты шолу карталарының рөлі жеткілікті бағаланбай келді. Өсімдіктердің майда масштабты карталарын тікелей практикада пайдаланудың болашағы туралы алғаш рет академик В.Б. Сочава 1960 жылдары айтты. Антропогендік факторлардың әсерінің күшеюімен региондық экологиялық проблемалар жаhандыққа айналуымен қатар жүретін заманда өсімдіктердің майда масштабты шолу карталарының рөлі арта түседі.

Наши рекомендации