Фитоценоздағы өсімдіктердің бір-біріне әсер ету жолдары 13 страница
Фитоценогенез саласында зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ертедегі геологиялық дәуір кезеңінде тіршілік еткен өсімдіктердің қазба қалдықтары мен осы дәуірде өмір сүретін өсімдіктерді пайдаланады.
Фитоценоздар эволюциясының жалпы прогресшілдігіне қарамастан, фитоценогенездің дербес бейнелері әртүрлі болуы мүмкін:
- Фитоценоздар және формациялар /өсімдіктердің негізгі доминант түрлері бойынша біріктірілетін ассоциация тобы/ типтерінің шығып қалуы /мысалы, қырықбуын ормандары/.
- Фитоценоздар және формациялар типтерінің кері дамуы /структураның оңайлануы, ценопопуляция санының азаюы, тірі затпен энергия мөлшерінің азаюы; қауымның өнімділігінің азаюы; орналасқан жер бетін және энергетикалық ресурсын жарым-жартылай пайдалану; сыртқы ортаға әсері нашар ценобионттардың сыртқы ортаға бейімделуі басымырақ; қауымды ксерофиттендіру және гигрофиттендіру.
- Фитоценоздардың және формациялардың жаңа типтерінің пайда болуы /мысалы, қылқан жапырақтылар стланниктері/.
Кері дамып /регрессившіл/ бара жатқан фитоценоздар өткен уақытта кең таралған болып, қазіргі кезде сөніп бара жатқан сатыда болса, онда олар реликтер /ертерек кезде болған, ал кейіннен құрыған/ фитоценоздары және формациялары сипатында болады. Реликтер фитоценоздарының мынадай топтарын ажыратады:
- толық реликтер өзінің бұрынғы сипатын жақсы сақтаған фитоценоздар (мысалы, Батыс-Тянь-Шандағы жаңғақ ормандары – неогендер орманының реликтісі);
- жартылай (толық емес) реликтер, бұрын күрделірек өсімдіктер қауымына екінші дәрежедегі қабат есебінде енген фитоценоздар. Ондай реликтер қатарына Ephedra egnisetina Bunge формациясын жатқызуға болады. Ол ертедегі Жерорта теңізі саванналарындағы субтропикалық реликті болып табылады;
- гетерогенді реликтер, өздерінің табиғатының біркелкі еместігімен оңай білінетін фитоценоздар, мысалы Закавказьедегі мезофилді шалғындық жабыны бар /ксеротермиялық кезеңдегі ормандардағы мезофиттену процесі жүруінің салдары /кейбір қарағайлы ормандар/.
Реликті фитоценоздар және формациялармен қатар олардың географиялық шағын аймаққа ғана таралған, басқа жерде кездеспейтін, яғни эндем типтерін де ажыратады. Мысалы, Phlojadicarpus sibiricus Сібірге эндем, ал Arthrophytum lehmannianum Тұран ойпатына эндем.
6.2.2 Сукцессия
Сукцессия /латынның succesio - орын басушылық, жалғастырушылық/ - белгілі бір учаскеде бір фитоценоздардың тіршілік ететін орнында екінші бір фитоценоздармен жүйелі түрде алмасып отыруы. Соның нәтижесінде бірте-бірте кері дамымайтын немесе 10 жылдан аса уақытта бастапқы қалпына келетін өзгерістің салдарынан осы ауданда кездесетін фитоценоздар типтес өсімдіктер қауымы қалыптасады.
Сукцессия терминін американ фитоценологы Каулс 1901 жылы енгізген. Сукцессияның флуктуациядан айырмашылығы ол кері дамымайды және өзгеруі бір бағытта жүреді. Сукцессия кезінде өзгерістердің белгілі бір бағытта жүретіндігі фитоценоздардың алмасуын логикаға сәйкес болжауға мүмкіншілік береді. Флуктуациялар өздерінің ерекшеліктеріне байланысты сукцессияны кейде жылдамдатып /мысалы, жылы ылғалды жылдары/, кейде баяулатып өзгеріс бағытына кейбір ауытқулар енгізуі мүмкін.
Фитоценоздардың алмасуы туралы проблеманы ең тыңғылықты жете зерттеген амарикан ғалымы Клементс фитоценоздардың пайда болуынан бастапқы тұрақты, өзінен-өзі жаңаратын өсімдіктер қауымы - климакс құрылғанша сукцессиялар туралы түсінік жүйесін құрды. Сукцессияның негізгі екі типін ажыратады: бірінші - бұрын өсімдіктер болмаған субстратта фитоценоздардың пайда болуынан басталады және екінші – бұрын өсімдіктер болған, бірақ әртүрлі себептерге байланысты жойылып кеткен жерден басталады.
Бірінші сукцессиялар кезінде болатын мынадай процестерді ажыратады: субстраттың құрылуы, өсімдіктер миграциясы, олардың жаңа жағдайға үйренуі және жиналуы, өсімдіктердің ортаны өзгертуі - фитоценоздардың алмасуы.
Екінші сукцессиялар бұрын өсімдіктер болған, бірақ кейбір сыртқы факторлардың әсерінен жойылып кеткен жерде басталады. Ол жердің құрамында көптеген микроорганизмдер, өсімдіктердің споралары, тұқымдары және толастаған жер астындағы мүшелері бар жетілген топырағы бар. Сондықтан, екінші сукцессиялар климаксқа жеткенше, біріншіге қарағанда көп жағдайда 5-7 рет қысқарақ болады.
Сукцессия әртүрлі сатылардан тұрады. Прогресшіл сукцессиялардың соңғы сатысы болып климакс саналады. Сукцессия өсімдіктер динамикасының ең көп тараған формасы ретінде ішкі /автогенді сукцессия/ және сыртқы /аллогенді сукцессия/ себептерге байланысты болады.
Сонымен, сукцессия автогенді және аллогенді өзгерістерге бөлінеді. Автогенді сукцессияларға сингенез және эндогенез жатады.
Сингенез /геректің syn - бірге және genesis - шығу/ - өсімдіктер қауымының құрамы және структурасы, олардың орналасуына, көбеюіне, жандануына және өсімдіктер арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына байланысты, өзгерісіндегі фитоценоз дамуындағы күрделі алмасудың бір компоненті. Жалпы алғанда сингенез фитоценоздың дамып қалыптасу процесіндегі ең алғашқы этаптарындағы өздігінен дамуы. Сингенезбен ортаның едәуір өзгерістері қабаттаса жүрмейді.
Фитоценоздардың қалыптасуы өсімдіктері де, ценотикалық ортасы да жоқ жер учаскесінде басталуы мүмкін. Қандай жағдайда болмасын болашақ фитоценоздағы орынға әртүрлі қабілеттілікпен күресетін өсімдіктердің түрлері болады. Л.Г. Раменский осыған байланысты бұл түрлерді үш топқа /эксплеренттер, патиенттер, виоленттер/ бөлгені туралы өткенде айтылды.
Эксплеренттер ценотикалық күші өте төмен, бірақ босаған территорияны тез басып алып толтыруға қабілеті күшті – бұларға біржылдық және вегетативтік қозғалғыш өсімдіктер жатады /өсімдіктер әлемінің шиебөрілері/. Мысалы, көптеген арам шөптер және бірінші пайда болатын ақ алабұта /Chenopodium album L./ сияқты өсімдіктер.
Патиенттер өмір сүруге күрескенде өзінің тіршілік әрекетіндегі энергиясымен, өсуімен жеңбейді, өзінің уақытша немесе тұрақты өте қолайсыз жағдайларға төзімділігімен, шыдамдылығымен жеңеді. Мезофильді тіршілік ету орындарында олар өте жақсы дамып өседі, бірақ бұл жерде олардан келесі топтың /виоленттердің/ өсімдіктері басым болып олардың басын көтертпей тастайды. Сондықтан, патиенттер өте қиын жағдайларда ғана басқалардан басым бола алады мысалы, сарсазан /Holocnemum/ сияқты өсімдіктер /“өсімдіктер әлемінің түйелері”/.
Виоленттер өзінің тіршілік әрекетіндегі энергиясымен қарсыластарына басымдылық жасап, белсенді дамып, территорияны жайланып, ортаның ресурсын толық пайдаланатын өсімдіктер – бұған жататындар мезофильді тіршілік орындарының эдификаторлары /“өсімдік әлемінің арыстандары”/.
Әлі өсімдіктері жоқ, бос жерлерде /грунттарда/ фитоценоздардың қалыптасуы түрдің /түрлердің/ жеке даналарының пайда болуынан басталады. Осылайша проценоз пайда болады. Проценоз /латынның pro - алдында және гректің koinos - жалпы/ дегеніміз - организмдердің бірге өмір сүру формасы, фитоценоздардың қалыптасуындағы алғашқы фазасы. Өсімдіктер бір-бірінен алыс орналасқан, олардың арасында тікелей де, жанама да қарым-қатынас жоқ. Бұл фазада әдетте, бір экобиоморфаның популяциясының колониясы басым болады. Бірте-бірте түрлік құрам әрқилы болып екі немесе бірнеше экобиоморфадан тұрады. Келешекте ингредиенттің немесе субдоминанттың орнын басатын өсімдіктердің популяциясы басым болады. Қалыптасатын доминанттың популяциясының саны аз болады. Ал ценотикалық орта болса, өзінің қалыптасуының алғашқы фазасында болады. Бұл этапта проценоз - топ деп аталады.
Сукцессияның келесі фазасы - анценоз деп аталады. Бұл фазада қалыптасып келе жатқан фитоценоздардың доминанттарының популяциясы да, субдоминанттарының популяциясы да өз орындарын алып, өсімдік қауымының сырт көрінісі қалыптасады. Бірақ оның флорасы әлі түгел қалыптасып бітпеген. Осыдан кейін салыстырмалы тұрақты фитоценоз дамиды.
Эндоэкогенез /гректің endon - ішінде, oikos - үй, орын және genesis - шығуы/ - өсімдіктердің тіршілік әрекеті, нәтижесінде ортаның өзгеруі салдарынан өсімдіктердің өзгеруі. Эндоэкогенез өсімдіктер қауымының тұрақтылығы, биомасса қорын, тіршілік формаларының әртүрлілігін арттырып, ценопопуляциялардың әдеттегі қарапайым типінің қалыптасуына алып келеді. Сонымен қатар фитоценоз өзінің ортаны жасаушы рөлін арттырып, экосистеманың автономды элементіне айналады.
Аллогенді сукцессиялар /фитоценоздың сыртқы себептердің әсерінен өзгеруі/ осы сукцессияның қамтыған учаскесінің масштабына байланысты екіге бөлінеді:
1/ гейтогенез
2/ гологенез.
Өз кезегінде оның әрқайсысы табиғи және антропогендік варианттарға бөлінеді.
Гейтогенезде антропогендік варианттар табиғимен салыстарғанда кеңінен тараған. Антропогендік гейтогенез тікелей өсімдіктерге немесе өсімдіктер қауымының ортасына әсер етудің салдары болуы мүмкін. Егер де гейтогенез фитоценоздың өнімділігін және оның күрделілігінің көрсеткішін /мысалы, белгілі бір аудан мөлшеріндегі түрдің саны тағы с.с./ төмендететін болса, оны онда мүмкін, егер де гейтогенез фитоценоздың өнімділігін және оның күрделілігінің көрсеткішін /мысалы, белгілі бір аудан мөлшеріндегі түрдің саны тағы с.с./ төмендететін болса, оны онда ретрогрессия деп атауға болады. Ретрогрессияға себепші мал жаю, заводтардың бөліп шығарған әртүрлі химиялық заттары, радиация және т.б. факторлар болуы мүмкін. Ретрогрессия процесі кезіндегі фитоценоздардың құрамының өзгеру заңдылықтары эуклимакстың /гректің ең жақсы, тамаша және климакс/ қалыптасу сукцессиясының айнадағы бейнесі сияқты болады.
Өзен аңғарының өсімдіктерінің даму гологенезі ландшафты өзгертуге себепкер болатын факторларға байланысты фризогенді, гологенді /гректің hals - тұз және genesis - шығу/ трофогенді, гидрогенді /гректің hydro – су және genesis - шығу/ аллювиагенді /латынның alluvie - су шайып, үйіліп қалған/ және тағы басқа формаларға бөлінеді.
Табиғи гологенездің нақты, айқын мысалы - өзеннің аңғарларының жалпы даму процесіне және су жиналатын аудандарға байланысты өзеннің су жайылып кететін аңғарының өсімдіктерінің өзгеруі. Антропогенді гологенез әдетте, табиғи гологенезге қосылып кетеді, бірақ таза антропогендік гологенез де болуы мүмкін, мысалы ірі гидротехникалық құрылысты салғанда немесе құрғату жұмыстарын жүргізгенде су астында қалудың немесе климаттың өзгеруі салдарынан.
Прогресшіл эндоэкогенетикалық сукцессияға қарама-қарсы ретрогрессия термині пайдаланылады. Ретрогрессивтік өзгерістер өсімдіктердің жойылуына әкеліп соқтырады. Оның мысалдары ретінде өндіріс орындарының бөліп шығарған әртүрлі зиянды химиялық заттарының әсерінен болатын сукцессияларды, жайлымның дегрессиясын /сапасын нашарлап біртіндеп кері кетуі/ келтіруге болады.
6.2.3 Катаклизмдер
Катаклизмдер /гректің kataklao - сындру, қирату/ - сыртқы табиғаттың немесе ортаның анропогендік әсерінен өсімдіктер қауымының структурасының секірмелі /кенеттен/ өзгеруі, фитоценоздар динамикасының бір формасы.
Катаклизмдер немесе апатты алмасулар, тек қана аллогенді бола алады, өйткені фитоценоз өзін-өзі кенеттен күйрете алмайды, сондықтан күйреудің себебі барлық уақытта фитоценоздардың сыртында орналасады. Антропогендік катаклизмдердің ішінде стихиялы және саналы жасалған варианттары болады.
Тараудың қысқаша мазмұны
Өсімдіктер қауымы - динамикалық құбылыс. Олардың динамикалылығында фитоценоздардың тәуліктік, маусымдық және әртүрлі жылдардағы өзгерулері болады. Олар туралы өткен тарауларда айтылған. Ол өзгерісатер қайтқыш, яғни бастапқы қалпына қайтып келетін өзгерістер болатын /флуктуациялық/. Бірақ өсімдіктер қауымының және структурасының бір орташа дәреже айналасында таза бастапқы қалпына келетін өзгерістерімен қатар, басқа да кері дамымайтын, қайталамайтын өзгерістер болады.
Фитоценоздар структурасының кері дамымайтын, қайталамайтын /ұзақ циклды/ ішкі және сыртқы себептерге байланысты өзгеруін - фитоценоздардың динамикасы деп атайды. Көптеген қарапайым алмасулар фитоценоздардың динамикасына себепкер болады.
Қарапайым алмасуларды топтастырғанда сукцессия /бір фитоценоздың орнын екінші фитоценоз басып алмастыру/, фитоценоздар эволюциясы және катаклизмдер /астан-кестен өзгеріс/ олардың ірі бөлімдері болып саналады.
Күрделі алмасулардың компоненттері болып фитоценоздар эволюциясы сингенез /гректің syn – бірге және genesis – шығу, фитоценоздың қалыптасу процесі/, эндоэкогенез (гректің endon – ішінде, oikos – үй, орын және genesis шығу өсімдіктердің тіршілік әрекеті салдарынан ортаның өзгеруіне байланысты өсімдіктер қауымының өзгеруі/ және гологенез /гректің holos – түгел және genesis – шығу табиғатқа немесе антропогендік факторларға байланысты түгел ландшафтың даму процесінің салдарынан болатын антропогендік сукцессия/ жатады. Кейде бұл алмасулар фитоценоздың бастапқы қалпына келгіш өзгерулерінің әртүрлі формаларына және гейтогенезге /гректің geiton – көрші, шектес және genesis – шығу бір немесе бірнеше фитоценоздарды осы жердің шеңберінен аспайтын сыртқы факторлардың әсерінен болатын аллогендік сукцессия/ байланысты күрделіленуі мүмкін. Күрделі алмасулардың алғашқы этаптарында автогендік (ішкі себептер) өзгерістердің маңызы зор.
Миркин Б.М., Розенберг Г.С. /1978/ өсімдіктер жабынындағы қарапайым алмасулардың топталуының классификациясын ұсынды. Ол классификацияда алмасулардың топталуындағы оның ең ірі бөлігі ретінде алмасу класы қабылданған. Оның маңызды белгісі – өзгеру сатысының бір ізбен жүретіндігімен бөлінеді.
Бірінші класс – фитоценоздың эволюциясы бұған кіретін өзгерістердің нәтижесінде табиғатта бұрын болған фитоценоздар типі қалыптасады.
Екінші класс - сукцессия-өзгерістер ақырындап жүреді, соның нәтижесінде өсімдіктер жабынының басқа учаскелерінде кездесетін фитоценоздар пайда болады.
Үшінші класс – катаклизмдер бұлардың табиғаты басқа, өсімдіктерге келетін кейбір факторлардың әсер етуі нәтижесінде болады. Соның салдарынан бұрын тіршілік етіп жатқан фитоценоз жарым-жартылай немесе түгелдей жоғалады.
Фитоценоздардың эволюциялық класы екі типке бөлінеді: 1) флорогенез (лат. flora – гүлдер мен көктемнің құдайы және гректің genesis – шығуы); 2) фитоценогенез (гректің phytocenos және genesis).
Флорогенез және фитоценогенез типтері антропогендік және табиғи тармақтарға бөлінеді. Ал антропогендік тип тармағы өз кезегінде сапалы және стихиялы деген варианттарға бөлінеді.
Фитоценогенез дегеніміз - фитоценоздың эволюциясы, бұл эволюция фитоценоздардың құрамына кіретін түрлердің эволюциясымен қатар жүріп, өсімдіктер қауымының жаңа типтерінің (ассосацияларының, формацияларының және өсімдік типтерінің) пайда болуына алып келеді.
Сукцессия (латын succesio – орын басушылық, жалғастырушылық) - белгілі бір учаскеде бір фитоценоздардың тіршілік ететін орнында екінші бір фитоценоздармен жүйелі түрде алмасып отыруы. Сукцессияның флуктуациядан айырмашылығы ол кері дамымайды және өзгеруі бір бағытта жүреді.
Сукцессияның негізгі екі типін ажыратады: бірінші, бұрын өсімдіктер болмаған субстратта фитоценоздардың пайда болуынан басталады және екінші бұрын өсімдіктер болған6 бірақ әртүрлі себептерге байланысты жойылып кеткен жерден басталады.
Сукцессия автогенді және аллогенді өзгерістерге бөлінеді. Автогенді сукцессияларға сингенез және эндогенез жатады.
Катаклизмдер (гректің kataklao – сындыру, қирату) - сыртқы табиғаттың немесе ортаның антропогендік әсерінен өсімдіктер қауымының структурасының секірмелі (кенеттен) өзгеруі, фитоценоздар динамикасының бір формасы, катаклизмдер тек қана аллогенді бола алады, яғни фитоценоздардың күйреуінің себебі барлық уақытта фитоценоздардың сыртында орналасады.
Пысықтау сұрақтары:
1. Фитоценоздың динамикасы туралы жалпы түсінік
2. Қарапайым және күрделі алмасулардың компоненттері
3. Қарапайым алмасулардың топталуы
4. Фитоценоздың эволюциясы
5. Сукцессия туралы түсінік
6. Катаклизмдер
7.ФИТОЦЕНОЗДАР ГЕОГРАФИЯСЫ
Өсімдіктер және олардың қауымының жер шарында таралуын және сол таралудың заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы - ботаникалық география деп аталады. Ботаникалық география екі салаға бөлінеді:
1/ Өсімдіктер географиясы - өсімдік түрлерінің және ірі систематикалық таксондардың жер шарындағы таралу заңдылықтарын зерттейді;
2/ Фитоценоздар географиясы - өсімдік қауымдарының жер шарындағы таралу заңдылықтарын зерттейді.
Аталған ғылым салаларының негіздері, олардың алдында тұрған проблемалар арнаулы курстарда өсімдіктер географиясы, картаға түсіру және т.б. толық қаралып, беріледі. Сондықтан, бұл тарауда тек өсімдіктер ареалы, фитоценоздар флорасының географиялық элементтері, картаға түсіру және аудандастыру туралы қысқаша тоқталып өтеміз.
7.1 Өсімдіктер ареалының мәні
Ареал - өсімдіктер түрлері, туыстары және басқа да категориялары таралған аймақ. Егер біз өсімдіктің бір түрінің мекен жайын алсақ, мысалы, түркістан термопсисін /Thermopsis turkestanica Gand/ алып, оларды нүкте /немесе үшбұрыш/ түрінде картаға түсіріп, ең сыртқы нүктелерді сызықшамен қосу арқылы оның ареалын анықтауға болады, яғни сол сызықтың ішіндегі аудан өсімдіктің осы түрінің тараған аймағы немесе ареалы болып табылады /20 сурет/. Бірақ мұндай нүктелі картаны тек сирек кездесетін өсімдік түрлеріне пайдалануға болады; жиі кездесетін түрлерді ерекше “дағдылы”, “сиректеу” және басқа белгілермен көрсетеді. Кейде торлы нүктелі карталар жасалынады. Мұндай торлармен түрдің барлық таралған аймақтары жабылып, тордың ішіндегі осы түр кездесетін тор көздеріне нүкте қойылады. Мысалы, Британия флорасының осындай карталары бар. Кейбір мекен жайлар алыста ареалдың сыртында орналасқан болуы да мүмкін, мұндай жағдайда ареалдың шет форпостары деп айтады. Негізгі ареалдан алыста орналасқан олардың фрагменттері болуы мүмкін, олар эксклавтар деп аталады; кейде бүкіл ареал бірнеше бірдей бөлшектерге бөлінген болады. Мұндай тарихи себептерге байланысты пайда болған ареалдар дизьюнктивті ареалдар деп аталады.
Көп жағдайда ареалдың тұйық оңашаланған немесе дизьюнктивті екенін ажырату қиын. Егер де диаспоралармен /таралуға арналған элементтер: тұқымдар, споралар, вегетативтік бөлшектер/ алмасу мүмкіншілігі жоқ болса, оларды дизьюнктивті ареалдарға жатқызады. Бірақ, диаспоралардың қаншалықты жерге тарайтындығын анықтау оңай емес. Өйткені диаспоралар желмен, сумен, құстар және адамдар арқылы талай жерге таралуы мүмкін. Түрлердің ғана емес, онда ірі таксондар туыстардың және тұқымдастардың да ареалын сызуға болады. Әрине, түрдің ареалының территориясында тіршілік жағдайы біркелкі емес, сондықтан түр өз ареалына бүтіндей таралмайды. Әрбір фитоценоздың құрамына және әрбір ассоциацияға тек қана осы экотоптың немесе биотоптың жағдайына бейімделген толерантты /шыдамды/ түрлер ғана ене алады. Сондықтан түрдің ареалының бірнеше аймағы болуы мүмкін /Быков, 1953/: формациялық - аз жерде түр өзінің формациясын құрады; ингрегациялық - бұл аймақта түр ассоциацияға субдоминант рөлінде енеді, ассектаторлық - бұл аймақта түр тек ассектатор /өсімдіктер қауымында үшінші дәрежелі орын алатын топтар/ немесе инградиент рөлінде енеді және перфорациялық - бұл аймақта түр кездеспейді. Мысалы, майқарағайдың /Abies sibirica/ ареалының территориясы 27 млн га болса, оның формациялық бөлшегінікі –10,1 млн.га /35 %/.
Ареалдың көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Өсімдік түрлері барлық континенттерде кездеседі /космополиттер/, басқалары кішкентай ғана территорияда кездеседі /эндем/. Туыстардың ареалдарының көлемі оларға жататын түрлердікінен, тұқымдастар ареалы оларға жататын туыстардың ареалдарынан молырақ болады. Сондықтан, космополитті тұқымдастар космополитті туыстарға қарағанда, ал соңғылары – космополит түрлерден жиірек кездеседі. Аsteraceae, Poaceae және кейбір басқа тұқымдастар жер шарында түгел тараған десе де болады.
Эндемдер полеоэндемизм және неоэндемизм деп ажыратылады. Палеоэндемизмге /реликті эндемдер/ бұрын кең тарап, қазір құрып бітуге айналған түрлер жатады, олар қазір тек кейбір шамалы территорияларда ғана кездеседі. Мысалы, Ginkgo biloba /гинго/ юра кезеңінде кең тараған, туыстың жалғыз өкілі қазір тек Сычуань провинциясында /Қытай/ ғана кездеседі. Неоэндемизмге керісінше, белсенді түрде пайда болып жатқан туыстардың жас түрлері жатады. Мысалы, оңтүстік альпінің кейбір алқаптарында Saxifrago gentiana және т.б. туыстарға жататын неоэндемдер табылып жатады.
7.2. Фитоценоздар флорасының географиялық элементтері
Фитоценоздардың формациясының және басқа да өсімдіктер жабынының бөлімдерінің флорасында түрлердің үш тобын ажыратуға болады /Быков, 1978/: эндемдер, аэндемдер және эйремдер /21 сурет/.
Эндемдер – географиялық шағын аймаққа ғана таралған, басқа жерде кездеспейтін түрлер; аэндемдер – осы шағын аймақта пайда болған, бірақ қазіргі ареалы ол аймақ территориясының сыртына шығып кеткен; эиремдер – бұл аймақ территориясынан сырт жерде пайда болған түрлер. Сонымен бірге, сирек және реликті түрлерді көрсету қажет. Екі формацияның немесе екі аймақтың флораларының айырмашылығын немесе ұқсастығын ортақтық коэффицент арқылы көрсетуге болады :
К=а+в-с/а+в+с
Мұндағы а - бірінші аудандағы түрлердің саны; в - екінші аудандағы түрлердің саны; с - түрлердің жалпы саны.
Әдетте, фитоценоздардың, формацияның немесе өсімдіктер типінің флорасына талдау жасағанда, оларды дербес географиялық элементтерге немесе геоэлементтерге бөледі. Географиялық элементтерге бөлгенде негізгі континенттердің көпшілік мақұлдаған бөлінуі алынады – голарктикалық, палеотропикалық, неотропикалық, австралиялық, каптық және антарктикалық элементтері. Егер де Тянь-Шаньдағы бір формацияның флорасын алсақ, онда мынадай геоэлементтер бөлінеді: эндемдер, Тянь-Шань-Жоңғарлық, Тянь-Шань-Алтайлық, Тянь-Шань-Памирлік және с.с. космополиттерге дейін. Осылайша кез-келген географиялық аймақтың флорасына талдау жасауға болады /24 сурет/.