Трансшекаралық Жайық өзені
Екі мың шақырымға созылып жатқан Жайық өзені ұзындығы бойынша Еуразия территориясында ірі өзендердің қатарына жатады. Ол Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор облыстары және Башқұрстан Республикасы мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының аумағымен ағып өтеді.
Облыстың солтүстігінен оңтүстігіне қарай кесіп өтетін басты су көзі бастауын Орал тауының 600 метр биіктегі оңтүстік-батыс сілемдерінің бірінен алады. Облыс аумығына Жайықтың төменгі сағасындағы 300 км-ден астам бөлігі ғана енеді. Өзеннің жалпы ұзындығы 2534 км болса, оның 1084 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Су жинайтын алабының көлемі 200 000 км2. Жылдық орташа су шығыны 330 м3. Арнасының ені 305-500 м аралығында ауытқып отырады. Өзен суының деңгейі негізінен облыстан тыс жердегі су жинау алабы беретін суға тікелей байланысты болып келеді. Жайық өзенінің 500 км ғана облыс территориясымен өтіп Каспий теңізіне құяды. Негізгі арнасына Батыс Қазақстан облысының жерінде бірнеше салалары қосылады. Оның оң жақ салаларына – Ембулатовка, Быковка, Рубежка, Шаған және Деркөл, ал сол жақ салаларын Елек, Шыңғырлау, Барбастау және Ащы өзендері жатады. Соңғысы басын Шалқар көлінен алады да, Жайық өзеніне су мол жылдары ғана қосылады. Жоғарғы ағысындағы басты салалары: Сакмара, Ор, Елек, Үлкен Қобда, Утва, Көшім, Бақсай және тағы басқалары. Жайық өзенінің тағы бір ерекшелігі – оның төменгі ағысында салалары жоқ. Сондықтан, су деңгейінің түсуі немесе көтерілуі жоғары жатқан келетін су мөлшеріне байланысты болады. Өзенінің тасуы наурыздың соңы мен сәуірдің орта шамасында басталады да, сәуір айының соңында, мамыр айының орта шенінде өзенің жоғарғы деңгейіне жетеді. Өзеннің беті қарашаның соңынан сәуірдің басына дейін 120-130 күндей мұз құрсанады. Мұздың қалындығы орташа 30-50 см шамасында болады. Жайық өзенінің бастауы теңіз деңгейінен 637 м биіктікте, ал оның Каспий теңізіне құяр сағасы теңіз деңгейінен 28 м төмен жатыр. Жайық өзенінің құлау бұрышы әрбір шақырым сайын 30 см-ге тең. Өзен арнасының терендігі қайраңда 1 м, негізгі арнасында 3 м, ал иірімдерде 4-5 м жетеді. Құяр сағасы тарамдарға бөлініп кетеді.
Жайықтың балық байлығы – Жайық өңірінің ғасырлар бойы негізгі табиғи қоры. Қызыл балықтың кейбір түрлері осы Каспий-Жайық-Еділ алабынан басқа жер шарының өзге еш жерінде кездеспейді. Сондықтан облыста су көздерін қорғау балық қорының көбеюімен тығыз байланысты. Облыстың басқа да шағын өзен-көлдерінде сазан, табан, көксерке, жайын, шортан және т.б балық түрлері көп кездеседі.
Ресей Ғылым Академиясы дала институтының директоры Александр Чибилевтың мәліметі бойынша өзен бойында 4 ірі су қоймасы, 80-нен астам су торабы және жалпы өзен жүйесінде 3100-дей тоғандар бар. Ең ірі су қоймалары жоғарғы ағысында Ресей жеріндегі Ириклин, Верхне-Уральское, Заводской прут. Бұл су қоймалары энергетика алу мен ауыл шаруашылығын суару, балық шаруашылығының талаптарын орындау мақсатында салынған.
Өзенінің орта бөлігінде көктемгі тасқын судың артығы қолдан қазылған Көшім каналы арқылы төрт су қоймасына құйылып, шабындық және жайылымдық жерлерді суаруға пайдалынады. Көшім каналы осы облыс еңбеккерлерінің қажымас қайратының белгісі. Отызыншы жылдары елімізде техникалық құралдар жетпей жатқан кезде еңбекші бұқара бұл каналды қолмен қазған болатын.
Облыс көлемінде Жайық өзені егістік жерлерді суаруға, кеме арқылы әр түрлі жүк және жолаушы тасымалдауға пайдалынады, балық ауланады.
Жайықтың жағасында 70 шақты қала мен елді-мекен бар. Бес миллионға жуық халық осы өзенмен тіршілігін байланыстырған.
БҚО мен Атырау облыстарына жылына 600 млн м3 су келеді. Жалпы Жайықтағы су көлемі 5 миллиард 300 млн м3 құрайды. Жалпы алғанда су көлемінің Атырау облысы 11% пайдаланып отыр. Ол ауыл шаруашылығына, ауыз суға, өндіріске, т. басқаларға пайдаланылады. Аталған мөлшердегі судың 80% ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады, яғни егістік, бау – бақша, жайылымдық жерлерді суаруға. Соңғы жылдары, Жайық өзенінің көліктік қатынас қызметі азайып, құрғақшылық пен шаруашылық мақсатына алынатын су мөлшерінің артуы өзеннің орташа су көлемінің жылына 7-8 км2 дейін азаюына әкеліп соқтырды. Егер осы жұмыстарды тамшылатып суару сынды жаңа технологиялармен, тың әдістермен орындаса, су көлемі әлдеқайда мол үнемделеді. Ал тұрмыстық тұтынуға кетіп жатқан су көлемі онша көп емес, бірақ мұнда да ысырапшылдыққа ұрынбауды ойлау керек. Қазір Жайық – бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайсыз жалғыз су көзі.
Жайық өзенінің Каспийге құяр сағасынан Орал қаласына дейінгі аралық 60 – жылдардың басынан мемлекеттік қорық зонасына айналды. Осының нәтижесінде төмен түсіп кеткен деңгейі 70 – жылдары бірнеше есе өсті.