Ақтаңдақ түзеу әдісі

Вирусы бар затты тіндік дақылына жұқтырады, бетін құрамында бейтарапты қызыл бояуы бар агар қабатымен жауып термостатта (37°C) инкубациялайды. Вирус өскен жердегі жасушалар бұзылады, соның нәтижесінде ақтаңдақ пайда болады, ал айналасындағы бұзылмаған жерлер қызыл түске боялады. Осындай негативті ақтаңдақтар 48 сағ және одан да көп уақыттан кейін пайда бола бастайды (егер вирус бар болса).

Гемагглютинациялық реакция (ГАР - РГА)

Ерекше антигендері (гемагглютинині) бар кейбір вирустар эритроциттерді бір - бірімен жабыстырады - агглютинациялайды. Егер зерттелетін затта вирус бар болса эритроциттер бір - бірімен агглютинацияланып зонтик тәріздес яғни, айналасы бұдырланып тұнбаға отырады(оң нәтижелі реакция). Вирус жоқ болған жағдайда эритроциттер агглютинацияланбайды, тұнбаға айналасы тегіс (түйме тәріздес) болып отырады (теріс нәтижелі реакция). Толық гемагглютинация беретін сұйылту деңгейін бір гемагглютинациялық бірлікке санайды. Бұл реакция иммунологиялық реакцияларға жатпайды, өйткені реакцияда антиген антидене құбылысы жоқ. ГАР тек қана вирустың бар - жоғын анықтау үшін ғана қолданады.

Бактериофагтар бактерияларға еніп, оларда өсіп - өніп көбейіп, бактерияларды лизистейтін (бұзатын) вирустар. Қазіргі кезде оларлы бактериофаг демейді, фагтар деп атайды. Себебі, фагтар бактериялармен қатар басқа да микроорганизмдерде болатыны дәлелденген. Фагтардың жалпы морфологиясы мынадай: алты бұрышты, басы сыртынан белокпен қоршалған, ішінде ДНҚ-ы бар. Басына жиырылу қабілеттілігі бар түтікше тәріздес сырты белокты қапшықпен қоршалған құйрықша шығады. Құйрықшаның басқа жабысар жерін мойыны немесе жағасы деп атайды. Құйрықшаның ең шетінде базальды пластинка бар, одан 6 тікенекшелер шығады. Осылардың көмегімен фаг бактерияға жабысады, ол базальды пластинкада болатын лизоцим ферментімен бактерияның сыртқы қабатын теседі де мойыны және құйрықшасы жиырылып басының ішіндегі ДНҚ-ы бактерия ішіне енеді.

Бактериофагтарды 6 морфологиялық типтерге бөледі:

- таяқша немесе жіпше тәріздестер

- тек қана басы бар, құйрықшасы жоқ

- басы бар, және одан шығатын шамалы бұдырлары бар

- басы және қысқаша құйрықшасы бар

- басы және ұзынша жиырылмайтын құйрықшасы бар

- басы және ұзын жиырылатын құйрықшасы бар.

Ең көп кездесетін фагтар 5-6 топқа жатады. Басының ішінде РНҚ-ы болатын фагтар кездеседі.

Басқа вирустарға қарағанда фагтар физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімділеу келеді. Олар 6000 атм.қысымға төзе алады, мұздатқанда, төменгі температуралық жағдайда, құрғатқанда тіршілік қабілеттілігін сақтай алады. Бірақ фагтар ультракүлгін сәуленің, радиацияның, химиялық дезинфекциялық ерітінділердің, қыздырудың (65-70°C)әсеріне сезімтал, тез өледі.

Спецификалық әсері бойынша полифагтар ( туыстас бактерияларды лизистей алатын) мен монофагтарға (бактерияның бір түрін немесе бір серотипін лизистейтін) бөледі.

Фагтар мен бактерияның өзара әсер ету механизмі бойынша оларды вирулентті және әлсіз топтарға бөледі. Бактериофагтық құбылыс бактериялардың лизистенуі негізінде вирулентті фагтардың әсерінен болады, бірнеше фазалардан тұрады.

Бірінші фаза - рецепторының көмегімен фагтардың бактерияға жабысуы құйрықшасымен, ондайы жоқтар бактерия қабатының сыртында болатын кірпікшелер фимбрияларға жабысады.

Екінші фаза - бактерияның ішіне ену. Құйрықша жабысып болғаннан кейін жиырылады да басындағы ДНҚ-ы бактерия ішіне енеді, ал фагтың сұлабасы сыртта қалып қояды.

Үшінші фаза - транскрипциялану. Фагтың ДНҚмен жаңа генетикалық информация келеді де “ертелі” және “кешеуілді” ферменттер синтезделе бастайды.

Төртінші фаза - бактерияның рибосомасында және полисомаларында белоктардың синтезделінуі.

Бесінші фаза - фагтық нуклеин қышқылының репликациялануы

Алтыншы фаза - дайын белоктар мен нуклеин қышқылдарынан вирус бөлшектерінің құралуы, яғни фагтың құралуы.

Жетінші фаза - фагтың шығуы. Ол “кешеуілді” лизоцимнің көмегімен атқарылады, яғни оның әсерінен бактериялық жасуша лизистенеді - бұзылады, оны фагтық өнімді инфекция деп атайды.

Бактериялардың сезімтал штаммдарына әлсіз фаг енгенде, бактерия өлмейді, лизогендік жағдайға көшеді. Лизогенді бактерияда фагтың ДНҚ-ы бактериялық ДНҚ-мен интеграцияланып, әлсіз фаг профагқа айналады. Осы қалпында бактерияның бір ұрпағынан екіншісіне беріліп отырады. Кейбір факторлардың әсерінен әлсіз фаг вирулентті түріне айналуы мүмкін.

Бактерияларға әлсіз фаг жұққанда олар кейбір жаңа қасиетке ие болады. Осындай құбылысты лизогендік (фагтық) конверсия (өзгеріс) деп атайды. Лизогениялық құбылыс микробтардың барлық жүйелік топтарының арасында кездеседі.

Бактериофагтарды пайдалану. Фагтарды жұқпалы ауруларды емдеу үшін, диагноз қоюға және аурулардан сақтану мақсатында қолданады.

Емдеу үшін стафило-, стрепто-, дизентериялық, іш сүзектік, салмонеллездік, коли - протейлік т.б. фагтар бар. Таблетка, ұнтақ немесе сұйық күйінде шығарылады.

Профилактикалық мақсатта тиісті фагтарды ауру қаупі төнген кезде, немесе науқаспен жанасқан адамдарға береді. Емдеу профилактикалық фагтарды ауыз арқылы және жарақаттарды өңдеу әдістерімен қолданады, инъекциялық әдіс қолданбайды.

Фагтардың тиісті микробтарға спецификалық әсерін жұқпалы ауруларға диагноз қою үшін және сыртқы орта объектілерінің тиісті микробтармен ластанғанын анықтау үшін жиі қолданады. Мысалы, судың, топырақтың, ас- тағамдарының ішек тұқымдас бактериялармен ластанғанын анықтау үшін фагтардың титрының реакциясын қояды. Егер де зерттелетін затта микроб бар болса спецификалық фаг оған еніп, өсіп - өніп, оның титрі көбейеді.

Науқастан, немесе басқа объектілерден бөлінген микроорганизмнің фаготиптерін анықтайды. Фаготипін анықтау әсіресе ішек инфекцияларында, стафилококкты инфекцияларда жиі атқарылады.

Фаготипін анықтаудың эпидемиологиялық маңызы бар, яғни инфекция көзін, таралу жолдарын байқауға болады.

Наши рекомендации