Көктегі Әкемізді қуантайық!
Атбасар қаласындағы «Агапе» қауымында «Билікке сәйкес өмір сүру», «Ауру-сырқаусыз, проблемасыз өмір суру» - деген тақырыптарда семинар-сабақ өткізген күннің ертеңіне: «Кім Иса Мәсіх берген билікті пайдаланып көрді?» – деген сұрақты қойғанымызда бүкіл қауым болып бір ауыздан: «Басқа адам болып қалдық!» - деп жауап берді.
«Сонда Жаратқан Иенің Рухы саған құдіретпен қонып, сен де олармен бірге ерекше күйге еніп Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан- дүниең өзгеріп, басқа адам болып кетесің». 1Патшалық 10:6.
Бауырлардың «Басқа адам болып қалдық!» - деген сөзін естігенде Жаратқан Иенің 1Патшалық кітабының 10:6 аятында берген уәдесінің «Агапе» қауымының сенушілерінің өмірінде орындалғанына куә болдық. Он бес адам ортаға шығып куәлік айтты. Олар әртүрлі ауруларынан сауыққандарын айтып қуаныштарымен бөлісті. Мухиддин бауырымыз екеуміз олардың айтқан куәліктеріне шексіз қуандық. Себебі Иса Мәсіхтің берген уәделерінің сенушілердің өмірінде орындалып, жеміс бере бастағанына Құдай бізді куәгер етті.
«Сол кезде уәде етілген Киелі Рух бойларыңа кірді...». Еф.1:13.
«Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелі Рух бойларыңнан орын алды...»
1Қор.6:19.
Ия, біз тәубе еткен сәтте бойымызға Киелі Рух енді. Және біздің денеміз Киелі Рух мекендейтін киелі үйге айналды. Олай болса, бізді мекендейтін Киелі Рух бұрын кереметтерін неге көрсетпеген?
Сіздер шайтанның арсыз екенін білесіздер. Сәл ғана саңылау байқаса, шақырусыз кіріп келеді де, іске кіресе кетеді.
Ал Киелі Рух өте сыпайы. «Кел, көмектес, жетеле, үйрет, қолда» т.б. – деп өтінбесең, өздігінен кірісіп кетпейді.
«Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын, демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!». Мат. 12:28.
Егер Тәңіріміз Иса Мәсіх жындарды Киелі Рухтың күшімен қуып шығарған болса, онда біз қалай Киелі Рухтың күш-құдіретінсіз әрекет ете аламыз. Киелі Рух мәңгілік. Ол өзгермейді. Иса Мәіхтің кезіндегі Киелі Рух та қазіргі Киелі Рух та - бір Киелі Рух. Оның өзі де, күші де өзгерген жоқ. Демек бізге тығызы қарым-қатынаста, байланыста тұру жетпей тұр. Киелі Рухпен тығыз қарым-қатынаста, байланыста тұрып, Оның еркіне сай әрекет етсеңіз, Исаның берген уәделерінің өз өміріңізде толық орындалатынына еш күмәніңіз болмасын.
Иса жер бетіне неге адам болып келді?
Иса дүниеге бүркіт болып, піл немесе кит болып келіп, кереметтер көрсетіп «Енді менің істеген кереметтерімді істеңдер!» десе біз: «Немене мен бүркіт пе едім, піл ме едім немесе кит пе едім?» деп қарсылық көрсеткен болар едік. Сол үшін Иса біз сияқты адам кейіпінде келді. Өзі Құдай бола тұрып, адам деңгейіне дейін төмендеп, бізді дұрыс өмір сүруге үйрету үшін адам келбетінде келді. «Мен өзің сияқты адам бола тұрып осындай кереметтер істесем, демек сен де Менің істегенімді істей аласың»» деп тұр Ол.
«Елдің бәрі Філіптің жасаған кереметтерін есітіп-көргенде, айтқан сөздерін зейін қойып тыңдады. Көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап шығып, көптеген сал, мүгедек болғандар сауығып, қала халқы үлкен қуанышқа кенелді». Ел. істері 8:6-8.
Осы сияқты елші Петірдің, елші Пауылдың жасаған кереметтерін оқығанда «Ол елші Петір ғой, ол елші Пауыл ғой. Олар Исаның Өзі таңдаған елшілері болды ғой. Мен жай қарапайым адаммын, менің қолымнан ондай кереметтер жасау қайдан келсін?» демеңіз.
Елшілердің арасында Пауыл мен Матайдан басқасының бәрі жай ғана қарапайым балықшылар еді. Онда олар кереметтерді қалай жасады?
«Өмірімізден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Оны ғана сүйіп, Оған түгелдей бағыштауымызды аңсайды». Жақ. 4:5.
деп бекер жазылған дейсіз бе? Яғни Иса Мәсіхтің және елшілердің жасаған кереметтерін біз де жасай алуымыз үшін біз жалғыз Киелі Рухты ғана сүйіп, Оған түгелдей бағышталуымыз керек. Солай еткен жағдайда Көктегі Әкеміз Иса Мәсіх отырған таққа жақындай түсеміз. Біз таққа неғұрлым жақындаған сайын, мандатымыздағы биліктің күші соғұрлым арта түседі! Иә, Құдайға шүкір, біз құтқарылғанбыз. Енді сол құтқарылған жерде қалып қоймай әрекет етіп Әкеміздің тағына жақындай түсуге ұмтылуымыз қажет.
Біз - Тәңіріміз Иса Мәсіхпен бірге еңбектенушілерміз. Бір істі тындырып тастасақ, Исаға бір қадам жақындаймыз. Мысалы, өз болмысымыздан шайтанды қуып бір ауруымыздан сауықсақ, Исаға бір қадам жақындаймыз, бір проблемадан құтылсақ, тағы бір қадам жақындаймыз. Бір адамның құтқарылуына себепкер болсақ, бір адамға жігер берсек т.б. Исаға тағы да жақындай түсеміз.
Бір жолаушы жолай балықшының үйіне кез болады. Балықшының әйелі балық қуырып жатыр екен. «Қарным ашып келе жатыр едім, біраз балық беріңізші» деп өтінеді жолаушы. Сонда балықшы: «Қарның ашса, мына қармақты ұста» деп әлгі жолаушыға беріп, өзі бір қармақты алып екеуі өзенге келіпті. Балықшы әлгі жолаушыға балықты қалай ұстау керек екенін үйретіп, екеуі өзеннен балық ұстай бастапты. Солай екеуі біраз балық ұстап, ұстаған балықтарын пісіріп, жеп тойған соң, балықшы жолаушыға: «Қарның ашқан жағдайда қалай тойынуды үйрендің. Бағана піскен балықтан беріп, тойдырып жібергенімде, үш-төрт сағаттан кейін қайта қарның ашатын еді, енді еш уақытта қарның ашпайды» деп шығарып салыпты.
Осы балықшы сияқты Иса Мәсіх те бізге биікке лайық ауырмай, проблемасыз, қайғы-қасіретсіз өмір сүруді үйретті.
Егер жолаушы балықшыға «Қарным ашты» деп тағы келсе, балықшы не дер еді? Өзенге барып тағы да балықты қалай аулау керек екенін үйретуі мүмкін. Үшінші рет қайта келсе, «Неткен санасыз едің?» – деп наразы болары анық.
Сол сияқты Иса Мәсіхке «Қолым ауырып тұр, сауықтыршы» деп қайта-қайта келе берсек Ол не дер еді?
«Халық арасынан біреу: ... Шәкірттеріңізден жынды қуып шығаруларын сұраған едім, бірақ олардың қолдарынан келмеді!» - деп жауап берді. Сонда Иса: - Ей, сенбейтін ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңдар болмақпын? Қанша уақыт сендерге төзбекпін?...» - деді». Марқа 9:19.
Сондықтан «қолым ауырды» деп қайта-қайта Исаға келе берсек «Өзіңе билік бердім ғой, неге сол билікке сай өмір сүрмейсің?» деуі әбден мүмкін.
Өзіңнің қолыңнан келіп тұрған іске «Әке, көмектес!» деп әкеңе бара беруге бола ма? Әкеміз билікті берді, қалай пайдалану керек екенін үйретті, енді өзің әрекет жаса!
Мен әкемін. Үлкен ұлым бес жасар кезінде он жасар Сәлима деген қыз ұрды деп үйге жылап келді. «Енді кімнен таяқ жесең де, үйге жылап келуші болма. Менің намысым келеді» дедім ұлыма. Сол бала одан соң үйге жылап келген емес.
Біз «Қолым» ауырды деп Исаға келе берсек, бұл «Мен шайтаннан жеңіліп таяқ жедім, шайтан мені қолымнан ұрды. Әке, сенің қас жауыңнан жеңілдім» деп келгенмен бірдей. Бұлай ету Әкеміз Иса Мәсіхтің намысына қатты тиеді. Сондықтан Әкеміздің қас жауының алдында көз жасыңды көрсетпе! Шайтанға ашық соғыс жариялап, қарсы шығып жеңімпаз бол! Жеңіліп қалсаң, Әкеміз Иса Мәсіх қайғырып-қасірет шегеді.
«Сонда Тәңір жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткеніне қайғырып, қасірет шекті». Жар. 6:6.
Адам шайтаннан жеңілмей ешуақытта күнәлі болмайды! Біздің шайтаннан әр жеңілісіміз бір күнә. Осы аяттың (Жар. басталуы 6:6) мәні ашылғанда мен: О, Әке, мен сені алпыс жыл қайғыртып, қасірет шеккізгенімді білген жоқпын. Өзімше бәрін дұрыс істеп жүрмін деп жүрсем, тек шайтанның жетегінде жүрген екенмін. Енді мені кешір» - деп еңіреп жыладым. «Бұдан былай Сені ешуақытта қайғыртпаймын» деп уәде бердім. Әкемді қайғыртқанша өлгенім жақсы.
«Ал сен тәубеңе түсесің де Жаратушы Иенің айтқандарын тыңдайсың және бүгін мына Мен өсиет етіп отырған Оның барлық шарттарын; Жаратушы Ие сені өз қолыңмен атқаратын кез-келген істе, өз кіндігіңнен тарайтын болашақ үрім-бұтағыңды, өз малыңның төлін еселеуде, өз жеріңнің жемісін көбейтуде табысқа кенелтіп, керегіңді мол етіп беретін болады; өйткені сенің әкелеріңе Ол қалай қуанса, саған батасын бере отырып, Жаратушы Ие сендерге де солай шаттанатын болады» . Заң. 30:89.
Қымбатты менің бауырларым, Құдай Әкемізді қуантайық! Бұл біздің қолымызда! (Ол үшін билікке сәйкес өмір сүр!) Біздің әрбір жеңісіміз Әкемізді шаттандырып қуантады! Әкемізді қуантқан әрбір ісіміз бізді Әкемізге бір қадам жақындатады!
Мен мектепте директор болып жүргенімде Бақыткерей деген кісі мұғалім болып қызмет істеді. Сол кісіге қандай жұмысты тапсырсаң да, ойыңдағыдан екі-үш есе артық етіп орындап қоюшы еді. «Мына істі екі күнде бітіріп әкеліңіз» десең, екі сағаттан соң бітіріп әкеліп тұратын. Сол кісі үнемі менің көңілімнен шығып жүрді. Мен де ол кісінің өтінішін сол сәтінде орындайтынмын.
«Енох Құдайға сенгені үшін ажалға жолықтырмай бұл дүниеден әкетілді. «Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны өзіне алып кеткен еді». Енохтың бұған дейінгі өмірінің Құдайға жағымды болғаны туралы да Киелі Жазбада айтылған». Евр. 11:5.
Құдай бізге жынды қу десе, бір жынды қуып отырсақ, онда біздің істеген ісіміз Құдайға жағымды болады. Егер жынның екеуін қусақ, тіпті жақсы.
Күнәкар болған бізді Иса не үшін құтқарып қалды? Не үшін бізді таңдады?
1. Адамдарды құтқару үшін.
2. Бізге басқалардың өмірін өзгертетін, жаңартатын күш пен билік берілген.
3. Тәңіріміз Иса Мәсіхтің ұлы тапсырмасын орындау үшін.
«Қол астындағы қызметшілерінің онын шақырып алып, әрқайсысына бір-бір қадақ күміс беріп тұрып:
Мен қайтіп келгенше осы қаражат пен жұмыс істеңдер! – дейді. ... ... Әлгі кісі патша болып қайтып оралады. Күміс берген қызмешілерінің қайсысы қанша табыс тапқанын білу үшін оларды өзіне шақыртады. Сонда біріншісі келіп :
-Тақсыр сіздің бір қадақ күмісіңіз он қадақ табыс келтірді, - деп есеп берді. Патшасы оны мақтап :
-Жарайсың, жақсы қызметшім! Кішкене істе сенімді болдың, енді он қаланың үстінен билеушісі бол, - дейді». Лұқа 19:13, 16, 17.
Осылай Исаның қадақ күмістерін көбейтсек, біз де Исаның көңілінен шығамыз.
«Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухтың атымен шомылдыру рәсімімен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!». Мат. 28:19,20.
Демек халықтарға Ізгі хабар айтып, оларды Исаға шәкірт етсек, Исаның бізге қалдырып кеткен қадақ күмістерін көбейткеніміз.
Лайым бәріңізге Құдай жар болып, Иса Мәсіхтің ұлы тапсырмасын табысты орындауларыңызға Киелі Рух күш беріп, Өзі жетелегей!
Андас бауырлар!
«...Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар!»
Марқа 16:15.
Осы айрықша аманатты орындауда табысты болуымыз үшін біз екі нәрсеге күмәнсіз сенімді болуға тиіспіз:
1. Бүкіл дүние жүзіндегі барлық ұлттар мен халықтардың «қандас» бауырлар екендігіне;
2. Біздің әрқайсымызды Құдайдың ерекше сүйетіндігіне.
Мен осы дүниялық өмірімде, оның ішінде 20 жыл молда болып жүргенімде ешкім де маған біреуді «сүй» деп айтпапты. Енді Иса Мәсіхті Құтқарушым деп қабылдаған соң, Иса Мәсіх маған: «Бүкіл жер бетіндегі барлық адамды сүй!» дейді.
Жарыңды сүю, перзенттеріңді сүю - табиғи нәрсе. Туысқандарыңды, достарыңды т.б. жақсы көру де табиғи нәрсе. Ал Иса: «Барлық халықтарды өзіңді сүйгендей сүй!» дейді. Жарайды, қазақтарды жақсы көрейін, ал орыстарды ше, кәрістерді ше, негірді, қытайды ше? Оларды қалай жақсы көрмекпін?
Осылай, сегіз ай бойына басқа ұлттарды сүйе алмай аса қатты қиналдым. Басқа ұлт адамдарын сүюге болмысым қатты қарсыласты. Өзім жиырма жыл жұртқа «Исаның соңынан ілескендер тозаққа топ етіп түседі» деп айтып келгенмін. Ал орыстар негізінен Исаға ілесушілер емес пе? Енді сол Иса маған «Орыстарды сүй!» дейді. «Иванды, Петрді, Николайды т.т. сүй!» дейді. Ал мен басқа ұлт өкілдеріне жүрегім елжіреп, сүйе алмадым.
Бір күні: «Тәңірім Иса, Өзің көмектеспесең мен басқа ұлт өкіілдерін сүйе алатын емеспін. Тәңірім Киелі Рух, Сенен жалбарынып сұраймын, менің болмысымдағы басқа ұлт өкілдеріне сүйіспеншілік көрсетуіме кедергі болып тұрған ұлтшылдық қарсыласу рухын алып тастап, жүрегімді Өзіңнің құдайлық сүйіспеншілігіңмен толтыршы!» - деп дұға еттім.
Сонда Құдай маған дүние жүзіндегі барлық ұлттардың бір-біріне «қандас» бауырлар екендігін дәлелдейтін шындығын ашты.
Біз туысқандарымыздың, перзенттеріміздің қандас екенін білеміз. Ал Құдай: «Барлық ұлт өкілдері қандас бауырың!» дейді.
«Олар бір тұтас халық болып бір тілде сөйлеп, мынаны істей бастады. Бұдан былай олар ойындағыларын жүзеге асырмай қоймайтын болады. Енді біз жерге түсіп, бірін-бірі түсінбеулері үшін олардың тілін шатастырып жіберейік», - деді. Жар 11:6,7.
Бұл Нұх пайғамбардың ұрпақтары Бабыл мұнарасын тұрғыза бастағанда болған оқиға. Бабыл мұнарасын тұрғызушылардың барлығы Адам атаны тікелей ұрпақтары болатын. Бәрі бір тілде сөйледі, бәрінің тәнінде Адам атаның қаны ақты.
«Құдай оларға оң батасын беріп: «Өніп-өсіп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып жер бетін толтырыңдар!...»-деді. Жар 1:28.
«Сонда олар бір-біріне: «Келіңдер, кірпіш құйып, оны отқа күйдірейік!» - деді де тас орнына күйген кірпіш, әк орнына қарамай алады. «Өзімізге қала және төбесі көкке жететін зәулім мұнара тұрғызайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түпкір-түпкіріне бытырап кетпейміз», - деді. Жар 11:3,4.
Бұл ойды олардың санасына шайтан салған еді. Осы ой арқылы шайтан адамдарды Құдай заңын бұзуға итермеледі. Сөйтіп адамдар Құдай заңын бұзып, жердің бетін толтыруан бас тартты.
«Сонда Тәңір жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткенін қайғырып, қасірет шекті». Жар. 6:6.
Сөйтіп: «Енді Біз жерге түсіп, бірін-бірі түсінбеулері үшін олардың тілін шатастырып жіберейік» деді. Жар. 11:7.
Осылай бір сәттің ішінде «алты мың» түрлі ұлт пайда болды, олар «алты мың» тілде сөйлей бастады. Бабыл мұнарасының маңайы айқай- шуға толды. Себебі кірпіш қалаушы: «Лай әкел» десе, оған кірпіш әкеледі. «Су әкел» десе, топырақ әкелді т.с.с. түсінбеушіліктер орын алды.
Енді бірін-бірі түсінгендері топтасып, бүкіл жер бетіне тарай бастады. Бірін-бірі түсінген бір топ қазақтар болды, бірін-бірін түсінген екінші топ орыстар болды... Солай топтасып әртүрлі ұлт өкілдері пайда болды. Бірақ барлығының бойында Адам атаның қаны ағуда еді.
Оған дәлел мынадай негіз бар: медицинада ауру адамға «қан құю» деген бар. Маған операция жасағанда орыс әйедің қанын құйды. Орыс әйелдің қанын менің тәнім қабылдады. Қан құюда маңызды нәрсе қанның қай ұлттың өкілінен алынғандығында емес, қай топтағы (группа) қан екендігінде. Олай болса біздің тәніміздегі қанның құрамы өзгермеген!
Онда адамдардың әртүрлі ұлт болып бөлінуінің негізі қайда?
Ғылымның дәлелдеуінше, адамның ағзасында ДНК болады. Әр ұлттың ДНК – сы әр түрлі.
Шартты түрде: 1. Адам – атаның ДНК-сы
2. Қазақтардың ДНК-сы
3. Орыстардың ДНК-сы
4. Цыгандардың ДНК-сы
ДНК-дағы бүртік орналасуына қарай ұлттың ұлттық психологиясын, ұлттық менталитетін, ұлттық темпераментін қалыптастырады.
Тарихта мынадай жағдай болған: бір бай орыс отбасы перзенті болмағандықтан, жас цыган нәрестесін асырап алады. Бала ағыл-тегіл молшылықта өсіп, оған жоғары дәрежеде аристократтық тәрбие беріледі. Бала ер жетіп, он сегізге толғанда олар тұратын қаланың маңайына цыгандар тобыры келіп қоныстанады. Бір күні байға «Балаң цыгандармен билеп жүр» деген хабар жетеді. Ол атқа міне сала шауып келсе, шынында да баласы цыгандармен билеп жүр екен. Әкесі баланы үйіне әкеліп, цыгандармен билеуге тиым салады. Бірнеше күннен кейін тағы да оған: «Балаң цыгандармен билеп жүр» деген хабар жетеді. Бай кісі қатты ашуланып, баласын ұрсып, үйге әкеліп қамап қояды. Бір аптадан соң цыгандар ол қаладан көшіп кетеді. Цыгандардың көшіп кеткенін білген бала түнде терезеден ұрланып шығып, соңдарынан қуып жетіп, цыгандарға қосылып кетіп қалған. Өйткені цыган баланың болмысында бар цыгандық ДНК-сы баланың цыгандарға еріп кетуіне себепкер болды.
Киелікітаптық ақиқатқа назар аударсаң Мұса пайғамбар перғауынның патшалық сарайында өмір сүріп, патша баласындай етіп мысырша тәрбиеленгенімен ол еврей болып қала берді.
«Арада бірнеше жыл өтіп, Мұса ер жеткен соң бір күні өз халқының арасына барып, олардың қандай ауыр жұмыс істеп жүргендерін көрді. Сол кезде исраилдік ұлттастарының біреуін бір мысырлықтың сабап жатқанын байқап қалды. Жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен Мұса мысырлықты ұрып өлтіріп, құмға көміп тастады». Мыс 2:11,12. Бұл жағдайда да Мұса пайғамбардың ағзасындағы ДНК- ның еврейлік бүртігінің себепкер болғанын көреміз.
Бұдан шығатын ақиқат: біздің әртүрлі ұлт болуымызға себепкер болатын нәрсе ДНК-мыздағы айырмашылық екен. Ал дүние жүзіндегі барлық халықтардың бойында бірдей қан ағуда. Ол қан – Адам атадан келе жатқан қан. Олай болса, біз бәріміз қандас бауырластармыз. Барлық ұлт өкілдері менің қандас бауырым деп рухымызда қабылдауымыз керек.
Англияның оқымыстылары ғылыми да, практикалық деңгейде де ДНК-ны өзгертуге тығыз жақындағандарын мәлімдеді. ДНК-ны өзгертудегі олардың мақсаты бізге белгісіз.
Бірақ бізге мына бір жағдай белгілі. Екі мың жыл бұрын ДНК-ны өзгерте алатын Біреу дүниеге келді. Ол - Иса Мәсіх еді. Оның жерге келгендегі басты мақсаттарының бірі - біздің ДНК-мыздағы бүртіктерді алып тастау.
Иса Мәсіхті қабылдап, Онымен бірге өмір сүре бастағаннан бері менің болмысымда мынадай өзгерістің бола бастағанын сезінемін: Егер тәубе еткенге дейін менің ДНК-м мынадай болған болса, жоғарыдағы ақиқат ашылғанан бері менің ДНК-ның келбеті былай болып өзгерді. Бұл ДНК-дағы бүртіктің кішкентай қалдығы немен айқындалады? Мен негізі болмысымнан балажанды адаммын. Сондықтан перзенттерім мен немерелерімді басқа адамдардан біршама болса да көбірек жақсы көремін.
Негізі, мен бүкіл дүние жүзіндегі ұлт өкілдерін өзімнің қандас бауырларым деп қабыдап, өзімді сүйгендей сүйе бастадым.
Құдайға мінажат етіп дұға еткенде: «О, Жаратқан Ием! Басқа адамдарды да өз перзенттерімді сүйгендей сүйетін етші!» - деп сұраудамын. Құдайдың тілеуімді беріп, менің ДНК-мдағы бүртіктің қалдығын алып тастап, Адам атаның ДНК-ның кебетіне келтіріп (дұрыс тік төртбұрыш), барлық адамдарды да перзентерімдей сүйетініме сенемін.
Біз Құдай Патшалығының және шайтан патшалығының бар екенін білеміз. Екі патшалық бар болса (екі мемлекет), онда шекара да бар. Шекара бар болғандықтан кеден де бар.
Ұлы соттың төрағасы, әрі кеденнің бастығы – Иса Мәсіх. Бәріміз де әлі осы кеденге келеміз. Сол кезде ДНК-сы Адам атаның ДНК-сындай болған адамдар сотталмай өтеді. Ол дәрежеге жетпегендердің сотталары хақ. Себебі біздің ДНК-мыздағы бүртіктің пайда болуына себепкер болған шайтан еді ғой. Сол бүртікпен соттың алдына келсек біздің болмысымыздан шайтаның «қолтаңбасы» айқын көрініп тұрады. Ал шайтанның «қолтаңбасымен» жұмаққа кіргізбесі анық.
Себебі Иса Мәсіх: «Мен саған Иванды, Петрді, Николайды... т.б. сүй демеп пе едім, сен оларды сүйе алған жоқсың, енді саған жұмақта орын жоқ. Өйткені жұмақта мәңгі өмір сүретін адамдардың барлығының да ДНК-сы Адам атаның ДНК-сындай болуы шарт. Басқа ДНК-мен келген адамдарға мұнда орын жоқ!» дейді.
Біз кеденнен өткенде елімізге оралып келіп жатқан оралмандар сияқты ата жұртымызға ораламыз. Және бірден өзімізге тиісті «квотамызды» аламыз. Алатын «квотамызда» мынадай үш нәрсенің болатыны күмәнсіз:
1. Ақ киім.
2. Адам-атаның тілі. Жер бетінде ол тілдің бар екенін немесе жоқ екенін мен білмеймін. Бірақ сол тілде сөйлейтінімізді білемін. «Қартайғанда бөтен тілді қалай үйренеміз?» деп уайымдамаңыздар. Киелі Жазбада:
«Бәрі Келі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарындарына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады» - деп жазылған. Ел. 2:4.
Біз де ол тілді оқып үйренбей-ақ бірден таза сөйлеп кететін боламыз.
3. Мадақтау дарынын аламыз. Солай барлығымыз да тек қана Құдайды мадақтаймыз. Мадақ айтқан сайын шексіз қуанышқа кенеліп, шаттанып, Құдай Әкемен бірге ләззат аламыз.
Бір кісі ол дүниелік болған соң жұмақтың есігіндегі саңлаудан қараса, іші тола ақ киім киген адамдар жүргенін көреді. Бір періште шығып: «Неғып жүрген адамсың?» деп сұраған ғой. Сонда ол: «Мұнда қазақтар бар ма?» деп сұрапты. Періште: «Жоқ! - дейді, - орыс та, кәріс те жоқ!» «Онда мына жүрген адамдар кім?» дегенде «Бұлар мәсіхшілер!» деп жауап береді. Сосын ол тозақтын саңлауынан сығалайды. Ол жерде де алдынан періште шығып: «Неткен адамсың?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Мұнда қазақтар бар ма?» дейді. Періште: «Кө-ө-өп, - дейді, - орыстар да, кәрістер де, негірлер де... т.б. бәрі бар, бәрі тозақ отына жануда» деген екен. Әрине, бұл ойдан шығарылған анекдот.
Лайым әрқайсымыз шынайы, ДНК-сы бүртіксіз, дұрыс мәсіхші болуға талпынайық!
Егер мен Петрға «Сен орыссың» деуім дұрыс па? Оның орыс болуына себепкер кім еді? - Әрине, шайтан. Ал егер ол: «Сарыбай ата, сен қазақсың» десе. Менің қазақ болуыма себепші - шайтан. Біз бір-бірімізге қазақ, орыс деп ұлтқа бөле бастағанда, шайтанды мадақтай бастайды екенбіз. Сондықтан «Құдайым, маған Адам атаның ДНК-сындай ДНК берші, сөйтіп мені шынайы мәсіхші етші! - деп сұраңыз. Әйтпесе Құдай Патшалығына кіре алмаймыз.
Мысалы, мен Ізгі хабар айтуға Николайға бардым делік, Николайға «Иса Мәсіхті қабылдасаң, бұл дүниеде бақытты боласың, о дүниеде жұмаққа кіресің» дейік, ал ол біздің сөзімізге «сенбеймін» десін. Сонда мен «Сенбесең сенбе, өз обалың өзіңе, бір орыс құтқарылмаса құтқарымай-ақ қойсын!» деп бұрылып кетіп қалдым делік. Енді Иван Әбләкімге Иса жайында айта бастаса, Әбләкім: «Әй, Иван, қойшы сол Исаңды. Ол орыстардың Құдайы ғой» дегенде, Иван қолын бір сілтеп кетіп қалса ше?
Бұл екі жағдайда да біз Иса Мәсіхтің Ізгі хабар тарату туралы аманатын есеп үшін ғана орындағанымыз көрінеді. Ал шын мәнінде, біз Иван екеуміз Әбләкім мен Николай үшін жан беріп, жан алысқан рухани шайқасқа түсуіміз керек еді. «Мен Николайды құтқаруым керек, ол менің қандас бауырым, оның бұл дүниеде қасірет шегіп, о дүниеде тозақ отына жанғанын қаламаймын. О, Киелі Рух! Өзіңнен жалбарынып сұраймын, маған көмектесе гөрші!» деп жігермен дұға етуіміз керек және Киелі Рухтың көмектесетініне, Өзі жетелейтініне күмәнсіз сенуіміз қажет. Өйткені Киелі Рух біздің шексіз құдіретті серіктесіміз. Біз бірге еңбектенушілерміз.
Қымбатты бауырластар! Лайым Иеміз Иса Мәсіх рухани шайқастарда сіздерге көп жеңіс сыйласын! Сіздерге Құдай жар болып, молынан рақымын төккей!
Шедеврлар (Қайталанбас бірегей туындылар)
Әдетте Ізгі хабар айту барысында «Құдай сізді сүйеді» деп бастау әдісі кең тараған. Алғашқы кездері жұртқа «Құдай сізді сүйеді» десең тоқтай қалып, сөзіңді зейін қойып тыңдайтын. Қазіргі кездері жұрт «Құдайдың мені сүйетінін қайда білесіз? Мен күнәкар адаммын. Құдайдың сүйіспеншілігіне лайық емеспін. Құдайдың мені сүйетінін қалай дәлелдейсіз?» т.с.с. сұрақтар қоя бастайды. «Киелі Кітапта солай жазылған» десең, «Ол кітапты кім жазғанын қайдан білейін, жазған адам өзінің ойын жаза салған шығар» деп қарсылық білдіреді. Адамдардың бұлай айтуы заңды нәрсе. Себебі біз күмәндануға аса бейімбіз. Күмәншілдік рухы санамызды улап қойған.
«Исаның он екі шәжіртінің бірі, Сыңарлас деп аталып, жүрген Тома, Иса келген кезде олардың арасында жоқ еді. Басқа шәкірттері оған:
- Біз Иемізді көрдік – дегенде , Тома:
- Мен Оның қолдарынан шегелердін орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстап көрмесем, Оның тірілгеніне еш сенбеймін - деп жауап берді». Жох. 20:24,25.
Ал енді шедевр (Қайталанбас бірегей туынды) дегеніміз не?
Шедевр - дүниеде тендесі жоқ туынды.
Мысалы, Астанадағы «Бәйтерек» мұнарасы, Мәскеудегі «Останкино» телемұнарасы, Париждегі «Эйфель» мұнарасы, Мұхтар Әуезовтың «Абай» эпопеясы, Құрманғазының «Адайы», Огинскийдің «Полонезі», Леонардо да Винчидің «Мона Лизасы». Міне осындай ерекше теңдесі жоқ туындыларды «шедевр» деп атайды.
Шедеврдің аса құндылығын мына бір мысал көрсетеді: Леонардо да Винчидің «Мона Лизасын» Америкада өткен бір көрмеге апарғанда картинаны бір жолаушылар тасымалдайтын кемеге тиеп, бір соғыс кораблі қорғап барған екен. Көрме аяқталған соң бір миллиардер келіп картинаны сатып алмақшы болып саудаласқанда, оған бүкіл дүние жүзіндегі барлық ақшаны жинаса да осы бір картинаның құнына жетпейді деп жауап беріпті екен.
Мысалы, Астанадғы «Бәйтеректің» авторы Сүйерхан Базарбаев «Бәйтеректің» жобасын жасағанға дейін қарапайым он ғимараттың жобасын жасады делік. «Бәйтеректен» кейін де тағы да қарапайым он ғимараттың жобасын жасасын. Ол осы өзі жасаған жобаларының ішіндеқайсысын аса қатты бағалап, жақсы көрер еді?
Әрине, «Бәйтеректі». Себебі «Бәйтерек» оның теңдесі жоқ бірегей туындысы.
«Сен іш құрылысымды қалыптастырдың Ана құрсағында мені жараттың. Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, Керемет ғажап – жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын». Заб. 138:13-14.
Біздің әрқайсымыздың қайталанбас бірегей, ерекше екенімізді ғылым да дәлелдейді. Дүние жүзінде қанша адам болса, соның бәрінің саусақтарының таңбасы бір-біріне еш ұқсамайды. Олай болса, біздің әрқайсымыз - Құдайдың теңдесі жоқ ерекше туындысымыз, яғни «шедевріміз», сондықтан Ол бізді күмәнсіз сүйеді.
Біздің Көктегі Әкеміз – көп балалы Әке. Ол балаларының бәрін де бірдей сүйеді.
Қауым – Исаның атынан жиналған шедеврлердің жиыны.
Сонымен, Ізгі хабар айтайын деп тұрған адамды мейлі ол кім болсын, қандай ұлттың өкілі болса да, тіпті арықта жатқан «бомж» болса да, «ол менің қандас бауырым» және «Құдайдың аса бағалы шедеврі» деп қабылдауымыз керек. Және сол шедевр бауырымызды шайтанның құлдығынан құтқаруға тырысуымыз керек.
Лайым Иеміз Иса Мәсіх сіздерге рухани шайқастарда жеңістер сыйласын! Сіздерге Құдай жар болып, молынан рақымын төксін!
Сендіру әдісі
Атеистік – коммунистік қоғам ыдыраған соң халық рухани еркіндікке ие болды. Бірақ халық рухани өте аш еді. Осы кезде әртүрлі дін өкілдері өздерінің діни ұғымдарын уағыздай бастады. Рухани аш халық кез келген ұғымды шынайы шындық деп қабылдай берді. Бірте-бірте әртүрлі рухани азыққа тойынған халық енді таңдап ең сенімдісін қабылдайтын дәрежеге жетті.
Біз Тәңіріміз Иса Мәсіхтің ұлы тапсырмасын (Ізгі хабар тарату) орындау барысында табысты болуымыз үшін, халықты Исаның Құтқарушы Құдай екеніне күмәнсіз сендіре білуіміз керек. Мұны сендіру әдісі деп атайды.
Мен Исаны Тәңірім Құтқарушым деп қабылдған соң тек қана құран арқылы Ізгі хабар айтып жүрдім. 2004 жылы Көкшетау аймағына құран арқылы Ізгі хабар тарату барысында ерекше қиыншылыққа душар болдым. Кешке үйге келген соң ұзақ уақыт дұға еттім: «О, Киелі Рух, өмірімнің соңына дейін құран арқылы Ізгі хабар тарата беремін деп жүрген едім. Бүгін Өзің көрдің, мынандай қиыншылыққа тап болдым. Енді не істеуім керек? Киелі Рух, Сен Ізгі хабар таратудың барлық әдісін білесің, маған ең жақсы әдісін үйретші, өтінемін. Өйткені мен Ізгі хабар таратпай өмір сүре алмаймын! Үйретші, үйретші, үйретші!» - деп дұға етіп, ұйықтап қалдым. Таңғы сағат төртте мені Киелі Рух оятып, Ізгі хабарды қалай айту керек екенін үйретті. Бұл әдіс сендіру әдісі еді. Содан бері осы әдіспен - сендіру әдісімен - Ізгі хабар айтып жүрмін. Бірде-бір қарсы сұрақ қоя алған адамды кездестірген емеспін.
2006 жылы Киелі Рух тағы да бес әдісті ашты. Киелі Рух ашқан осы әдістерді сіздерге үйретсем деген мақсатпен осы кітапқа жазып отырмын. Киелі Рух маған Ізгі хабар айту барысында мынадай жағдайларды үнемі ескеріп отыруымыз қажет екенін үйретті.
1. Жылы жүзді адам тезірек сендіре алады.
2. Ізгі хабар айтып тұрғаныңызды немесе отырғаныңызда сіздің тұсыртыңызда (арт жағыңызда) ешкімнің болмауы шарт. Себебі арт жағыңызда тұрған адам аузын қисайтып, қолын шошайтып, көзін алартып, саусағымен шекесін шұқып, т. б. қимылдар жасап, сізді мазақтап, «оттап отыр» деген белгі жасаса, сіздің іс-әрекетіңіздің нәтижесіз болғаны. Тыңдаушылардың назары мазақтаушы адамға ауып кетеді.
3. Сұқбаттасып отырған адамыңыздың жүзіне тіке қарап, сенімді, жігерлі түрде сөйлеңіз. Төмен қарап, міңгірлеп сөйлесеңіз, өзі де сенбей тұр деген ой келеді.
4. Ізгі хабарды айту барысында айтыс, дау туғызатын құран, ислам, дін, Мұхаммед т.с.с. сөздерді ешуақытта айтуға болмайды. Сол сөздер арқылы мұсылмандардың намысына тисеңіз, олар қайтіп сізбен сұхбаттаспай, жабылып қалады.
5. Айтыс туған жағдайда жеңіле біліңіз. Қызылорда қаласындағы «Агапе» қауымында Мухиддин бауырымыз екеуміз қызметте болғанымызда төрт молда бізді іздеп келіпті. Әңгіме арасында айтыс туып кетті. Сонда мен оларға: «Бізді іздеп келгендегі мақсаттарың қандай? Егер бізді айтыста жеңіп кету мақсатында келсеңдер, онда сендер жеңдіңдер, мен жеңілдім, - деп екі қолымды көтеріп жеңілгендік белгіні жасадым. - Егер ойымызды, ұғымымызды білгілерің келсе, онда әр сөзге қарсыласып, дауласпай сөзді соңына дейін тыңдаңдар» - дедім. Және мына бір мысалды да айтып бердім: Индия халқында мынадай бір мақал бар: «Егер айқаймен үй тұрғызуға болатын болса, онда есек бір көше тұрғызар еді. Алайда айқаймен үй тұрғызған есек жоқ қой, солай емес пе?» дегенімде, олар сабасына түсіп тыншыды. Әңгіменің соңында олар Исаның Құдай екенін мойындап кетті.
6. Ізгі хабарды жай дән сеуіп кету үшін емес, негізіне жеткізіп айтуды мақсат етіңіз, онда кездескен сәтте әңгімені бастап кетпей, Киелі Рухқа «Өзің басташы» деп кезек беріп, дұға етіп, сабырмен күтіңіз.
Құрал бауырымыз екеуміз бірге қызмет етіп жүргенде, ол кез-келген адамға «Құдай сені сүйеді» дейді. «Оны қайдан білесің? деп сұрағандарға «Мына ата түсіндіреді» деп менің қасыма әкеліп отырғызады да өзі дұға етіп отыра береді. Мен түсіндіре бастаймын. Қызылордадан қайтып келе жатқанда мен отырған купеде екі әйел, екі ер кісі карта ойнап отырды. Мен Киелі Кітапты ашып әрі оқып, әрі дұға жасап отырдым. Дұғада: «О, Киелі Рух, сен білесің ғой, мен әңгімені өзім бастап кете алмаймын. Құралды Қостанайға жіберіп қойдың, енді Өзің басташы! Өзің басташы! О, Киелі Рух, Сенен жалбарынып сұраймын. Өзің басташы, Шымкентке жақындап қалдық қой, енді басташы!» - деп іштей дұға еттім.
Сол кезде әйелдердің біреуі: - Ата, мына оқып отырған кітабыңыз қандай кітап?- деп сұрады. Бұл Киелі Рухтың Ізгі хабарды бастағанының белгісі еді. Мен оқып отырған кітабымның қандай кітап екенін түсіндіре бастағанда дәлізден өтіп бара жатқан адамдардан тағы да үшеуі келіп, әңгіме тыңдауға отырды. Кейін сол отырған жетеуі де Исаны Құтқарушым – Құдайым деп қабылдап тәубе етті.
Осылай Киелі Рухпен тығыз байланыста болып, бірлесіп қызмет ету аса маңызды.
7. Мүмкіндік болса, Ізгі хабарды екі адам болып айтқан дұрыс. Бірі Ізгі хабарды айтып отырғанда, екіншісі дұға етіп отырады. Ізгі хабар айтылып жатқанда дұға жасап отыру аса маңызды.
Өскемен қаласынан жоғары 50 шақырым жерде «Ызғұтты» деген ауыл бар. Сол ауылға барып мәсіхші бауырлар ізгі хабар айтып, «Құдай жолы құтты жол» деген кітапты таратқан. Біраз адамға кітап жетпей қалады. Сонда сенушілер келесі бейсенбі күні тағы да кітап әкелуге уәде береді.
Олар кеткен соң ауылдың имамы кітап алған барлық жанұяны аралап, «Бұл кітапты оқысаңдар тозаққа түсесіңдер, оны өртеп жіберіңдер!» деп қарсы үгіт жүргізеді. Келесі бейсенбі күні сенушілер келгенде: «Сендер бізді тозаққа сүйреп жүр екенсіңдер» деп ауыл тұрғындары наразылықтарын білдіреді. Сонда Сиязбек деген бауырымыз «Бұл кітап жайындағы ақиқатты түсіндіретін адамды сендерге алып келемін» деп уәде беріп, бізге хабарласты. Сөйтіп біз Құрал екеуміз Өскеменге бардық. Әлгі ауылда елу бір адам жиналды. Отыз тоғызы қарт кісілер. Мен оларға таратылған кітаптың қандай екенін түсіндіріп тұрғанда, бірге келген төрт бауырымыз тоқтамай үйді айналып жүріп дұға етеді. Нәтижесінде жиналған елу бір адамның бәрі түгел тәубеге келіп, Исаны – Құтқарушым, Құдайым деп қабылдады. Бір жарым жылдан соң сол ауылдың бір қызын жолықтырып сұрағанымда ауыл түгел тәубеге келгенін естігенде, қуанштан жүрегіміз жарыла жаздап, Құдайдың бұл кереметін бауырлардың дұғасына берген жауабы деп қабылдап, Құдайға шексіз алғысымызды айттық.
8. Киелі Кітаптың аяттарын ешуақытта өзіңіз оқымаңыз. Кімге Ізгі хабар айтып отырған болсаңыз, сол кісінің өзіне оқытыңыз.
Себебі: 1) Аятты өзіңіз оқысаңыз, Исаны қабылдату үшін кітапта жоқ нәрселерді өзі жанынан қосып айтып отыр деп күмәндануы ықтимал.
2) Бұрын оның аузынан ешуақытта Құдай сөзі шықпаған.
Киелі Жазбада:
«Себебі Құдай сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерлеп, бағалайды» деп жазылған ғой. Евр. 4:12.
Сондықтан Құдай Сөзі аузынан шыққан кезде оның ішкі дүниесіндегі ой-ниетін бағалап, әшкерлей бастайды.
3) Жоғарыда айтылған «Ызғұтты» деген ауылда болған жиналыста жиналған адамдардан «Мына кітапты қайсыңыз оқисыз?» деп сұрадым. Барлығы бір ауыздан: «Ахмет оқысын!» деді. Мен қандай аятты оқу керек екенін айтып тұрдым, ал Ахмет сол көрсетілген аяттарды оқып отырды. Жиналыстың соңынан кешігіп келген бір кісі: «Сіз неге тек қана Иса пайғамбар жайында ғана айтасыз, неге Ислам жайында, Мұхаммед пайғамбарымыз жайында, шариғат заңдары жайында ешнәрсе айтпайсыз?» деп наразылық білдірді. Сонда мен былай дедім: - Егер мен базарға барып костюм сатып алдым десем, бұл менің сөзім болар еді. Мен бұл сөздерді айттым ба?
-Жоқ айтқан жоқсыз, - деді ол.
- Ал Ахмет үйіге қонақтар келген еді, соларды қонақ етіп, күтіп шығарып салдым, - десе, онда ол Ахметтің сөзі болар еді. Ахмет солай деді ме?
- Жоқ.
- Ахмет не істеді?
- Ахмет кітап оқыды.
- Қандай кітап оқыды?
- Құран оқыды.
- Иә, ал құран қандай кітап?
- Құран сөзі Құдай сөзі - деді отырғандар бір ауыздан.
- Онда неге құранда Иса жайында жаза бергенсің? деп наразылығыңызды Құдайға айтыңыз, - дедім. Сол кезде барлығы «молдекеңнің айтқандары өте дұрыс» деп, қоштап түгел тәубе етті.
Байқоңырда бес жылдан бері намаз оқып, ораза тұтып, мешітке барып жүрген бір жігітке Ізгі хабар айту барысында Киелі Кітапты өзіне оқыттым. Әңгіменің соңында ол орнынан көтеріліп, тізерлеп тұрып: - Сіз неге тек қана Иса жайында айтасыз? Неге Ислам жайында, дін жайында, құран жайында, пайғамбарымыз Мұхаммед жайында айтпайсыз? - деді.
- Манадан бері Иса жайында айтып отырған кім өзі? Иса жайында қоймай оқып беріп отырған сен ғой, қарағым-ау. Исасыз бұл дүниеде бақытты өмір сүре алмайсын, о дүниеде жұмаққа кіре алмайсың деп сендіріп отырған өзің емес пе? -дегенімде тоқтап қалды да қайтадан отыра кетіп, «мен Исаны қабылдаймын» деді.
Ізгі хабарды таратып жүрген кездерімізде осындай жайттар өте көп кездескен. Соның бәрінде де Киелі Рух бізді жеңіске жеткізіп отырды. Құдайға алғыс!