Атерлі ісікпен иммунды жүйенің өзара қарым-қатынасы
Соңғы жылдары иммунды жауаптың обырға қарсы серпілісі тек қатерлі ісікке қарсы иммунды жауаптың ерекшілігімен ғана байланысты емес, сонымен бiрге, бірқатар ісік жасушаларының биологиялық ерекшілігіне сыбайластығы анықталды.
Біріншіден, ол iсiктiң антигендік мінездемесiне байланысты: ісікерекшелi антигендердің күші мен иммуногендік дәрежесіне және ісік жасушасы бетіндегі антиген детерминанттар мөлшерiне байланысты. Ісікке қарсы иммунды жауап шақырылуында және оның тиiмдiлiгiнде басты рөлді ісік жасушасының гистосәйкестiк антигендерi және цитокиндерге арналған рецепторлар дәрежесi атқарады.
Сонымен қатар, ісік жасушалары иммунды тежегiштiк әсер көрсететін бірқатар заттарды бөледi. Ол факторлардың көбісінің табиғаты белгісіз, бірақ олардың деңгейі ісік қатерлігінің деңгейіне сәйкес келедi.
Мысалы, ісік жасушалары Тх1 белсенділігін, дамуын тежейтiн бірқатар цитокиндер түзiп, ісікке қарсы жасушалық иммунды жауапты төмендететіні дәлелденген. Сөйтіп, бірқатар қатерлі ісік жасушалары b-өсу факторын түзеді (ТGF-b), олар Тх0 Тх2 қарай дамуын шақырады.
Iсік жасушалары Тх1 белсендiлiгiн және дамуын тежейтiн ИЛ-10 түзеді. Тағы, ИЛ-10 түзуші ісік жасушаларында негізгі гистосәйкестiк антигендерi аз болады, сөйтіп ИЛ-10 цитотоксикалық әсерлi CD8+ЦТЛ мен NK-жасушалардың ісік жасушаларына сезімталдығын төмендететіндігі де дәлелденген.
Соңғы жылдары, Тх1 өндiретiн ИЛ-2 арқылы Т-киллерлерге қоздырушы әсерi басылуы, онкологиялық аурулардың қан сарысуында ИЛ-2-ге арналған (S-ИЛ-2R) рецептордың ерігіш түрі жоғары мөлшерде болуымен себептелетiнi көрсетiлген. Бұл нәруыз қан сарысуының кедергi факторларының бірі болып табылады. S-ИЛ-2R жоғары денгейде iсiк аурудың асқынған түрінде және ісіктің метастаздары (бөгелме iсiк) пайда болғанда табылады: қатерлі меланома, кеуде карциномасы, бүйрек, ішек, асқазан, аналық без, өкпе, қуық қатерлi iсiктерi. Көптеген авторлардың айтуы бойынша, S-ИЛ-2R жоғары деңгейі, аурудың қатаңдығын және иммунды емдеу, иммунды реабилитация болжамының ауырлығын көрсетеді.
Бірқатар қатерлі ісіктерде, Т-киллер түзілуіне қажетті цитокин өндiрiлуi мен белсендігіне әсер ететiн, ісіктiң бірнеше нәруыздарды түзетiнi немесе мембранасына ықпалы тигiзетiндiгi анықталған. Сөйтіп, аталық без карциномасы бар аурулардың асциттік (шемендiк) сұйықтығында лимфоциттердiң ИЛ-2 түзуін тежейтiн альфа-1-қышқыл протеин (нәруыз) табылған.
Ісік жасушасы бетінде, мысалы, қатерлi өкпе ісігінде СД44, СД55, СД59-протеиндер өндiрiлуi табылған, олар комплемент жүйесінің белсендігін тежейдi, солай ісік жасушаларын комплементтәуелді лизистен қорғайды. Бұл нәруыздарға ИЛ-1, IFN-g, TNF-a тәрізді цитокиндер әсер етеді және әсердің деңгейі мен бағыттылығы әр ісік жасушаларының түріне байланысты басқаша болады.
Адамдағы бірқатар қатерлі ісіктердi зерттегенде (меланома, бүйрек ісігі, қуық ісігі және тағы басқа) мынадай танғажайып нәрсе табылған: белгілі бір жағдайда ИЛ-2 ісіктi асқындырып жiбередi. Ондай жағдай кем дегенде екi кезде болады. Біріншіден, кейбiр ісік жасушаларда бір уақытта ИЛ-2-ге арналған рецепторлар (СД25) және ИЛ-2 өзiн де түзеді. Бұл жағдай ісік жасушаларының аутокринді көбеюіне себеп жасайды. Екіншіден, ісік жасушалардың ИЛ-2 арналған рецепторлары мен Тх1 түзетiн ИЛ-2 бiрiгiп ісіктiң сырттай (паракриндi) өсуін қоздырады. Бұл жағдай онкологиялық ауруларды емдегенде теріс әсер көрсетуі мүмкін.
Мұндай теріс әсердi алдын алу үшін, ісігі бар аурулардың жасушаларындағы ИЛ-2 (СД25) арналған рецепторлардың деңгейін бiлу керек. Мысалы, СД25 жоғары деңгейде болса, ИЛ-2 ісік жасушасын күшейтеді. Сонымен қатар, СД25 қатерліктiң жоғары деңгейiн көрсетедi, ал осы жасушалардың дақылдары ісікте бөлiнудi күшейтiп, лимфоциттерге кедергі жасайды.
Iсiктерде ИЛ-2 әсерінен дерттiң өсуi бірқатар iсiктерде: сүт безі, ішек, жалпақ жасушалы карциномада тағы басқаларда жоғары байқалған, ал iсiк жасушасы бетiнде СД25 төмен деңгейде болса немесе мүлдем болмаса, ИЛ-2-нiң қолдануы бас, мойын, асқазан, бүйрек карциномасы бар аурулардың өсуін тежейдi.
Соңғы кезде, ісік жасушалары басқа да цитокиндерді түзіп, өз бетінде оларға арналған рецепторларды туғыза алатындығы көрсетілген. Бұл рецепторлар және оларға сай келуші цитокиндердің қарым-қатынасы ісік өсуіне iштен (аутокринді) де, сырттан (паракринді) де әсер етеді. Iсік жасушаларында ИЛ-2, ИЛ-10-нан басқа, ИЛ-1, ИЛ-6, ИЛ-7, ИЛ-15 және тағы цитокиндер түзiлуi және оларға арналған рецепторлар болуы мүмкiн.
Сөйтіп, ісік пен организмнің иммунды жүйесінің күрделі қатынасы көптеген бірқатар факторлармен белгіленеді. Ісік регрессиясы (кейiн кетуi) иммунды жүйе ісіктің тежегiштiк әсерінен жоғары болып, толық дәрежеде жұмыс атқарғанда және иммунды жүйенi толықтыру емiнiң, пәрмендi иммунды жауаптың әр-бiр тізбегіне дәл әсерлігін көрсеткенде болуы мүмкiн.