Тарау. Взводтың, ротаның, батальон мен бригаданың (полктің) машиналардағы саптары
Жалпы ережелер
142. Өрістетілген сапта бөлімшелер мен бөлімдердің машиналары машиналар сызығына, взводтық немесе роталық лектер сызығына маңдайшеп бойынша бір сызыққа машиналар мен бөлімшелер арасындағы Жарғымен немесе командирмен белгіленген аралықтар мен арақашықтықтарға сапқа тұрғызылады.
Бұл ретте жеке құрам машиналарда болады немесе машиналар алдына бір қатарлы немесе екі қатарлы сапқа, взводтық немесе роталық лектер сызығына соңғы қатар машиналар алдында үш адымға жақын болмайтындай етіп, сапқа тұрғызылады (35-38-суреттер); машиналардың механик-жүргізушілері мен жүргізушілері өз бөлімшелерінің саптарына тұрады.
143.Жорықтық сапта бөлімшелердің машиналары лекке сапқа тұрғызылады немесе лектердегі бөлімшелер Жарғымен немесе командирмен белгіленген арақашықтықтарда бірінің артында бірі сапқа тұрғызылады.
1) 2) 3)
35-сурет. Бөлімшенің және танк экипажының сапқа тұруы:
1) броньды транспортер алдында; 2) жаяу әскерлер жауынгерлік машинасы алдында; 3) танк алдында
36-сурет. Машиналар алдында жеке құраммен взводты сапқа тұрғызу:
жеке құрам – екі қатарлы сапта; машиналар – сызыққа
37-сурет. Машиналар алдында жеке құраммен ротаны сапқа тұрғызу:
жеке құрам мен машиналар – взводтық лектер сызығына
144. Жаяу әскерлер жауынгерлік машиналарына және броньды транспортерлерге, сондай-ақ автомобильдер мен басқа да машиналарға отырғызу алдында бөлімшелерде қажет болған кезде машиналар бойынша әскери қызметшілердің және әскери мүліктің есебі жүргізіледі және отырғызу тәсілі көрсетіледі.
Жеке құрамды машиналарға отырғызу алдында қарудың оқталмағаны, ал егер қозғалыс оқталған қарумен жасалатын болса, онда ол сақтандырғышқа қойылғаны тексеріледі; сүңгі-пышақ (сүңгілер) ағытылып тасталады (жазылады).
38-сурет. Машиналар алдында жеке құраммен батальонды сапқа тұрғызу: жеке құрам мен машиналар – роталық лектер сызығына
145. Әрбір машинаға офицерлер немесе сержанттардан жүргізушіні қоса алғанда, машинада болатын барлық жеке құрам бағынатын машина жетекшісі тағайындалады.
Машина жетекшісіне машинаны өзі жүргізуге немесе машинаны жүргізуді біреуге беруге жүргізушіні мәжбүрлеуге, жүргізушіні жол жүру ережелерін және белгіленген жүру жылдамдығын бұзуға мәжбүрлейтін командалар беруге қатаң тыйым салынады.
Жеке құрамды автомобильдерде тасымалдау кезінде тәртіп пен қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз ету үшін қорап жетекшісі тағайындалады.
Үлкен бастықтың белгілерін қадағалауды бөлімше командирі (машина жетекшісі), ал автомобильдерде, одан басқа – автомобиль қорабының алдыңғы оң бұрышында орналасатын қадағалаушы болып тағайындалған жүргізеді.
Қозғалыс уақытында автомобиль қорабы борттық бекітпесінің бекітілуін қадағалау үшін алдыңғы және артқы борттардың шеткі орындарында отырған әскери қызметшілерден «бортқа жауаптылар» тағайындалады.
Артта келе жатқан машиналарды, тіркелген әскери техникаға және жаяу әскерлер жауынгерлік машиналары артқы есіктерінің бекітпелерін (автомобильдің артқы бортының оң бекітпесін) қадағалауды артқы қабырға жанындағы оң орындықта (автомобильдің артқы бортында) отырған әскери қызметші жүргізеді.
146. «МАШИНАЛАР ЖАНЫНА» командасы бойынша жаяу әскерлер жауынгерлік машинасында және броньды транспортерде, сондай-ақ автомобильде және десант болып танкте тасымалданатын жеке құрам 39-суретте көрсетілгендей машиналардың жанына сапқа тұрғызылады. Борттардан отырғызылған кезде бөлімшелердің жеке құрамы лектерінің бас жағы машиналардың отырғызу люктері немесе артқы дөңгелектері (катоктары) деңгейінде сапқа тұрғызылады.
1) 2) 3) 4)
39-сурет. Отырғызу үшін жеке құрамды сапқа тұрғызу:
1) жаяу әскерлер жауынгерлік машинасының отырғызу люктері арқылы; 2) броньды транспортерлердің отырғызу люктері арқылы;
3) автомобильдің артқы борты арқылы; 4) танкте десант болып
147. «МАШИНАЛАР ЖАНЫНА» командасы бойынша танктер экипаждары танктердің алдында бір қатарлы сапқа тұрғызылады. Танк командирі оң жақ шынжыр табан алдында екі адымда; экипаждың қалған құрамы – командирден солға қарай тұрады (39-сурет).
148. Жеке құрамды машиналарға отырғызу:
жаяу әскерлер жауынгерлік машиналары мен броньды транспортерлерге – люктер арқылы;
автомобильдерге – оң, сол жақ және артқы борттар арқылы;
жабық қорабы бар автомобильдерге – артқы борт арқылы жүргізілуі мүмкін.
Жеке құрамды басқа да машиналарға отырғызу ыңғайына қарай жүргізіледі.
Жолдың оң жақ шетінде тұрған машиналарға сол жақ борт арқылы отырғызуға рұқсат етілмейді.
149. «МАШИНАЛАРҒА» командасы бойынша жаяу әскерлер жауынгерлік машиналары мен броньды транспортерларға отырғызу кезінде тағайындалған әскери қызметшілер десанттық бөліктің артқы есіктерін (отырғызу люктерінің қақпағын) ашады; автомобильдерде жүргізушілер қажет болған кезде артқы бортты ашады.
Отырғызу аяқталғаннан кейін артқы есіктер (отырғызу люктерінің қақпақтары, борттары) жабылады.
150. «ОРЫНДАРЫҢА» командасы бойынша бөлімшелер машиналардағы өз орындарына жылдам отырады (40, 41-суреттер).
Отырғызу кезінде дөңгелектер, шынжыр табандар мен басқыштар қолданылады.
Отырғызу кезінде қару, отырғызуды жүргізетін немесе артта тұрған әскери қызметшілерге берілетін оқшашарлар мен топтық қаруларды қоспағанда, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып ыңғайына қарай алынады. Отырғызғаннан кейін қару тізелерінің арасына қойылады және екі қолмен ұсталады. Автоматтар, одан басқа бөлімше командирінің командасы бойынша «кеудеге» күйіне алынуы мүмкін.
Зат қаптары бөлімше командирінің (машина жетекшісінің) командасы бойынша алынады және машинаға орналастырылады.
Бөлімше командирі (машина жетекшісі) жеке құрамның дұрыс отырғызылуын бақылайды, ал ол аяқталғаннан кейін есіктер (люктер) мен борттар бекітпелерінің бекітілуін тексереді, содан кейін жаяу әскерлер жауынгерлік машинасындағы өз орнына және броньды транспортерде машина командирінің орындығына, ал автомобильде – жүргізушінің жанына немесе үлкен командирдің командасы бойынша автомобиль қорабының алдыңғы сол жақ бұрышына отырады.
Егер машина командирінің орнында аға командир отырса, онда бөлімше немесе взвод командирі машинаның десанттық бөлімшесіне орналасады.
151. Жауынгерлік машиналардың және танктердің экипаждары «ОРЫНДАРЫҢА» командасы бойынша бір уақытта артқа бұрылады және өз люктері арқылы орындарына жылдам отырады.
152. Орнында танкке десантты отырғызу борттардан жүргізіледі. Егер десантты борттардан отырғызу мүмкін болмаса, ол танктің артқы жағынан жүргізіледі. Бұл ретте қару, отырғызуды жүргізетін немесе артта тұрған әскери қызметшілерге берілетін оқшашарлар мен топтық қаруларды қоспағанда, ыңғайына қарай алынады.
Танкте әскери қызметшілер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып орналастырылады.
Десант болып тасымалданатын бөлімшенің командирі жеке құрамды отырғызу және оны танктерге орналастыру ережелерін сақтауға қатысты танк бөлімшесі командирінің нұсқауын орындайды және отырғызудың аяқталғаны туралы оған және өзінің тікелей бастығына баяндайды.
1) 2)
40-сурет. Жеке құрамды орналастыру: 1) жаяу әскерлер жауынгерлік машинасына; 2) броньды транспортерге
41-сурет. Жеке құрамды автомобиль қорабына орналастыру
153. Бөлімшенің (бөлімнің) қозғалысы басталар алдында алдын ала «ОТ АЛДЫР» командасы беріледі, ол бойынша машиналардың қозғалтқыштарын от алдыру және қыздыру жүргізіледі.
«ЖҮР (АЛҒА)» командасы бойынша барлық машина, олар орнында тұрған сол сапта бір уақытта қозғалысты бастайды немесе жүру кезінде белгіленген арақашықтық пен аралықты қабылдай отырып, командирдің командасы бойынша қайта сапқа тұрғызылады. Егер лектегі машиналар арасындағы арақашықтық 10 метрден аз болса, машиналар қозғалысты белгіленген арақашықтықты ала отырып, кезекпен бастайды.
Қозғалыс тәртібі мен жылдамдығын, сондай-ақ демалу үшін тоқтауларды айқындау кезінде жауынгерлік жарғыларда мазмұндалған нұсқауларды басшылыққа алу қажет.
Машиналар арасындағы арақашықтық қозғалыс жылдамдығына және шарттарына байланысты болады және орташа алғанда 25-50 м болуы мүмкін.
Арақашықтарды өзгерту үшін: «АРАҚАШЫҚТЫҚТЫ ҰЛҒАЙТ», «АРАҚАШЫҚТЫҚТЫ ҚЫСҚАРТ» командалары беріледі.
Қозғалыста бұрылулар бағыттаушы машинаның соңынан (бұрылуымен) біртіндеп немесе барлық машиналар (бөлімшелер) бір уақытта жасауы мүмкін.
«НАЗАР САЛ, МЕН СИЯҚТЫ ЖАСА» командасы бойынша біртіндеп артқа бұрылу үшін басты машина төмендетілген жылдамдықпен артқа бұрылады және қозғалысты лекке параллельді түрде кері бағытта жалғастырады. Қалған машиналар басты машина бұрылған жерге дейін жетіп, сол сияқты бұрылады және қозғалысты жалғастырады.
Бір уақытта оңға (солға, артқа) бұрылу үшін «БАРЛЫҒЫҢ ОҢҒА (БАРЛЫҒЫҢ СОЛҒА, БАРЛЫҒЫҢ – АРТҚА БҰРЫЛ)» командасы беріледі. «БАРЛЫҒЫҢ ОҢҒА (БАРЛЫҒЫҢ СОЛҒА)» командасы бойынша машиналар жүріп келе жатып бір уақытта көрсетілген жаққа бұрылады және жаңа бағытта қозғалысын жалғастырады. «БАРЛЫҒЫҢ – АРТҚА БҰРЫЛ» командасы бойынша әрбір машина тоқтайды, арақашықтықты қысқартпай, солға қарай бұрыла отырып, артқа бұрылады және қозғалысты кері бағытта жалғастырады.
Лек қозғалыста жолды босату қажет болған кезде «ОҢҒА ҚАРАЙ АЛ» командасы беріледі. Осы команда бойынша лектегі барлық машина бір уақытта жолдың жүру бөлігінен шығады және оң жақ шетімен немесе жолдың оң жағында қозғалысты жалғастырады.
154. Машиналарды тоқтату «ТОҚТА» командасы бойынша жүргізіледі, ол бойынша машиналар алда тоқтап тұрған машина жанына келеді және 10 метрге жақын емес арақашықтықта немесе командир белгілеген арақашықтықтарда кезекпен тоқтайды.
Лекті тоқтату алдында машиналар жолдың оң жақ шетіне немесе оң жаққа қарай шығарылады. Егер бұл ретте арақашықтық бұзылса да жол қиылыстары, тораптары, көпірлер, қыспақтар, темір жол өтпелері, үйлердің кіреберістері мен аулаға кірме жолдар ашық болуы тиіс.
Егер қажет болса, тоқтағаннан кейін «ҚОЗҒАЛТҚЫШТЫ ӨШІР» командасы беріледі.
155. Машиналардан жеке құрамды түсіру:
жауынгерлік машиналардан – люктер арқылы;
автомобильдерден – оң, сол және артқы борттар арқылы;
жабық қорабы бар автомобильдерден – артқы борт арқылы жүргізілуі мүмкін.
Жеке құрамды басқа да машиналардан түсіру ыңғайына қарай жүргізіледі.
Жолдың оң жақ шетінде тұрған машиналардан сол жақ борт арқылы түсіруге рұқсат етілмейді.
Машиналардан түсіру үшін «МАШИНАЛАР ЖАНЫНА» командасы беріледі.
Мысалы: «Бөлімше (взвод, рота), оң, сол жақ борт (артқы борт) арқылы – МАШИНА (МАШИНАЛАР) ЖАНЫНА».
Осы команда бойынша жеке құрам жылдам машиналардан түседі және олардың жанына сапқа тұрғызылады (39-сурет) немесе өз командирлерінің командасы бойынша әрекет етеді.
Машиналардан түскен кезде қару ыңғайына қарай алынады, ал оқшашарлар мен топтық қару бұрын түскен әскери қызметшілерге беріледі.
Взвод саптары
156. Взводтың өрістетілген сабы – машиналар сызығы (42-сурет), машиналар арасындағы аралық – үш метр.
Взводты өрістетілген сапқа тұрғызу «Машиналар сызығына – ЖҮР» командасы бойынша жүргізіледі. Взвод командирі команда бере отырып, өз машинасын взвод сабының маңдайшеп жағына алдыңғы жағымен қаратып қояды, қалған машиналар белгіленген аралықты сақтай отырып, взвод командирінің машинасынан солға қарай бір сызық бойына нөмір ретімен сапқа қойылады.
42-сурет. Взводтың өрістетілген сабы – машиналар сызығы | 43-сурет. Взводтың жорықтық сабы – лек |
157. Взводтың жорықтық сабы – лек (43-сурет), орнында және тоқтап тұрғанда сапқа тұрғызу кезінде машиналар арасындағы арақашықтық 10 метрден жақын емес, қозғалыста арақашықтық қозғалыс жылдамдығына және шарттарына байланысты болады және орташа алғанда 25-50 м болуы мүмкін; взвод командирінің машинасы лектің бас жағында жүреді.
Взводты лекке сапқа тұрғызу, сондай-ақ оны машиналар сызығынан лекке қайта сапқа тұрғызу «Лекпен – ЖҮР» командасы бойынша жүргізіледі.
Взводты машиналар сызығынан лекке қайта сапқа тұрғызу кезінде взвод командирінің машинасы соңынан взводтың қалған машиналары белгіленген арақашықтықта нөмір ретімен қозғалады (44-сурет).
Взводты лектен өрістетілген сапқа – машиналар сызығына қайта сапқа тұрғызу (45-сурет) осы Жарғының 156-тармағында көрсетілгендей жүргізіледі.
44-сурет. Взводты машиналар сызығынан лекке қайта сапқа тұрғызу | 45-сурет. Взводты лектен машиналар сызығына қайта сапқа тұрғызу |
Рота саптары
158. Рота өрістетілген сапта машиналар сызығына (46-сурет) немесе взводтық лектер сызығына (47-сурет) сапқа тұрғызылуы мүмкін. Взводтар арасындағы аралық – бес метр.
Ротаны өрістетілген сапқа – машиналар сызығына немесе взводтық лектер сызығына сапқа тұрғызу «Машиналар сызығына (взводтық лектер сызығына) – ЖҮР» командасы бойынша жүргізіледі.
46-сурет. Ротаның өрістетілген сабы – машиналар сызығына
Рота командирі команда бере отырып, өз машинасын рота сабының маңдайшеп жағына алдыңғы жағымен қояды немесе бірінші взводтың сапқа тұру орнын көрсетеді. Взводтар нөмір ретімен белгіленген аралықтар мен арақашықтықтарда рота командирінің машинасынан солға қарай машиналар сызығына (лектерге) сапқа тұрады.
47-сурет. Ротаның өрістетілген сабы – взводтық лектер сызығына
159. Ротаның жорықтық сабы – лек (48-сурет).
Ротаны лекке сапқа тұрғызу, сондай-ақ оны өрістетілген саптан лекке қайта сапқа тұрғызу «Лекпен – ЖҮР» командасы бойынша жүргізіледі.
Ротаны өрістетілген саптан лекке қайта сапқа тұрғызу кезінде рота командирінің машинасы немесе бірінші взводтың алдыңғы машинасы қозғалысты тура бастайды және содан кейін көрсетілген бағытқа шығады; рота командирінің машинасы немесе бірінші взводтың алдыңғы машинасы соңынан нөмір ретімен немесе рота командирі көрсеткен тәртіппен лектегі қалған взводтар белгіленген арақашықтықта қозғалады.
48-сурет. Ротаның жорықтық сабы – лек
160. Ротаны лектен өрістетілген сапқа – машиналар сызығына немесе взводтық лектер сызығына қайта сапқа тұрғызу осы Жарғының 158-тармағында көрсетілген командалар мен ережелер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте лектердегі взводтар рота легінен шығады және взводтар командирлерінің «Машиналар сызығына – ЖҮР» немесе «Лекпен – ЖҮР» командасы бойынша 46, 47-суреттерде көрсетілгендей машиналар сызығына немесе взводтық лектер сызығына тиісінше сапқа тұрғызылады.