Түркі халықтарының баға жетпес байлығы

Азақстанның кен байлықтары

Қазақстанның жері кенге бай. Ертеде алтын, мыс, қалайы, тұз және әртүрлі асыл тастар қолмен қазып алынатын. Геологтер Қазақстан жерінен мыңдаған пайдалы кен орындарын ашты. Осылардың негізінде көптеген шахта мен зауыт салынды. Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент, Өскемен т.б. ірі өнеркәсіп орталықтары өсті.

Орталық Қазақстаннан көмір, мыс, қорғасын, мырыш, алтын, темір, марганец және сирек кездесетін металдар шығады. Еліміздің көмір ошағы – Қарағанды, оның көмір қоры 50 млрд тонна деп есептеледі.

Батыс Қазақстаннан мұнай, жанармай, түрлі ас тұздары шығады. Ақтөбе облысынан никель шығады. Қостанай облысында темір рудасының аса ірі Соколов-Сарыбай кен орны бар.

Зергерлік өнер

Өткен заманда қазақтың халық қолөнерінің дамыған түрі – зергерлік өнер. Бұл өнердің түрі ұлттық мәдениет тарихында өзгеше орын алады. Баяғы заманда Қазақстан жерінде алтын, күміс, қорғасын, мыс, қалайы, т.б. металдар өндірілген. Соларды соғу, құю, қалыпқа салу арқылы еңбек құралдары, әшекей заттар мен әртүрлі бұйымдар жасалған. Археологиялық зерттеу нәтижелері осыны дәлелдейді. Қазақстан аймағында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ертедегі көшпенділер заманында кеңінен тараған алтын мен күмістен және басқа түсті металдардан жасалған көптеген әшекей бұйымдары табылды. Мысалы, “Қарғалы көмбесінен” табылған бұйымдар. Есік қорғанынан табылып бүкіл әлемді таңдандырған сақ алтыны кез келген тарихи қазыналардың мақтанышы бола алады.

Отандық өнімдер форумы

Астана қаласында «Қазақмыс» корпорациясының ұйымдастыруымен «Қазақстандық өнім жасаймыз!» атты форум өтті. Форумды Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ұйымдастырды. Аталмыш жиында отандық өнім өндірушілер арасында көрме де халық назарына ұсынылды.

Форумға халықаралық және отандық өндіріс кәсіпорындары мен профильдік мемлекеттік ведомстволар және дамыту институттарының өкілдері, сондай-ақ, өндіруші ірі компаниялар қатысты. Отандық және шетелдік өнім өндірушілер арасында тығыз байланыс және қарым-қатынас қалыптасты. Жиын барысында «Қазақмыс» өзінің үздік деп таныған серіктестерін марапаттап, «Қазақмыс» «АзияАвто» мен «АгроМашХолдинг» компанияларымен өзара келісімге қол қойды. Бүгінде отандық өнім шығарушыларға ұзақ мерзімді қолдау көрсету көзделіп отыр. Кәсіпкерлер Елбасымыздың жобасын негізгі бағытқа ала отырып, «Отандық өнімді дамытып, экспортқа шығаруды басты мақсат»,– деп отыр.

Отандық тауар – ел экономикасының қозғаушы күші. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі күні өзіндік өнім өндіруді алғы шепке қойып, алыс-жақын шетелдер тәжірибесі мен шикізатын пайдаға жарата отырып, үлкен жобалар жасауда.

Маңғыстау

«Байлық тұнған түбек» атанған ғажап өңір – Маңғыстау. Ол «мың қыстау» сөзінен шыққан. Қаратаудан қарағанда әйел адамның сұлбасы көз алдыңа елестейді. Академик Қаныш Сәтбаевтың бұл өңірді «ұйқыдағы аруға» теңеуі тегін емес. Маңғыстау небір ғажайыптармен ерекшеленеді. Мұнда табиғи ескерткіштер, ежелгі құлпытастар мен көшпенді ата-бабаларымыздың қолтаңбалары самсап тұр.

Миллиондаған жылдар бойы түзілген ғажайып жер реңі белгісіз бір жұмбақ планетаны елестетеді. Мұндағы бір өзі бір көлдің аумағындай алып қазаншұңқырларды, тереңдігі жүздеген метрге жететін құдықтарды, айсбергтерге ұқсайтын ақ шаңқан тауларды, жер астын жарып шыққан ащы сарқырамаларды, тұңғиықтағы өзендерді әлемнің басқа түкпірінен кездестіру қиын.

Түркі халықтарының баға жетпес байлығы

Түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдени мұраларының бірі – Күлтегін ескерткіші. Орхон-Енисей жазуына жататын маңыздылығы жағынан баға жетпес құнды дүние. Бізге жеткен Түркi тарихы да осы VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері арқылы белгiлi болды. Ескерткiш бiр заманда түркiлер мекендеген Енесей өзенiнiң бойы мен қазiргi Монғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 шақырым жердегi Орхон өзенi бойындағы Кошо-Цайдам ойпатында орналасқан. Оны алғаш рет ғылым әлемiне мәлiмдеушi – орыс ғалымы Н.М. Ядринцев. Күлтегiнге арналған ескерткiш пирамида тәрiздi. Биiктiгi – 3,15 метр, енi – 1,24 метр, қалыңдығы – 0,41 метр. Ескерткiштiң жоғарғы жағы бес бұрышты, қырларында айдаһардың суреттерi мен қаған таңбалары бейнеленген. Екiншi жағында ескерткiштiң орнатылған күнi – «бiрiншi тамыз, 732 жыл» деп жазылған. Ескерткіштің негізгі бетінде 40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі 13 жол – жазудың жалғасы. Ескерткiш негiзiнен табғаш (Қытай) және көне түркi жазуымен толтырылған. Күлтегін жыр жазуы 53 бөлімнен тұрса, соның 27-ден 53-ке дейінгі жазулары, Күлтегіннің батырлығын және оның соғыстарда мол табыстарға жетіп отырғандығынан мағлұмат береді. Онда «Түркi халқы жойылмасын, ел болсын» деген қанатты сөз бар. Күлтегiн ескерткішінің көшiрмесi 2001 жылы 18 мамырда Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде орнатылды.

Наши рекомендации