Шикізатты кіруге арналған бақылауға үлгілерді алу және дайындау процесін сипаттаңыз.
Полимерлі материалдар шығаратын кәсіпорын өнімдердің ГОСТ немесе ТЖ талаптарына сәйкестігіне кепілдікті тек тұтынушының өнімді белгіленген жағдайларда тасымалдағанда және сақтағанда береді. Өнімнің бумасы материалдардың тазалығын қамтамасыз ету керек және оларды ылғалдан сақтау керек. Өндіруші зауытта полимерлі материалдарды көп қабатты қағаз қаптарға (төрт қабат қағаздан кем болмау керек) немесе суға төзімді қаптарға салынатын бір және көп қабатты полиэтилен қаптарға буып-түйеді. Сонымен қатар полиэтиеленді астары немесе полиэтиленді жабындысы бар қағаз қаптарға, мырыштан немесе алюминийден жасалған флягаларға, контейнерлерге, цистерналарға буып-түюге болады. қаптың аузы жіппен жақсылап байлануы керек. Қаптың массасы 25-30 кг-нан аспауы керек. Әрбір қапқа ГОСТ 14192-77 сәйкес келесілер көрсетілген этикетка жапсырылуы керек: өндіруші-зауыттың атауы немесе оның тауарлық белгісі; өнімнің атауы; партия нөмірі; нетто және брутто массалары; орынның нөмірі; өндірілген күні; стандарттың белгісі. Бұдан басқа, қосымша мәліметтер: түсі, қолданылатын бояғыш, т.б. көрсетіледі.
Буып-түйілген полимерлі материалдар тура күн сәулесін және атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын таза және құрғақ көліктерде тасымалданады. Шикізатты сақтау кезінде келесі жағдайларды сақтау керек. Материалдарды температурасы 25°С-ден жоғары емес, жылыту құралдарынан алыс жерде сақтау керек. Қоймалардағы ауаның салыстырмалы ылғалдылығы қалыптыдан (60-70%) аспауы қажет. Шикізатты сақтау кезінде өнімнің ластануын болдырмау керек. Материалдар партиялар бойынша бөлінуі керек. Партия – сапасы туралы куәлігі бір көрсеткіштері бойынша біртекті материал саны. Қаптармен тасымалдағанда партиялардың массасы ондаған килограмнан бірнеше тоннаға дейін болуы мүмкін (материалдың түріне байланысты). Контейнерлермен немесе цистерналармен тасымалдағанда партиялардың массасы тараның көлемімен анықталады.
Әр полимерлі материал үшін ГОСТ-та немесе ТЖ-да кепілдікті сақтау мерзімі көрсетіледі: мысалы, фенопласттар үшін 3-8 ай, аминопласттар үшін 3,5-5 ай, поливинилхлорид үшін 1 жыл, полиамид үшін 1 жыл. Кепілдікті мерзім аяқталғаннан кейін қолданар алдынада материалдың сапалық көрсеткіштерін ГОСТ-қа немесе ТЖ-ға сәйкестігін тексеру қажет.
Шикізатқа бақылау жүргізгенде қаптан 10% бірлік сынамалар алады. Егер сынақтардан бір көрсеткіштен қанағаттанарлықсыз нәтижелер алынса, онда екі еселеніп алынған сынамаларды барлық көрсеткіштер бойынша қайта сынақтан өткізеді. Қайта сыналған сынамалардан бір көрсеткіш бойынша қанағаттанарлықсыз нәиже алынса, онда өнімнің барлық партиясын брактайды. Қайталанған сынақтың нәтижелері соңғы болады және барлық партияға таратылады. Шикізатты анализге дұрыс іріктеу және дайындау маңызды орын алады. Сынаққа шикізаттың орташа сынамасын – жалпы массадан алынған және құрамы өнімнің орташа құрамына сәйкес келетін материалдың мөлшерін ұшыратады. Материалдардың орташа сынамасын іріктеу әдістемесі біріншілік және зертханалық сынамаларды қамтиды. Зертханалық сынаманы біріншіліктен ұсақтау, араластыру және қысқарту арқылы алады.
Біріншілік сынама үшін шикізатты (ұнтақ, гранулалар, кесектер) тараның әр түрлі жерлерінен – материалдың жоғарғы, ортаңғы және төменгі қабаттарынан шамалап бірдей мөлшерде алады. Контейнерлер мен цистерналардан сынаманы тараның биіктігі бойынша кем дегенде үш жерден алады.
Іріктелген сынамаларды қосып, мұқият араластырады. Қажет болса, материал қолмен немесе ұнтақтағышпен майдаланады. Шикізаттың аз мөлшерін қалақшамен араластырады, ал егер сынаманың жалпы массасы айтарлықтай болса, онда оны күрекшемен конус тәрізді етіп үйеді және бірнеше рет орнына ауыстыра отырып араластырады. Одан әрі арнайы операция – қысқартуды жүргізіп, құрамы бойынша біріншілік сынамаға сәйкес келетін зертханалық сынама алынады.
Сынаманы қысқартудың кең тараған әдісі – квартование. Сынаманы түзу бетке конус түрінде үйеді. Содан кейін конустың шыңына тігінен жұқа тақтайшаны қояды, осы тақтайшаны конустың осі бойынша айналдыра отырып, конусты дискке айналдырады. Әрі қарай дискті квартованиеге ұшыратады: төрт бірдей секторға бөледі. Қарама-қарсы екі секторды жойып, қалған екеуін араластырады және қажет болса, квартование операциясын ГОСТ бойынша қажетті массаға дейін қайталайды.
Алынған жалпы сынаманы таза, құрғақ, тығыз жабылатын металл немесе шыны құтыға немесе полиэтиленді пакетке салады. Тараны шикізатты өндіруші-зауыт атауымен, өнімнің атауымен, партия нөмірімен және сынаманы іріктеген күн белгіленген этикеткамен жабдықтайды. Зертханалық сынамаларды жалпы сынамадан сарқу арқылы іріктейді. Бұл кезде сынаманы ағаш немесе металдан жасалған бетте диск түрінде тегістейді және бірнеше перпендикулялы қатарларға бөледі. Одан әрі сынаманы ортасынан шахмат ретімен іріктейді.
Қайталанатын нәтижелерге қол жеткізу мақсатында шикізаттың қасиеттерін анализдеу кезінде материалдың сынамаларын сынақтың алдында кондиционирлеуге ұшыратады, яғни белгілі бір температурада және ауаның салыстырмалы ылғалдылығында бөлмеде немесе арнайы камерада ұстайды. Үлгілерді ұстау уақыты мен ұзақтығы материалға байланысты ГОСТ-тармен және ТЖ-мен регламенттеледі.
Сұйық олигомерлердің сынамасын іріктеу бөшкелерден немесе басқа ыдыстардан құйылатын жерінен арнайы сиымдылықтағы ыдысқа құю арқылы жүзеге асырылады. Сынамалар стақандарға, саптыаяқтарға немесе басқа кіші тараларға іріктелінеді. Үлгілердің ауадағы ылғалмен әрекеттесуін болдырмау үшін оларды кептірілген ауа атмосферасында (азот) немесе вакуум шкафында сақтайды.