ОҚытудыҢ Қазіргі технологиялары

Қазіргі заман талабына сай қазақ тілін сапалы меңгерту жаңа технологияларды ұтымды қолданумен тығыз байланысты.

Технология – гректің «шеберлік туралы ғылым» деген ұғымды білдіретін сөзі. Педогогикалық технология –педогогикалық процесті ұйымдастырудың әдістемелік жобасы. Оқу процесін іске асырудың мазмұндық техникасы, практика жүзінде іске асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы.

Сонда жаңа технология дегеніміз – педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары.

Оқыту технологиясы білім берудің тиімді жолдарын зерттейтін ғылым ретінде сипатталады. Сабақ барысында белгілі бір технологияны қолдану арқылы мұғалім жоғары нәтижеге жетуді мақсат етеді. Бұл әрбір мұғалімнің еңбектенуіне, шеберлігіне тікелей әсер етеді. Шеберлік бірден пайда болмайды. Ол қаншама жылдар өткеннен кейін үлкен ізденіс пен орасан зор еңбектің арқасында келеді. Шебер мұғалім ізденіс үстінде жүреді. Ізденістің арқасында ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.

Шындығында, сабақ барысында жаңа технологияларды қолдану арқылы да, қолданбай да жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Мәселен, әр мұғалім сабақты дұрыс әрі жүйелі ұйымдастыра білсе, нәтижесі де жақсы болады. Дегенмен мұғалім оқушының сабақтағы белсенділігін, сабаққа деген қызығушылығын әдіс-тәсілдерді ұтымды және орынды қолдана білу арқылы оятады.

Оқытудың тәжірибеде бар технологияларына проблемалық оқыту (Дж.Дьюй, М.Махмутов), бағдарламалық оқыту (В.Беспалько, И.Самарин), саралап жекелеп оқыту (М.Унтт), дамыта оқыту (В.Давыдов, Б.Эльконин, Л.Занков), ұжымдық оқыту (), қашықтықтан оқыту () тәрізді түрлері жатады. Жалпы, қазіргі білім беру үдерісінде 50-ден астам педагогикалық технология қолданылып жүр.

Жиі қолданылып жүрген оқыту технологиялары:

1) Дебат технологиясы (К.Поппер)

2) Бағдарламалық (компьютерлік) технология (В.Беспалько, И.Самарин)

3) Топтастыру технологиясы (В.Дяченко)

4) Ұжымдық оқыту технологиясы

5) Дамыта оқыту (проблемалық оқыту) технологиясы (В.Давыдов, Б.Эльконин, Л.Занков, И.Менчинский)

6) Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы (Ж.Қараев)

7) Сын тұрғысынан оқыту технологиясы

8) Ізгілендіру технологиясы (Ш.Амонашвили)

9) Ойын технологиясы

10) Модульдік технология (В.Монахов, М.Жанпейісова)

Дебат технологиясы. Карл Поппердің дебат технологиясы тілдік тұлғаның дамуына көмектеседі. Бұл технология оқушының шығармашылық белсенділігін арттырады. Сонымен бірге олардың бойында зерттеушілік, ізденушілік қасиеттерді қалыптастырады.

Дебат технологиясына құрылған зерделік ұйымға екі топ қатысады (бекітуші топ және жақтаушы топ). Әр топтың құрамы 3-5 оқушыдан құралады. Дебат технологиясы белгілі бір уақытта мөлшерленіп, әр топтың дайындығына 15 минут уақыт беріледі. Егер тақырып күрделі болса, мұғалімнің тақырыптарды алдын ала беріп қоюына блады.

Әр топқа дауыс беру үшін сыныптағы балаларды да екі топқа бөлуге болады. Топ мүшелерінің өз бағытын қорғай алуын бақылап отыратын бір оқушы болады. Әр топ басшысы өзін және топ мүшелерін таныстырғаннан кейін, әр топқа өз бағыттарын қорғау үшін 5 минут уақыт беріледі. Қарама-қарсы сұрақтарға 3 минут беріледі. Бұл кезеңнің мақсаты – оппоненттердің сөзіндегі түсініксіз жайттарды нақтылау, қарсы топты қандай да бір сұрақтармен бағытынан жаңылдыру, өздерінің ұстанған позициясын қалай да қорғау т.б. Топтарға қосымша дайындыққа 8 минут уақыт беріледі. Сабақтың соңында бақылаушы оқушы әр топтың өз бағытын қалай қорғағанына талдау жасап, жеңімпаз топ айқындалады.

Дебат технологиясын қолдану негізінде оқушылардың сөйлеу мәдениеті артады. Сөйлесім әрекетінің түрлерін жетілдіреді. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, сол пәннен алған білімін тереңдетеді. Пәнге қызығушылығы мен ойлау қызметінің белсенділігі артады. Кез келген тақырыпта ойлау дағдысы қалыптасады. Оқушы кей фактіні дәлелдеу үшін тарихи құжаттар мен статистикалық мәліметтер және қосымша әдебиеттермен жұмыс істеуге дағдыланады. Бірақ мұғалім кез келген тақырыпты дебат технологиясы бойынша өткізуге болмайтынын ескеруі тиіс.

Компьютерлік технология. Қазақ тілі сабағында компьютерді пайдалану оқушының сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын арттырады. Нашар оқитын оқушының өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығады. Тілдің салаларын өткенде бір жүйеде құрылған тапсырмаларды орындағанда пайдалануға болады. Мысалы тест тапсырмаларын компьютер арқылы беріп, білімдерін тексеруге болады. Компьютер оқушының ақыл-ойын дамытумен бірге өз бетінше жұмыс жасауына мүмкіндік береді.

Топтастыру технологиясы. Әдіскер В.К.Дяченконың пікірінше, топтастыра оқыту тәсіліне қатысты болады. бұл технология өз ішінен сыныптың сабақ ұйымы, лекция, семинарының, зертханалық топталған әдіс, сызба әдісі, тармақ әдісі болып сараланады.

Адамзат қоғамы қалыптасуының алғашқы кезеңінде жекелеген оқыту жүйесі қолданылды. Орта ғасырларда оқушылардың саны артуына байланысты топқа жастары біркелкі оқушыларды жинап оқыту қажеттілігі туды. Бұл кезеңде Я.А.Коменскийдің «Ұлы дидактика» еңбегінде тұжырымдалған сынып-сабақтық жүйе қолданылды. Сынып-сабақтық жүйені әрі қарай К.Д.Ушинский, А.Дистервег жетілдірді. XIX ғасыр соңында бір мезгілде 600-ден астам оқушыларды қамти отырып, ересектеулерін өзі оқытып, онан кейін ересектеулері кішілеулерін оқытатын, яғни көмекшілер дайындау арқылы жүретін оқыту жүйесі пайда болды. Бұл оқыту жүйесін ендірушілер дін қызметкері А.Белл мен мұғалім Д.Ланкастер болды, сондықтан Белл-Ланкастер жүйесі деп аталды.

Белл-Ланкастер жүйесі бойынша, оқушылар әуелі мұғалім басшылығымен тапсырмаларды өз беттерінше орындайды. Содан соң жақсы нәтижеге қол жеткізген оқушылар нашар меңгерген оқушыларға үйретеді.

1960 жылдарда Америка профессоры тұжырымдаған Трамп жоспары кеңінен қолданылды. Бұл жүйеде үлкен аудиторияларда 10-15 адамнан тұратын топтармен жұмыс жүргізу идеясы жүзеге асты.

Трамп жүйесін қазақ тілін оқытуда пайдаланған кезде мұғалім оқулықтағы тапсырмаларды орындау үшін сыныпты топтарға бөледі. Әр топтың басшысы сайланады. Әр топ өздеріне бөлінген тапсырмаларды орындайды. Соңында топ мүшелерінің тапсырманы орындауға қатысқандары сараланады.

Ұжымдық оқыту технологиясы. Бұл технологияның негізгі мақсаты – тапсырмалармен алмасу. Ең бірінші 6-7 адамнан тұратын топ құрылады. Мұғалім әр топқа дайындаған тапсырмаларын таратады. Әр топ мүшесіне жеке-жеке тапсырмалар беріледі. Оқушылар бір-бірімен тапсырмалар алмасады. Соның негізінде әр топтағы оқушы 6-7 тапсырма орындайды. Тапсырмаларды орындап болғаннан кейін топ ішінде талқылайды. Сабақ соңында бұл технология бойынша әр оқушы кем дегенде 12-15 тапсырма орындайды. Қорытындылау кезінде бақылау жұмыстарын сынақ немесе тест түрінде қабылдайды.

Дамыта оқыту (проблемалық оқыту) технологиясы. Бұл технологияда баланың ізденушілік, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады.

Дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, сөйтіп, оқушының ізденісі бірінші орынға шығады да, олар (оқушылар) білімінің жеткіліксіздігін сезініп, ізденуге талпыныс жасайды. Соның негізінде оның ынтасы мен қызығушылығы артады. Екіншіден, бұл жерде дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль тиімсіз, оқушы – «орындаушы», «мұғалімнің тасасындағы» объект емес. Ол өз пікірін ашық айтатын, ойын дәлелдей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы оқушы ретінде қалыптасады. Бұған себеп – дамыта оқыту технологиясында «жақсы оқушы», «жаман оқушы» деген ұғымдар болмайды. Ендеше бұл технология «жаман ұстаз ақиқатты айта салады, жақсы ұстаз сол ақиқатты іздеп табуды үйретеді» деген ұстанымда жүзеге асырылады.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы. Ж.А.Қараевтың «деңгейлеп саралап оқыту технологиясының» мақсаты – оқытуды ізгілендіру мен демократияландыру жағдайында оқушыны дамитын және өздігінен дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі тәрбиелеуші тұлға ретінде қалыптастыру. Деңгейлік оқытудың ерекшелігі – оқушылар сабақ барысында бірнеше деңгейде жұмыс жасай алатын болады.

Ж.А.Қараевтың технологиясына сүйенсек, деңгейлеп саралап оқытуда оқушыларды екі топқа бөліп, топ басшысы тағайындалады. Әр деңгей бойынша орындалған жұмыстың нәтижесін топ басшылары мұғалім көмегімен бақылайды. Оқушылардың білім деңгейін анықтайтын кесте тақтаға ілініп, ұпай саны есептелінеді, қорытындыланады.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясында жұмыс міндетті 4 деңгейлік талаптардан тұрады.

І деңгей – оқушылық – репродуктивтік деңгей:

– жаттап алуға лайықталған анықтамалар, ережелер;

– алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілген білімді өзгертпей қайталап пысықтауға арналған сұрақтар;

– тапсырмалар жаңа тақырыппен және өмірмен байланысты болуы керек.

Байқап отырғанымыздай, тапсырмалар білімнің минималдық шегі, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес бағдарлама мөлшерінен аспайтын, оқушының жас ерекшелігіне сай болады. Сынып бағдарламасына байланысты лексикалық тақырыптар мен грамматикалық тапсырмалар, тілдік ережелер, жазба жұмыстарын орындайды. Кейіннен жоғарғы сыныптарда оқыған кезде де есінде тұрақты қалатындай бағытта сөздік минимумдарды меңгереді. Тыңдап, түсініп оқу, аударып, жаза алады. Естігенін қайталап айтады. Жеңіл ережелерді жаттап алады.

ІІ деңгей – алгоритмдік деңгей – елеулі белгілерді есте сақтау дағдысына жасалады:

Өтіп кеткен материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар, бірақ оларды орындау үшін алған білімдерін түрлендіріп, тереңдете пайдалануды қажет етеді.

Тапсырмалары түрленіп, күрделене түседі, сынып бағдарламасына сай лингвистиканың барлық бағдарламасымен жұмыс істейді. Оқушы өз бетімен керегінше қызмет етеді. Оқу мотивтерді қанағаттанарлық дәрежеде. Ықыласы жоғары. Оқушының сөйлеуі, хабарды түсінуі, қабылдауы, жазба жұмыстарын орындау көрсеткіштері міндетті деңгейден әлдеқайда жоғары болады.

ІІІ деңгей – эвристикалық танымдық деңгей – іздену түрінде орындалатын тапсырмалар:

Анализ бен синтез, салыстыру арқылы тақырыптағы негізгі білімді анықтау, қорытындылау, ребустар, сөзжұмбақтар құрастыру, проблемалық жағдайларды шешу.

Оқушылардың шығармашылыққа деген ықыласы байқалады, логикалық ойлау дәрежесі жоғары болады, белсенділігі артады, білімін практикамен ұштастыра алады т.б. Хабарлау, суреттеу, бейнелеу тапсырмаларын орындайды. Ситуацияға байланысты әр түрлі нұсқада диалог құрады. Мәтін бойынша сұрақ қояды. Талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Эвристикалық жұмыстарды өз бетімен орындап, «жаңалық ашады».

IV деңгей – шығармашылық деңгей:

– олимпиадалық тапсырмалар;

– өз бетімен тақырып бойынша түйін жасау.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясының басты мақсаты – сынып оқушыларын «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Сабақта қандай оқушы болмасын, «жақсы», «нашар» оқитынына қарамастан жұмысты І деңгейден бастап орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау Мемлекеттік білім стандарты талаптарының орындалуына кепілдік береді. І деңгей тапсырмаларын орындаған оқушы «сынақ – есепке алу» жүйесіне сай білім сапасын көрсетіп, 5 балдық баға жүйесінде «3» бағасымен бағаланады. І деңгейді орындаған оқушы жоғары деңгейлерді орындауға ұмтылады, өзіне-өзі сенімі күшейіп, бір деңгейден екінші деңгейге көтерілуге талаптанады, солай білімін жетілдіреді.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы әр оқушыны қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту мақсатын көздейді. Мықтылар өз қабілеті мен икемін бекіте түседі, әлсіздер өз-өзіне сын көзімен қарауға дағдыланып, сенімсіздіктен арылып, белсенділігі артады.

Төртінші деңгей дарынды, іздемпаз, қабілеті жоғары, талапты балаларға арналады. Оқушыларға мұғалім тек тақырыбын ғана береді, оқушы өзі ізденуге бейімделеді.

Сын тұрғысынан оқыту технологиясы. Сын тұрғысынан ойлау – сынап қарау емес, оқушының шыңдалған ойлау әрекеті. Бұл технологияның негізінде оқушылар топпен жұмыс істеу арқылы өзара пікірлесіп, ұтымды жауап тауып айтуға үйренеді, іздене отырып, өз ойын дәлелдеуге мүмкіндік алады. Мақсаты – демократиялық қоғамда өз көзқарасы, пайымдауы бар, өзін-өзі жетілдіріп отыратын, айналадағы үдерістерге сыни көзбен қарап, жауап бере алатын жеке тұлға қалыптастыру.

Технология құрылымы 3 кезеңнен тұрады:

1. Қызығушылықты ояту;

2. Мағына тану;

3. Ой-толғаныс.

«І кезеңде алынған мәлімет жазылады, тыңдалады, талқыланады, жұмыстар жеке – жұптаса – топтаса орындалады. Мысалы, қандай да тақырыпты өтпес бұрын оны баланың жас еркшелігін ескеріп, қызығушылығын арттыратындай, яғни өмірмен байланысы бар қарапайым әдістерді қолдануға болады. «Синонимдер» тақырыбын өткенде тақтаға «жүздесу, амандасу, сәлемдесу, есендесу» т.б. деген сөздерді жазып, мағыналарына талдау жасап, оқушыны өзіндік бір ойға жетелеп, ереже шығаруға немесе «Буын түрлерін» өткен кезде ертегі әлемімен ұштастырып: «Ерте, ерте, ертеде Буын деген бай бопты, Оның Бітеу, Тұйық, Ашық атты үш ұлы болыпты. Үш ұлының мінездері үш түрлі болыпты...» – деп бастап, оқушыларға ұлдарының есімдеріне сәйкес әрқайсысына мінездеме берулерін сұрай отырып, анықтама құрастыруға болады. 7-сыныпта «Шақ түрлерін» өткенде мына жұмбақ арқылы өмірмен байланыстыра отырып тақырыпты ашуға болады. Мысалы: Таңертең төртеу, түсте екеу, кешке үшеу. Осы жұмбақ арқылы адам өмірінің өзі үш шақтан тұратындығын анықтауға болады. 8-сыныпта құрмалас сөйлемді өткен кезде төмендегі мысалдарды келтіріп, оқушының өмірлік ұстанымын анықтауға болады.Адам туған тілін құрметтемесе, өзін де құрметтемейді (шартты бағыныңқы сабақтас),Ғалым болу – міндет емес, білімді болу – парызың (қарсылықты салалас),Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену үшін, біз білімді болуымыз керек (мақсат бағыныңқы сабақтас), Біз қазақ тілін дамытуымыз керек, себебі ұлт болашағы тіліне тәуелді (себеп-салдар салалас)...

ІІ кезеңде жаңа ақпараттарды шын мәнінде тұтынуға мүмкіндік (әр балаға таратып беру, фильм, дәріс, параграф материалдары слайд түрінде т.б.) беріледі. Бұл кезеңде жеке немесе жұптасқан түрде жұмыс жасатуға болады. Бұл фазада мынадай нәтижелерге жетуге болады:

1. Белсенді іс-әрекетте болу;

2. Басқалармен қарым-қатынас жасау;

3. Басқаларды тыңдай білу;

4. Қажет болса, өз көзқарасын өзгерту;

5. Топтық тұжырымға келе білу;

6. Өз тұжырымын айта білу, қорғай білу т.б.

Бұл сатыда мұғалімнің ізденісі мен шығармашылығына қарай әдіс-тәсілдерді түрлендіруге болады» (Мұхаметжанова А.Ш. Оқыту мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында тиімді қолдану жолдары / ЖББОМ мұғалімінің мақаласы). Мәселен, есім сөз таптарының ұқсастығы мен айырмашылығын немесе кез келген сөз табы мағыналық түрлерінің ұқсастығы мен айырмашылығын меңгерту үшін Венн диаграммасын қолдануға болады.

ІІІ кезең шығармашылық ізденіс, талдау, интерпретация және т.б. ақпаратты зерделеу жұмыстары жеке – жұппен – топпен атқарылады. Бұл кезеңнің оқушыға қоятын талабы жоғары. Сондықтан оқушы сапалы білім мен шығармашылығын ұштастыра білуі керек. Мәселен, 8-сынып оқушыларының тапқырлығын анықтау барысында мынадай тапсырмалар беруге болады: Суретті құрмалас сөйлеммен байланыстырып,қорытынды ой шығар (Мидың суреті беріледі). Нәтижесінде Адамның миы, басы жалғыз болғанмен, ойы сан қырлы болады деген сыңайда құрмалас сөйлем құрастырылады.

Алтыбақан суреті: Адамның өмірі алтыбақан сияқты, ол да қимыл-қозғалыс пен іс-әрекеттен тұрады.

Сағат суреті: Адам өмірі сағаттың айналымындай қысқа, сағат тілі он екіге жеткенше, адамның өмірінде түрлі ой туындап, түрлі іс атқарылады т.с.с. (Мұхаметжанова А.Ш. Оқыту мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында тиімді қолдану жолдары / ЖББОМ мұғалімінің мақаласы).

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтіргендер: Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.

Ізгілендіру технологиясы. Бұл технологияның мақсаты – дидактикалық мақсатқа орай оқушыны азамат етіп тәрбиелеу, танымдық күшін қалыптастыру және дамыту, жаны мен жүрегіне жылылық ұялату, адамгершілік тәрбие беру. Қарапайым тілмен айтқанда, гуманистік идеяны жүзеге асыруды мақсат етеді. Мәселен, қазақ тілінен кез келген тақырыпты өткенде балаларға тек адамгершілік тақырыбындағы мысалдар беріледі, сондай-ақ оқушылар тарапынан құрастырылатын сөйлемдер мен мәтіндерге де сондай талап қойылады. Айталық, Жапония оқушылары...

Ш.А.Амонашвилидің ізгілендіру технологиясы оқушының жеке тұлғалық қабілеттерін аша отырып, тәрбиелеу мен дамытуды, оның жүрегіне жол табуды, танымдық күшін дамыту мен қалыптастыруды, білім мен қабілетті тереңдететін және кеңейтетін жағдайлар жасауды, өзін-өзі тәрбиелеуді мақсат етеді. Танымдық оқуды, жазбаша сөйлеу қызметін дамытуды, лингвистикалық сезімді, қызметін жоспарлауды, шетел тілінде сөйлеуді, рухани дүниесін байытуды, әлемнің сұлулығын танытуды көздейтін бұл технология барлық жағдайлар арқылы ізгілендіре оқытуды негізге алады. Ш.А.Амонашвилидің технологиясы оқушының қызметін бағалауды бірінші орынға қояды. Сандық бағалаудан гөрі сапалық бағалауға (білім алушының істеген әрекетіне мінездеме беру, нәтижесін шығару, өзін-өзі бағалау мен сыйлауға үйрету) айрықша мән береді.

Ойын технологиясы. Мақсаты – ойын арқылы қызықтырып, баланың бойындағы білімдік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсу.

Модульдік технология. Мақсаты – оқытудың тұтас технологиясын жобалау, алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық үрдіс түзу. Бұл технология жеке оқушының білім сапасын анықтауға бағытталады. Оқушыға берілетін білімді алдын ала модульге бөліп алып үйрету тиімді екені дәлелденген. Модульдік оқыту 1960 жылдардың аяғына қарай АҚШ, Германия, Англия сияқты елдерде қолданыла бастады. Білім алушының мүмкіндігіне қарай модульдік оқытуда мәтіннің мазмұны бөліктерге бөлініп беріледі.

Дәстүрлі оқыту мен модульді оқытудың айырмашылығы (педагог-ғалымдар пікірі бойынша):

Дәстүрлі оқыту Модульдік оқыту
Оқытудың мақсаты айқын емес Мақсаты нақты, айқын
Оқыту нәтижесі ең соңында белгілі болады Нәтиже белгілі болғандықтан, оқушылар соған жетуге тырысады
Оқу мәтіндері жалпылама беріледі Мәтіндер бөлікке, модульге бөлініп көрсетіледі
Мұғалім – негізгі тұлға, өз пікірін жоғары қояды Мұғалім – бағыт беруші оқушы пікірін үнемі ескереді
Оқушының қызығушылығы төмен, көп белсенділік танытпайды Оқушы өз пікірін білдіруге қорғауға, дәлелдеуге белсенді
Мәтінді түсіндіру бір сарында өтеді. Оқушы кейде жалығып, тындамайды, өзіндік ізденіске түспейді. Әр оқушы материалды өз мүмкіндігіне сай меңгереді. Қызығушылық танытып, тұжырымдар, қорытынды пікір айтуға дайын болады.
Олардың білімі сабақта ғана тексеріледі Оқушы білімі әр модульден кейін тексеріліп отырады

Модульдің мазмұны оқу үрдісінде төмендегідей блоктарға жіктеледі:

Модульге кіру блогы. Мұндағы мақсат – оқушылардың тақырыпқа қатысты бұрынғы білетіндерін толықтыру, еске түсіру, білім деңгейін тексеру. Сондықтан, негізінен, қайталау сұрақтары беріледі.

Проблемалық блокта оқушыларды ойландыратын, іздендіретін сұрақтар мен тапсырмалар беріледі.

Тереңдету блогында білім алушыларға ұсынылған ақпараттық мәліметтер, жазба жұмыстары, теориялық ұғымдар тереңдетіп талдауды қажет етеді, ізденушілік бағыт басым болады.

Қорыту, бекіту блогы. Мұғалім оқушылардың теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алуына бақылау жасайды.

Тексеру блогы. Мұнда берілетін тапсырмалар білім, білік, дағдылардың мақсатқа сай орындалуын, оқушылардың оқу жетістігінің нәтижелілігін тексереді.

М.Жанпейісованың технологиясында модуль 3 бөліктен тұрады:

1. Кіріспе

2. Сөйлесу

3. Қорытынды

Кіріспе бөлімінде мұғалім оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң осы модульдің барлық уақытында есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде), сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Оқушылар бұл кезеңде бағдарламаның аталған тарауын не үшін оқып үйренулері керегін, нақты нені меңгеруі тиіс, алдағы жұмыстың міндеті қандай екенін түсінуі қажет.

Сөйлесу бөлімінде тақырып мазмұны (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) «өсу» бағытымен – қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай дамытылады. Бұл – әр оқушының оқу материалымен жұмыс істей отырып, қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытады.

Қорытынды бөлім – тарауды немесе тақырыпты оқытудың тұтас циклін анықтайтын соңғы бөлімі. Оқушылардың сөйлесу бөліміндегі танымдық қызметі барысында қалыптасқан білім, білік, дағдыларын бақылауға, тексеруге және бағалауға арналған. Мұнда оқушылар өз қызметін талдайды, яғни баға алады. Оқу модулінің қорытынды бөлімі – бақылау. Қорытынды бөлімінде бақылаудың бірнеше түрі бар. Біріншісі – тестілеу. Екіншісі – мұғалімнің өз тандауы бойынша сынақ, бақылау жұмысы, диктант.

Егер бақылаудың бір түрінен нашар баға алынса, бақылаудың басқа түрі оны жөндеуге мүмкіндік береді. Сөйлесу бөлімінің барлық сабағында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталып келсе, бақылау кезінде әр оқушы сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдысын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.

Бұл технологияның жағымды және жағымсыз жағы бар.

Тиімділігі:

- оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырады;

- оқу еңбегіне қызығушылығын арттырады;

- оларды өздігінен саналы жұмыс істеуге үйретеді;

- оқытудың жоғары нәтижесіне жеткізеді т.б.

Кемшілігі:

- жоспарланған нəтижеге жету көп уақытты талап етеді;

- оқушылардың танымдық əрекетін жүйелі басқару қиындайды т.б.

Сонымен, жаңа технологияларды пайдалану оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру үшін қажет. Бір сарынды өткен сабақтан оқышылар тез жалығып кетеді, ал оны түрлі технология негізінде түрлендіріп отыру – мұғалімнің шеберлігіне байланысты мәселе. Егер білім беруде оқыту технологиялары ұтымды пайдаланылып отырса, оқушылардың білімге деген құштарылығы артып, сапалы буын қалыптасады. Бұл – педагогиканың ғана емес, кез келген мемлекеттің басты мақсаты.

Наши рекомендации