Жүн және химиялық талшықтарды иірудің тарақты жүйесі
Жіңішке, біркелкі, төзімді, тегіс және қоспалармен ласталмаған иірімжіпті үлкен және орташа ұзындықтағы жүн талшығынан және химиялық талшықтардан тарақты иіру жүйесінде өндіреді.
Тарақты иіру екі жүйеге бөлінеді: жіңішке тарақты - жіңішке және салыстырмалы қысқа жартылай жіңішке жүнді өңдеу үшін, дөрекі тарақты – ұзын жартылай жіңішке және жартылай дөрекі жүнді өңдеуге арналған.
Жүнді иірудің жіңішке тарақты жүйесі жіңішке, қысқа және көбірек ластанған, штапельдің ұзындығы 80 мм кем емес жүнді өңдеуде қолданылады. Иірімжіптің сызықтық тығыздығына және белгіленуіне байланысты иірудің жіңішке тарақты жүйесінде талшықтың орташа ұзындығы 55 мм және сапасы 56 мм кем емес мериносты және поместі жүн; жоғарғы, І және ІІ сорттағы ұзындығы 65 мм кем емес аралас поместі жүн, сонымен қатар, жоғарғы, І және ІІ сорттағы тарақты түйе жүні және ұзындығы 90-110 мм химиялық талшықты өңдейді.
Жіңішке тарақты иіру жүйесі бойынша сызықтық тығыздығы 14-50 текс иірімжіп алынады.
Иірудің жіңішке тарақты жүйесінің ерекше технологиялық процестері - кезеңді жұмыс істейтін машиналарда тарақты тарау және есу жеңдері бар созба машиналарында есу арқылы созбалардың беріктігін жоғарылату болып табылады. Жіңішке тарақты жүйе технологиялық өтімдерінің үлкен санымен және жоғары сапалы жүннің көп мөлшерде шығындалуымен ерекшеленеді. Келіп түскен жуылған жүннің көлемінен оны өңдеуде шыққан қалдықтар 20-25% құрайды. Қалдықтардың көп мөлшерде шығуы және жоғары сапалы жүнді пайдалану иірудің жіңішке тарақты жүйесі бойынша алынған иірімжіптің өзіндік құнын жоғарылатады.
Дөрекі тарақты иіру жүйесі бойынша штапельдің ұзындығы 130мм кем емес ұзын тарақты жүн өңделеді.
Иірімжіптің сызықтық тығыздығына және белгіленуіне байланысты иірудің дөрекі тарақты жүйесі бойынша сапасы 32с және одан жоғары аралас поместі жүн, барлық сорттағы кроссбредті жүн, төменгі сортты тарақты жүн, жартылай дөрекі және түйе жүні және химиялық талшықтар өңделеді. Бұл жүйе бойынша жартылай дөрекі жүннен маталарды, трикотаж бұйымдарды, кілемдерді және техникалық бұйымдарды шығаруға арналған сызықтық тығыздығы 20-500 текс тарақты иірімжіп алынады. Шетелдерде бұл жүйе бойынша жіңішкелігі 16 текске дейін иірімжіпті алады, мұндай жағдайда шикізат ретінде ұзын мериносты жүн қолданылады.
Қысқартылған жартылай тарақты жүйе үлпілдек және беріктігі жоғары, үлкен және орташа сызықтық тығыздықтағы (50-500 текс) иірімжіп алуға қолданылады. Сапалық көрсеткіштері бойынша осындай иірімжіп тарақты және аппаратты иірімжіптердің ортасындағы көрсеткіштерге ие болады.Иірудің тарақты және жартылай тарақты жүйелерінде талшықтар қоспасын дайындаудың технологиялық процесі бірдей болып келеді. Шикізат қоймасынан жуылған, кипаларға тығыздалып буылған жүн қоспа рецептіне сәйкес цех алаңына беріледі. Жылдың суық мезгілінде жүн кипаларын жылыту үшін оларды алдын - ала арнайы бөлмеде жатқызады. Цех алаңында кипалардың бір бөлігін (10-15%) бақылаудан өткізеді. Қоймадан келіп түскен жүнді қабылдаған кезде оны өлшеп, нақты ылғалдылығын анықтайды.
Содан соң жүнді қопсытады. Жіңішке және жартылай жіңішке жүнді қопсытып- түтетін агрегатта, ал жартылай дөрекі және дөрекі жүнді кезеңді жұмыс істейтін бір барабанды түту машиналарында қопсытады. Қопсытудан кейін жүнді арнайы майлағыш эмульсиялармен майлайды. Иірудің тарақты жүйесінде жүнді механикаландырылған лабаздарда араластырып, 8 сағат бойы жатқызады. Жатқызудан кейін дайын жүн қоспасы таралған таспаны дайындау үшін кардты тарау машиналарына жіберіледі.
Тарақты және жартылай тарақты иіруде жүнді тарау үшін екі рет тарайтын машиналарды немесе дамыған алдын-ала тарайтын аппараты бар бір рет тарайтын машиналарды қолданады. Жіңішке тарақты және дөрекі тарақты иірудегі тарау машиналарының негізгі айырмашылығы жұмыс және түсіру біліктерінің диаметрлері және әр барабандағы біліктердің саны болып табылады.
Тарау машинасында кардты тарау процесінің нәтижесінде қоспадан талшықтары өнімнің ұзындығы бойынша бағытталған таспа алынады.
Таралған таспаның құрылымы біртексіз болып, ішінде көп мөлшерде қоқымдар қалады. Тек қана тарақты тарау процесінде таспа ұсақ, жабысып қалған қоқым қоспаларынан және қысқа талшықтардан толық тазаланады.
Тарақты таспадағы талшықтар жақсы бөлінген және параллельді орналасқан болып келеді. Бұл жоғары сапалы, тегіс, біртекті және төзімді иірімжіп шығару үшін қажет, сондықтан иірудің тарақты жүйелері үшін тарақты тарау процесі міндетті түрде өтуі қажет.
Тарақты тарау процесі тиімді болу үшін таралған таспаны алдын-ала дайындау қажет. Дайындауға таспаның талшықтарын түзету және паралелльдеу, өнімді тығыздау, оны қабаттау арқылы тегістеу және белгілі сызықтық тығыздыққа жеткізу процестері жатады. Бұл процестер бір немесе екі өрісті таспа машиналарында іске асырылады, мұнда таспаларды қабаттау және созу нәтижесінде талшықтар түзуленіп, паралель орналасады, таспа тығыздалады және көлденең қимасы бойынша тегістеледі.
Тарақты таспаны жатқызып болғаннан кейін одан созба өндіріледі, созба да 8-10 тәулік бойы жатқызылады, содан кейін одан иірімжіп алынады.