Жұп.Еркебұлан Қайназар(Астана) мен Иранғайып Күзембаевтың(Астана) айтысы

Еркебұлан Қайназар:

-Алматыда аламан басталғасын,

«Бісміллә»- деп бастайын дастан басын.

Ассалаумағалейкум, қазақтарым,

“Айтыс“ - деп жиып келген көп шаруасын.

Бүгінгі тойларыңыз құтты болсын,

Сауын айтып, Алаштың қосқан басын.

Алыстан алып- ұшып бізде келдік,

Арнайылап шақырту тасталғасын.

Тойға барса, тартуын а(лы)п баратын,

Білуші е(ді)м бабалардың ескі арнасын.

Құр алақан келуге қысылдым да,

Подарканың бастадым бәс саудасын.

Атан түйе әкелсем де жарасар ед(і),

Жоқ адам оны қалай жоспарласын.

Балконға байлап қойған ту бием жоқ,

Түсіндім жағдайымның жақсармасын.

Конвертке салып- ақ берер едім,

Дұрыстап қоса алмадым ақшам басын.

«Аванс алайын» –деп іздеп бардым,

Айтыскерлер одағы басқармасын.

Сөйтсем онда қалмапты көк тиын да,

Кризистің келгені расталғасын.

Қолыма ілінгенді ала салып,

Атымның сізге бұрдым шапшаң басын.

Тойларыңа тапқаным осы болды,

Көргендер көзі қызып, бас салмасын.

Қомсынбай, қорашсынбай қабылдаңдар,

Міне тұр, мен әкелген «ақсарбасым»!

-Қайтейін қызыл сөзге алданып құр,

Айтайын әңгімемді алдан ұтқыр.

«Кризис, кризис»- деп бүкіл ғалам,

Бұл күнде ақша үнемдеп зар қағып тұр.

Кризиске қырсығып біздің қазақ,

Той жасаудан жарысып, жанданып тұр.

Ассамблеяның да жиырма жылын,

Атқарып тастап едік шаруа ғып бір.

Жеңістің жетпіс жылын дүркіретіп,

Халық болып өткіздік қамданып бір.

Хандықтың бес елу жылдығын да

Атқарып Тәуелсіз ел тәубә ғып тұр.

Арасында Айға да барып келіп,

Айдындай балаларын паңданып тұр.

Бүгін міне Азаттық мерекесі,

Сарайда салтанатты шам жанып тұр.

Ақшаны судай шашқан қазақтарға,

АҚШ-тың өзі қазір таңданып тұр.

«Бұларға не қылсаң да дауа жоқ;- деп,

Дағдарыстың өзі де дағдарып тұр!

-Білмеймін зиян қандай, пайда қандай?!

“Айтыс“- деп соғылмады қайда маңдай?!

Ышқынып мына тойға жетіп қа(лы)псын,

Ысқырып бес ешкінді айдағандай.

Екі ЗАМ-ын шығарып Жүрсін ағам,

Экзамен алуды ойлағандай.

Оң қолына ұстаған найзасына

Жирен аттан жау кесіп, байлағандай.

Екі түсті баласын айтыстырып,

Отыр, әне, шахмат ойнағандай.

Бір үйдің баласындай достар едік,

Білмеймін, қылып тұрсыз айла қандай?!

Қырқыстырып қойдың- ау қайран көкем,

Бәкіңді қанжарыңмен қайрағандай.

Иранғайып Күзембаев:

-Ақ сөйлеу- ақын үшін арға міндет,

Ақырын әр нәрсенің Аллам білмек.

«Арқаның ақсарбасын әкелдім»- деп,

Қанжарынды тұрсың ба қандағын ке(лі)п?

Желтоқсанда боздақтар құрбан болған,

Азаттықтың сезініп салмағын көп.

Мен де сол боздақтардың жалғасымын,

Алаш үшін аянып қалғаным жоқ.

Тәуелсіздік тойының құрметіне

Ақсарбас бо(лы)п кетсем де арманым жоқ!

-Жетісу Жерұйықта ғұмыр кешкен,

Ағайын, армысыңдар, күлімдескен.

Жүрсіннің жүйріктері шықты міне,

Тұлпардай тұяғынан дүбір көшкен.

Солардың бірі болып біз де келдік,

Қырықтың бірін қазақ «қыдыр»- дескен.

Шыңболат ақыныңның жалғасы едім,

“Шындық“- деп Сырда туып, қырыңда өскен.

Жаңағы Шалқарбайды домалатқан,

Шығармаған шығарсын ұлыңды естен.

Сүлейлердің сарқыты болғаннан соң,

Сәйгүліктей шабайын сүрінбестен.

Ал, ағайын қиқулап отырыңдар,

Сәті ке(лі)п қалған кезде кідірместен.

Мың жарым шақырымнан келген кезде,

Тіл жағын бір сөйлеші мүдірместен.

-Түнде бір ой мазалап, күндіз бір ой,

Ақыры шабытыма міңгізді ғой.

Екі ай бұрын осында айтысып е(ді)к,

Тағы да жыр дауылын тұрғызды ғой.

Алты жыл бұл сарайда айтыс болмай,

Көрерменнің көңілін шың бұзды ғой.

Ағайын, әкіміне мың рахмет,

Алшан батып, біздерді жүргізді ғой.

Алты жыл кіре алмаған сарайына,

Алпыс күнде екі рет кіргізді ғой.

-Сап-сары ұрпағы едік Сақ бабаның,

Түрім сары болғанға мақтанамын.

«Ақсарбас»- деп бұл мені кекетеді,

Менің қазақ екенім Хаққа мәлім.

Досың келіп шалатын құрбандыққа,

Ниеті жаман екен қап-қараның.

Жүкеңде екі бірдей көмекші бар,

Біреуі біреуінен зерек шығар.

Келе са(лы)п, «ақсарбасқа» теңеп жатса,

Оған да сарылығым себеп шығар.

Құдай сені тіл көзден сақтаса екен,

Бүгінгі шабысың да ерек шығар.

Маңдайына қояр е(ді)м күйе жағып,

Бірақ та болмысың да бөлек шығар.

Жұрттардың маңдайына күйе жақса,

Сенікіне бор жағу керек шығар.

Еркебұлан Қайназар:

-Иран- ау, құрдасына өткірсін-ау,

Айлакерлік ғылымда докторсың-ау.

Атақты Алдар Көсе атаң құсап,

Біздерге жасағанын тек қырсық-ау.

Айқасқа ақындардың біреуі едін,

Айтысқа да арқырап ке(лі)п тұрсын-ау.

«Құрбандыққа шалынам(ын)»- деп айтып е(ді)н,

Енді соған уайым жеп тұрсын-ау.

Бұған дейін күйе жағып бітіріп е(ді)н,

Енді ке(лі)п бор жағатын бо(лы)п тұрсын-ау.

Қарадай қалың елдің көзін байлап,

Мені құртып кетейін деп тұрсын-ау.

-Секілді Сарыарқаның селеу шөбі,

Бұл досым әжептәуір өлеңші еді.

Он жыл бойы артымнан қалмай қойды- ау,

Ақынның осы болар шемен шері.

Төрт жыл бірге оқығанда мұғалімдер:

«Мынау адам болмайды-ау»- деген сені.

Қасымдағы жолдасым зар жақ болса,

Қалай ғана көтерем мен еңсені.

«Оқудан соң құтылам(ын)»-деп ойлап е(ді)м,

Ойымның кері айналды-ау тегер шегі.

Жүрсін ағам жұмысқа мені алғанда,

Артынан да шақырды дереу сені.

Группалас, коллектив әрі көрші,

Құдайым айырмады-ау менен сені.

Бұл сөзіме Алатау куә бо(лы)п тұр,

Көзімді жұмсам-дағы көрем сені.

-Шындықтың жансын десе тек шырағы,

Отыз тістің ішінен от шығады.

Өткенде Елбасымыз бір жиында,

«Отандық өнім қайда? »- деп сынады.

«Отандық техника бар ма бізде?»

Бұл өзі мәселе ғой көп сұрағы.

Қазақстан вертолет жасап жатыр,

Оған мініп көрген жоқ ешкім әлі.

Біздің ел вагон жасап шығарса да,

Запчасін Испаниядан тостырады.

Тойота, Скатнек пен Нива, Шкода,

Біздерде автокөлік көп шығады.

Солардың ендеріне қарап қойсан,

Шетелдің едірейер қос құлағы.

Біздікілер запчасті сатып әке(лі)п,

Қостанайда бастарын қостырады.

Моторын, дөңгелегін бұрай салып,

«Өзіміз жасадық»-деп төс тұрады.

Сосын «Қазақстанда жасалған»-деп,

Әдемілеп жазуын жапсырады.

Сонда Қазақстанда жасалғаны-

Әдемі жазу ғана бо(лы)п шығады.

-Мен мынадан жеңілсем өлім шығар,

Өйткені әділдікті көруші бар.

Иран, сен де Отандық өнімбісің,

Уақытым ке(лі)п қалғандай жөнін сұрар.

Жұрттың бәрі өзіңді «орыс»-дейді,

Сарылығын өзіңнің сорын шығар.

Мінезін тұнып тұрған украин,

Шаптығып, шатақ шықса тез ушығар.

Кохол шаш, еврей мұрын, поляк ауыз,

Ерінің «Эстонский ерін» шығар.

Татардай тар шекеңнен шертіп қалсам,

Немістейіп шүмірейген көзін шығар.

Бойынның ұзындығы китайский,

Бір шелек су көтерсен, белін сынар.

Запчасіннің барлығы шетелдікі,

Тілін ғана Отандық өнім шығар.

Иранғайып Күзембаев:

-Танысан шын алтынды кез қылар е(ді)н,

Танымасан алтынды жез қылар е(ді)н.

Затымды келе салып сөз қылмасан,

Атынды мына меннен оздырар е(ді)н.

Егер де көрегенді жігіт болсан,

Түрімді емес, тілімді сөз қылар е(ді)н.

Ана тілін білмейтін арсыздарға,

«Осылай сөйлеңдер»- деп көз қылар е(ді)н.

-Алматыда бо(лы)п жатыр жақсы бәйге,

Мұндай жерде мықтылар бақ сынайды.

Қайта-қайта түріме тиісе берді-ау,

Өзі бір секілденіп ақ шырайлы.

Қасқыр да қас қылмаушы ед(і) жолдасына,

Достарым дәл сендей бо(лы)п шапшымайды.

Білмеймін көз үйреніп қалған соң ба?

Өзіме осы түрім жақсы ұнайды.

Болған соң әкем дара, анам дара,

Ел-жұртымнан алатын бағам дара.

Екеумізді жаратқан бір Құдай ғой,

Сондықтан мені қатты жамандама.

Осынау он сегіз мың ғаламда да,

Адамға ұқсайды ғой адам ғана.

Бірақ та мен ешкімге ұқсамаймын,

Ағайын, оған бола алаңдама.

Бірақ маған ұқсайтын төрт адам бар,

Оның өзі үйдегі балам ғана.

-Жаңағын маған жапқан жала шығар,

Сәл нәрсеге бұл бала ала сұрар.

Бауырым, байқап- байқап сөйлесеңші,

Досыңның саған жетер шамасы бар.

Шамасы жетпей жатса,қазылықта,

Отырған апасы мен ағасы бар.

Сары алтындай Әсия апасы бар,

Алтынбек Қоразбаев ағасы бар.

Сарыларға қоймасан тиісуінді,

Олардың да әдемі бағасы бар.

Түрімді емес тілімді айтар болсам,

Жанымның жазылмаған жарасы бар.

Одан да мәңгүрттерді неге айтпайсың,

Тілдері болып кеткен ала шұбар.

Түрі сендей болғанмен, тілі басқа,

Қазақтың кері кеткен баласы бар.

Түрі- қара болғанмен ,тілі-сары,

Қазақтың ата жауы дәл осылар.

-Ел-жұртын отыр сені сүйіп анық,

Айтқанынды жүрекке түйіп алып.

«Отандық өнім» жайлы айттын жаңа,

Халық отыр құлаққа құйып алып.

«Отандық өнімін тек тілің»-дейсін,

Оған ішім барады күйіп анық.

«Отандық өнімді» айтып қатырдын ғой,

«Китайский өнімді» киіп алып.

Еркебұлан Қайназар:

-Бұл құрдасым бірді айтып, бірге көшіп,

Ілде байлап келеді іргелесіп.

Қазыдағы ағасын түгендеді-ау,

Ойлап тұрған құлқыны жүлде десіп.

«Қытайдың киімдерін кидің»-дейді,

Өзінше бір тапқырлық түрге көшіп.

Шапаным Мақта-Аралдың мақтасынан,

Өрнектелген құндыздың жүндері өсіп.

Біз ештеңе импорттап алмаушы едік,

Экспорт қана болған бізге несіп.

Иран-ау, ел алдында бұл сөзімді,

Дәлелдеп берейін бе жырмен есіп.

Әлемде қазақтан бай мемлекет жоқ,

Мерейі мырзалықпен жүрген өсіп.

Уран экспорттаудан алда жүрміз,

Атомнан бастартқалы бір кеңесіп.

Мұнай экспорттаудан алда жүрміз,

Бензиніміз жатса да бірден өсіп.

Астық экспорттаудан алда жүрміз,

Тілім нанды көрсек те тілге несіп.

Әлемді Қазақстан асырап тұр,

Тәңірдің берген сыйын бірге жесіп.

Басқалар басымыздан сипап қойса,

Мақтанып, марқаямыз мүлде десіп.

“Ақкөңілдік“ акция болған кезде,

Ашылып абақты мен түрмеде есік.

Экспорттай саламыз ақшаны да,

Экс әкімдерімен бірге қосып.

-Сынақ қы(лы)п жаратқан соң алуан-алуан,

Бұл бес күнде баянын бар ма жалған?

Кезінде «күллі әлемді жаулау» деген,

Талай-талай патшаға болған арман.

Шартарапты шарпыған Шыңғыстың да,

Сау басы орта жолда саудаланған.

Ескендір Зұлқарнай мен Ақсақ Темір,

Шыңғысхан барған жерге ол да барған.

Парсылар патшасының бас сүйегі,

Торсық толы құйылған қанда қалған.

Алла қолдап біздерге бұйырып тұр,

Солардың бастарынан ауған арман.

Біз бірақ, соғысқұмар ел емеспіз,

Бейбітпіз, татулықты таңдап алған.

Осының арқасында Қазақстан,

Күллі әлемнің көңілін аулап алған.

Байрағының суретін сызған кезде-ақ,

Бүкіл жердің шарында баурап алған.

Өйткені аспаны жоқ -ел болмайды,

Таң атса, күн шығады лаулап алдан.

Қай елдің аспанына қарасаң да,

Біздің байрақ тұрады таңбаланған.

Әлемде біз ғанамыз жер түгілі,

Тоғыз ғаламшарды да жаулап алған.

-Досымның біреуі едің «дұшпан тілді»,

Алтынға балап жүрміз мыс қалпынды.

«Қос жүйрігін шығарып қойыпты»-деп,

Әңгіме өрбіп жатыр тұстан түрлі.

Жүрсін аға шығарса екеумізді,

Бұл жерде бір құпия іс бар сынды.

Қазір жаппай қысқарту жүріп жатыр,

Кризис алған кезде күш қарқынды.

«Бірі өліп, бірі қалсын» деген шығар,

Сахнаға шығарып, қысса алқымды.

Олай болса, әу,Жүке әділ болсын,

Естіп тұрған шығарсыз тұспал тілді.

«Баласына атымды қойып ед(і)»-деп,

Қойыңыз біреулерге іш тартуды.

«Оң қолым, сол қолым»-деп жүруші едін,

Одақта жүрген кезде іс қарқынды.

Қолдың ұзын болғаны сізге жақсы,

Қысқалардан бастаңыз қысқартуды.

Иранғайып Күзембаев:

-«Қысқарады»-дейді ме -«қысқалары»,

Бұл досым бастап тұстананы.

«ЗАМ-ның да қысқалары қысқарсын»-деп,

Байқамай ұстады ғой ұстараны.

Бойы мендей бұл жерде Зам-әкім жүр,

Осынау өткізіп жатырған іс-шараны.

Қырықбаев Армандай ағамды айтсам,

Еркебұлан осы жерден ұсталады.

Бауырым, бойда тұрған ештеңе жоқ,

Ғылым мен білім шығар күш талабы.

Бастыққа ақыл айтып не көрінді?

«Ақылсыз»-деп ойлап пе едің күшті адамды.

Алда- жалда қысқарту келіп қалса,

Бірінші - тілі ұзындар қысқарады.

-Жүке, мені сізге «құрт »дей ме?

«Туыстықты кішкене ұмыт»дей ме?

«Үйдегі Ерман-Жүрсін балам ғой» деп,

Жүрегімді беруші е(ді)м жұлып кейде.

Менің Шымкенттік жақын досым,

Дұшпандықты жасайсын күліп кейде.

Оданда «қысқартпа»-деп неге айтпайсын,

Осындай ұнамайды қылық кейде.

Ауылдың иттері ала болғанменен,

Бөрі келсе барлығы бірікпей ме?!

-Ғұн менен Оғыз, Сақ бабам,

Салты бар жұрты сақтаған.

Сығанақ пенен Ақмешіт,

Тұрпаты бөлек басқадан.

Алашқа болған астанам,

Алматы-менің бас қалам,

Астанам-менің жас қалам.

Алматы жұрты аман бол,

Жанына жырды жасқаған.

Елбасы аман болсыншы,

Нұрлы жолға бастаған.

Алматымды көргенде

Қуанамын, шаттанам(ын).

Алматы-менің бақ қалам,

Өзіңмен мәңгі мақтанам(ын)!

-Біз қыран емес пе едік ғажап ұшқан,

Айбарлы өзі қасқыр, өзі арыстан.

Алашым Азаттығын баянды бо(лы)п,

Мәңгілік елге айналсын-Қазақстан.

Мекені ұлылардың Ұлы далам,

Алламның шашылып тұр нұры маған.

Лайым,кәлимамыз кәміл болып,

Құдайым, жаңылдырма құбыламнан.

Себеп жоқ көз жасынды селдетуге,

Қуаныш, қүлкі тұрсын келбетінде.

Атанған дауда шешен, жауда көсем,

Қазақтай қайсар ұл жоқ жер бетінде.

Кешегі Сақ пен Ғұннан таза түбім,

Әлемге жаңғырып тұр азат үнім.

Әлемге біздің қазақ дәлелдеп тұр,

Бірлігі жарасқан ел-озатынын.

Сөзімді аяқтайын тілекпенен,

Кіршіксіз досқа деген жүрекпенен.

Бауырым, сен де менің досым едің,

Ешқашан арамыздан қыл өтпеген.

Жыл.

Алматы қаласы

Республика сарайы

Наши рекомендации