Жұп.Рүстем Қайыртайұлы(Алматы) мен Өміржан Көпбосынның(Қарағанды) айтысы

Рүстем Қайыртайұлы:

-Бісміллә,домбырамды тағы ұстадым,

Салмақты сүрлеуімнен ауыпадым.

Аман ба Алматының көрермені?

Сіздермен қандай жақсы қауышқаным.

Бір айда бірнеше рет дүрмек өтіп,

Қарлығып қалған шығар дауыстарың.

Біресе тамашалап отырасың,

Бірегей боксерлардың алысқаанын.

Кеше ғана алдырдын аренаға

Еуразияның еңсегей барыстарын.

Ал,бүгін сарайына сайратпақсын,

Алаштың ақын дейтін арыстарын.

Сосын,«Универсиада өткіземін»-деп,

Сарайдың да тастадын салып сарын.

Не деген қаны қызу халық едің,

Жанкүйер мінезіне жаға ұстадым.

Қаланың жүрсендер де,

Даланың қазағынан қалыспадын.

Ат мініп,ит жүгіртіп,құс салмай-ақ,

Қазаны қалқытпаған намыстарын.

Билеттен аямайтын сіздер ғана

Бейнетпен тауып жүрген табыстарын.

-Қозады сіздер келсе делебемнің,

Мен сонда селдетермін,себелермін.

Арқырап Азаттықты жырламасам,

Арқалап домбыраны неге келдім?!

Әлі де білмей жүрген адамдар бар,

Бұл күнге қайтып қалай ие болдың?!

Сарбаз бо(лы)п әрқайсыңның бабаң жүрген

Қасында Абылай мен Кенелердің.

Артында әрқайсыңның атаң тұрған

Мұзжарғыш Әлихандай кемелердің.

Кім білсін қанша батыр жатыр екен,

Астында белгісіз бо(лы)п төбелердің.

Дәл кеше тек Қайрат пен Ербол емес,

Жандары қыршын кетті-ау көп өреннің.

Сондықтан,Тәуелсіздік күні деген,

Барлық қазақ бақытқа бөленер күн.

Тарихқа кірмей қалған тұлғалардың

Ерлігі бір сәт болса еленер күн.

Қалып кеткен тағалардың тасасында

Білейік шын еңбегін шегелердің.

-Адамзат бір-бірімен қас болғалы,

Жер үшін жерге кіру басталғалы.

Садағасы еді ғой бейбіт күннің

Бабамның төккендер мен шашқан қаны.

Еркіндік,елдік пенен теңдік еді,

Елімнің ежелден-ақ басты арманы.

Сүйеміз содан бе екен көк аспанды,

Секілді айдын көлдің қасқалдағы.

Байрағымның өзі де аспан түстес,

Айтпай-ақ түсінікті астар мәні.

Күнім тұр сол байрақта күлімсіреп,

Шуағын шаттанатын шашқан маңы.

Қалықтап қанат жайып қыраным тұр,

Бақылап балапанын асқардағы.

Елтаңбамда киелі шаңырақ тұр,

Болмайтын бәз біреудің баспалдағы.

Басқа,басқа,ғажап қой Әнұранның

«Алтын күн аспаны»-деп басталғаны.

Осындай көкке құмар көк бөрі елдің

Жұлдыздай құламасын бастан бағы.

Ешкім де қол-аяғын байлай алмас,

Азат күн,ақша бұлттай аспандағы.

-Астарлап айтушы едім сүнгілеп жыр,

Өлеңі туа бермем үлбіреп жыр.

Мен енді қарсыласқа бұрылайын,

Әзілім демесе екен сілділеу бір.

Арсиял,Митхал дейтін үнді байы,

Қарағанды көмірін үңгілеп жүр.

Қара жер астында қалып қанша шахтер,

Жарлары қара жамылып мұңды болып жүр.

Басқа емес,мен білетін Алматыда

Қаншама қаба сақал үнділер жүр?!

Қай арнаны қоссаң да үнді сериал,

Ене мен келіндері үлгі болып жүр.

«Үйлену тойымызды үнділерше

Жасаймыз»-деп қанша жұрт жынды болып жүр?!

Дей көрме бұл сөздерді жай тұспалы,

Күшім бар барысқа да,қайқысқа да.

Ганги менен Метхунның інілерін

Көре-тұғын болдық қой қай тұста да?!

Бамбейден бүгін ұшып келгендей-ақ,

Қасымда отыр міне қайқыш қара.

Үндінің жігіттері үкіленіп,

Араласа бастаған ба айтысқа да.

Бұл жерде ән де өтпейді,би де өтпейді,

Ал,енді қолдасбақсын қайтіп шара?

«Агая,агая»-деп қашасын-ау,

Айтыста нең бар еді,байғұс бала?!

Өміржан Көпбосын:

-Ағаға іні айтса сөз ауырын,

«Бірі»-деп бағалаймын«мазағының».

Үндіске түріміз көп ұқсағаны,

Ойыңа бермеді ме маза бүгін?

«Агая,агая»-деп қалжындайсын,

Бар ме еді Өміржанмен бажалығын?

Бауырым,Бамбейіңді не қылайын,

Жаңаарқадай тұрғанда өз ауылым?!

Ганди мен Метхуніңіз мәртебе емес,

Сәкеннің сақтап жүрмін тазалығын.

Буддамен будандасып жүргенім жоқ,

Мұсылманмын,естіген азан үнін.

Жасынан қара құлақ құлын мініп,

Ат үстінде шырқаған ғажап үнім.

Сиырға сиынатын үндіс емес,

Жылқысы көп ауылдың қазағымын!

-Үкілі қайдан көрдің бөрігімді?

Соға бер,соққаныңша көрігіңді.

Тамырым-Сақ пенен Ғұн,түбім-Түркі,

Қазақтың бір ұлы едім көгі нұрлы.

Ат үстінен рухымды ешкім баспас,

«Байғұс»-деп,баспа менің көңілімді.

Ол рас,Миттал дейтін үндіс келіп,

Саумалдан сорып ішті-ау көбігімді.

Өзгеге доллар қылып сол сатады,

Қара жерден қазып а(лы)п көмірімді.

Лондонның биржасын да саудалайды,

Теміртаудан өңдірген темірімді.

Темірім мен көмірім садаға ғой,

Шахтада қанша қырды өмірімді?!

Шетелден инвестиция тартқан кезде,

Шынымен,біздің қазақ көп ұрынды.

Алатаудан бері асып қытай келсе,

Сенің де қиындатар өміріңді.

Сондықтан,қара қытай қаптамасын,

Тоздырып Жетісудай өңірімді.

Қара қытай қаптаса,Бұқар айтқан,

Мүрдеңді қазып жейді-ау көмілулі.

-Дүлдүлдер от ауызды ойын а(лы)п келді,

Бұлбұлдар сандуғаштай сайрап келді.

Бойымдағы шабытым шыдатпастан,

Бүгінгі Тәуелсіздік тойға а(лы)п келді.

Ағайын,қуанышың құтты болсын,

Аз жылда Азаттығым жайнап келді.

Сарыарқаның кіндігі-Әз Жаңаарқам,

Беліме бес қаруын байлап берді.

Көкшетау көк шапанын кигізді де,

Ерейментау Байшұбар сайлап берді.

Арқадағы тұмарым-Қарқаралы,

Найзамның ұштарын қайрап берді.

«Қазақтың ұлттық рухын бір көтер»-деп,

Қарт Ұлытау қолыма байрақ берді.

Ассалаумағалейкум,Әз Алматым,

Шапалағың бойыма қайрат берді.

Бақ сынауға Алатауға келіп тұрмын,

Түлеткен небір текті қайраткерді.

-Сайраған бау-бақша мен тоғайда да,

Сен маған емессің-ау оңай бала.

Өзгеге «үндіссің»-деп айтпай тұрып,

Аузыңа боларсың абай,бала.

Көздерің сығырайып,Қазақ мысты

Басқаратын аумайсың огайға да.

Қолдаса Алматының халқы мына,

Айтыстың басталғанда салты мына.

Қазаққа түк ештеңе бұйырмады-ау,

Тағдырдың төзгем талай салқынына.

Әй,кәріс,байлығымның бәрін жедін,

Ешкім бөгет болмайды-ау қарқынына.

Кимсің бе,Лисің бе,Огайсың ба?

Кім сенің су бүркіп жүр қолтығына.

Халқыма бөліп бермей,тығып жейсін,

Бәрі қалай сияды аузынына.

Бабамның домбырасына жетіп кел(іп)сің,

Даламның тоймадың ба алтынына?

Сатып алып жүрсең де доллар әнді,

Бұл айтыс емес саған қол бұрамды.

Жүрсін ағам-өнердің шырақшысы,

Ұрлата қоймас сосын мол мұрамды.

Мен де оңай бермеспін,көмейіме

Жаратқан,қоңыр үн мен қондыр әнді.

Сүйегіме таңба ғой кәріс алса,

Сүйінбайдан қа(лы)п кеткен домбырамды!

Рүстем Қайыртайұлы:

-Кеткендей күкірт тиіп шырпыңызға,

Ашуың атып шықты-ау сыртыңызға.

«Үндіс емес,жылқылы елдің ұлымын»-деп,

Жайыңды жайып салдын жұртымызға.

Тек сен де емес,сол жылқы төрт түліктің

Ішінде ең жақыны ұлтымызға.

Ең сыйлы адамына ат мінгізу

Ескірмес бір дәстүр бар ғұрпымызда.

Мінсен ат,ішсен тамақ,кисен киім,

Ішкенде тамсанбайды-ау кім қымызға?!

Жылқыға қиын бірақ,қазіргі сәт,

Шөп табу қалың қар мен күрті мұзда.

Одан соң қасқыр дейтін қас жауы бар,

Көнбейтін ырылдаса ырқымызға.

Сен болсан «жылқышымын»-деп отырсын,

Сөзіңді ұқсатсайшы-ау тұрқыңызға.

Жылқышы болсаң қазір жүрмес пе едің

Мұз қатып сақал менен мұртыңызға.

Айғырға сеніп алып айтыс кусан,

Тие ме тайдың еті ұртыңызға.

Жылқышы болсан,тездет,тауыңа бар,

Тымақ киіп,оранып тылпыңызға.

Сен мұнда маған тиісіп отырғанда,

Қасқыр тиіп жатпасын жылқыңызға.

-Ал,онда,сыбаға әкел,құй қымызды,

Дәстүрді жалғасаншы-ау сөйтіп ізгі.

Мен де бір қойлы ауылдың қазағы едім,

Сенбесең,иіскеп көр иісімізіді.

Сен де мені өтірік танымай қа(лы)п,

Аттың-ау айдалаға шитіңізді.

Арабқа ұқсатпадың тым болмаса,

Сақалды домаланған кейпімізді.

Біз жақта емес,кәрістер сіз жақта көп,

Кен түгіл,киіп жүрген китімізді.

Соларға қатты өкпелі секілдісін,

Жақтырмай ұқсатасын сиқымызды.

Байқаймын,бір оқиға болды ме екен,

Әлі де бұзып жүрген ұйқыңызды.

Бір кәріс ұрлап сойып жеп қойған-ау

Күшік кезден бірге өскен итіңізді.

-«Біреудің тас аттын тұнығына»

«Жасады»-демес елім«ірі күнә».

Ағайын,қалжынменен қараңыздар,

Мынадай құрдастардың қылығына.

Біз өйткені,көп ұлтты мемлекетпіз,

Ішінде бар ұсағы,ұлығы да.

Ешкімге« кет» демейтін қонақжай едік,

Тиіспей адам түгіл,шыбынына.

Елбасы да ерекше еміреніп,

«Өгейсің»-деп айтпайды бір ұлыңа.

Осы кең пейіліңнің көрінісі

Олардың орман болды-ау шыбығы да.

Бір уыс бидай сұрап келген жандар

Отырды диірменнің тұғырына.

Бір жұтым суға зар бо(лы)п келген жандар

Қожайын болды бүгін құдығыңа.

Қазағым,сен осындай арайлы елсін,

Қашанғы арайлы елді қанай берсін?!

Өзге ұлтқа айта-тұғын өкпем де бар,

Мейлі,мені дұшпан санай берсін.

«Өзім» деп жүрген кезде өзегінен

Тепкені,сірә,кімге оңай болсын?!

Мысалы,Илья менен Головкинді

«Қазақ»-деп баласына балайды ел шын.

Төрт бөліп түн ұйқысын төбелессе

Деп тілейді-«түгелін сабай берсін».

Кәрістің конькиші ұлы Денис Тенді

«Қозым» деп тойлатқансың талай жеңісін.

Көше аттарын қазақша өзгерткенге

Қарсы шықты ұлт өзге талай көршің.

Бабасы басқа жерде жатқандардың

Баласы билік айтса қалай дерсін.

Төрде отырып төс жесін,жамбас жесін,

Алайда,шаңыраққа абай болсын.

Тойып алып түкірмей табанына,

Келген жолын тауып а(лы)п қарай кетсін.

-Ұмытып барамын,айтпақшы,

Өзіне айтар назым бар,

Өміржандай сүйреген.

«Ат құмар» дейді ел сені

Шартараптан жинаған

Тұлпардың небір тұйғынын.

«Тәуір ат бар»-деп естісе

Тыншымайды екенсін

Тигеніңше құйрығың.

Берсе алып қолыңнан,

Бермесе тартып жолынан,

Қолданады екенсін

Барымтаның да қимылын.

Сабыр сақта,сен өзі,

Алатауға келмеуші е(ді)ң

Алланың қара бұйрығын.

Өзін айтқан Сүйінбай

Атаңыздың ауылына

А(лы)п келдін қандай пиғылын.

Мұнда да небір жүйрік бар,

Жүйткісе желге ұстатпас,

Жалыны менен құйрығын.

Нәпсі деген қиын ғой,

Жүрегіне кіріп а(лы)п

Жүргізетін билігін.

Ұқсамайсын сен өзі

«Алам»-деп келген адамаға

«Алтын домбыра сыйлығын».

Айтысты сылтау қылып а(лы)п

Айдап кеткелі келдің бе

Жетісудің бір жүйрігін?

Өміржан Көпбосын:

-Қазір қыс Алматыға қашық көктем,

Күн нұрын Алатауға шашып көктен.

Ұлтым дейтін ұлыңды ұры қылып,

Рүстем шаппа-шапта ашық кеткен.

Жылқы ұрлайтын баукеспең мен емеспін,-

Жұртымның ақынымын жақұт төккен.

Біреудің ала жібін аттамадым,

Көне өнермен өмірімді бақытты еткем.

Ұры десең Кулагин,Маскеевичті айт,

Байлығыңды жатыр-ау басып көптен.

Намысыңды ұрлаған гей клубты айт,

Абыройыңды айрандай шашып төккен.

Ұрлықшының көкесі-Храпунов қой,

Жеріңді сатып-сатып қашып кеткен.

-Рүстем,қай сөзіңіз түйін бо(лы)п тұр?

Бірдеме айтсам,тағы да дейімдеп тұр.

Өзінің айтуына қарағанда,

Сөзінің алды болды-ау биылғы өткір.

Жайлауға емес,қоғамға қарасайшы,

Аш көзденіп бір-бірін жиін деп тұр.

Ана тілін білмейтін шенеуніктер

Сипағанды білмейтін сиыр бо(лы)п тұр.

Діннің атын жамылған содарлар көп,

Әрқайсысы бір-бір секта ұйым бо(лы)п тұр.

Ар-намысын ұрлатқан көшелерде

Қыздардың бар қымбаты-киім бо(лы)п тұр.

Еркекке еркек үйленіп,ал,қызға қыз,

Жастарың киін кетті-ау киін кеткір.

«Шыңдықты айтад(ы)»-деген азаматтар

Билікке жағынуға бейім бо(лы)п тұр.

Ертең-ақ қызметінен а(лы)п тастайды,

Көкелерім сөйлесе жиында өткір.

Кітабын өткізе алмай жазушы жүр,

Берілер қалам ақы тиын бо(лы)п тұр.

Көзіммен осыларды көріп тұрып,

Көңілім алай-дүлей қиын бо(лы)п тұр.

Жылқыңның ұрланғаны ештеңе емес,

Рухымның ұрланғаны қиын бо(лы)п тұр.

-Ол рас,жылқышы едім құрық салған,

Соғымға ту биені жығып салған.

Айтыстардан шеттелуші е(ді)м,

Жазда жайлау,қыстыгүні қыстаудан шығып шаруам.

Ат басын Алатауға алғаш бұрдым,

Қар бекіп,үйір жылқым тынышталған.

«Жылқыңды қасқырлар жеп кетпесін»-деп,

Ұпай алғын келе ме ұрысқаннан?

Түс тағысы жоғалып кеткен қазір,

Қанымыз қастыққа көп жұғысқаннан.

«Елміз»-деп-«көк бөрінің төсін емген»,

Еңсемізді ұяламыз тік ұстаудан.

Дөкейлер вертолетпен аңға шықса,

Мың жыртқышты құртады бір ұшқаннан.

Солардың арасында біреуі жоқ,

Қылмыскер ретінде шын ұсталған.

Мені туған Арқада арқар бітіп,

Сені туған азайды Шығыста арлан.

Жоқ бөрі айтып,ау,Рүстем,

Не пайда маңдай шекең тырысқаннан.

Даланың қасқырларын автоматпен

Қаланың «қасқырлары» қырып салған.

-Өмірдің қызығатын сұлуына,

Өлеңнің қызығатын тұнығына.

Рүстем,тай баласы болғансың ба,

Жылқының келіп тұрсын ұғымына?

Әкеңіздің есімі Тай болған соң

Асылдың сен ұқсайсын сынығына.

Отызға келгеніңше баладайсын

Мініп а(лы)п шапқылайтын шыбығына.

Азынаған санасы-ау жылқыларды

Бұғаулықтап ілгенмін құрығыма.

Қайырып құрық салып бір қайтайын

Қайыртай көкеміздің құлынына.

Рүстем Қайыртайұлы:

-Жалынан ұстатпайды-ау құнан жалған,

Пендеміз жетсек пе деп құмарланған.

«Қайыртайдың құлынын ұстаймын»-деп,

Әкеме ауыз салды-ау мынау балаң.

Құрығын қырық метр болса-дағы

Бауырым,түк пайда жоқ бұл арманнан.

Өйткені,менің әкем Қайыртай да

Айтыстың тұлпары еді-ау тұмарланған.

Жылқы мінез қазақтың есіміне

Ат пенен тай сөзі ғой сыңар болған.

Мысалы,Сұлтанмахмұт Торайғыров

Күнге де қанат қаққан қыран болған.

Тәубе айтам Тайдың ұлы болғаныма

Басқадай түк шараң жоқ қуанғаннан.

Мен түгіл,адамзаттан озып кеткен

Абайдың әкесі де құнан болған.

-Деп айтар-«Орда жаман»,«Сарай жаман»,

Таңның қадірін білмейді-ау арайлаған.

«Қиын заман болды»-деп ел айтып жүр,

Жөн болар айтар сөзге абай болған.

Бұл заман қашан оңай болып еді,

Сақ пен Ғұнның кезінен солай болған.

Заманы оңай болса Түркілердің

Неліктен аттан түспей жау айдаған?!

Заманы оңай болса,Абылайдың

Дат айтып Бұқар неге маңайлаған?!

Заманы оңай болса,запыран жұтып

Зарланып өтті неге Абай данаң?!

Заманы оңай болса,Ахметтердің,

Оларды ит жеккенге неге айдаған?!

Заманы оңай болса Мұстафадай

Неліктен шетте жатыр талай бабаң?!

Неліктен қанша қазақ аштан өлді

Жетпіс жеті атасы мал айдаған?!

Сондықтан «Заман қиын»-дейтін кезде,

Жөн болар алдыменен соны ойлаған.

Тарихтан таразылап көріңіздер,

Кімге қиын,ал,кімге оңай заман?!

-Азат күн тоқсан бірде еніп күлді,

Бізге Алла сәттілікті серік қылды.

Қуанып бөркімізді аспанға атып,

Бар адамзат бауырындай болып тұрды.

Қақпаны айқара ашып тастаған соң

Доспен бірге дұшпан да келіп кірді.

Еуропа есірткісін егіп тынды,

Батыс ке(лі)п жалаңаштап желіктірді.

Адам түгіл,дін кіріп неше түрлі,

Ес білмеген жастарды еліктірді.

Ішіне іріткі са(лы)п миссионерлер

Ошағы сан отаудың сөніп тынды.

Кесіртке бо(лы)п келгендер ақырында,

Айдаһар бо(лы)п айбатын шегіп тұрды.

Ал,бүгін заман басқа осы күнгі

Хал кесің тауып жейтін несібіңді.

Ол кезде жаңа тіккен жас отау е(ді)к,

Жаңағы кемшіліктер кешірімді.

Ал,бүгін есті жиып,етек жауып,

Түзейтін күнге жеттін бесігіңді.

Қуалап мысық тілеу меймандарды

Болмайды бекітпесең тесігіңді.

Қонағы билей-тұғын жаман үйдің

Қожайыны болғанның несі құнды.

Кім келсе де кідіртіп босағада

Жөнін сұрап «айт»-дейік«есіміңді».

Қадірсіз үй емеспіз кім көрінген

Қақпай кіре беретін есігіңді.

-Жалғанда мынау,жалғанда,

Арманда,қазақ,арманда.

Үміттің оты сөнбесін.

Өміржанмен айтыссан,

Бұл балаң айтып кетпей ме

Өмір жайлы термесін?!

Дүниеге келген сәбидің

Ұйқысын ешкім бөлмесін.

Біздерге өмір сыйлаған

Қадірлі ата-аналар

Қасірет қайғы көрмесін.

Өмірден өткен әр мүмін

Жәннаттың ашсын пердесін.

Қан жүзді қара беттілер

Өмірге мүлде келмесін.

Өмірден өтіп кетсе де

Бабалар айтып кетпеп пе ед(і),

«Ажалды ешкім женбесін»?!

Мен сол ажалды ұнатам

Алатын кезде қазақты

Ру менен жүзге бөлмесін.

Тілектен түйін жасайын,

Созбалай берем(ін) мен несін?!

Қартайып өлсін әр қазақ,

Қайғырып ешкім өлмесін.

-Айналайын,Өміржан,

Біріктірген біздерді

Айтыс дейтін алып күй.

Айдынына айтыстың

Жыр бұлағыңды әлі құй.

Арқаға сәлем айтқайсың,

Айта-тұғын бәрі жыр,

Тарта-тұғын бәрі күй.

Көпбосын атаң секілді

Көп балалы әке бо(лы)п,

Немерелеріңнен тары түй.

«Қарсыласың да айтсын»-деп,

Қарап отыр Жүрсіндей,

Қара нарым әнеки.

Айналайын,Митхуным,

Дурикинә бари куй,

Аяқтай ғой канеки.

Өміржан Көпбосын:

-Бақытқа ене бермей жаңашыл бір,

Ағайын,бұрынғының бағасын біл.

Кешегі «тай» есімі,«бай» есімі,

Мен қазақпын дегенге жарасып жүр.

Бүгінгі азан шақырып ат қоярда

Жастарыңыз кімменен санасып жүр?!

Иззабела анаң да «Ананди,Митхун»-деп,

«Жагдиш»-деп еркелетер баласын бір.

Киноның кейіпкері есімдері

Ет пен тырнақ секілді жанасып жүр.

Төлқұжаты,тегін де ауыстырып,

Ол қалса шекарадан әрі асып жүр.

Сирияға кеткенің былай тұрсын,

Сериалдың соңында адасып жүр.

РРРлпль

-«Индия»-дедің сен мені,

«Кәріс»-дедім мен сені.

Сол сөзді бүгін ойласам,

Басады бір мұң еңсені.

«Өміржан»-десің ел мені,

«Рүстем»-десің ел сені.

Себебі,бізді емізген

Қазақ ананың емшегі!

Пұтқа табынып сұйылған,

Қара сиырға сыйынған,

Арулап көмбей ақ тәнін

Өртеп жіберуге бұйырған,

Бойымда қазақ намыс бар,

Индия болғым келмейді.

Мыртиған ғана бойы бар,

Не талдап тұрар ойы бар,

Сығырайған көзі бар,

Біз түсінбейтін сөзі бар,

Бұрышты көрсе жайнаған,

Тоқ иттен соғым сайлаған,

Қос мемлекеті бөлініп,

Қазаны бөлек қайнаған,

Намысым барда қазақтай

Кәріс те болғым келмейді!

Сақ пенен Ғұннан жаралған,

Азуы арыс абадан,

Алтыннан сауыт тағынып,

Астында аты жараған.

Қастасқан жауын илеген,

Дұшпаны қорқып именген.

Түркіден қалған тұқыммын

Аспанның астын билеген.

Қазақтың басын құраған,

Билігі елге ұнаған.

Қазақ хандығын нығайтып,

Алладан медет сұраған.

Ақ киіздің үстінде

Қазаққа берген анты бар.

Ақсүйегін кірлетпес,

Бойында биік салты бар.

Керей менен Жәнібек,

Есімнен қалған «Ескі жол»,

«Қасқа да жолы» Қасымның,

Абылайдай айбарлы,

Хан Кенедей айдарлы

Хан қазақ болғым келеді.

Тілімнің болған негізі

Бірліктің болған негізі,

Білімнің болған теңізі,

Төбемдегі Төле би

Қаз дауысты Қазыбек,

Әйтеке би данышпан,

Би қазақ болғым келеді.

Намысы бойды кернеген,

Кіндігі бір елменен,

Қалмақ пенен жоңғарды

Алтай таудан асырып,

Тоқымдай жерді бермеген.

Есет батыр мен Қарасай,

Қабанбай менен Бөгенбай,

Жәнібек пен Баяндай

Нар қазақ болғым келеді.

Желтоқсанда кешегі,

Алмас қылыштай жалт еткен.

Жауғазын боздақ ғұмырын

Ел үшін кеше сарп еткен.

Рысқұлбеков Қайраттай

Ер қазақ болғым келеді.

Абайдай ойдың астары,

Жамбылдай жырдың дастаны.

Махамбеттей нарқасқа

Мағжандай сезім аспаны.

Мұқағалидай арынды,

Жұмекендей күрделі,

Төлегендей айбарлы

Санасын елдің оятқан

Жыр қазақ болғым келеді.

Бәрін айт та,бірін айт,

Айтысты сыйлап келетін

Ау,ағайын,өздеріңдей

Мен қазақ болғым келеді.

Наши рекомендации