Тақырыбы: Есімше, көсемше

Дәріс мазмұны:

1. Есімше.

2. Көсемше.

Негізгі әдебиеттер:

1. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. Алматы, 1958.

2. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. Көкшетау, 2002

3. Өмірбекова Р.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі есімшелі оралымдар. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.

4. Қапалбеков Б.С. Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері. Филол. ғыл. канд. дисс. автореф. Алматы, 2000.

Қосымша әдебиеттер:

1. Жетпісбаева Ә. Көсемше тұлғалы етістікті сөз тіркестері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2007, 72-78-б.б.

2. Ізімғалиева Н. Көсемшенің қызметтік дамуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2003, 92-98-б.б.

Етістіктің функциялық формаларының бірі – есімше. Есімше мағынасы жағынан етістіктерше болымды және болымсыз, салт-сабақты болып бөлініп, жақтық, шақтық мағынаны аңғартады. Бірақ түрленгенде есімдерше көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Осы ерекшелігіне байланысты сөйлемде атрибуттық және предикаттық мағынаға ие болады да, әрі етістік, әрі сын есім орнына жүре береді.

Есімшедеп қимыл мағынасын сақтай отырып, сын есімнің анықтауыш қызметінде қолданылып, сөйлемде заттанып, зат есімше түрленетін етістіктің түрі аталады.

Есімше –ған, (-ген, -қан, -кен), -ар (-ер, -р, -с), -атын (-етін, -йтын, -йтін), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнақтарының негізгі және туынды түбір етістікке, етістіктің болымды және болымсыз формаларына, етіс категориясының барлық түріне жалғану арқылы жасалады. Ал қалау рай, бұйрық рай, шартты рай формаларына есімше жұрнақтары жалғанбайды.

1. –ған, -ген, -қан, -кен.Бұл жұрнақ арқылы жасалған есімшеде қимылды білдіру мәні бар. Мысалы, көрген түс, естіген әңгіме, жауған қар, қатқан мұз. Осы мысалдардағы заттың белгісі болып тұрған көрген, естіген, жауған, қатқан есімшелері заттың бұрын жасаған қимылын оның белгісі ретінде көрсеткен. Есімшенің бұл түрі заттық мағынада жиі қолданылады және зат есімше түрленіп, септік, тәуелдік жалғауларын қабылдайды.

2. –атын, -етін, -йтын, -йтін.Бұл бұрын я ертерек кезде болған, үнемі болып тұратын амал-әрекетті заттың белгісі етіп көрсетеді. Мысалы, Қиналатын кезің де өтер. Білетін жұмысың ғой. Атқаратын қызметің белгілі. Ойланатын әдетің ғой. Есімшенің бұл түрі ұзаққа созылған, әдетке айналған бүгін де, ертең де болып тұратын қимыл-әрекетті заттың белгісі етіп көрсетеді. Есімшенің бұл түрі де заттық мағынада жиі қолданылады.

3. –ар, -ер, -р, -с.Есімшенің бұл жұрнағы түбір етістіктен жасалу, жасалмауы белгісіз мәнді есімше жасайды. Мысалы, Жүрер жолың кең болсын. Айрылар дос ердің артқы қасын сұрайды. Барар жерің балқан тау. Осы жұрнақ жалғанған есімше сөйлемнің анықтауыш қызметін атқарып, зат есімнің алдынан тіркеседі және ол есімше заттанып, зат есімше түрленеді яғни көптік, септік, тәуелдік жалғауларымен қолданылады.

4. –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек.Есімшенің бұл жұрнағы түбір етістіктен мақсат мәнді есімше жасайды. Есімшенің осы түрі анықтауыш қызметінде сирек қолданылады. Мысалы, айтылмақ пікір, кездеспек жер, көріспек күн, жарыспақ ойын, қайрамақ пышақ.

Есімше жұрнақтарының қызметі - өзі жалғанған етістіктің аңғартатын мағынасын өзгертпей, заттың қимыл-әрекет арқылы білдіретін белгісін жасау. Мысалы, бар – қимыл-әрекетті білдіретін етістік, ал барған (адам), барар (жол), баратын (кісі), барушы (бала) – заттың қимыл нәтижесімен аңғартылған белгісі.

Есімше жіктеледі, бірақ етістіктерше емес, есімдерше жіктеліп, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.

Есімшенің есімдерге жақындығы мен өзгешеліктері:

а) Есімше формалары сын есім сияқты заттың белгісін аңғартып, сөйлемде қандай? деген сұраққа жауап береді де, анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: көк шөп – көгерген шөп, ақ шаш – ағарған шаш. Сын есімдер заттың тұрақты белгісін білдірсе, есімшелер қимыл-әрекет нәтижесінде пайда болған өзгерісті аңғартып тұр.

ә) Есімшелер есімдер сияқты көптеліп, тәуелденіп, септеліп заттанады. Сөйлемде бастауыш, толықтауыш қызметін атқарады. Жіктеліп баяндауыш қызметін атқарады.

б) Етістіктің болымсыз формасына есімше жұрнағы жалғанғанда да есімшенің боымсыз мағынасы аңғарылады.

Есімшелердің етістікке жақын белгілері:

а) Есімшенің етістіктің бір түрі болып есептелуіне оның септік жалғауларындағы сөзді салт және сабақты етістік ретінде меңгеруі себеп болады. Мысалы: кітапты алған, қаламды берер.

ә) Есімшелердің шақтық мағынаны беруде қызметі ерекше. –ған қосымшалы есімше жіктеліп, өткен шақ мағынасын берумен қатар атрибуттық қызметте тұрып та сол өткен шақтық мағынаны сақтайды. –ар (-ер, -р, -с) формалы есімшелер әркез келер шақ мағынасын білдіреді.

б) Есімшенің етістікке тән басты белгісі – қимыл-қозғалысқа байланысты мағынадан алыстамайды. Сондықтан да есімше етістіктерше болымды және болымсыз, салт және сабақты болып бөлінеді.

Есімше түрлері жұрнақтарының мағыналарына сәйкес шақ категориясымен бөлінеді:

1. Бұрынғы өткен шақ есімше -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жүзеге асады.

2. Дағдылы өткен шақ есімше –атын (-етін, -йтын, -итін) жұрнағы арқылы жасалады.

3. Болжалды келер шақ есімше –ар (-ер, -р, -с) жұрнақтары арқылы жасалады.

4. Мақсат мәнді келер шақ есімше етістікке –мақ (-мек, -пақ, -пек, -бақ, -бек) жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Көсемшедеп сөйлемдегі негізгі қимылдың жай-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады.

Көсемше атауын қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы енгізген. Бұл сөздің мағынасы көсем сияқты үнемі алдыда тұрады дегенді білдіреді. Көсемшелер тұлғалық жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақсыз болғандықтан қысқа қайырылып, өзінен кейін тиянақтаушы етістікті қажет етіп тұрады да, кем дегенде екі сыңардан құралып, жаңа мағына түзетін күрделі етістіктердің көптеген түрін жасауға негіз болады. Мысалы: көріп қойды, біле келді, айта бердім.

Көсемшелер сөйлемде етістік арқылы айтылған іс-әрекеттің сынын, тәсілін, мекенін білдіріп, пысықтауыштық та қызмет атқарады. Көсемшелер мен үстеулердің қызметі жағынан да, мағыналық жағынан да ұқсас келуі, олардың екеуінің де пысықтауыштық қызметте қолдануында деуге болады.

Көсемшелер етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне, күрделі негіздерге тікелей де, қажетінше етіс жұрнақтарынан соң да немесе амалдың өту сипатын білдіріп, рең жамайтын жұрнақтардан кейін жалғану арқылы жасалады.

А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастап Н.Сауранбаев еңбектеріне шейін (елуінші жылдар) көсемше жұрнақтары ретінде –а, -е/-й; -ып, -іп, -п; -ғалы, -гелі, -қалы, -келі қосымшалары аталған. Кейінгі зерттеушілер көсемшенің жұрнақтарына –ғандай, -ғанша, -мастан, -май, -майынша, -ысымен жұрнақтарын да қосады.

Көсемшенің мағынасы мен қызметіне қарай оны үстеуге жақын деген пікірлер бар. Осы пікірдегі ғалымдар бірсыпыра, олардан В.В.Виноградов, Н.А.Баскаков, Н.Т.Сауранбаевтарды атауға болады. Бірақ көсемше синтаксистік қызметі жағынан үстеуге ұқсағанымен, олардың үлкен айырмашылықтары бар. Мәселен,

1. Көсемше тек қимылды білдіреді, ол – етістіктің белгісі.

2. Көсемшенің жұрнақтары – тек етістікпен ғана қолданылатын жұрнақтар, ол көсемшенің етістік екенін білдіреді.

3. Үстеу – заттың белгісін білдіретін сөз табы, көсемше қимылдың белгісін білдіреді.

4. Көсемше тек етістіктен жасалады, үстеу әр түрлі сөз табынан жасалады.

5. Көсемше тек етістікпен сөз тіркесін жасайды, үстеу басқа да сөз таптарымен тіркес жасай береді.

6. Көсемше есім сөзді меңгереді, үстеуде ол қасиет жоқ.

Көсемше мен үстеу арасындағы бұл айырмашылықтар көсемшені етістік деп тануға негіз болған. Демек, көсемшенің сөйлемдегі негізгі қимылды сипаттайтын жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі екені анықталды, ол – көсемшенің табиғатына тән негізгі мағынасы мен қызметі. Бірақ тілдік бірліктер тілдің даму сатысында түрлі өзгерістерге ұшырап отыратыны белгілі. Бұл құбылыс көсемшеге де қатысты. Тілдің дамуына байланысты көсемше де түрлі өзгерістерге ұшыраған.

Тілдің кейінгі даму сатысында көсемше түрлі өзгеріске түсіп, негізгі қызметінен басқа да қызмет атқаратын болған, олар:

1. Көсемшенің жанама қимылды білдіріп, негізгі етістіктің алдынан тіркесуі – алғашқыдан бастап, әлі атқарып келе жатқан негізгі қызметі. Көсемше тұлғалы етістік пен негізгі етістіктің тіркесі бара-бара күрделі етістіктерді қалыптастырған. Сондықтан көсемше қазір күрделі етістік құрамындағы етістіктерді байланыстыру қызметін атқарады. Бұл қызмет көсемшеде сақталған. Мысалы, алып кетті, беріп келді, кіріп шықты, алып барды, алып берді, алып келді, қайтып кетті, көріп берді, алып қайтты, қайтып келді, т.б.

2. Көсемшенің осы қызметіне байланысты оның сөйлем мен сөйлемді байланыстыру қызметі дамып, ол тілден кең орын алған. Мысалы, Сол күні таң бозынан тұрып, атқа мініп еді. Өз үйінен шығарып, төрде отырған әжесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.

3. Көсемше аналитикалық форманттардың қалыптасуына да қатысқан. Тілдік бірліктердің грамматикалық дамуында күрделі етістіктердің екінші соңғы сыңары грамматикалық көрсеткішке көшкенде, күрделі етістік сыңарларын байланыстырып тұрған көсемше жұрнағы көмекші етістікпен бір грамматикалық мағынаға көшіп, аналитикалық формант жасаған. Демек, көсемшенің жұрнағы аналитикалық форманттардың қалыптасуына қызмет еткен. Көсемше жасайтын жұрнақтар мыналар:

1. –ып, -іп, -птүбір етістіктерге жалғанып, одан көсемше жасайды. Мысалы, сескеніп абыржу, ашуланып жылау, әлпештеп асырау, долданып ашулану, шаршап ұйықтау.

2. –а, -е, -йжұрнағы түбір етістіктерге жалғанып, олардан көсемше жасайды. Мысалы, күле сөйледі, тұнжырай қарады, ойлана сөйледі, күмілжи сөйледі, кешіге келерміз.

3. –ғалы, -гелі, -қалы, -келіжұрнағы негізгі түбір етістіктерден көсемше жасайды. Мысалы, танысқалы кетті, ұйықтағалы жатты, кеткелі тұрды, оқығалы келді, аяқтағалы отыр.

4. –ғанша, -генше, -қанша, -кеншежұрнағы түбір етістіктен көсемше жасайды. Мысалы, келгенше күт, бітіргенше тоқтама, аяқтағанша тынықпа, жеңгенше күрес, көнгенше үгітте.

–майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, -пейіншежұрнағы көсемше жұрнағынан кейін қосылып жүр. Оны А.Ысқақов –ғанша жұрнағының болымсыз түрі деп таныған. Олардың мағыналас екені рас, тек бірі болымды, екіншісі болымсыз мағынаны білдіреді. Мысалы, Хабар келмейінше, қозғалма.

Апта

Наши рекомендации