Міріңді мәнді етер, абырой атағыңды өсірер, дәулетті, сәулетті өмірге апарар жол – білім жолы.

Ер жетті ұлым, бой жетті қызым

Лыма тілек

Балам, азамат бол!

Ұлым менің, тіршілігіміздің тірегі, өмріміздің жалғасы сенсің. Сен дүниеге келген күні біздің отбасымыздағы, ағайын-туыстардағы шаттықта есеп болған жоқ. Сенің уілдеген дыбысыңнан, былдырлаған тіліңнен, саңқылдаған үніңнен айналмаған, толғанбаған айналамызда адам, әй, жоқ шығар? Балам, біздің өміріміз алды-артына қарайтын емес, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, айтар ақылымызды айтып үлгердік пе, үлгермедік пе оны өзіміз де білмейміз. Кейде шәкірттеріме сабақ беріп, солармен әңгімелесіп болған соң, ойға батамын, осы шәкірттеріме мен балаларыма айтпаған ойларымды, ақыл-кеңестерімді айтамын-ау, ал балаларыма кім айтады? Әрине, сөздің өзі де шыға бермейді ғой. Белгілі бір жағдайға байланысты, студенттердің қойған сұрақтарына байланысты айтылады. Өмірдің заңы ма әлде уақытты адамдарға осылай бөліп қойғандықтан ба екен, ата-ана балаларының қасында көп болудың орнына керісінше басқа жерде, басқа ортада, бөтен адамдардың қасында көп болады. «Қызмет, балаларды асырау» деген сылтау, ал оларды рухани асырауды кім мойнына алады? Оны ойлаған қоғам да, адам да жоқ. Құлындарым, сендерге деген аналық ақ тілегімді, айтар ақыл-кеңесімді қағазға жазып қояйын, кейін оқыр, керегі болса, алар деп ойладым. Бұл әр ата-ананың өз балаларына деген тілегіне ұқсас тілек, ұқсас сөз, қарапайым ғана ой ғой. Әр ата-ана өз баласын тәртіпті, тәрбиелі етіп өсірсе, тәрбиесіздер болмайды емес пе?

Балам,саған айтар алғашқы сөзім, адам атыңа лайық бол. Нағыз азамат бол! Ата-анаңа көрсеткен құрметтің ең үлкені - сол, балам.

***

Ата-анаңды сүйгендігіңнің бірінші белгісі - өзіңді сақтап, аман-есен сау жүргенің.

Балам, анада бүтін жан болмайды. Оның жаны әрқашан баласымен бірге. Сен жолға шықсаң жолыңа қарап, сен келгенше мазасы кетіп, қолы іске бармай, дегбірсізденетін анаң. Қазақ бабаң: «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» деп, тегін айтпаса керек. Балам, анаңды сыйласаң, ең оңай ережені есіңде ұстағын:

Ауырмауға тырыс, ауру туғызатын барлық жағдайдан қашық бол, суықтан сақтан, сапасыз тамақтан сақтан, көзсіз ерліктен сақтан, жалған намыстан сақтан, ақылсыз, санасыз қыздардан сақтан, сатып кетер достан сақтан, дүниеқоңыздықтан сақтан, жаман әдеттен: ішімдіктен, темекі тартудан - бәрінен сақтан. Олардан басқа мың жақсылық бар, сол жақсылықтардың жанынан табылып жүрсең, аман да боласың, сау да боласың. Ата-анаға баласынан басқа бақыттың құны – көк тиын. Соны жадыңда ұста.

Жалған намыс дегенге тоқтала кетсем: ол - дұшпаныңның намысыңды қоздырып, жамандыққа айдап салуы. Сен оны түсінбей, өзіңнің өміріңе қауіп төндіретін ұрыс-керіс, төбелестің ішіне кіріп кетуің. Балам, қашанда сабырлы бол, ашуды ақылға жеңдіре біл. Дана халқымыз: «Ашу тасыса, ақыл төгіледі, ас тасыса, майы төгіледі» деген болатын.

Әке-шешеңді үлде мен бүлдеге орамай-ақ қой, оларды уайымға салмай, қайда жүрсең де хабарласып, өзіңнің амандығыңды білдіріп қойсаң, олар үшін содан артық қуаныш болмайды.

Балам, ауырмайтын Алланың пендесі жоқ, көбінде суық тиіп, тұмауратып ауырады. «Кіші-гірім тұмау ғой» деп ескерусіз қалдырма, тез жазылуға тырыс,өзіңді, өзіңнің денсаулығыңды жақсы күтсең, сенің анаңнан бақытты адам болмайды. Жай кезде дегбірсіз ана, баласы ауырғанда жанын қоярға жер таппайды. Балам, аман бол, ауырма, рухани сау бол.

***

міріңді мәнді етер, абырой атағыңды өсірер, дәулетті, сәулетті өмірге апарар жол – білім жолы.

Оқу-білімнің керек екенін басында түсінбей бастайсың, «осы оқу дегенді кім ойлап тапты, ол неге керек, оқымаса адамдар өмір сүрмей ме?» деп, айтатынсың. Есейе келе оқудың не үшін керек екенін біле бастадың, бірақ толық түсінген жоқсың. Енді жоғары оқу орнына түстің, енді білдің, балам. Әлде де болса, терең ойлан, білімнің керегін ала біл. Сауатты, білімді адамдар қай заманда да абыройлы болған. Білімсіз адамның кемшілігі түр-түсінен де белгілі болады. Білімсіз адам жасық, қорқақ келеді. Ал білімді адамның жүзі жарық, даусы анық болады. Себебі ол білгенін ел білсе екен деп, анық, дәлелді сөйлеп үйренеді. Білімсіз өзі түсінбей тұрған нәрсесін елдер де түсінбесін деп, көмескі дауыспен, сыбырлап, міңгірлеп айтады. Осыдан болмыс қалыптасады. Балам, адамның білгенін адам біледі, тек ерінбей іздену керек, еңбектену керек. Бар болғаны - сол. Уақытыңды бағалай біл, жастық қуатың бар да өзіңді аяма, еңбек ет, денсаулығыңды шынықтыр, бос жүріспен, пайдасы жоқ компьютрдегі, казинодағы ойындарға, бос сандалысқа алтын уақытыңды жіберме.

Қоғам қашанда білімді мамандарға зәру болады. Адам білімді өз бетінше ізденіп табады. Өзіне не керек екенін өзінен басқа кім біледі? Ал керегін іздеп тапқанда, ол барынша мол қамтуға тырысады. Ұлы ғалым адамдардың көбі өздері ізденіп оқыған. Атақты Нобель мектепке, жоғары оқу орнына түсіп білім алмапты,білімді өз бетінше іздеп оқыған екен, кейін атақты ғалым болған. Артында қалған мұрасын да ғылымға беріп кетті, сөйтіп атын мәңгілік етті. Ұстаз тек бағыттаушы, жөн сілтеуші. Ұстаздың тамшыдай білімінің түбін қазып, теңіз жасау - өзіңнің міндетің. Бақытты өмірдің кілті өз қолыңда тұр, алға ұмтыл.

***

Наши рекомендации