Сәбидің қырқынан шығару немесе шілдехана тойында айтылар сөзге ой.

Қымбатты ағайын, Сіздер бүгін адамзаттың ұлы тойына жиналып отырсыздар. Қош келіпсіздер. Ізгі ниетпен келген тілектеріңізді Алла қабыл алсын!

Нәрестенің жолы даңғыл, көңілі шат, өмірі өлең, ақылы терең болсын. Осы баламыздың ұзақ өмір сапарындағы тойларында төрт көзіміз түгел болып, ортақ тілекте қауышып жүрейік.

Нәрестені қырқыннан шығарудың үлкен мәні бар. Қырық күнге дейін бала ана құрсағындағы шашымен, тырнағымен жүреді. Қырық күнге дейін сәбиді көпшілікке көрсетуге болмайды. Бала қырық күн ішінде мынау дүниенің ортасына қалыптасып, үйренеді. Қалыптаса бастағандығының белгісі, бала мазасызданып, шашы мен тырнағын ауырсынғандай болады, баланың өсу үрдісін бақылап отыратын әже, апалар, кейде қырық күн болмаса да «шығара беруге болады» деп, баланың шашын, тырнағын алып, қырық құмалақты суға салып шомылдырады. Құмалақпен бірге суға күміс теңге, сақина салатын болған. (Құмалақтың микробын күміс өлтіретінін білген шығар?) Баланың қырқыннан шықанша киген көйлегін ит көйлек деп атайды, анасы ит көйлегі мен шашын орап сақтап қояды да, тырнағын адам аяғы баспайды-ау деген жерге көміп тастайды. Міне, енді ғана біздермен құқы бірдей осы дүниенің азаматы болды. Сондықтан қазақ атаң қырқыннан шығару тойын жасаған.

Тойға келген көп қауым, жақсы тілек тілеп, бата бердіңіздер, тілектеріңізді періштелер әумин десін. Байқап қарасаңыздар, Алла өмір берген пендесін қараусыз қалдырмайды екен. «Құласа , жер көтереді», «жетіге келгенше, жерден таяқ жейді», көрдіңіз бе, жер –ана жас нәрестеге жалын төсейді. Желеп-жебеп періштелер жүреді. Өздеріңіз талай естіп жүрген «періштесі қаққан ғой» деген сөз тегін айтылмаса керек.

Нәрестенің өмірде жүзі жарық болсын, ата-анасы аман болсын, Алла ата-анасына балаларының бақытын көретіндей ұзақ ғұмыр берсін. Отбасында береке, жүрген жері мереке болсын.

Тұсаукесер тойы

«Тұсаукесер» тойын көбінде бала бір жасқа толғанда тұсаукесер жасайды. Бір жасқа дейін бала анасының ақ сүтімен қоректенеді, баладан уыздың исі шығады. Бір жасқа толғаннан кейін, бала ана сүтіне қанағат етпей, басқа тағамдарды жей бастайды. Баланың басындағы еңбегі (сүйегі) қатады, қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басады. Баланың күнделікті өскенін бақылап отырған ата-анасы үшін бұл – үлкен қуаныш. Содан кейін атадан балаға мирас болып келе жатқан тілеу тойы – тұсаукесер тойын жасайды. «Балам сүріншек болмасын, жолы ашық болсын деген оймен ел құрметіне бөленген сыйлы адамға баласының тұсауын ырымдап кестіреді, « сол кісідей болсын, сол кісінің жолын берсін» деген ниетпен. Баланың аяғына байлайтын тұсауды ақ пен қара жіптен еседі де, екі аяғының ортасынан айқастырып байлайды. Ақ пен қара – күн мен түннің, өмірдің белгісі. Міне, сөйтіп, баланың үлкен өмірге тұсауы кесілді.

Тұсау кескенде ырымдап, баланың алдына нан, кітап, ақша немесе алтын қояды. Бала қайсысын алса да жақсы ырымға жориды. Нан алса, елге тоқшылық болады екен, дастарқаны тоқ, берекелі болады; кітап алса, білімді, қолына қалам ұстаған, ырызығын жазу-сызудан табатын болды дейді; алтын не ақша алса, бай, дәулетті болатын болды деп қуанады.

Үлкен кісілер сәбиге бата береді, тойға жиналған қауым тілек айтады. Өмірге жаңа аттаған қадамына сәттілік, жолына нұр, бағытына бақыт шамы жарқырауын тілейді.

Тілашар тойы

«Жетіге келгенше жерден таяқ жеп», шынығып өскен бала оқып, білім алуға жарады. Білімнің ұзақ сапарына аттанатын перзентіне тілеуі жақсы ағайын-туыс, дос-жарандардан бата алу үшін, ата-анасы той жасайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, аузы дуалы адам болса, айтқанын періште әумин дейді. Жалпы, тілек деген жақсы нәрсе, себебі, ол адамға қорған жасайды, жаман энергиялардан сақтайды. Жеті жасар бала барлық сөйлеген адамның тілек-сөздерін тыңдап отыра да алмас, бірақ балаға арналған сөзді ата-анасы тыңдайды, періштелер арқылы көктегі Тәңірге жетеді. Бала Алланың қарауында болады.

Үнді халқының бір дана адамы былай деген екен екен: «Балаңды бес жасқа дейін патшадай көр, бес жастан он бес жасқа дейін құлша ұста, он бестен ары қарай дос бол» деп. Өте дұрыс тұжырым. Себебі бала бес жасқа дейін еркін өссе,батыл болса, онда еркіндік аурасы қалыптасады, ол адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын болады, өз ойын айтып, өз дегенін болдыра алады. Ал бес жастан он бес жасқа дейін баланың еңбек етіп үйренетін уақыты, еңбекпен бақытты болатынына көзі жету керек.Ата-ана, ағайын-туыс балаға осы жаста бас-көз болып, қатаң талап қоя білгені жөн. Өміріне қажетті білім мен дағдыны ала білудің жолына түскен баламен дос болсаңыз өкінбейсіз, жолдас болсаңыз жолда қалмайсыз. Қазіргі қым-қуыт заманда балаға екі көзбен емес, жүз көзбен қарау нағыз көкейкесті мәселе болып тұрған жоқ па?

Тілашар тойына келген әр адам бала тағырына өз әсер-ықпалын тігізіп, өз өнегесін көрсетсе, нұр үстіне нұр болады.

Йлену тойы

Үйлену – оңай, үй болу қиын. Үйлену басқа біреудің жауапкершілігін өз мойнына алу. Бақыт - зәулім сарай, оны тұрғызу үшін екі адам жанын салу керек. Ол сарайда ұрпақтарың тұрады. Сарай өзінен өзі тұра қалмайтынын түсініңдер. Жаңа үйленген жас жұбайлар бірінші бір-бірін жақсы көру керек, екінші шыдам керек, үшінші парасат керек. Болар болмас нәрсеге бола ренжісе берсеңдер, бір-біріңнен суи бересіңдер, ренжісіп қалсаңдар тез татуласуға тырысыңдар. Дәл сол жерде парасатты іске қоса қойсаңдар болды. Бөтен адамдарға үйрену де оңай емес, салыстыру деген пәле қасыңнан бір елі қалмайды, «біздің отбасымызда бұлай етпейді, сендерде осылай екен» деген сөздерді жаңа түскен келіннің көп айта беретіні сондықтан. Ол сөзді айтудың қажеті жоқ, ауыздың арғы жағында көп орын бар ғой, сол жерге сақтап қой, кейін бәрі жақсы болғанда ұмытып кетесің. Ал айтсаң, сен ұмытсаң да, естіген адам ұмытпайтын болады.

Екеуіңнің ата-аналарыңа сендердің бақытты өмірлеріңді көру – үлкен қуаныш. Сендерге өмір сыйлаған ата-ананы қуанту сендерге не тұрады?

Бала мектеп бітіргенде айтылатын тілек түрі:Бүгінгі тойдың мәні де, мағынасы да зор дер едім. Бүгін ағайын туыс осыдан он бір жыл бұрын тілеген тілегімізге қайта оралатын күн. Біз сонда он бір жылдан соң кездесіп, емтихан алып, ары қарайғы өміріне бата беріп, жолын ашайық дегенбіз. Міне, Алла сол күнге бізді жеткізді. Мектеп өмірі адам өмірінің үлкен бөлігін алатын өмір. Мұқағали ақын өте дәл айтқан: «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығасың» деп. Таудай болған азаматымызға ақ бата беріп, жақсы тілек тілейік!

Балаларды уатуға арналған өлеңдер, әңгіме-ертегілер түрлері:

Балапаным, бөпешім,

Қоңыр қозым, көкешім!

Уана қой, жылама,

Мезгілсіз тамақ сұрама.

Асыл туған анадан,

Асып туған баладан.

Айналады атасы,

Айналады әжесі.

Әлди бөпем, жылама,

Апаңды бұлай сынама.

Ұйықтата алмай сені апаң,

Ұятқа сонда қала ма?

Асыл туған анадан,

Асып туған баладан

Айналады әкесі,

Айналады шешесі.

Атыңды қойдым Сана деп,

Артық туған бала деп.

Ғұмырлы бол, құлыным,

Тілегім саған сондай көп.

Асыл туған анадан,

Асып туған баладан.

Айналады әпкесі,

Айналады ағасы.

Аман болсын анашың,

Мейірім нұрын төгетін.

Аман болсын әкең де,

Саған дәйім сенетін.

Бауырларың –қанатың,

Алыс кетсең табатын.

Атаң сенің қамқоршың,

Әжең –ертек қоймасы.

Санатайым болар ма?

Ертең елдің ел басы.

Балам менің бал ма екен,

Тіл үйірер дәм бе екен?

Балам менің сән бе екен,

Шырқап салар ән бе екен?

Санатайы қайда екен?

Білім іздеп жүр екен,

Былдырлаған тілімен

Құлын іздеп жүр екен.

Жолың болсын көкешім,

Көтерейін бөпешім.

Әуп,әуп, әуп...

***

Ақылды бала жыламайды,ойыншық әпермедің деп құламайды. Үсті-басы таза болады, басы ақылға толады, келешекте үлкен ғалым болады. Тамақты берген жеп қояды, кәмпитті көрмей қалады, мысыққа бермей қояды, тісті ауыртатын жақсы кәмпит болса да, ол жемей қояды. Берген сүтті ішеді, өзі жүріп, басқыштан өзі түседі.Құламайды, жыламайды, тәтті әпер деп сұрамайды. Ақылды бала осындай болады, әжесінің бөпесіне көңілі толады.

***

Менің балам дана болады, атасына бала болады, атын оның сұрасаң, оның аты – Сана болады.

***

Жер бетінде кереметтей Алматы деген қала болыпты, данасы оның Сана болыпты. Ол қаланың адамдары Сананың арқасында бәрі бақытты болыпты. Ол қалада адамдар шөпті жұлмайды екен, айналаны ластамайды, жаман сөзді бастамайды екен. Бәрі күліп жүреді, жағдайларын бір-бірінің біліп жүреді. Қуаныш тойдан қалмайды екен, әдепсіз жерге бармайды екен. Өнер десе ішкен астарын жерге қояды, білімділер, ғалымдар қайта-қайта ақылдасып: «басшымыздың атына сай саналы ел болайық» дейді екен. Сана болса, ондай адамдардың еңбегін бағалап, «зор құрметке ие болдыңдар» деп, сыйлық беріп, марапаттайды екен. Содан бері Алматы қаласы саналы адамдардың мекені болыпты.

Санаға

Әппақ әлди – Санасың,

Көптен күткен баласың.

Шығып бүгін қырқыңнан,

Бір белестен асасың.

Алға өсіп барасың,

Өзіңде көп жарасым.

Ән саласың уілдеп,

Балдырғаным, балашым.

Қосқан елдің арасын,

Дәнекерсің, данасың.

Кетпедім деп тез жүріп,

Кейде ренжіп қаласың.

Кейде мәз боп жатасың,

Кейде ойға батасың.

Адамдардың ардақты,

Алдың бүгін батасын.

Қуандырған атасын,

Шаттандырған апасын,

Санам – басы бақыттың,

Жүзге дейін жасасын!

**

Айзере

Айдың нұры себелеп,

Су бетінде ойнаған.

Даналардың көзі деп,

Атаң сені ойлаған.

Ай жүзінен нұр толып,

Сәби болған Айзере.

Алау жүзің нұрланып,

Қуандырған Айзере.

Айнұрының шапағын,

Қасиетке балаған.

«Айзере» деп атыңды

Атаң тегін қоймаған.

Айдана

Мақпал түннің еркесі ол – Айдана,

Сұлулығы нәзік сезім тербеген.

Адамзаттың дана қызы – Айдана,

Бар патшайым оған теңдес келмеген.

Асыл сөзбен ағытса сөз маржанын,

Нұрға айналар тұрған жерің, жан-жағың.

Мейір-нұрдың шуағын шаш ғаламға,

Даңқыңменен бар әлемді шарлағын.

***

Алдияр

Ақ тілеуден жаралған сен Ай бала,

Нұр тілеуден жаралған сен нұр бала.

Атаң сенің «Алдияр» деп ат қойған,

Ұлық болғың атыңа сай, ұл бала.

Абылайдай айбар болғың еліңе,

Алпамыстай қорған болғың жеріңе.

«Алдиярлап» бір өзіңе келетін,

Алашыңның патшасы бол тегінде.

***

Ертас

Аялап жұмсақ алақан,

Арайлап атар жаңа таң.

Шаттыққа бүгін бөледі,

Ертас деген балапан.

Ай болып көкте қалқыдың,

Сәби күлкіңе балқыдым.

Бір жасқа толып, қуантты,

Ертас атты алтыным.

***

Алуа

Алуа – атқан таңдай арайлы қыз,

Ісіне қуанамыз, қараймыз біз.

Алуа - тәттілердің ең тәттісі,

Алуа – шыққан Күндей шырайлы қыз.

Тілі – шекер, қылығы – бал,

Өзі өнерлі, бәрін ұғар.

Алуашым, аман болсын,

Әлем бір кез оны тыңдар.

Наши рекомендации