Леуметтік іс-әрекеттер, өзара іс-қимылдар және қарым-қатынастар
“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - социологиядағы негізгі түсініктердің бірі. Социологияда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген және ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы бойынша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер келтірген мысал ерекше: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік және әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.
Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, социолог-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:
1. өздерінің қажеттіліктері және соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;
2. әрекет өтетін нақты орта;
3. әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;
4. әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.
Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты және өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.
Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру механизмі және оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі және әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.
Әлеуметтік байланыс — қоғамдағы жеке адамдардың не әлеуметтік топтардың бір-бірімен қарым-қатынастарын білдіретін түсінік. Бұл түсінікті социологияға француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм енгізген. Ол әлеуметтік байланыс ұғымын топқа, ұйымға және тұтас қоғамға қатысты қарастыруға болады деп білді. Әлеуметтік топтардың не қоғамның ішіндегі әлеуметтік байланыстардың үш белгісі болады: а) топқа не қоғамға мүше әрбір адам сол қауымдастыққа тән ортақ ережелерді орындайды және құрметтейді; ә) аталған қауымдастық мүшелері өздерінің ортақ мүдделеріне байланысты бір-біріне тәуелді; б) жеке адам өзін қауымдастықпен біргемін деп санайды. Әлеуметтік байланыс ұғымы әлеуметтік қарым-қатынастар ұғымын да қамтиды және әлеуметтік детерменизм принципі негізінде анықталады. Адамдар, топтар, қауымдар арасындағы үнемі қайталанып отыратын әлеуметтік байланыстар әлеуметтік қарым-қатынастар деп аталады. Олар саяси, экономикалық, құқықтық т.б. қарым-қатынастар болып бөлінеді. Бұл қарым-қатынастардың бәрі де өзара тығыз байланыста, біріне-бірі себепші болады. Әсіресе, саяси қарым-қатынастардың қоғамдағы рөлі зор. Ол. әлеуметтік қарым-қатынастардың басқа түрлеріне елеулі ықпал етеді. Әлеуметтік қарым-қатынастардың сипаты қоғамның әлеуметтік даму деңгейіне байланысты. Өркениетті, дамыған қоғамда әлеуметтік қарым-қатынастардың сипаты да жоғары деңгейде болады.
Қоғамдағы әлеуметтік байланыстардың өзара заңдылықтары мен бір-біріне себеп-салдарлығы әлеуметтік детерминизм (лат. determіno — анықтаймын) — принципі негізінде анықталады. Бұл принцип қолданылу мақсатына қарай механикалық әлеуметтік детерминизм, статикалық әлеуметтік детерминизм, жүйелі әлеуметтік детерминизм болып үш түрге бөлінеді.[2]
Әлеуметтік іс-әрекет- бір субъектінің іс-әрекеті басқалардың жауап іс-әрекетінің себебі мен салдары болатын өзара шарттылық әлеуметтік әрекеттер жүйесі . Әлеуметтік іс-әрекеттің объективті және субъективті жақтары болады. Өзара іс-әрекеттің объективті жағы - жеке тұлғаларға емес, бірақ олардың өзара іс-әрекеттің мазмұны мен сипатын көрсететін және бақылайтын байланыстар. Өзара іс-әрекеттің субъективті жағы - жеке адамдардың тиісті мінез-құлықтың өзара экспектациясына (күтілуіне) негізделген бір-біріне саналы қарым-қатынасы. Бұл жеке адамдар арасындағы нақты орын мен уақыт жағдайында қалыптасатын тікелей байланыстар мен қарым-қатынастар болып табылатын әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастар.
Әлеуметтік іс-әрекет мыналарды қамтиды:
1. қандай да бір әрекет етуші индивидтерді;
2. осы әрекеттерден болған сыртқы дүниедегі өзгерістерді;
3. бұл өзгерістердің басқа жеке адамдарға әсерін;
4. ықпал етілген жеке адамдардың жауап әрекетін .
Әлеуметтік іс-әрекет әр түрлі негіздемелер бойынша жіктелуі мүмкін. П.А. Сорокин оларды былай жіктейді:
1) өзара іс-әрекет субъектілерінің саны бойынша - екі адамның бір-бірімен; бір адам мен көп адамның; көп адамдардың іс-әрекеті;
2) іс-әрекет субъектілерінің өзара қарым-қатынасының сипаты - бір жақты және екі жақты, сондай-ақ ынтымақтастық және бітіспестік бойынша;
3) өзінің ұзақтығы бойынша - қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді;
4) ұйымшылдықтың бар-жоғына байланысты - ұйымдасқан (мысалы, отбасы, партия, мемлекет) және ұйымдаспаған (мысалы, тобыр);
5) өзара іс-әрекеттің саналылығы бойынша - саналы және санасыз;
6) алмасу процесіндегі алмасу “материясы” бойынша – интеллектуалды, сезімдік және еріктік. Тікелей және жанама іс-әркеттер де әлеуметтік өзара іс-әрекетердің маңызды бөлігі болып табылады.
Іс-әрекеттің тағы екі жалпы түрі бар: ынтымақтастықжәнебақталастық(кейде бәсекелестік деп атайды). Ынтымақтастық жеке адамдардың іс-әрекеті екі жаққа да тиімді ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған өзара байланысты әрекеттерін білдіреді. Бақталастық негізіндегі іс-әрекет бірдей мақсатқа ұмтылған бәсекелесін шеттетуге, одан озуға немесе оны басып тастауға ұмтылыстарды қамтиды.
Іс-әрекеттің жалғасуы орнықты, көп қырлы және тіпті тұрақты болуы мүмкін. Орнықты іс-әрекет барысында жеке адамдардың ойлағаны үнемі түрін өзгертіп отырады, бірақ сонымен қатар іс-әрекет едәуір реттелген және алдын ала болжанатын түр беретін орнықты әлеуметтік ойлардың белгілі бір жиынтығы пайда болады. Мұндай реттелген және орнықты әлеуметтік іс-әрекеттерді әлеуметтік қарым-қатынастар деп атайды.
Әлеуметтік қарым-қатынастар- жеке адамдардың және қоғамдық құрылымдардағы әлеуметтік мәртебелері мен рөлдері бойынша айырмасы болатын сапасы әр түрлі қызмет түрлерін тұрақты атқарушылар ретінде әлеуметтік топтар арасындағы салыстырмалы орнықты байланыстар. “Әлеуметтік қарым-қатынастар” ұғымының мынадай белгілері болады:
1. адамдардың қоғамдық өмірінде болатын барлық іс-әрекеттері;
2. адамдардың экономикалық, саяси және рухани-мәдени қарым-қатынастар шеңберінен шығып кететін, олармен қатарласа жүретін және салыстырмалы түрде олардан бөлек болатын іс-әрекеттер;
3. қоғамның үлкен топтары - таптармен, этностармен, әр түрлі елдер мен аймақтар халқымен қарым-қатынастар;
4. барлық әлеуметтік топтар арасындағы, соның ішінде кіші топтар - отбасылар, еңбек ұжымдары, көршілер қауымы, дос-жарандар және т.с.с. арасындағы қарым-қатынастар;
5. адамдардың және олардың азаматтық қоғам дейтінді, яғни қоғамдық өмірдің мемлекет пен бизнес реттемейтін саласын құрайтын топтарының іс-әрекеті;
6. адамдардың бір-бірімен бірлескен қызметінде пайда болатын тікелей байланысты (көзбе-көз) және жанама (сырттай) сипаты бар іс-әрекеттері;
7. индивидтердің өмірдің шағын ортасын құрайтын іс-әрекеттері;
8. қоғамдағы адамдар мен олардың топтарының іс-әрекеттінің өзге де жақтары мен қырлары.