Леуметтік стратификация ұғымы мен факторлары.
«Стратификация»термині латынның stratum - жік, қатпар және facio – істеймін деген сөздерінен шыққан. Әлеуметтік стратификация дегеніміз қоғам мүшелерінің материалдық байлықты, табысты, артықшылықты, мәртебені, билікті, құқық пен міндеттерді иеленуінің бірдей болмауынан көптеген әлеуметтік топтарға, таптарға бөлінуі.
Батыс социологиясында стратификацияның бірнеше тұжырымдамасы бар.
К.Маркс ілімі кеңес қоғамында негізгі ілім болып саналды. Ол негізінен таптық құрылымдық қоғамды сипаттай келе, жеке меншіктің пайда болуын таптық құрылымдық қоғамның пайда болуымен байланыстырды. Ал таптардың пайда болуы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерге әкеп соқтырды деп көрсетті. Яғни, Маркс қоғамның әлеуметтік стратификациясын экономикалық ұйыммен байланыстырды.
М.Вебер «тап» категориясын анықтау барысында Маркс теориясымен келіседі. Ол капитализм кезіндегі теңсіздік пен жеке меншіктің рөлін мойындайды, бірақ экономикалық ұйым стратификацияның негізі деп санамады. Вебер теңсіздіктің мынандай үш компонентін ұсынады:
1) мүлік теңсіздігі – байлық еңбекақыға қарағанда жоғары тұрады, әртүрлі әлеуметтік таптардың өкілдерінің әлеуметтік деңгейлері, мүмкіншіліктері әртүрлілігімен сипатталады.
2) бедел теңсіздігі - әрбір топ адамдары бірдей құрмет пен сыйласымдылыққа ие болғанмен, беделдері әртүрлі болып келеді (осыған орай Вебер мәртебелік топтар түсінігін енгізді).
3) билік теңсіздігі – адамның немесе топтардың өмірде жоспарын жүзеге асыруға қабілеттілігі, іс-әрекет етіп саясатқа қатысы болып табылады.
Қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарға бөлінуі П.Сорокиннің «Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобилдеу» теориясында көрсетіледі. Бұл теория бойынша, барлық қоғам табыс, іс-әрекет түрі, саяси көзқарасы, мәдени ерекшеліктеріне қарай әртүрлі қабаттарға, страттарға бөлінеді. Бұлай бөлінудің бірнеше белгілері бар: экономикалық, кәсіптік және саяси.
Сорокиннің пікірінше, әлеуметтік стратификация дегеніміз – қоғамның табиғи және қалыпты жағдайы. Адам өз мамандығын, экономикалық жағдайын, саяси көзқарастарын өзгерте отырып, бір әлеуметтік қабаттан екіншісіне өтіп отырады, бұл әлеуметтануда әлеуметтік мобилдеу деп аталады. Яғни, индивидтерді не әлеуметтік нысанның, адамдардың қызметімен жасалып, жетілдірілген құндылықтарының бір әлеуметтік бағыттан екіншісіне көшуі әлеуметтік мобилдеу теориясы деп аталады.
Әлеуметтік мобилдеу тік және көлденең мобилдік болып екіге бөлінеді.
Тік мобилдік – индивидтің не әлеуметтік нысанның өзгеруіне жағдай туғызатын өзара әрекеттердің жиынтығы. (яғни, адамның не әлеуметтік топтың иерархиялық тәртіппен бір әлеуметтік қабаттан басқа екінші әлеуметтік қабатқа өтуі).
Көлденең мобилдік - индивидтің не әлеуметтік нысанның сол бір деңгейдегі әлеуметтік бағыттан екіншісіне ауысуы.
Р.Дарендорф өзінің әлеуметтік стратификация тұжырымдамасының негізіне өкімет пен әлеуметтік топтардың билік үшін күресін сипаттайтын саяси ұғым «беделді» алады. Ол қоғамды басқарушылар мен басқарылатындар деп екіге бөледі. Басқарушыларға – жеке меншікті басқарушылар және бюрократтар-менеджерлерді, ал басқарылатындарға – жоғары топ немесе жұмысшы аристократиясы және төменгі топ немесе маманданбаған жұмысшыларды жатқызады.
Америка социологы Л.Уорнер әлеуметтік стратификация туралы өз болжамын ұсынды. Топтарды айқындайтын белгі ретінде ол төрт өлшемді ұсынды: табыс, кәсіп мәртебесі, білім, этникалық тек. Осы белгілерді басшылыққа ала отырып, ол билеуші элитаны алты топқа жіктеді: жоғарғы, жоғарыаралық, жоғарғы ортаңғы, ортаңғы аралық, аралықжоғарғы, аралық-аралық.
Тағы бір америкалық социолог Б.Барбер стратификацияны алты өлшемге негіздеп жасады: 1) мәртебе, кәсіп, билік пен қуаттылық; 2) табыс мөлшері; 3) білім деңгейі; 4) діни дәрежесі; 5) туыстарының жағдайы; 6) этникалық тегі.
Сонымен, кез-келген қоғам әртүрлі әлеуметтік белгілеріне қарай страттарға, таптарға, топтарға жіктеледі. Яғни, әлеуметтік стратификация дегеніміз - өздерінің әлеуметтік мәртебесімен өзгешеленетін қоғамдағы түрлі әлеуметтік жіктердің жіктелу процесі және нәтижесі.