Азақстан қоғамының әлеуметтік стратификациясының ерекшелігі.
КСРО құлағаннан кейін, ескі әлеуметтік құрылым қирап, оның орнына жаңа құрылым қалыптасты. Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бастап, қоғамда әлеуметтік, саяси өзгерістер түп-тамырымен өзгерді. Саяси өзгерістер – саяси жүйе, билік формасының өзгеруімен, көппартиялық жүйенің, қоғамдық ұйымдардың қалыптасуымен сипатталады. Ал әлеуметтік өзгерістер – Қазақстанның нарықтық қатынасқа көшуімен байланысты болды. Осыған байланысты ескі әлеуметтік топтар жаңа қоғамда өмір сүре бастады. Олар зиялылар, қызметкерлер және жұмысшылар. Зиялылар – жоғары мамандандырылған ой еңбегімен кәсіби айналысатын және ол үшін қажетті арнайы жоғары білімі бар адамдар. Олардың басым көпшілігі КСРО ыдыраған соң өте қолайсыз экономикалық жағдайда қалды. Ал жұмысшылар тобы қиын жағдайларды басынан өткеріп, бұрыңғы маңызды сипатын жоғалтып алды. Кәсіпорындардың жабылуына байланысты жұмысшылар жұмыссыз қалып, төменгі таптың қатарын толықтырды. Шаруаларға келетін болсақ, олар бұрынғы қоғамда да болып келді, қазіргі қоғамда да өмір сүруде. Қазіргі заманда олар фермерге, акционерлік қоғамның, кооперативтердің, бірлестіктердің мүшесіне айналды. Сонымен қатар, Қазақстан нарықтық қатынасқа көшуге байланысты халықтың әлеуметтік құрылымы да өзгерістерге ұшырап, жаңа әлеуметтік топтар қалыптасты. Ондай топтарға бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, маркетолог, менеджменттер жатады.
Бизнесмен – жоғары білімді, жан-жақты дамыған, әдетте кәсіптік мектепті, колледжді, университетті бітірген маман.
Бизнеспен зейнеткерлер де шұғылданып жүр. Оларды бизнесмен деп атау қиын, «шағын саудагер» ұғымын қолдануға болады.
Қызметші-менеджерлер негізінен кесімді жалақылар алады, сонымен бірге өзі атқарған жұмыстың нәтижесіне қарай қосымша табыс та табады.
Кәсіпкер аталған топ мүшелерінің көпшілігі шағын өндіріс қожайыны болып қызмет істейді. Оларға жас буржуазия, бизнесмен, коммерсант, менеджер, банкир, өндірісшілер сияқты барлық жаңа топтар кіреді.
Ауылдық жерлердегі жіктелу процесі негізінде ауылдық жерлерде жаңа страт немесе фермерлер пайда болды. Фермерлер – азын-аулақ малы бар, жерді жалға алған, немесе сатып алған бұрынғы колхоз, совхоздардың жұмысшылары. Олардың арасында қаладан шыққан мал дәрігерлері, зоотехниктер, агрономдар, бұрынғы колхоз, совхоз, ферма басшылары сияқты ауыл шаруашылығы мамандары да бар. Сонымен қатар, жер шаруашылығымен айналысатын, мемлекеттік меншік емес, бірлесіп шаруашылық жүргізу үшін біріккен шаруалар ұжымының меншігі, яғни тағы бір әлеуметтік топ қалыптасты.
Қалаларда нарыққа көшу кезінде ой еңбегімен айналысатындар ішінде де меншік типтеріне қарай жіктелу процесі жүрді, олар интеллектуалдық меншік иелері немесе жаңа страттар деп аталады. Коммерциялық негізде жұмыс істейтін дәрігерлер туралы да осыны айтуға болады.
Сонымен, Қазақстан қоғамын стратификациялауды табысына, билігіне, мәртебесіне, қызметіне, біліміне қарай жүргізе отырып, Қазақстандағы әлеуметтік топтарды мынандай үш тапқа бөлуге болады: жоғарғы, орта, төменгі таптар.
1) Жоғарғы тапқа – билік басында отырып, мемлекеттің саясатын айқындайтын, экономиканың дамуында шешуші рөл атқаратын бай адамдар жатады.
Қоғамдағы бай адамдардың табын фирма, корпорация, банк, акционерлік қоғамдарды т.б. басқаратын ірі бизнесмендер, ірі кәсіпорын басшылары, қолында билігі бар мемлекеттік органдардың жоғары мәртебелі шенеуніктері құрайды.
2) Орта тап – халықтың табысы мен материалдық жағдайы өмір сүруге жеткілікті жіктер мен категориялардан тұрады.
Орта тапқа әртүрлі мамандар (инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер т.б.), бизнесмендер мен кәсіпкерлердің бір бөлігі, жақсы еңбекақы алатын маман жұмысшылар, шаруалар, фермерлер, кейбір зиялылар т.б. жатады.
Орта таптың өзін жоғары орта тап, төменгі орта тап деп жіктеуге болады. Орта таптың жоғары жігі материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген, олардың белгілі бір ақша қоры бар. Орта таптың төменгі бөлігі материалдық жағынан қарапайым тұрады немесе олар бір табан төменгі тапқа жақын болады.
3) Төменгі тап – ауыр материалдық жағдайда өмір сүретін, тек күн көруге ғана жететін болар-болмас еңбекақы алатын кедей адамдар тобынан тұрады.
Бұл тапқа мамандығы жоқ, білімі төмен, аз ақы алатын жұмысшылар мен қызметкерлер, табыс көзі жоқ жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан қорғалмаған зейнеткерлер мен студенттер жатады. Кедей таптың ішінде материалдық жағынан жағдайы тым ауырлары да кездеседі. Олар кедейшіліктің, жоқшылықтың шегінде болып, біразы қайыр сұрап, аянышты, адам төзгісіз өмір сүруде. Кедейшілік психологиялық, рухани құлдырауға алып келіп, қоғамда қылмыстың кең қанат жаюына жағдай туғызады.
Қазақстан байлық, материалдық және адам ресурстарының жоғарылығымен ерекшеленді. Халқымыз білімді, сауатты, еліміз құнды шикізат қорымен қамтамасыз етілген. Бірақ қоғамға пайдасы зор әртүрлі мамандар иесі (талантты жазушы, хирург, ақын, мұғалім) өз кәсібін тастап, басқа салаға, негізінен саудаға кетуге мәжбүр. Қоғамдағы бұндай құбылысты социологтар маргиналдау (латынша margo – шет) құбылысы деп атайды. Маргиналдық құбылыс дегеніміз – индивидтің нақты бір қауымдастыққа жататын белгісін жоғалтып, белгілі бір топпен субъективті қарым-қатынасынан айырылуы. Маргиналдау құбылысының негізгі себептері:
1) ескі қоғамдық құрылымның жойылып жаңасының қалыптасуы;
2) еңбекке жарамды барлық азаматтарға әртүрлі себептерге байланысты жұмыс тауып бере алмайтын экономикалық жүйе;
3) қандай да бір адамдар тобының өндіріс жағдайына қалыптаса алмауының әлеуметтік-психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері.
Маргиналдардың үлкен тобы урбандалу (латынша urbanus – қалалық) процесін тудырады. Урбандалу дегеніміз – қалалардың, қала халқының өсуінің, олардың қоғам дамуындағы рөлінің артуы және ірі қалаларға, басқа да халыққа тән белгілердің, ерекшеліктердің, өмір салтының таралуының әлеуметтік процесі. Ауылдан қалаға жаппай көшіп-қону адамдардың үлкен әлеуметтік тобын қалыптастырады. Олар өздерінің әлеуметтік жағдайына қанағаттанбай, агрессивті ортаны, тіпті кей жағдайда қоғамның қылмыстық элементтерін де қалыптастырады. Осындай миграциялық толқын маргиналдық тұлғаның қалыптасуына әкеп соқтырады. Маргиналдар – адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе кіші топтардың өкілдерінің жиынтығы, олардың санасы, мінез-құлқы және мәртебесі олардың түйісер жерінде, екі аралықта қалып өзара әрекет етуші әлеуметтік топтар немесе мәдениеттің біріне бейімделуі ұзаққа созылған ықылассыздығы немесе шорқақтығы іспетті қайсыбір себептермен анықталады. Яғни маргиналдық тұлға дегеніміз – екі, не одан да көп мәдениеттің аралығында болып, бір-бірімен толық емес, бірімен ғана жарым-жартылай ассимиляцияға түскен индивид. Маргиналдық тұлғалардың қатары толыққан сайын қоғамда қылмыстық жағдайлардың көбеюі мүмкін. Яғни, материалдық кедейшілік рухани кедейшілікке әкеп соқтырады, ал рухани кедейшілік өз кезегінде моральдық азғындау, санасыздық әрекеттер, қоғамға зиян келтіретін қылмыстық әрекеттерді тудырады. Сондықтан кез-келген қоғам, мемлекет маргиналдық құбылыспен күресіп, оны жеңе білу керек.
Қайталау үшін сұрақтар:
1. «Стратификация» дегеніміз не?
2. Қазақстанда жаңа страттардың шығуы не себептен?
3. Маргиналдау процесі дегеніміз не?
Негізгі әдебиеттер:
1. А.И.Кравченко Социология. Учебник для вузов. – М., 2003 г.
2. Социология (жауапты ред. Ә.Нысанбаев). – Алматы: 2002 ж
3. Булатова А.Н., Исмагамбетова З.Н. Курс лекций по социологии. – Алматы, 2000 г. 118-132 б.
4. Смелзер Н. Социология. – М., 1994 г. гл. 9 273-304 б.
5. Социология (под ред. проф. В.Н.Лавриненко) М., 2000 г. 132-149 б.
Қосымша әдебиеттер:
1. Гидденс Э. Стратификация и классовая структура. // Социс.- 1992,№9-10
2. Радаев В.В., Шкаратан О.И. Социальная стратификация. – М., 1996 г.
3. М. Вебер Основные понятия стратификации //Социологические исследования. – 1994 г. №5