Мазмұндық – астарлы ақпарат
Бұл жерде біз И. Р. Гальпериннің анықтамасын келтіреміз: «мазмұндық-астарлы ақпарат дегеніміз – тіл бірліктерінің ассоциативті және бағалаушы мағына тудыра алу қабілетіне, сондай-ақ күрделі фразалық тұтастыққа кіретін сөйлемдердің мәнін өзгерту қабілетіне орай мазмұндық-фактуалды ақпараттан алынатын жасырын ақпарат» [1, 28].
Астарлы ақпаратқа пресуппозиция, символ, ассоциативті және жағдаяттық астарлы мәтін, импликация, контрапункт жатады.
Пресуппозиция (лат. praе-алда, бұрын және suppositio-болжау, презумпция) – сөйлем мазмұн тұрғысынан аномалды немесе сол контексте сыйымсыз сияқты қабылданбауы үшін ақиқатты болуға тиіс ой компонентін білдіретін термин. Мысалы, «Филипп Нью-Йорк АҚШ-тың астанасы екенін біледі» аномалды ретінде түсініледі, себебі оның мағынасына пресуппозиция ретінде «Нью-Йорк – АҚШ астанасы» жалған пайымдау еніп тұр.
Басқаша айтқанда, пресуппозиция-сөйлем мағынасының барабар түсінілуіне қол жеткізетін шарт.
Символ (грекше symbolon – белгі, танымдық нышан) – пайымдау тұрғысынан көркем бейненің сипаты, онымен көркем идеяның айтылуы. Аллегориядан айырмашылығы символ мағынасын оның бейнелік құрылымынан бөліп алуға болмайды.
Символ-санамызда тұрақталған белгінің белгісі, символ эксплицитті.
В. А. Кухаренконың пікірінше, белгілі бір жағдайларда көркем сөйлеуде көркемдік деталь, яғни үлкенді кіші, тұтасты бөлшек арқылы көрсету көркемдік символ бола алады, метонимия мен синекдохадан айырмашылығы детальдарда сөйлеудің тура мәні қолданылады [14, 39–49 б.].
Көркемдік символ:
а) ұғым мен оның нақты репрезентанттарының арасындағы метонимикалық қатынастарды білдіруші ретінде көрінеді. Метонимикалық символикаға мысал: «Қылыштан соқа жасаймыз» («Перекуем мечи на орала»), мұнда символ мен тұтас ұғымның арасындағы қатынас нақты әрі тұрақты, реципиент тарапынан ой жүгіртуді қажет етпейді. Символдың мұндай типі «символ-метонимия» деп аталады;
ә) символдың екінші типі «символ-ұқсасу» (символ-уподобление) деп аталады, себебі ол біреуінің мазмұнын түсіндіру үшін екі не одан да көп түрлі текті құбылыстарды ұқсастырумен байланысты. Мұндай символ шығарманың тақырыбы ретінде жиі көрініс табады;
б) белгілі бір жағдайларда деталь символға айналады. Деталь мен ол білдіретін ұғымның арасындағы байланыстың, тосындылығы оны білдіретін сөйлеудердің сол мәтін шегінде бірнеше рет қайталанылуы – қажетті жағдайлар болып табылады. Басқаша айтқанда, деталь-символ өзінің ұғыммен байланысының бастапқы экспликациясын қажет етеді және мәтінде ұқсас жағдайда бірнеше рет қайталануы себепті символ құрайды. Мысалы, бақытсыздық символы Э.Хемингуэйдің «Прощай, оружие!» романында жаңбыр, «Снега Килиманджаро» да – қорқау қасқыр.
Қазіргі мәтін лингвистикасында импликация мен астарлы мәтіннің бір мәнді түсініктемесі жоқ. Біреулерінде импликация астарлы мәтінмен ұқсастырылса, екіншісінде ұқсастырылмайды.
Импликация (латынның implico-тығыз байланыстырамын) – «егер ... онда» оралымының жуық логикалық эквиваленті, сол оралымның логикалық қасиетін құрастырушы операция.
Импликация ойлаған нәрсені аян, сондықтан қалдырып кетуге болады деп топшылайды. Бұл жағынан импликация пресуппозицияға жақындасады.
Импликация-айтылымда сыртқы астарлы мәтін аталатын мазмұнды айтпай тастап кету. Эллипсистен импликация контекст шеңберінің кеңдігімен, қосымша ақпаратқа ие болуымен (эллипсис тек компрессия жасайды, бір мәнді ғана қалпына келтіреді) ерекшеленеді.
И. Р. Гальперин мазмұндық-астарлы ақпараттың жағдаяттық және ассоциативті түрін бөледі [1, 44–46 б.].
Жағдаяттық мазмұндық-астарлы ақпараттың көлемді повестерде, романдарда жазылған фактілермен, оқиғалармен байланысты туады. Жағдаятты астарлы мәтін тарихи немесе әдеби болуы мүмкін, яғни оқырманның есіне прецедентті немесе тарихи фактілерді, оқиғаларды түсіреді. Жағдаятты (кейде ассоциативті де) астарлы мәтін құралдарының бірі аллюзия (фр. аllusiоn – әзіл, ым-ишара, кекесін) – мәтіннің адресатқа белгілі өткендегі немесе әдеби шығармалардағы сөздермен, тұрақты сөйлеу тіркестерімен шендесетін стилистикалық фигура. Ол мәтінді барабар түсінуге септігін тигізеді, бұл тұрғыда импликациямен жақындасады.
Ассоциативті мазмұндық-астарлы ақпарат - бұрын айтылған фактілермен байланысты емес, айтылған жайды жинақталған, жеке өзіміздің немесе қоғамдық тәжірибемен байланыстыратын әдетімізден туады, жағдаяттыққа қарағанда айқын емес, бұлыңғыр. Ассоциативті астарлы ақпарат сезімімізбен, өмірлік тәжірибемізбен, дәмді, иісті сезінуімізбен, естуімізбен және т.с.с. байланысты.
Мазмұндық-астарлы ақпарат негізінде болмысты бірнеше тұрғыдан параллельді немесе өзара байланысты әр түрлі хабарларды бір мезгілде қабылдау жатыр. Оқырманға вербалды айтылмаған әлдебір хабар ұшырасады.
И. Р. Гальпериннің пікірінше, «астарлы мәтін» мен «мағынаны өршіту» (приращение смысла) ұғымдары жақын болғанмен ұқсас емес. Мағынаны өршіту өздігінен туады: ол күрделі фразалық тұтастықтың лексикалық, синтаксистік, композициялық ерекшеліктерінің өткерілу үдерісінде пайда болады, ал астарлы мәтін вербальды айтылуға байланысты. Оны мәтін тудырушы жоспарлайды. Астарлы мәтін поэтикалық шығармаларда айқынырақ байқалады. Астарлы мәтін-түрлі құрылымдық ерекшеліктерінің, сөйлемдердің өзінше байланысуының, тілдік фактілер символикасының арқасында сөйлемдердің қосымша мағына тудыратын қабілетінен шығатын лингвистикалық құбылыс. Тура және астарлы мәтін «тақырып-рема» қатысында тұрады: тура-тақырып (болғандық, шындық), астарлы мәтін-рема (жаңа). Астарлы мәтін ашық көрінбейді, бір оқығанда назарға ілінбейді, тек бірнеше рет қайталап оқығанда ғана мазмұндық-фактуалды ақпарат арқылы байқала бастайды.
Астарлы мәтін контрапунктке ұқсағанмен барабар емес.
Астарлы мәтін-ақпараттың мазмұндық-фактуалды және мазмұндық - концептуалды қырларының арасындағы диалог іспетті.
Астарлы мәтіннің сипаттамасының бірі – айқын айтылмауы.
Мазмұндық-концептуалды ақпараттан айырмашылығы астарлы мәтін нақты сөйлемде немесе күрделі фразалық тұтастықта, ал мазмұндық-концептуалды ақпарат тек тұтас мәтінде байқалады.
Астарлы мәтінді қабылдау оқырманның тезаурусына қатысты. Тезаурус неғұрлым бай болса, оқырманның мәтінді аналитикалық қабылдау қабілеті солғұрлым дамып, айтылмаған, астарлы ойды нақтырақ түсінеді.
Автордың айтылып (жазылып) отырған жайға көзқарасы байқалатындықтан, астарлы мәтін субъективті бағалау болуы мүмкін, бұл жағынан ол модальділік категориясымен ұштасып жатады.
Мәтін модальділігі
Автордың ойы мәтіннің модальділігімен, яғни айтушының (жазушының) ақиқатқа грамматикалық, лексикалық, фразеологиялық, интонациялық, композициялық, стилистикалық құралдармен өткерілетін көзқарасымен жеткізіледі.
Объективті және субъективті модальділік болады. Объективті-модальдік мән – хабардың ақиқатқа қатынасының сипаты, субъективті модальдік мән – айтушының хабарға қатысы. Модальділік арқылы бір жағынан автордың тұлғасы, оның дүниетанымы, эмоциялық көңіл-күйі, көркемдік кредосы, екінші жағынан көркем шығарманың жанры танылады.
Модальділікті сөйлемде және мәтінде айыру қабылданған. Сөйлемде субективті модальділікті өткеретін барынша қарапайым құрал – эпитет, ол бірнеше рет қайталанғанда стилистикалық амалға айналып, одағай мен одағай сөздер, т.б. мәтіндік модальділікті (мысалы, әдеби портретте) аша бастайды.
Мәтіндік модальділікті анықтауда лингвистикалық және әдебиеттану талдауларының әдістері мен амалдары тығыз байланысып жатады. Мәтінде модальділіктің бөлімдерді интеграциялау және оларды кіріктіру тәсілдерінде, бейнелеу құралдарын пайдалану сипатында, автосемантикалық сөйлемдерді әңгіменің бойына сіңіруде және мәтіннің басқа семантикалық категорияларын белгілі бір дәрежеде өткеретін бірқатар амалдарда байқалуы мүмкін.
И. Р. Гальпериннің есептеуінше, көркем әдебиетте мәтіндік модальділік категориясының кристаллизациясы ерекше қиындық тудырады, мәтіндік модальділік мәтіннің жеке элементтерінде шашырап, фразалық модальділік белгілі бір дәрежеде мәтіндік модальділікті көлеңкелейді. Қиялындағы әлемді жасағанда сөйлеу суретшісі сол әлемге бейтарап қарай алмайды. Оны шындық ретінде түсініп, оған көзқарасын ашық не тұспалдап жеткізеді.
Г. А. Золотованың пікірінше, айтылымды диктум мен модусқа (ғылыми айналымға Ш.Балли енгізген) бөлу предикатты екі класқа бөлуді тудырады: объективті ақпаратты білдіретін диктум предикаты және сөйлеу субъектісінің позициясын «танытатын» модус предикаты [2, 75–76 б.].
Автордың ақпаратты қабылдауына қарай үш модустық рамка шығады: «Мен қалай ... көрдім (көрінді)», «Менің ойлауымша...», «Ол маған ... айтты».
Үш модустық рамканың бәрі ақпаратты қабылдау тәсілін білдіреді. «Сенімді-сенімсіз», «күмәндімін-күмәнсізбін» типті рамалық предикаттар айтушының диктум мазмұнына қатысын білдіреді, бірінші жақтағы есімдікпен қосылса, айтушының қатысын көрсетеді, ал үшінші жақпен қосылса, басқаның сөйлеуін жеткізгені, оның айтқанын түсіндіргені.
Сөйлеу, ой, пікір етістіктері модустік бөлімде авторландырылған роль атқарады.