Этнографизмдердің қолданылуы
Ақын туындыларындағы көнерген сөздер. Қазіргі қазақ тілі тұрғысынан қолданыста сирек кездесетін немесе қолданыстан мүлдем шығып қалған сөздер. Көнерген сөздердің түрлері. І.Жансүгіров шығармаларында көнерген сөздердің көп кездесуінің себептері. Қолдану ерекшеліктері. Ақын шығармаларындағы мата- кездеме атауларымен байланысты көнерген сөздер; салт-сана, әдет – ғұрыпқа байланысты көнерген сөздер, киім - кешек, ыдыс - аяққа байланысты көнерген сөздер.
Тарихи сөздер. Тарихи сөздер халықтың өткен өмірі, тарихын, қоғамдық құрылысымен байланысты екендігі. І.Жансүгіров шығармаларында кездесетін тарихи сөздердің мағыналық түрлері (әкімшілік, ел басқарумен байланысты; әскери атақ, қару - жарақ атауымен байланысты; Кеңес өкіметі тұсында пайда болған көнерген сөздер). Ақын оқиғаның, оқиғаға қатысушы кейіпкер тілінің нанымды, сенімді болуын көздейтіндігі.
Діни сөздер. І.Жансүгіров шығармаларында кездесетін лексикалық қабаттың бірі – діни сөздер. Мұсылман дінінің ұғымдары мен догмаларына қатысты сөздер. Діни сөздердің қолданылу жиілігі.
Кірме сөздер. Бұл тәсілдің тілдің лексикасын байытудың өнімді жолы екендігі; Мемлекет пен мемлекет, халық пен халық арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың нәтижесінен туындайтындығы. І.Жансүгіров шығармаларында кірме сөздер ұлттық тілмен бірдей авторлық баяндау, кейіпкер тілінде де қолданылатындығы.
І.Жансүгіров шығармаларындағы араб-парсы сөздері (тәрбие мен білім беру саласына, астрономиялық ұғымдарға байланысты, қоғамдық, саяси, әлеуметтік өмірге қатысты, т.б.).
Орыс тілінен енген сөздер.Орыс тілінен енген сөздердің молынан кездесу заңдылықтары: идеологиялық қысымнан; қазақша баламасы болғандықтан; белгілі бір стильдік қызмет үшін. Кірме сөздердің фонетикалық жақтан игеріле және өзгермей қолданылуы.
Монғол тілінен енген сөздерінің қолданылуы. Монғол тілінен тікелей ауысқан сөздер. Қазақ - монғол тілдеріне ортақ сөздер.
Дисфемизмдер - дөрекі сөздердің кейіпкер тілінде кездесетіндігі; Кейіпкерлердің мінез - құлқын, тәлім – тәрбиесін, білім – мәдениетін көрсететін тілдік элементтер екендігі. Ақынның дисфемизмдерді кеміту, қорлау, ұнатпау, жиренерлік сезім тудыру үшін пайдаланғандығы.
Эвфемизмдер-дисфемизмдерге қарама - қарсы құбылыс екендігі. Эвфемизм сөздердің сыпайыгершілікке, әдептілікке негізделетіндігі; Эвфемизмдерді қолдану ерекшеліктері.
І.Жансүгіров шығармаларындағы табу-тыйым сөздер. Табудың табиғат құбылыстарына байланысты тууы: найзағай - жай, жасын; салт-дәстүр, әдет – ғұрыпқа байланысты тууы: қайын сіңілісіне жеңгесі - еркем, шырайлым, т.б. атауы, олардың шығарма тілінде кездесіп, стильдік қызмет атқарылатындығы туралы мәлімет.
Диалект сөздер. Диалект сөздер – жалпы халықтың сөз байлығына енбейтін сөздер. Жергілікті (аймақ) халықтың сөйлеу тілінде ұшырасатын сөздер екендігі. Авторлық баяндау тіліндегі диалект сөздер мен кейіпкер тіліндегі диалектілер. Диалект сөздердің кейіпкер тілінде ғана мақсатты түрде жұмсалуының орынды саналмайтындығы.
І.Жансүгіров халық өмірінің небір қырларын көркем сөзбен кестелеу барысында этнографизмдерді молынан қолдануы. Оның этнографизмдері туындының тарихилығын, қазақы металитетті білдіретіндігі.
Этнографизмдердің қолданылуы.Этнография дегеніміз белгілі бір халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениет ерекшеліктері, ал этнографизмдер – осы құндылықтарын атайтын сөздер мен сөз тіркестері.
І.Жансүгіровтің ұзақ сарынды поэмалары қазақ өміріндегі елеулі кезеңдерді, ел басынан өткен тарихты, әр заманда өмір сүрген ел адамдарының тағдырын суреттеуге арналады. Халық өмірінің небір қырларын көркем сөзбен кестелеген шығармаларында этнографизмдердің молынан кездесуі – заңды құбылыс. Мәселен, ақынның «Құлагер» поэмасы желісі тарихта болған оқиға негізінде құрылған, сондықтан халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты сөз, сөз тіркестерін молынан кездестіреміз: ас беру, сауын айту, бата қылу, табақ тарту, бәйге тігу, бәйге алу, хабар айту, ердің құнын кесу, құдайдан сұрау, кесік кесу, жесір дауы, тәсібі тарту; «Күйшіде» тоғыз айып, құмалақ салу, ерулік , жамбы атысу; «Рүстем қырғынында» ақсарбас айту, топырақ салу; «Мақпалда» - бата бұзу, атастыру, қарсы құда, барымта, әмеңгерлік, құрт қайнату, т.б. кездеседі. Қазақ халқының болмыс-бітімін, психологиясын, тұрмыс – тіршілігінде орын алған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырымдардың аталған шығармалардағы орны ерекше. Шығарма мазмұн-желісіне қарай этнографизмдер туындының тарихилығын арттыра түседі, қазақы менталитеттің ұрпақ тәрбиелеудегі маңызын мойындатады.
Қазіргі қарым-қатынас тілінде қолданылмайтын көнерген сөздер мен түсінігі қиын сөздер, туынды шынайылығын түптей түсетін этнографизмдер, кейіпкер тіліндегі діни сөздер мен портрет жасаудағы дисфемизмдер, адам көңіліне ауыр тиетін сөздерді «жұмсартатын» эвфемизмдер І.Жансүгіров шығармаларында молынан ұшырасады.