ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 8 страница

Қазақ кеңес поэзиясының отызыншы жылдардағы жай-күйі, өлең өлкесіндегі жаңалықтары туралы әңгіме қозғаған көптеген сын мақалалардың, ғылыми зерттеулердің қанаттаса, тармақтала келіп саятын ортақ арнасы, негізгі тұжырымдары мынаны аңғартады: 1) Саяси, азаматтық лирика уақыттың шұғыл қойған талаптарына орай дамыды, кейде біржақты, кейде үстірттеу соғып жатқанымен, негізінен лирика жетекші арнаға айналып, басқа салаларға да әсер етті; 2) Табиғат лирикасы, біршама дамығанымен, сәтті үлгілер айтарлықтай көп емес. І.Жансүгіровтің «Жетісу», Қ.Аманжоловтың «Хан Тәңірі» сияқты суырылып шыққан жырлар сирек. 3) Көңіл-күйді қузаған өлеңдерде шындықты бүркемей, бұрмаламай, бүкпесіз айтуға мүмкіндік болмағандықтан көбіне жылтырақ бояулар молырақ көрінді; 4) Махаббат лирикасы өте нашар дамыды. Біздіңше, мұның түрлі себептері бар. Ең басты себебі - әдебиетке әлгіндей қисынсыз, сыңаржақ талаптардың қойылуына байланысты болса, екінші үлкен себебі - ақындардың бұл саладағы көркемдік тәжірибесінің кемшіндігі. Ауыз әдебиеті үлгісінен, Абайдан, немесе орыс әдебиетінен үйрене бастаған ақындар әлем поэзиясындағы махаббатты паш еткен жауһар жырлардан әлі нәр альш үлгірмеген еді. Қазақ поэзиясында махаббат лирикасы шарықтап өркендеген алпысыншы жылдардағы лириканың көркемдік бастау көздеріне назар аударылса, осынау шеберлік тәжірибе мен сезімге толы өлеңдердің неғұрлым тамырын әр тарапқа жіберіп, өрісі кеңейе бергенін байқауға болады.

Отызыншы жылдар поэзиясы туралы әңгіме қозғалғанда атап айтылуға тиісті ерекшеліктердің бірі - түрлік ізденістердің молдығы. Өлеңдердің, дастандардың ырғағын замана ырғағына, экспресс екпініне бейімдеу, сол арқылы жаңа дәуірдің үстемелі қарқынын аңғарту деген игі талаптан туған жаңаша түрлер дүниеге келді. С.Сейфуллиннің осы тұста күллі қазақ поэзиясының жүгін көтергені мәлім. Жаңа өмір, жаңа тұрмысты Сәкен беріле, шын ықыласымен жырлады. Өлеңнің түрлерін де құбылтты. Тармақтарды бунақтарға бөліп, бір жолға емес, әр жолға шашырата келтіру, қазақ өлеңіне тән силлабикалық құрылысын тониканың ыңғайына қарай шама-шарқынша икемдеу, бірен-саран болса да, өзге тілдегі сөздерді «антологиясы» деген сықылды, ұйқастың ішіне қалап жіберу фактілері біршама ұшырасады. Бұл ретте, әрине, орыс поэзиясының, әсіресе В.Маяковский дәстүрінің ықпалы айрықша екені белгілі. Алайда, сырттай еліктеуден туған мұндай дүниелердің барлығы дерлік қазақ поэзиясындағы ізденіс көріністері ретінде ғана қалды, орнықпады. I.Жансүгіровтің осы орайда С.Сейфуллин өлеңдеріне кезінде газет бетінде достық сын айтқаны да мәлім.

Сондай-ақ Т.Жароковтың сәтті деген «Миллион толқын» сыяқты өлеңдерінің буын-ырғағы әнге бейімделіп, кұйылып тұрғанымен, әрі қарай жемісті жалғасын тапқан жоқ. Ырғақ, бунақ, тармақ төңірегінде түрлік өзгерістер көптеп бой көрсеткенімен, ұйқас жағы жүдеулеу еді. Бүгінде өлең жасау техникасы өскен, әсіресе, ұйқас жағын ақындар меңгерген деуге болады. Қазіргі биік талап үшін әлсіз көрінетін бір-екі буынды ұйқастар ол кездерде халық ақындарының да, жазба ақындардың да шығармаларында кеңінен қолданылатын. Сондай-ақ етістіктен жасалған «зырлады», «жыр жылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 8 страница - student2.ru лады», «ұтылды», «жұтылды» тәрізді тіл ұшына оңай орала кететін ұйқастар да көп көрінетін. Жетпісінші жылдары жекелеген үлгілері пайда болып, сексенінші жылдарда біршама қолданылған, енді тоқсаныншы жылдар белесіне ұласқан бес-алты буынды ұйқастар ол кезде бірен-саран еді. Мұның өзі сол тұстағы түрлік ізденістерде елгезектікті, белсенділікті байқататын, бірақ салауаттылық жетпей жатқанын аңғартады.

Ол жылдарда В.Маяковскийдің, бертінде М.Исаковскийдің поэзия туралы толғаныс-сырларында өлеңнің соңғы шумағына, әсіресе, ұйқасқа зор мән бергені есте. Олардың айтуынша, сымбат-сыры өзгеше ұйқасты өлең ғана поэзия рухын айрықша сездіреді. Тіл ұшынан түсе қалатын, жаттанды, сылдыр тіркестерден құралған ұйқастар қазақ поэзиясының қай кезеңінде де аз кездеспеген. Отызыншы жылдарда бұл кемшіліктің жиі кездесуі - ақындардың өлең құрау жайын әлі толық меңгере қоймағандығынан. Көптеген жырлар композициялық жағынан да осал. Негізінде, өлеңде басы артық сөз, буын, яғни қосақ арасында бос жүрген ештеңе болмауы шарт. Ал етек-жеңі мол пішілген, көлемді шығармаларда ондай артық жайлар оқушыға байқала бермеуі мүмкін. Алайда, шағын өлеңде сәл қиқайған сөз, тіпті үтір, адасқан буын да дереу байқалады. Мұның бәрі - өлең өрімінің осалдығының айғағы. Өлең композициясының сәттілігі - идеяны қаншалықты көркем, шебер жеткізуіне байланысты. Ал, шынайы да шымыр бейнеленген ой-сезім - шындықтың шыңырауынан сыр тартып болмыс туралы толғаныстарға жетелейді. Өйткені, өлең оқу барысында оқырман санасына ұялаған белгілі бір құбылыс, немесе көңіл күй жайы оның жан-жүрегіне әсер етіп, эстетикалық-психологиялық бір әлемге енгізбек. Окырманның өлеңді эстетикалық жағынан қабылдауы осыдан тумақ. Эстетикалық қабылдаудың тереңдігі шығарманың көркемдігіне байланысты екені белгілі. Сондықтан, түр мен мазмұнның табиғи үйлесіп жатуының мән-маңызы ерекше.

Ақын өзін толғандырған ой-сезімді көбіне санасына сіңген дәстүрлі өлшем түрлерімен, яғни өзі қолайлы көрген, оңтайлы санаған жолмен толғайды. Сондықтан да түрді мазмұннан өзінен өзі туындай салады деп ұғыну - қате. Өлең формасы - ақын парасаты мен сезімталдығының көрінуі, белгілі бір мазмұнның қалыпқа түсуі. Мазмұнды бейнелеудің, оқырманға мейлінше күшті әсер етудің қолайлы, тиімді тәсілі - ең жетімді форма болып есептелмек. Өлең түрі ақын парасатының өрісі мен өресінің, шеберлік дәрежесінің көрсеткіші тәрізді. Демек, биік интеллект ақын талантына зор қуат бітіріп, қиялын қанаттандырады, шығармашылық сипатын даралап, шеберлік шыңдауға бастайды. Нағыз шығармашылық тұлғаның қадірі мен қасиеті - өмірдегі немесе өнердегі кұбылыстардың, оқиғалардың, фактілердің, өзгерістердің, т.т. туындау, өрістеу, дамуы мен келешегін барлауға, басқаша айтқанда, сарабдалдық ойлау, сезіну қабілетіне байланысты. Ол - шын суреткерлік өнер табиғатын терең сезінудің, терең таным мен көркемдігі кемел өнер туындысының жемісі, рухы. Өлеңнің бунақ, тармақ, шумақтарға бөлінуі, ұйқастармен өріліп түйінделуі - автордың санасынан, ырқынан тыс жүзеге асатын нәрсе емес, керісінше, тебіренген жүрек сезімі мен толқыған ойлардың тоғысып, өзіне сай өрнек, нәш-нақыш табуы.

Отызыншы жылдарда осындай мазмұндық әрі көркемдік ізденістердің кемелденбеуінен, әрі кемелденуге ырық бермеген, кез келген сәтте кімді болса да қыршынынан қиып түсуге әзір саясаттан әдебиет зардап шекті, шығармашылық күштердің беті қайтып, жүректері шайлықты. Ақындарымыздың өлең әлемін еркін шарлауына мүмкіндік бермеген жеке басқа табынушылық - бір ғана ұлттық әдебиет пен мәдениеттің емес, күллі кеңес халқының, соның салдарынан жалпы адамзаттың рухани дамуына орны толмас зиян келтірді. Егер әлеуметтік және рухани өмірімізде сол бір сойқандар орын алмаса, бүгінгі биігіміз бұдан да еңселі, рухани еңсеміз бүдан да жоғары болатыны күмәнсіз еді.

Әдебиеттің өміршеңдігі - адам рухын, болмысты бейнелеудегі шындыққа байланысты. Ал, белгілі бір жанрдағы көркемдік-идеялық сипаты жоғары шығарма адамзаттың мұң-мүддесін, халықтың рухани өмірі мен тарихи тағдырын көроетуде қаншалықты терең барлау жасағандығымен қымбат. Ал адамзаттьщ рухани даму тәжірибесіне зер салсақ әдебиет ұлттық қасиеттен неғұрлым алыстаса, соғұрлым реалистігі әлсіреп, көркемдік бояуы солғындайды, дерексіздікке, жалғандыққа көбірек бейімделетінін көреміз. Бұл ретте қоғамдық-ұлттық сананың орны өзгеше. Отызыншы жылдар осы сана-сезімге әрқилы келеңсіз жағдайлар әсер еткені белгілі. Соның бірі - төңкерістен кейін де көп жылдар бойы күллі елімізді жайлаған үстірт ұғым, сыңаржақ саясат. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың байтақ еліміздің әр аймағына әр түрлі әсер етіп, сол теріс саясат пен ұғымнан туған қисынсыз, солақай әрекеттер алуан деңгейде жүзеге асып, жалпы науқаншылық тіршіліктің мән-мазмұнын байқатты. Соның салдарынан әрбір ұлт сан ғасырлар бойы сары алтындай сақтап келген қасиеттерін бірте-бірте жоғалта бастады. Бұған мысалды Ресейден бастап, ең кіші республика Эстонияның өмірінен де қиналмай келтіруге болады, Бұл хал - қазір баршаға аян жай болып отыр.

Сонымен қатар, ол тұста дүниені көркемдік тану тәжірибесі аз еді, әлем тарихында бірінші рет құрылған социалистік мемлекет сыры түгелдей ұғылып болмаған. Бірақ арман-ниет, үміт-мақсат мол еді. Сол мақсатты жүзеге асыру жолында бас тауға да, тасқа да ұрылып, небір сұрапыл ауыртпалықтарды бастан өткеруге тура келді. Осының салдарынан рухани меже, ар-ұят, намыс деген ұлттық қасиеттерден алыстауға, жалған интернационализмге, парасатсыз, дақпырт патриотизмге ұрындық. Бұл шындап келгенде, рухани, мәдени ғана емес, әрі әлеуметтік көзбояушылық еді. Завод, фабрика, ГЭС, бесжылдық т.б. шаруашылық салаларындағы, немесе өмірдің басқа арналарындағы жаңалақтардың барлығын ұлттық-халықтық мұқтаж-мүддеге бағындырудың орнына, тек «кеңестік», «маркстік дүниетаным» деген ұғым бекіп, адам құлқын жаңаша тәрбиелеу керек деген жадағай ұран үстемдік құрды. Соның салдарынан отызыншы жылдардағы поэзияда ұлттық дәстүрді бойына арқау еткен шығармалардан гөрі «уақыт» талабына бейімделген, өктемдік нәтижесінде ықылассыз, жасқанудан туған, «кеңестік өмір шындығын жырлаған» шығармалар бел алды. Мұндай шығармалар автордың шынайы тебіреністерінен тумағандықтан, әрі ұлттық-халықтық қүнардан нәр алып жатпағандықтан көркемдігі жағынан көңілдегідей болмады. Бұл ретте ақындардың «тәжірибесі аз» еді» деп ақтағымыз келсе де, объективті шындықты айтпауға болмайды.

Отызыншы жылдардағы поэзияның үлкен бір саласы - поэма. Уақыт жүгін қамту жағынан бүл жанрдағы шығармалар әрқилы. Тарихи тақырыпқа түрен салғандар да, заман тынысын танытуға талаптанғандар да баршылық. Дәуір келбетін кескіндеуге ұмтылған шығармалардың жайына назар аударсақ, жаңа тәртіпті өз қолымен орнатқандардың, соның тілеуін тілегендердің алақайлап қуануын, ертеден қара кешке дейін соған тамсана қараған елгезек күйін байқау қиын емес. Ертеде-ақ қалыптасқан, тарихтық, рухани-адамгершілік бітім-болмысын білдіретін, дербес халық екенін танытатын сүбелі, ойлы туындылар жазуға мүмкіндіктің шектелуі - қынжыларлық-ақ жай. Шахта, көмір, темір, фабрика, завод, аэроплан тағы басқа жаңалықтай сезілген шаруашылық саласындағы өзгерістер әдебиет бетін бермей кетті. Жана заман тынысын тап басуға, жаңаша толғауға ұмтылған ақын-жазушылардың өз дәуіріне деген сенімінде шүбә болмағаны анық. Сонан барып олар кейбір өткінші жайларды қауқайтып жырға қосады. Мәселен, челюскиншілерге арнап I.Жансүгіров («Жорық»), А.Тоқмағамбетов («Уборшица»), Т.Жароков («Мұз тұтқыны»), т.б. көлемді шығармалар жазды. Ал, бүгінде соның бәрі де ұмыт болған. Оның ееесіне тарихи тақырыпқа арналған, тарихтан тамыр тартқан туындылардың дені әлі күнге дейін көркемдігімен, шұрайлылығымен есте қалып, сақталып келеді. Мәселен, С.Сейфуллиннің «Көкшетау», I.Жавсүгіровтің «Күйші», «Құлагер», «Күй», Қ.Бекхожиннің «Ақсақ құлан» поэмалары - өткен кезеңмен салыстырғанда биіктеген бүгінгі күннің талап-талғамына толығымен жауап бере алатыны шексіз. Сол сияқты, тарихи аңыздарға сүйенген Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы батыры» да - өз оқырманын тапқан дүниелер. Бұл екі дастанның революцияға дейін талай рет жырланғаны белгілі, бәлкім, Жамбылдың жас, жалындап тұрған шағындағы нұсқалары қазіргі қағазға түскен қалпынан анағұрлым мықты болуы әбден ықтимал.

С.Мұқановтың «Сұлушашы», Ә.Тәжібаевтың, Ө.Тұрманжановтың балаларға арналған шағын поэмалары да («Қарлығаш», «Қыран қыз», «Толағай») - бірсыдырғы тартымды. Тегінде, халық тарихында із қалдырған, немесе халық бақыты үшін саналы ғұмырын сарп еткен қаһармандарға арналған жырлар өте-мөте құнды болып келеді.

Отызыншы жылдары поэма саласында өнімді еңбек еткендер - I.Жансүгіров пен С.Сейфуллин. С.Сейфуллин өзінің поэмаларында жаңа заманның бейнесін жаңа ырғақпен, соны бітіммен сомдауға күш салып, Маяковский, Горький дәстүрінен нәр алып жатса, ұлттық әдебиеттің бастау бұлағынан суарылған I.Жансүгіров поэмалары - тақырыптық, көркемдік шеберлік жағынан айрықша қуатты. Поэма жайын жалпы түрде шолып өтсек, бұл жанрда қалам тартқандар жетерлік. І.Жансүгіровтің «Дала», «Күй», «Күйші», «Жорық», «Көбік шашқан», «Байкал», С.Сейфуллиннің «Альбатрос», «Қызыл ат», «Социалистан», С.Мұқановтың «Көмір - коммунизм», «Құрылыс жыры», «Алатаудың алыбы», «Сұлушаш», А.Тоқмағамбетовтің «Бақыт кілті», «Сталиндік маршрут» (кейін «Советтік маршрут»), «Күзетте», «Қаскелең», «Уборщица», «Қара қыз», Т.Жароковтың «Коммунизм таңында», «Күн тіл қатты», «Тасқын», «Мұз тұтқыны», Ә.Тәжібаевтың «Екі жиһан», «Құтқару», «Оркестр», «Күй атасы», «Еске алу», «Катерина» сияқты көлемді шығармалары, сол сияқты Ж.Сыздықов, Ғ.Орманов, Д.Әбілев, Қ.Әбдіқадыров, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ө.Тұрманжанов поэмалары жазылды. Осы дүниелердің көпшілігінің жанрлық атауы затына сай келе бермейді. Өйткені, көпшілігінің көлемі үлкен болмаса да оқиғалар желісі поэмаға жүк болып тұрған жоқ.

Позма атанғанымен мұндай шығармаларда кейіпкердің кесек бітімін сомдаудан, жан дүниесіндегі күрделі күбылыстарың сезім жайын бейнелеуден гөрі, болған жәйттарды сырттай сыдырта баяндауға, негізгі кейіпкерлерді жалпылама мадақтауға, олардың іс-әрекеттеріндегі бірен-саран сәттерді хабарлауға бейімділік, сырттай қызығу басым. А.Тоқмағамбетовтің «Уборщица» поэмасы - осының дәлелі. Ақындық дарыны сезімтал, тілі жатық, әрі уытты, мол, өлеңге жан бітіріп жіберетін, әсіресе азаматтық дауысы жігерлі есітілетін («Турксиб түйіскенде», «Мұнай бер») ақынның дастандарын оқығанда, әлгіндей буырқанған қайраттың биік дәрежеде көріне бермейтіні бар. «Берлин көшесінде» болсын, немесе басқа поэмаларының қай-қайсысында болса да, ақын дарынының дәлеліндей шабытты, ширақ, шымыр шумақтар молшылык. Бірақ тұтас алғанда, жанрдың ерекшелігін байқататын тапқырлық шеберлік жетпей жатады. Мәселен, «Уборщица» поэмасында:

Ай барын,

аспан барын,

жұлдыз барын,

Күн барын, көктің барын, күндіз барын,

Жан барын, адам барын, аңның барын,

Күміс күн, алтын айлы таңның барын

Сезбеген

бұрын сірә, сезілмеген,

Кезбеген, кездірмеген, кезілмеген.

Мұз құсып, бұршақ бүркіп, сең үрлеген... -

деген, нағыз поэзияға тән, алымы кең басталған шығарма көбіне кейіпкер өмірінен үлкенді-кішілі сәттерді желдірте хабарлайтын шумақтар тізбегі болып шыққан. Жүйелі оқиғалар желісі, кейіпкерлер мінезі нанымды емес. Оның үстіне:

Балқытып

океанның қатқан ішін,

Өзгертіп қапелімде жұрттың түсін,

Жай жасап, жанды қоныс лагерь салып,

Іздеп жүр істеу үшін өз жұмысын,-

деген секілді жүдеу, ақынның мүмкіндігінен төмен жатқан жолдар біраз ұшырасады. Мұндай мысалдар тек А.Тоқмағамбетовтің ғана емес, басқа да ақындардың дастандарынан да кездеседі. Мұның себебі - көркемдік тәжірибе кемшіндігінде екені сөзсіз. Ол кездегі ақындарды былай қойғанда, революцияға дейін де талай кітаптарын шығарған, отызыншы жылдарда қазақ әдебиетінің биік тұлғасына, көрнекті қайраткеріне айналған жыр дүлдүлі Ілияс:

Жырламасқа теңіздей

Қуаныштың шегі жоқ.

Ардақталған өзіндей

Қазақта ақын, тегі, жоқ,-

деп, өлең арнаған дауылпаз ақын, даңқты революционер Сәкен Сейфуллин де жекелеген шығармаларында түр қуалаушылықтан алыс кете алмаған. «Альбатрос», «Социалистан» сияқты поэмалары - соның дәлелі. Мәселен, «Альбатрос» былай басталады:

Бесжылдықты

Бес қырқадан асқанда,

Біздің поезд

Үдеп алға басқанда:

Қалам желіп,

Жүйткі еріп,

Совет елі

Тарихтың шын

Алтын белін ашқанда!

Жаңа қоғамның екпінін, рухы мен көңіл райын әсерлі, жедел жеткізсем деген игі ниеттен туған осынау дастанның өн бойынан өзіндік қайырма секілді кездесіп отыратын «бұлт-бұлт», «жылт-жылт!», «қылт-қылт», «ұрт-мүлт» секілді еліктеуіштер мен заман серпінін барлауға талпынудан туған:

Раз,

Два,

Тап!

Раз,

Два,

Топ!

Лек-

Лек,

Сап!

Лек-

Лек,

Сап!

Таж,

Зұлым,

Тақ,-

сияқты жолдар үлкен ақынның шығармашылық қазанында қайнап-піспегендігін, заман үнін жеткізуге ұмтылған елгезек публицистикалық сипат болып шыққанын көрсетеді. Сезімтал ақынға; бар шындықты түгел, әрі басқаша айтуға заманның сыңаржақ талабы құрсау салып, бұғаулап жібермей қойғаны байқалады. Сыршыл жырлар төккен Сәкен поэмаларының көңілдегідей шықпай жататыны да сонан. «Қызыл ат» поэмасы жөнінде кезінде әртүрлі сын пікірлер айтылғаны белгілі. Дегенмен, қарадүрсіндеу жазылған «Қызыл ат» - өз заманының мәселелерін көтеруде батыл қадам жасаған поэма ретінде тарихта қалды. «Социалистан» поэмасы да замана ағымын суреттеуде біраз жаңалықтар жасаған шығарма ретінде танылды. Т.Жароковтың «Милллон толқын» атты әдемі өрнекті өлеңінің ырғағы С.Сейфуллин поэмасындағы:

Совет көші -

Совет елі,

Әлемге үлгі -

Өнегелі,

Еңбек таптың

Асқар белгі,

Социалдық Отаны,-

деп келетін шумақтарды еске салады. Ал осы поэманың «Запорожда комбайн» атты бөліміндегі:

Егіс ісін

Жеңген батыр,

Жалғыз өзі

Мыңға татыр,

Запорожда

Жасап жатыр

Тізбек-тізбек комбайн,-

деген жолдарды оқығанда, I.Жансүгіровтің «Комбайн» атты суретті жыры мен С.Мұқановтың «Колхозды ауыл осындай» деген өлеңіндегі комбайынды айтатын сәттер елес береді. С.Сейфуллин поэмалары - жалынды ақынның татымды шығармашылық ізденістер арқасында, қазақ поэзиясының тақырыптық ауқымын кеңейтіп, түрлік табыстарын көбейткен туындылар. Рас, көркемдік тұрғысынан келгенде, ақын поэмаларының көбіне солғын, жалпылама болып келетінін айту қажет. Әр түрлі тақырыптағы ғылыми еңбектерде қазақ кеңес әдебиеті өзінің даму жолында қиын-қыстау кезеңдерден қалай өткенін жасырмай айтып, әрқилы шығармаларды орнымен дұрыс бағалап, барымыз бен жоғымызды әділ баяндаған жөн. Олай етпейінше сол кезеңнің ұлттық әдебиетке қаншалықты кеселін тигізгені көмескі қалады. Әдебиет - тарихи болмыстың көркем шежіресі екені белгілі. Дегенмен, сол көркем шежіренің өктемдік саясаттың жетегінде кеткенін еткен дәуір айқын көрсетіп отыр.

Жаңа заман, жаңа идеялар, сонымен қатар, қазақ әдебиетіне өзіндік жаңа серпіліс, соны леп әкелгені даусыз. Бұған мысалды қай ақынның шығармашылығынан болса да табу - оңай. Соны леп дегеніміз жаңашылдықтың тура немесе тепе-тең баламасы емес. Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін дәстүр мен жаңашылдық мәдени-рухани өміріміздегі аса үлкен күрделі мәселелердің бірі ретінде қарастырылып, көбіне тақырыптық-идеялық сарынмен сабақтастырылып келді. Әрине, жаңа кестелер, көркемдік бояулар, тың тұрпатты бейнелер, тағы басқа толып жаткан шарттар, талаптар жалпыға мәлім. Сонымен бірге, жаңашылдық заманның үні, бағасы ретінде байыпталуы да орынды, Мәселен, С.Сейфуллин жаңашыл ақын ретінде қазақ әдебиетінде айрықша бағаланды. Революционер-ақынның шығармашылығын талдағанда, біз оның тек түрлік саладағы ізденістеріне ғана емес, шығармаларының мазмұны мен көркемдік маңызына да мән бергеніміз оң. Бұл ретте ақын поэзиясындағы жаңашыл сипаттарды дұрыс саралаған ғалым, сыншылар бір қатар бар. Сөйтседе, бірсыпыра әдебиетшілер ақын жаңашылдығы ретінде «тақ-тақ, тақ-тақ, Рудзутак» секілді ырғақтар мен дыбыс қуалаушылықты негізге алған сәттер де болды. Бұл, әрине, өзінің заңды, табиғи жалғасын таба алған жок. Оның есесіне, «Сыр сандық», «Көкшетау» сияқты «жаңашылдыққа» жатпайды деген шын мәніндегі көркем туындылар - жана ұрпақ үшін рухани дәулет. Сәкен өлеңдеріндегі әлгіндей жалаң формалық ізденістерге Ілияс кезінде сын айтқан, газет бетінде де жариялаған. Бірақ, осынау шағын ескертпесі Жансүгіровтің көп томдықтарына енбей келеді. Баландық дәуірге тән еліктеулер жаңашылдық ретінде танылатын себебі - бұған дейінгі дәстүрде жоқ, немесе некен саяқ кездесетін формалар мен жекелеген көркемдік құралдардың заман ырғағына сай пайдаланылуы нәтижесінде белгілі бір деңгейде сонылық сияқты болып көрінуінде. Шын мәніндегі жаңашылдық, әрине, көркемдіктің биік талаптарына жауап береді. Кезінде жаңашыл саналып келген шығармалардың барлығы бірдей тап сондай жаңашыл емес екені қазір байқалып отыр. Ал, шын мәніндегі жаңашылдық - әдебиет туындысының көркемдік қуатын күшейтеді. Мәселен, қазақ поэзиясының биік шыңы болып бағалануға лайықты шығарма - Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» атты дастаны. Кейіпкер психологиясын, характерін, табиғатын бейнелеуде казақ поэзиясында теңдесі жоқ осы поэма кезінде көркемдік тұрғысынан сарапталынып, бірақ жаңашылдығы айтылмай келді. Әрине, көркемдік қуаты зор дастан әділ бағасын алған. Дегенмен, жаңашылдық сипаттары ғылыми тұрғыдан әлі де талданып біткен жоқ.

Наши рекомендации