ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 15 страница

«Әшкереленген халық жауы Тоғжанов әдебиеттегі сын мәселесіне де зиянын тигізді, өзін қазақ әдебиетінің «өзгермейтін сыншысы», «Белинский» етіп көрсетті. Сын мәселесінде көптеген сорақы бұрмалаушылықтар, ұлтшылдық бағыттар мейлінше орын алып келді». Қазіргі міндет сын жұмысындағы жаулардан тез арылып, Тоғжановтың ұяластарының бірін қалдырмай әшкерелеу болып табылады», («Қазақ әдебиеті», 30.IX.1937). Міне, осындай қылмыстары үшін қазақтың алғашқы маман сыншыларының бірі Ғ.Тоғжанов та «халық жауы» атанып кете барды. М.Қаратаев «Қазақ әдебиетіндегі сынның міндеттері» туралы баяндама жасады және көп ұзамай өзінің аты шулы «Қазақ әдебиетіндеғі-авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек» деген мақаласын («Соц. Қазақстан», 29.VII.1937) жазды. Бұл мақала да жазушылар арасында бомба жарылғандай әсер етті. Онда С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин т.б. көптеген талантты жазушыларға кара күйе жағылып, фашист элементтері ретінде қарғыс айтылды. Сол тұста-ақ М.Қаратаев қаралаған жазушылар абақтыға алынып, артынан атылып кетті. Қазақстан Жазушылар одағының басшысы ретінде М.Қаратаевтың осындай мақала жазуы басқаларды ұстап беріп, жан сауғалаудың айласы еді. Осы мақаланың орысшасы 16 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде басылды.

Сөйтіп, 1937 жылдың соңына қарай қараланбаған әдебиетші қаллмаған еді. Көпшілігі ұсталды. Аман қалғандары шарасыз күй кешті. Қараша айында «қаралағыш» мақалалар да саябыр тапқандай болды. Төңкерістің жиырма жылдығы, оның алдында КСРО Конституциясының қабылдануы, кейін алғашқы сайлаудың өтуі сталиндік кеңестік саясаттың салтанат құруы ретінде тойланды.

Қазақ кеңес әдеби сынының мәселелері Қазақстан жазушыларының екінші съезінде кеңінен қозғалды. Съезде Ғ.Мүсірепов сын туралы баяндама жасады. «Сыншы емеспін, жазушымын, сынаушы емен, сыналушымын. Бірак, сыншы кім, оны да білгім келеді»1 дей келіп, сол кездегі әдеби сынның жай-күйіне тоқталды. Ғабит сынның үш түрін: ғылыми сын, халық сыны, кәсіпқойлар сыны деп бөліп, әрқайсысына анықтама берді. «Ғылыми сын - тексеру зерттеу арқылы әдебиетті ылғи алға сүйреп отыратын сын» деп жоғары бағалайды.

«Көпшілік сыны - халықтың жүрегінің қалай соғуын көрсетіп отыратын сын. Бұл халық қазынасына жарамағанды аяусыз лақтырып тастап отыратын, бір айтар үкім сияқты сын». Үшінші сын туралы «мұнда ұр да, жық та бар, аяқтан шалу да бар, кәсіпқорлық та бар, жауапсыздық та бар» дейді де, осындай сындардың орын алып келгенін жарамсыз құбылыс деп сынайды.

Съезде қазақ прозасы жайында С.Мұқанов баяндама жасап, әдебиеттің теориялық, тарихи, даму мәселелері кең көлемде қарастырылды. Сол кездің елеулі прозалық туындылары лайықты бағасын алды. Сәбит сынның әдебиеттегі рөліне ерекше назар аударған. Драматургия туралы баяндаманы Е.Ысмайылов жасады.

1937 жылдың ойраны қазақ әдебиет сынына орны толмас зардаптар әкелді. Сын әдеби процесте көшбасшылық қызмет атқармақ түгілі өзі үкім айтатын заңқойлыққа көшті. Нағыз сын азайды. Осы жылы «Әдебиет майданында» «Ер Тарғын» (№3), «Амангелді» (№ 4) пьесаларына арналған рецензиялар және Жамбыл туралы мақала жарияланды. Ал, 1938 жылы Е.Ысмайыловтың бірнеше сын мақалалары ғана шықты.

1939 жылдан былай қарай ғана әдеби сынның жандана бастағандығы байқалады. Көптегеи мақалалар ауыз әдебиетіне, оның кеңестік дәуірдегі өкілдеріне, әдебиеттің тарихына, түрлі мерейтойларға, орыс және басқа ұлттар әдебиетіне арналды. Теориялық мәселелерге назар аударылды. Отызыншы жылдардың аяқ кезінде әдеби сынның көлемі азайып, «жауынгерлік» сипаты төмендегенімен де оның зерттеушілік жағы, ғылыми сипаты анықтала түсті. 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналы «Әдебиет және искусство» аталып шықты. Журнал бетінде «Сын және библиография» деген айдар ашылып, онда сыни мақалалар жүйелі түрде жариялана бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде де әдеби сын жандана түсті.

Қорыта айтқанда, отызыншы жылдары қазақ кеңес әдеби сыны әрі қарай қадам басты. Барлық жанрларда жоғарыда айтылғандай, асыра белсенділікке карамастан, дамудың алда тұрған маңызды мәселелері жайында пікір айта алатын дәрежеге жетті. Әдеби ағымдағы көшбасшылық жайға құлаш ұрды.

Наши рекомендации