Радиохабарларындағы музыканың рөлін түсіндіріңіз

Музыка – шындықты дыбыстық көркем образда бейнелеуші өнердің түрі, дыбысталған жанды сөз болғандықтан тыңдаушылардың эмоциясына әсер етеді, сонымен қатар радиокоммуникацияның уақытшалық мінездемесіне сәйкес келеді.

Гегель музыканы екі түрге бөліп қарастырады: біріншісі – сүйемелдеушілік ролі, екіншісі – жеке дара өнердің бір түрі, яғни музыка адамның көңіл-күй толқыныстарын әр түрлі пішін мен жанрда бейнелейді.

Музыканың сүйемелдеушілік қызметі өнердің театр, хореография, телевидение түрлерінде кең қолданылады. Радиода музыка мәтінді механикалық тұрғыда әсерлеуді көздемейді, әр түрлі жанрлық шығармаларды ұйымдастыруда белсенді роль атқарады. Нақтырақ тоқталар болсақ:

Ақпараттық блоктардың арасын бөлу;

Бағдарламаның музыкалық шапкасы;

Дыбыстық декорация – тарихи ортаны анықтау, қозғалыстың, оқиғаның болған жерін таныту;

Дыбыстық фон ретінде қолдану, мәтіннің дыбыстық ырғағын айқындау (ақпараттық хабарларды жиі қолданылатын тәсіл);

Дыбыстық атмосфераны бейнелеу, кейіпкердің көңіл-күйін, жан толғанысын, оқиғаның жалпы болмасын аша түсу;

Дыбыстық образ жиынтығын қалыптастырудың көркемдік тәсілі;

Хабарда суреттелетін оқиғалардың арасын бір-бірімен жымдастыра байланыстыру.

Табиғи бейнелеуші құралдардың хабарды ұйымдастыру барысында көп қолданылатын түрі – шу. Шу дегеніміз әр түрлі дыбыстық белгілердің жиынтығы және музыкамен, сөзбен жымдастырыла, сабақтастыра пайдалана отырып оқиғаның негізгі болмысын өз мәнінде суреттеудің, бейнелеудің бір тәсілі. Сонымен қатар адамдардың түсініксіз сөздері, гуілдер, музыкалық тіркестердің микрофонға кездейсоқ жазылуын да шуға жатқызуға болады.

Радиохабарда шулар төмендегідей қызметтерді атқарады:

– журналистің баяндап отырған оқиғасының, көрінісінің, құбылысының дыбыстық мінездемесін ашуға көмектеседі. Сөзбен қатар үнтаспаға түскен деректі шулар шындықтың дыбыстық бейнесін сомдайды, ақпараттың дәйектілігіне негіз болады;

– дыбыстық фон құрайды, акустикалық иллюстрация ролін атқарады, оқиғаның негізгі деген тұстарын айшықтап, даралап көрсетеді;

– әдеби контексте айқындаушы белгі ролін атқарады, әрі көркем, образды мінездеменің мән-мазмұнын аша түседі, әдеби деталь және оның дыбыстық бояуы болып эстетикалық қырын танытады.

Бір сөзбен айтқанда радиомәтіннің бейнелеуші және көркем айқындауышы шулар болып табылады. Жоғарыда жеке-жеке талдап өткен пішінтудырушы құралдардың түрлеріне Қазақ радиосында әр жылдарда ұйымдастырылған хабарлар негізінде талдау жасап көрелік.

1984 жылдың наурыз айында Т.Ахтановтың “Шырағың сөнбесін” туындысы бойынша радиоспектакль ұсынылды._ Қойылым режиссері – Ә.Досмағамбетов, редакторы – Б.Нұрмұхамбетов. Басты рольдерде Алматы театрының артистері ойнайды. Қойылым шығарманың бас кейіпкері Назыкештің монологымен басталады да, оқиға одан әрі өрби береді. Спектакль барысында музыка, әр түрлі қосалқы дыбыстар көп пайдаланылған және адамдардың образы бас кейіпкердің сөзімен суреттеліп, диалог пен монолог жиі қолданылған.

“Негізгі идеяны шешу, тақырыпты ашу үшін музыка мен дыбысты пайдалана ма, әлде кейіпкердің монологын немесе жетекшінің, автордың сөзін қолдана ма, міне бұл автордың ойына, режиссердің шешіміне байланысты. Тек қана автор да, режиссер де өздеріне ұнау жағын ойламай, тыңдаушының талап-талғамын мұқият ескеруге тиіс”_ деген шарт толық орындалған.

Ал музыка мен шудың көркем хабарлардан алатын орнын мына мысалдан айқын көруге болады. Яғни, 1971 жылы М.Әуезовтың “Әйел жолы” туындысы бойынша қойылған радиоинсценировканы алайық ._

Рөлдерде Қазақтың драма театрының актерлері ойнаған, режиссері – А.Жолымбетов. Онда жылқышы Сатайдың қызы Алуаның қорғансыз күні және кейіннен Совет өкіметі орнап, жеке басын өзі қорғап, ширыққан өмірі соншалықты шынайы көрсетіледі. Оқиға барысы көбіне кейіпкерлердің сөзі, диалогы арқылы ашылып отырады. “…диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқын көрсету, уақиғаның орнын, уақытын, қимылды білдіруге болады. Орны-орнымен пайдаланса, түрлі дыбыс, шу эффектілері, музыка (музыкалық пауза, қорқынышты, қуанышты, салтанатты жайды білдіретін, т.б. музыка) радиода аса үлкен күшке, шексіз мүмкіндіктерге ие”._ Мәселен, сөз етіп отырған қойылым барымта (сөзбен бейнелеу) көрінісінен басталады. Аттың дүбірі, жылқының кісінегені, адамдардың айғайласып дабырласқаны, сойыл-шоқпардың дыбысы көз алдыңызға осынау көріністі елестетеді.

Жалғыз сүйеніші, қорғаны болған әкесінің қаза болып, Жанат кемпірдің “ендігі күнің не болады” деп зар қағуы, жоқшылықтан байдың есігінде жалшы болған Алуа қыздың мүсәпір күй кешіп, шетқақпай көруі - кейіпкерлердің диалогы, музыка, дыбыстар арқылы жан-жақты ашылған. Радиопьесаның үш компоненті - сөз, дыбыс, музыка бірігіп келіп оқиғаны көз алдыңызға күйініш, қорғансыздық сияқты бар бояуымен жайып салады. Тыңдаушы ретінде оқиға желісімен бірге жасап, елітіп кеткеніңізді сезбей қаласыз.

Ж. Нәжімеденовтың кітабы бойынша ұйымдастырылған “Күй кітабы” атты әдеби-музыкалық монтаж өте сәтті шыққан деуге болады. Редакторы – Қ. Механов, режиссері – А.Т ирова, авторы – Қ.Ж ұмағалиев._

Хабар Құрманғазының түрмеде отырып өз-өзіне мұң шаққан сөзінен басталады. Ана туралы толғанысынан кейін күйшінің “Қайран шешем” күйі беріледі. Күйші:

Күйім болар шерткенім,

Жан берсе де айныман,- деп өз мақсатын жыр етсе, енді бір сәт замана қыспағын бастан кешкен ғұмыры “Қыңыр болды не керек, Болмасына болды ма” деп жырланады. Күйшінің “Түрмеден қашқан” шығармасынан кейін, түрмеден қашып шығып, Нарын құмына сіңіп кеткен күйші жайлы:

Күйші қашты түрмеден,

Азабынан түрменің.

Қорыққаннан емес қой,

Бақытына бүкіл байтақ елінің, - деп толғанады. Міне осылайша күйшінің бар ғұмыры өзінің күй мұрасымен бірге жырланады.

Бұл жерде музыка ырғағы күйшінің жай-күйімен астасып, әр оқиғаның мазмұнын ашу мақсатын көздейді. Рольдерде театр артистері ойнаған. Осыған орай күй әуенімен нақышына келтіріле ойналған әрбір образ соншалықты шынайы сомдалған.

Бейнелеуші құралдардың бірінші тобының пішінқалыптастырушы деп аталуы олардың бірігіп радиохабардың жанры мен пішінін тудыруы және біртұтас құрылымдық жүйені қалыптастыруы деп атап айтуға болады.

Наши рекомендации