В) Қорқыт ата образы
Қорқыт – оғыз-қыпшақ тайпасынан шыққан сұңғыла тұлға, ақылгөй, сәуегей, асқан абыз, жырау, қобызшы, қазақ бақсыларының жебеушісі, күй атасы. Бүкіл түркі дүниесінде осыған сәйкес өзіндік образы да қалыптасқан.
«Қорқыт мұрасын, ой-қазынасын, шығармашылық өмірбаянын үңіле зерделеген, көл-көсір ой-пікірлер өрбіткен ғұлама оқымысты Ә.Марғұланның жазуынша, қазақ музыкасы мен философиясында «Қорқыт күйі», «қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңір биі» дейтін рухани сұлулық пен ізгілікке бөленген үздік дәстүрлер, мақамдар қалыптасып дамыған. Ол – біртуар ақын әрі бақсы. Осы ұғымдар сәуегейлікті, емшілікті, күйшілікті сыйғызады. Демек, Қоқыт – «керемет иесі», «ұлыстың ұлы кеңесшісі, қария сөз айтушы, тарихи оқиғаларды жырлап беретін жырау» (Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985, 222-бет)» [2, 211-212].
Қорқыттың қасиетті қобызын құрметпен ұстаған, толғауларын сарынымен жеткізген Жанақ, Нысанбай, Марабай, Қазақбай секілді жыраулардың аттары ерекше аталып өтеді. Олардың да көрсеткен түрлі кереметтері болған екен. Мысалы, Қойлыбай бақсы алты қанат ақ орданы жалауша желбіретіп көтерген, тағы бір осындай бақсының қобызы аспанға самғап, сәйгүліктердің алдынан шыққан. Ә.Науаидың «Жақсылардың мәжілісі» кітабындағы: «Бақсы жыраулар кей уақытта адамнан безіп, даланы, тау-тасты аралап жүретін еді»[2, 212] деген пікіріне сүйенсек, әйгілі Жұмағұл, Қойлыбай, Ықылас атты күйші-қобызшылар күн-түн демей, өзен бойын жағалап жүріп, сұңқылдата күй төккен.
Қорқыт түркі руханияты тарихындағы ғажайып бір құбылыс десек те болады. Оның дүниеге келуінің өзі өзгеше. Анасы қыпшақ руынан екен. Ол құланның жаясына жерік болыпты. Қорқыт ана ұүрсағында үш жыл жатады. Жыл сайын анасының бір рет толғағы келеді екен. Ал дүниеге келерінде мүлдем тоғыз күн көз шырымын алмай толғатады. Үш тәулік бойына тастай қараңғылық басады. Сөйтіп, Қорқыт жарық дүние есігін ашады. Тіпті кейбір әпсаналарда оны қу терісін жамылған перінің қызынан немесе аққудан тудырады.
Аңыз-әпсаналарға көз жүгіртер болсақ, Қорқыт желмаясы құсқа жеткізбейді, дариялардан ұшып өтеді, дүниенің бір шетінен екінші шетіне жету ештеңе емес. Суда көр қазушы болмас, терең ағыс-иірімдерге ажал, өлім келе қоймас деп ойлап, кілемін жайып, аспандағы құстың ұшуын, самал желдің соққанын тиятын толқынды күйлер, толғаулар шығарады, сөйтіп, ғасырға жуық ғұмыр кешеді-міс.
Мәңгілік образдар ешқашан өз өміршеңдіктерін жоғалтпайды. Осындай Қорқыт мұрасын, дәстүрін мықтап ұстанған халық мәдениетінің көрнекті өкілдерін Ә.Марғұлан былай топтастырады:
«1. Бақсы-жыраулар – Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз.
2. Қобызбен күй орындағандар – әл-Фараби, Кетбұға.
3. Сәуегей жыраулар, шешендер – Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шәлгез, Тәтіқара, Әнет баба, Бұқар жырау, Майлықожа.
4. Қорқыттың өміршең рухани дәстүрлерін сәтті сабақтастырып жалғастырған, қобызбен жыр туындатқан ақындар – Балқы базар, Ерімбет жырау, Кете Жүсіп, Абыл, Оңғар жырау, Шораяқтың Омары».
Кезінде В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийлер: «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мыңжылдық өнегесі бар», – деп бекер айтпаған болу керек» [2,213].
Жалпы, әпсаналардың ерекшелігі – бойында моральдық, имандылық мәннің басым болуы. Ал Қорқытқа байланысты түркі даласында әпсаналар саны жағынан көп болмағанымен, ел арасында олар кең танымал. Оның сюжеттік құрамы да шағын, түптеп келгенде, қолда бар әпсананың бәрі бір ғана сюжетке құрылған: түсінде өлесің деп аян алған Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлайды. Ақыры, Сыр өзенінің ортасына жайылған кілемде отырған Қорқыт жыланның шағуынан қайтыс болады.
Негізі, Қорқытты мәңгілік образдардың қатарына жатқызуымыздың өзі осы әпсаналарға байланысты. Себебі, адамның ажалдан құтылудың, яғни өлмеудің амалын іздеуі туралы сюжет өте ерте заманда пайда болған. Біздің заманымыздан 4500 жыл бұрын хатқа түскен, әлемдегі ең көне деп саналатын «Гильгамеш» эпосында да бұл сюжет ұшырасады әрі сомдалатын басты образ үлкен философиялық жүк арқалайды. Ең жақын досы Энкиду қайтыс болғаннан кейін Гильгамеш өлмеудің амалын іздеп, әуелі теңіз ортасында тұратын аналардың иесі – Сидуриге, сосын қалың орманды мекен ететін кемеші – Уршанабиге, соңында өлім суынан өтіп, өзеннің арғы бетіндегі Утнапиштиге жетеді. Утнапишти оны ұйқымен сынайды, бірақ гильгамеш бұл сынақтан өте алмайды. Утнапишти бәрібір оған жаны ашып, теңіздің астында мәңгіге жасартатын және оны иеленген адам ешқашан өлмейтін бір гүл бар екенін айтады. Гильгамеш аяғына тас байлап, ақыры ол гүлді алып шығады. Бірақ қайтып келе жатқанда, біраз сергу үшін суға шомылып жүргенде гүлді жылан алып, ініне кіріп кетеді. Сөйтіп, Гильгамеш ақыры өлімнің құрығына ілінеді.
Бұл аңызда Гильгамеш өлімнен құтылу жолын тылсым бір жәрдемшінің көмегі арқылы іздесе, Қорқыт өзі табуға тырысады. «Дүниені түгел шарлаған ол еліне қайтып келіп, желмаясын сойып, оның терісімен қобызының сыртын қаптайды. Құрғақ жерде тұрса бір күні ажал жетіп келер деген қауіппен бір қырмызы масаты кілемді алып, Сырдарияның суына төсеп, сонда қобызын тартып тұра беріпті. Қорқыт дүние кезгендегі арманын да, өлімнен қашқан қайғысын да, өзі көрген жақсылық-жамандық жайларын да қобызында ойнаған ғажап сұлу күйлерімен жеткізіп баяндайды. Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел қйып тыңдайды... Қорқыт Сырдарияның көз жасындай суына қарап отырып, қобызын күйлеп, – өлім мені қанша қуса да мен оны бұл жерге келтірмеспін деп қобызын үздіксіз тарта беріпті. Қорқыттың күңіренген күйлерін балқып тыңдаған ажал да жақын келе алмапты» [9, 165-166]. Бұл тұрғыдан қарағанда, Қорқыт бәріне қарсы шыққан ежелгі гректердің Прометейін де еске салады. Ал жыланнан келген өлімін, әпсанаға тереңірек үңілетін болсақ, әлсіздіктің, я болмаса ажалға жеңілгендігінің белгісі емес екендігін байқауға болады. Ол тек қаншама жылдар бойы күйін үздіксіз тартқаннан қалжырап ұйықтап кеткенін пайдаланған жыланның қулығы немесе кездейсоқ өлімдей суреттеледі. Қалай болғанда да Қорқытты рухы биік, күрескер, мықты тұлға етіп көрсетеді. Бұл тіпті Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі»: «Человека можно уничтожить, но его нельзя победить» [7, 53], – деген сөздерін де еске түсіретіндей.
Қорқыт жайындағы дәл осындай әпсана осетиндердің Әміран туралы аңыздарында кездеседі, ал өзге түркі халықтарында бар Қорқыт образы көбінесе ақылгөй қария, сәуегей жырау, кейде батыр, кейде бақсы бейнесінде көрінеді. Бұл туралы зерттеуші Ә.Науаи: «Бетінде нұр жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, данышпандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен соңғыны, келешекті айтып беруі, оның таңқаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар» [2, 214], – дейді.
Расында, сөз маржандарына, мағыналы терең ойларға толы даналық дәрістеріне айналған «Қорқыт ата кітабы» – барша түркі әлемінің тарихы мен мәдениетінің бас кітаптарының бірі. Мысалы, ұлы шығармадан: «Ата-анасы баласын ардақтайды, бала болса, ата-анасын сыйламайды, қилы-қилы заман болады», «Қаратаудай мал жиса да кісі көзі оған тоймас», «Кекірейгенді Тәңірі сүймес, көкірегін көтергенге бақ қонбас», «Жас өседі, жарлы байиды», «Өшкен келмейді, өлген тірілмейді», «Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үгіт алмас» сияқты қанатты сөздерді таба аламыз. Олар адам баласының сан ғасырлық тәжірибесінің қорытындысы, ақыл-ой сүзгісінен шыққан ғибратты, мағыналы асыл сөздер екенін байқаймыз. Тіпті мынадай бата сөздері де ұшырасады:
Үйірлі Қаратауың жығылмасын,
Зәулім бәйтерегің кесілмесін.
Тулап аққан мөлдір суың сарқылмасын,
Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын.
Шабар болсаң, ақбоз атың арымасын,
Шапқаныңда қара болат өз қылышың етілмесін.
Шаншарыңда ала найзаң мұқалмасын.
Ақ жаулықты анаңның тұрағы пейіш болсын,
Ақсақалды бабаңның тұрағы жұмақ болсын.
Хақ жандырған шырағың сөнбесін! [2, 214].
Қорқыт мұраларының зерттелу тарихына В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов, П.Н.Лерх, Н.В.Аничков, В.В.Бартольд, В.М.Жирмунский, Ә.Диваев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов, Ә.Қоңыратбаев сияқты ғалымдар зор үлестерін қосқан.
Қорыта айтқанда, Қорқыттың образы – бүкіл түркі дүниесінде данагөй, ерекше төзімді, ақылшы сәуегейдің мәңгілік бейнесінде қала бермек.