З а т е с і м н і ң т ү р л е н у ж ү й е с і
1. Зат есімнің сан-мөлшер категориясы.
2. Зат есімнің тәуелділік категориясы.
3. Зат есімнің септік категориясы.
С а н - м ө л ш е р к а т е г о р и я с ы
Қазақ тіл білімінде сан-мөлшер категориясы көбіне – көп көптік ұғыммен , көптік жалғау тұлғасымен байланысты қаралып келеді.Көптік ұғым мен оған қарама-қайшы жекелік я даралық ұғымның болуы – жалпы зат атаулыға тән қасиет. Міне, осы көптік және жекелік ұғымдардың арақатынасынан және сол ұғымның белгілі морфологиялық тұлғалар арқылы берілуінен сан-мөлшер категориясы туады. Сан-мөлшер категориясын тек көптік жалғау шеңберінде қарастырсақ, одан көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады.
Көптік ұғымды білдірудің тәсілдері әр түрлі. Көптік ұғымның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші – көптік жалғау. Ал жекелік ұғымның оған қарама-қарсы грамматикалық арнайы формасы болмайды. Бірақ көптік ұғым тек көптік жалғау арқылы ғана беріліп қоймайды. Бір тектес заттардың жалпылама атауында, абстракт ұғымындағы сөздерде де, жеке-даралап санауға келмейтін немесе дерексіз зат атаулары сияқты сөздерде де көптік, жалпылық мән болады.
Көптік ұғым аналитикалық тәсілмен де беріледі. Сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу екенін түсінеміз. Мысалы: талай жыл өтті, көп адам жиналды, мыңдаған машина жүк тасып жүр, мая-мая шөп үйген, тау-тау астық үйіп жатыр.
Көптік жалғаудың бірден-бір грамматикалық көрсеткіші -лар, -лер, -дар, -дер,-тар, -тер. Бұлар бөлек-бөлек жалғаулар емес, өзі жалғанатын сөздің соңғы дыбысы мен буынына байланысты түрленетін бір жалғаудың нұсқалары. Көптік жалғау қазақ тілінде заттың көптігін білдіргенде сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды.
Т ә у е л д і к к а т е г о р и я с ы
Бір заттың екінші бір затқа меншікті, тәуелді, қатысты болуы – тілдегі ақиқат құбылыс. Бұндай заттар арасындағы меншіктілік-тәуелділік қатынас қандай тілде болса да бар. Қазақ тілінде бұл мән ( грамматикалық тәуелділік ұғым) тәуелдік жалғауы арқылы ( ілік септік пен тәуелдік жалғау тіркесінен) және меншіктелуші зат атауы мен буын үндестігіне бағынбайтын -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары арқылы беріледі. Осы арқылы яғни жақ түрлеріне байланысты тәуелділік грамматикалық мағыналар жиынтығы парадигмалық жүйе болып табылатын белгілі грамматикалық формалар негізінде берілуі арқылы қазақ тілінде тәуелділік категориясы болып қалыптасқан. Тәуелдеудің оңаша және ортақ тәуелдеу түрі тәуелденетін заттың бір я бірнеше затқа, адамға тән екенін білдірумен байланысты. Оңаша тәуелдеуде бір я бірнеше зат бір ғана затқа ( адамға) тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) біреу болады, сондықтан ол (ілік септіктегі сөз) тек жекеше тұлғада тұрады да, иеленетін ( тәуелденетін) зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін, сондықтан ол жекеше де, көпше де тұлғада тұра береді.
Оңаша тәуелдеу
Жекеше Көпше
Менің балам,үйім. Балаларым, үйлерім.
Сенің балаң, үйің. Балаларың, үйлерің.
Сіздің балаңыз, үйіңіз. Балаларыңыз, үйлеріңіз.
Оның баласы, үйі. Балалары, үйлері.
Ортақ тәуелдеуде керісінше бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше затқа тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) көп болады, сондықтан ол тек көптік тұлғада мәнде тұрады да, иеленетін зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін. Сондықтан ол жекеше, көпше тұлғада тұра береді. Сөйтіп көп бірнеше адамға ортақ болады.
Ортақ тәуелдеу
Біздің баламыз, балаларымыз, үйлеріміз.
Сендердің балаларың, үйлерің.
Сіздердің балаларыңыз, үйлеріңіз.
Олардың балалары, үйлері.
С е п т і к к а т е г о р и я с ы
Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі - септік жүйесі. Әдетте септік жалғау кейде тікелей өзі, кейде басқа тұлғалармен қабаттасып, зат пен қимыл, я зат пен зат арасындағы (субъект-предикаттық), тура және жанама объектілік, меншіктілік-қатынастық, мекендік-мезгілдік, көлемдік, амалдық- құралдық сияқты қатынастарды білдіреді.
Септік жалғау түрлерінің басын біріктіріп, зат есімнің түрлену парадигмасының бір категориялық түрі етіп отырған - септік жалғауларының мағыналық ортақтығынан гөрі қызметтік (сөз бен сөзді байланыстыру), мағыналық-қызметтік тек зат есім сөздерге жалғануы немесе басқа сөз табына жалғанса, оны заттандырып тұру қасиеті. А.Ысқақов : «Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен жалғастырып, селбестіріп тұратын тұлға және сөздердің жалғауларды қабылдау өзгерту жүйесін сөздердің септелуі деп немесе септеу деп атаса», « септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады»- деп қазақ тілі грамматикасында анықталады(1967).Профессор С.Исаев: «Септік жалғауларына зат пен оның іс-әрекеті, я зат пен заттың арасындағы субъектілік, объектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік-мезгілдік,көлемдік, амалдық-құралдық, себеп-мақсаттық сияқты қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы деген анықтама беруге болады.Септік жалғау жүйесінің күрделігі осында»- деп көрсеткен.
Қазақ тілінде септіктің жеті түрі бар. Жай септеу және тәуелді септеу деген түрлері бар. Қазақ тілінде септік жалғаулар өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде тиісті қызмет атқарады.Септік жалғау түрлері осындай үш түрлі сипаты арқылы , бір жағынан, жеке-жеке грамматикалық тұлға ретінде танылады, екінші жағынан, бұлардың жиынтығы парадигмалық жүйе ретінде септік категориясын құрайды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
2. А.Ысқақов : « Қазіргі қазақ тілі » . – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев : « Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты». Алматы : Рауан , 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.
Лекция №6
Сын есім
1.Сын есім, оның лексика-грамматикалық сипаты.
2.Сын есімнің мағыналық түрлері.
Сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктері мен сөз тудыру, сөз өзгерту амалының жүйесі жағынан да, синтаксистік қызметі мен қолданылуы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі өзіне тән ерекшелігі бар сөз табының бірі.
Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру болып табылады. Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән әр алуан белгі бар. Атап айтсақ: қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік, тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшалардың бірі сын есімге қосылса, онда ол заттанып, субстантивтеніп кетеді. Сын есімнің бұл ерекшелігі оны зат есімнен бөлек, дербес сөз табы екенін айқындайды.
Мысалы: Жақсыға асық бол, жаманнан қашық бол. Ақтар мен қызылдардың алысып жатқан кезі еді. Қызылға қонған қарғадай.
2. Қазақ тіліндегі сын есімнің өзіне тән ерекшелігінің бірі – олардың морфологиялық формаларының, шырай жұрнақтарының болуы. Бұл формалар тек сын есімнің жеке өз басына тән де, сын есімнің бұл ерекшелігін көптеген түркологтар оны дербес сөз табы ретінде тануға басты критерий етіп ұсынады.
Көкше көктен гөрі көгірек тау екен.
Бұл -рақ,- рек формасы негізінен сапалық сын есімдерге ғана жалғанады, басқа сөз таптарында қолданылмайды, сондықтан да ол сын есімнің жеке бір белгісі болып саналады.
Сын есімнің тағы бір ерекшелігі – түркі тілдерінде олардың қап-қара, сап-сары тәрізді күшейтпелі формаларының болуы. Бұл күшейткіш форма сөз таптарының ішінен тек сын есімге ғана тән. Сондықтан күшейтпелі үстеме буын сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын белгінің бірі боп есептеледі.
Жап-жас бала екен. Тастай қап-қатты.Сап-сары екен.
4.Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі – сын есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, өз мағынасын жоймайды.
Жақсы бала жақсы оқиды - деген бірінші жақсы бала деген зат есімнің сапасын анықтаса, екінші жақсы қимылдың сапасын білдіреді.
Осы екі жерде де жақсы өзінің негізгі мағынасын сақтап, сын есім болып тұр.
Күшейтпелі мағынаны білдіретін өте, тым, аса, тіпті, орасан, ерекше, қас, керемет тәрізді үстеу сөздер сын есімдермен тіркеседі.
Сосын барып: соңғы кезде тым тәтті, тым жеңіл жазудан арылып келесің деп маңдайынан сипады. Сол жылдары ауылға ең бірінші болып келген солдат осы Атшыбай еді.
Семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай қазақ тіліндегі сын есімді сапалық және қатыстық сын есімдер деп бөлеміз.
Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, түр-түсін білдіреді, шырай тұлғаларымен түрлене алады.
Сапалық сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді.Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты - шырай тұлғаларымен түрлене алуы.
Қазіргі қазақ тілінде қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады. Қатыстық сын есімдер көбіне-көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа қатысын білдіреді.
Мысалы : Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп(Абай).
Қатыстық сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды немесе күрделі сөздер болып келеді.
Мағыналық жағынан қатыстық сын есімдер заттың сынын білдіре отырып, белгілі бір сапалық заттың екінші бір затқа, я ұғымға қатысын немесе сондай сапаның жоқтығын, яғни заттың түрі мен түсіне, сыры мен сынына, я ішкі қасиетіне, сол сияқты мезгіл мен мекенге тағы басқа сол тәріздес белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Сөйтіп, қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан жасалған туынды сөздер болып келеді.Қатыстық сын есімдердің бір тобы бір сөзде заттық белгінің бар екенін көрсетсе, екінші бір тобы керісінше оның жоқ екенін, ал үшінші тобы бір затқа, құбылысқа бейімділікті, икемділікті, төртінші тобы қимыл, «с-әрекетке, амалға, мекенге, мезгілге қатыстылықты білдіреді. Бұл мағыналардың қай-қайсы болсын морфологиялық көрсеткіштер арқылы беріледі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақ грамматикасы . – Астана .2002.
2. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.-Алматы : Рауан , 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.
Лекция №7