ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 12 страница

Трагедия қаһармандары жырдағыға қарағанда айрықша сомдалып, характерлік тұрғыдан ерекшеленіп берілген. Әсіресе, жағымды кейіпкерлер бойында әділет адамдарына тән асқақтық, романтикалық серпін, өз мақсаттарына, болашаққа, жақсылыққа деген сенім, үміт бар. Олар үшін еркіндік, адамгершілік, сезім, махаббат, әділет - дүниедегі ең қымбат, ең асыл, бәрінен де артық нәрселер. Осыларға жету үшін күреске дайын. Тіпті өлімнен де сескенетін түрлері жоқ.

Пьесадағы Баянның жырдағы өзі аттас кейіпкерден көп айырмасы, өзгешелігі, артықшылығы бар. Трагедиядағы Баян батыл, өр, күрескер. Ол зорлықшының құрбаны болып, оп-оңай қанжығаға байланып кете алмайды. Бостандығы, бақыты жолында күреске шығып, тығырықтан шығар жол, дұшпанын жеңер айла-тәсіл іздейді. Тіпті, қас жауы Қодармен шайқасудан да қаймықпайды. Баянның өлімінің өзі - қарсылық, әділетсіздікке айтқан лағнеті, қарсыласына атқан соңғы оғы.

Қозы бейнесі трагедияда өзгеріс, даму үстінде көрінеді. Алғашқыда күйіп-жанып тұрған, ғашықтық сезімі бойын өртеп бара жатқан бозбаланы көрсек, кейін көз алдымызға тіршілік үшін, әділет үшін алысқан күрделі тұлға келеді.

Ұлғайту, әсірелеу секілді керкемдік тәсілдер, әсіресе, Қарабай, Жантық бейнелерін жасауда сәтті қолданылған. Пьесада классикалық драматургияның дәстүрлері, жақсы тағлымдары айқын сезіледі. Ұлттық көркемдік олжалардың, игіліктердің тоғысуынан туған жаңа эстетикалық сапа - «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын үздік шығармалар қатарына қосты. Ғ.Мүсіреповтың шешен, оралымды, көркем драматургиясы әдеби тіліміздің баюына мұрындық болды.

ДЕБИЕТ СЫНЫ

Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сынын сөз еткенде, оның коммунистік партияның тікелей басшылығына сүйеніп өмір сүргенін атап айту қажет. 30-жылдардың басында әлі республика басшылығында отырған Ф.И.Голощекиннің әдебиетте жік бар, соны әшкерелеп жою керек деген «нұсқауына» сәйкес, 1930 жылдың басында баспасөз бетінде «жікшілдіктің» сырын ашу мақсатымен айтыс ашылды. Бұл пікірталас «жікшілдікті» жоймақ түгіл, қайта ушықтыра түсті. Әдеби сынды көркем шығарманы сынау үшін емес, жазушының өзін сынауға пайдаланып, сынды сынампаздыққа айналдырып жібереді. Мерзімді баспасөз бетінде «жікшілдікті» жоюға арналған Ғ.Мүсіреповтың, Ә.Мұсаұлының, I.Жансүгіровтың, С.Мұқановтың мақалалары жарияланды. Бұрыннан келе жатқан «сәдуақасовшылдық», «қожановшылдық» сияқты атауларға, «сәкеншілдік», «бәйділдиншілдік», «жансүгіровшілдік», «сәбитшілдіктер» қосылып, көбейе түсті. Жалпы, осы «жікшілдікке» байланысты жарияланған мақалаларда бір-біріне орынсыз кінә тағу, тіл тигізу сипат алған.

ҚазАПП-тың әдеби-ұйымдастырушылдық, басшылық қызметіндегі бүкіл ақын-жазушыларға тек қана Д.Бедныйды үлгі қылып тартып, «Бедныйша жазу керек» деген шақыру, «байлар әдебиетін басып озу» ұраны, әдебиет теориясындағы «жанды адамды» көрсету, «Плеханов ортодокциясы үшін», «төтен әсер» сияқты теріс қағидалар - РАПП-тың теоретиктері ұсынған -қате нұсқаулар еді. ҚазАПП-тың басшылары бұл жалған ұрандарға сын көзімен қарамай, кайта тереңдете түсті. С.Мұқанов «Блокшылдықтан Демьяншылдыққа» деген мақаласында «қазіргі орыс әдебиетінде күдікті блокшылдық емес, күдіксіз демьяншылдық үстем болып отыр»1 дей келіп, казақ қаламгерлерін Д.Бедныйша жазуға үндеген. Бұл жазушылардың шығармашылық еркіндігіне, өнерпаздық қырларына нұқсан келтіретін, көркемдік сапаларға мән берілмей, барлық туындыларды бір ғана қалыппен шығаруға шақыратын теріс бағыт еді.

Әдеби сындағы жағдайдың ұшыккандығы соншалық, жазушылар бір-бірінің шығармаларының ішінен «тырнақ астынан кір іздегендей» болмашы кінәраттар тауып алып, оны халыққа, партияға қарсы «ұлтшыл», «халық жауы» етіп көрсетті. Мағжанның, Ахметтің, Жүсіпбектің, Міржақыптың т.б. шығармаларына тиым салынды. Әдебиет көшін бастаушылардың барлығы дерлік қуғынға ұшырады. Шығармада жас бала жыласа, «ол неге жылайды?» деп күдікпен қарады. Себебі «Кеңес Одағында ешкім жыламауы керек». Көркем туындының тағдыры «пролетариат», «кеңес», «партия», «кедей», «жалшы» деген сияқты сөздердің бар-жоғына қарай шешілді. Көркемдік категориялар елеусіз қалып, саяси бағытты ашу сынның басты міндеті деп ұғынылады. Көркем шығармаларды бағалағанда ол жазушылардың таптық шығу тегумен байланысты қаралды. Пролетариат әдебиетін тек «таза» пролетар жазушылары жасай алады деп түсіндірілді. Жазушы шығармашылығын бағалауда «ең алдымен, біздің тексеретін мәселеміз кімнің қандай жазушы екендігі», «өлшеу: жазушы әдет, салт-сана, әдет-ғұрып тұрғысында пролетариат болып тууы бірінші шарт»2 делінді.

Ә.Мұсаұлы осы өлшеміне сүйене отырып, Сәкен мен Сәбитті пролетариат жазушысы емес деп тапқан. Сөйтіп, Сәкен «қолына қалам алып жаза бастағаннан бері қарай пролетариат салт-санасынан аулақ болып, байлар, мещандар дүниесінің салт-санасының құлы болып келе жатыр» деген сияқты қорытындылар жасаған.

«Қазақ әдебиетінде пролетариат бар ма, жоқ па?» деген өнбес айтыстың өзегі негізінен С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың шығармашылығы хақында болды. Пролетариат әдебиеті бар деушілер мысалға осы екеуін алса, жоқ деушілер, керісінше, бұларды қаралауға тырысты.

«Біздің колымыздағы деректер Сейфоллаұлының әлі пролетариат жазушысы бола алмағандығын дәлелдейді. Бұған Сейфоллаұлының өзі, оның шығармалары айғақ. Сейфоллаұлының шығармаларында ескі ауыл, төңкерістен бұрынғы ауыл әлі калған жоқ. Социалдық құрылыстың күнделікті міндеттерінің маңына көпшілікті ұйымдастырып, партияға жәрдем берудің орнына Сейфоллаұлы ескі бектік, рушылдық мәдениетті жырлады: Социалдық тұрмыс жасап жатқан, жаңа өмір орнатып жатқан жаңа адамдарды, социалдық құрылыстың жұмысшы табынан шыққан еңбек ерлерін, колхозшыларды ол көрмейді. Сейфоллаұлы коммунист бола отырып, көп реттерде байшылдық салдарынан шыға алмаған...»- деп жазды Әйтіке мақаласында.

«...ол жас өспірімдерді өз руын басқа рудан жоғары көтеруді міндетім деп білген ескі батырлардың әдемі дене құрылысынан үлгі алуға шақырады. Дене шынықтыру кезінде пионерлерге өгіздей қара күші бар Қажымұқанды үлгі етіп тартады. Сейфоллаұлының ескі ауылды сүйетіндігі сонша, кітабына Қажымұқанның суретін салдырған.

Сейфоллаұлы ескілік әншісі Баянды да есінен шығарған жоқ. Ескі ауылды жырлаған, ескілікті күйлеген, ескі бектікті, байларды, қысқасы ру жырын жырлаған Баяннан пионерлерді үлгі алуға шақырады»1, - дейді.

Сол кездегі республикадағы мәдени және насихаттық жұмыстарға жетекшілік жасап отырған Ж.Сәдуақасовтың бұл пікірлеріне түсіндірменің қажеті шамалы. Бір ескере кететін нәрсе - көркем әдебиеттің басы-қасында жүрген азаматтар мен сыншылардан осылайша сыңаржақ социология әдісімен «сынау» талап етілді.

Ол С.Сейфуллинмен бірге Ғ.Тоғжановтың да кемшіліктерін көрсетуге біраз көңіл бөлінген. Оны Ахмет Байтұрсыновты жеткілікті сынамады, сыни еңбектерінде Плехановтың пікірлерін пайдаланды деп кіналаған. «Мұны негізі Тоғжанұлының әлі партияға жат ұлштылдық-байшылдық әдеттен босана алмағандығынан шығады» деп, саяси сойылын тағы да сермеп өтеді. Ал, А. Байтұрсыновты қалай сынау үлгісін де өзі көрсетеді:

«Байтұрсынұлы ұлт бостандығы қимылының көсемі болғанда қазақ байларының мүддесін квздейді қазақты орыс патшалығының қолынан шығарып алып, кедейлерді өз беттерімен тілегенінше езгісі келді. Қазақ байлары қазақ кедейлерін орыс саудагерлерін қызғанды, қазақ кедейлерін өзі оңашалап сорғысы келді». (Сонда).

Ғ.Тоғжанов өзіне тағылған кінәларды «мойындаған». Мұндай кемшіліктердің болу себебін өзінің бір кезде Смағұл Сәдуақасовтың жігінде болуынан деп көрсеткен («Социалды Қазақстан», 24.01.32 ж)

ҚазАПП сынының өктемдігі соншалық - сынаған жазушылардан жіберген қателіктерін мойындауды талап етті. Сол кездегі баспасөз бетінде бірсыпыра жазушылардың өз қателерін «мойындағандықтары» туралы жазған мақалалары жарық көрді. Солардың бірі «ұлтшыл», «алашшыл» деген кінәлар тағылып, кеп қуғын көрген М.Әуезов те болатын. Оның хаты 1932 жылы 10 шілдеде «Социалды. Қазакстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде катар жарияланды. Ол ҚазАПП басшыларының сынын «мойындап», «сол сынаған жайлардың барлығын еске алып келіп, мен барлық кеңес жүртшылығының алдында, менің өткен жолымды сынап шыққан ҚазАПП дауысына өзімнің де кінәларымды өзім айыптаған жаңа сыным мен пікір жолындағы жаулық құралымды анық тастаған дауысымды қоспақпын», - деп жазуға мәжбүр болды. Өз шығармашылығына сын көзбен қараймын деп, «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқты классикалық шығармаларын түкке алғысыз етіп тастайды: «Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқтылар еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендігі және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті білдіретін нәрселер». ҚазАПП сыншылары сынның нәтижелігін осылайша түсіндірді.

Суреткер қай дәуірді бейнелесе, соны насихаттап отыр деп білді. Және осы түсінікті қаламгерлерге таңа сынады. Озық туындылардың қатарындағы С.Сейфуллиннің «Көкшетау», I.Жансүгіровтың «Дала», С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмаларында қазақтың өткен өмірі суреттеледі, ескі заманды уағыздайды, жазылу түрі жақсы болғанымен де, мазмүны, идеясы нашар деп сынады.

ҚазАПП-тың басшылары шығармашылық жұмысты әкімгершілікке бағындырды. Әрбір қаламгерге жоспар беріп, оны орындау талап етілді. Ал, орындай алмағандар сынға ұшырады. Мұның өзі көркем шығармаларды санына, көлеміне қарай бағалауға шейін апарды. Форма мен мазмұн тұтастығын бөле қарап, «мына шығарманың түрі жақсы, мазмұны нашар», немесе «мазмұны жаксы, түрі нашар» деп сынаушылық жиі орын алды. Поэзияда жалған жаңашылдықтың өріс алуынан көркемдік дәрежесі төмендеді.

ҚазАПП-тың тұсында оның басшысы Мұстафа Қайыпназаровтың сыны үстемдік құрды. ҚазАПП-тың сынынан толығырақ хабар алу үшін осы ұйымның басшысы, әрі басты сыншысы М.Қайыпназаровтың Мәскеуде әдебиет сыншыларының жиынында қазақ әдебиетінің жай-күйі жайынан сөйлеген сөзіне назар аударалық. Ол: «жас казақ совет әдебиеті партия басшылығымен өсіп келе жатыр», әдебиеттегі бай-алаш ықпалымен, оның жазушыларымен күресіп келеді» деп бастайды да, атқарып жатқан нақтылы жүмыстарға тоқталады:

«Жақында Сталин жолдастың хаты шыққан соң әдебиетімізге тексеру жасадық. Көп қателердің барлығын байқадық. Мысалы: Ғалымның «Балға-орақ» деген өлеңдер жинағының 20-бетінде:

«Қажымайтын, талмайтын,

Ақ жүректер (?), ақ ниеттер (?)

Ауызға арам салмайтын»,-

дейді (?) Бұл не дегені? Бұл өлең - не мағынасыз бір сөз, не бәлшебектерге қарсы айтылған сөз»1.

Сыншы Ғ.Малдыбаевтың өлеңдеріндегі көркемдік кемшіліктерін емес, «ақ» деген сөздің екі рет қолданылып, жақсы мағынада пайдаланылуын сынап отыр. Сол кездегі ұғым бойынша «ақтар» үстем таптың, «қызылдар» еңбекші таптың саяси атаулары болғандықтан да бұл сөздің жай мағынада қолданылуының өзінен үлкен идеялық кемшілік тапқан. Демек, «ақ жүректер», «ақ ниеттер» деп отырғаны байлар, оларды «ауызға арам салмайтын» деп мадақтау - саяси қателік. Олар үстем тап өкілдері болуы себепті де ұнамсыз, келеңсіз кейіпте жырлануы қажет еді. Міне, сыншының ойлау жүйесі осылай.

ҚазАПП сынының ушыға түсуіне сол кездегі өлкелік партия комитетінің әдебиетке саяси басшылығындағы солақайлықтар да тікелей әсер етті. «Бұл істе Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» хаты қатерлі рөл атқарды1. Осы хат бойынша 1932 жылы 10 қаңтарда ВКП(б) қазақ өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстандағы теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірмесі жарияланды. Идеология қызметкерлері басшылыққа алуға тиіс болған бұл нұсқау-құжатта әдеби сынның қай бағытта жұмыс істеу керектігі анық көрсетілген болатын:

«Қазақстанда социализм құру кезеңінің міндеттері мен талаптары дәрежесіне сай келмей, алашордашылардың ықпалынан шыға алмай келе жатқан қазақ көркем әдебиеті мен әдеби сынының мәселелеріне ерекше назар аударылсын»2.

Қаулыда С.Сейфуллиннің шығармаларында ескі феодалдық-рушыл қоғам дәріптеледі; Ғ.Тоғжановтың әдебиет туралы еңбектерінде марксшіл емес Плехановтың ықпалына түсіп, сорақы қателіктер жіберілді деп атап көрсетілді.

Осы партиялық нұсқау шыққан соң оны жүзеге асыру керек болды. ҚазАПП-тың 1932 жылы 26-30 ақпанда өткен бірінші құрылтайы тікелей осы қаулыны жүзеге асыру бағыгында өтті. Онда өлкелік партия комитетінің хатшысы М.Кахиани сөз сөйлеп, әдебиет жөніндегі саясаттың қай бағытта жүру керектігін анықтады. Ұлттық әдебиетіміздің дамуына кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл көзқарастардың кесірі деп көрсетіп, сынның семсерін соған қарай бағыттады. Сөздеріне дәлел ретінде Ғ.Тоғжанов өзінің сын мақалаларында «алашордашыл» ақын-жазушыларды жеткіліксіз «әшкереледі» деп, оған «фактілер» келтірді. Әдебиеттегі «ұлтшылдық» әлі зиянын тигізуде деген пікіріне С.Сейфуллиннің шығармашылығын, оның ішінде «Көкшетау» поэмасы мен «Пионер» өлеңіндегі «ұлтшылдықтарды» барынша мінеді. Сөзінің соңында: «Біз лениндік партияның сенімді басшылығымен біздің большевиктік баспасөзбен Қазақстан пролетариат мәдениет қызметкерлері өз кемшіліктерінің барлығын қатал сынай отырып, артта қалушылықты жояды, социалистік майданның барлық жерінде, бірінші кезекте идеология майданында большевиктерще күресіп, майданды қалыпқа келтіреді; Қазақстанда біздің ерлікке толы ұлы дәуірімізге сай шығармалар жасайды деп сенеміз»3,- деп әдеби сынньщ «негізгі міндеттерін» көрсетіп берді.

М.Қайыпназаров ұйымның жұмысы туралы баяндамасында да жазушыларды шетінен тізіп қойып «сорттайды», сын айтып, тағдырын шешеді. Баяндаманың «Байшылдар ықпалы әлі күшті», «Байшылдар дәуіріндегі жазушылар» деген бөлімдерінде А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Қарашев, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Б.Күлеев, С.Дөнентаев шығарма-ларындағы «ұлтшылдық-байшылдық» «кертартпа сарындарды әшкерелеуге» едәуір орын берілді. Мәскеуде шыққан «Әдеби энциклопедияға» аталған қазақ ақын-жазушылары туралы мақалалардың енуін үлкен саяси қателік деп санаған.

С.Мұқановты «алған тақырыбы, айтқан мазмұны өте жақсы. Алайда көркемдік жағынан кемшілік көп». Мәселен, «Мырзабек» ұлтшылдықты қоздырады. «Сұлушаш» санашылдыққа (мұратшылдыққа) шауып кетеді»,- деп бағалайды («Әдебиет майданы», 1932, № 3, 11-бет).

С.Сейфуллин туралы: «Сәкен күні кешеге дейін ұлтшылдықты, ақсүйектікті жырлап келді. Әсіресе, «Домбыра», «Экспресс», «Айт», «Азияларында» түрік бірлігін көздеді.

Соңғы кезде Сәкеннің «Көкшетау» деген кітабы шықты. Бұл кітабы да салт-сана жағынан барып тұрған зиянды кітап. Толып жатқан өрескел қате пікірлерді айтады. Мәселен, ақсүйектік дәуірді жырлады. Қажымұқаннан өнеге ал, ескі Баян әнінен үлгі ал дейді. Қазір Көкшетауда болып жатқан колхоз, совхоз, өндірісті және социалдық қатынасты, партия туралы түк те айтпайды» (сонда) дейді.

«Бейімбет әлі күнге дейін Мырқымбайды колхозға кіргізе алмай жүр. Бейімбетте кеңеске қарсы шығармалар да жоқ емес: «Алашты», бектік дәуірді, халықшылдық, ұлтшылдықты жыр қылған... Егер Бейімбеттің ойында толық пролетариат жазушысы болам деген талпыну болатын болса, біз мынандай шарт қоямыз: болшевиктік өзара сынды қолға ұстап, қателерін толық мойнына алсын, жөндеуге тырыссын» деп, Б.Майлинге үзілді-кесілді талаптар қояды.

Үзінділерге түсініктеме беріп жату артық. Сонда да болса, бұл бағалардың бір ғана адамдікі емес, оның бүкіл жазушылар басшылығы атынан ресми түрде беріліп отырғаны белгілі. Бұл сыналған жазушылардың кеңестік бағытта болғандығын еске алсақ, Мағжан сияқты ақын-жазушылардың қаншалықты соққы алып жатқандығы айтпаса да түсінікті.

Сол кездегі әдеби сын туралы қаулыдан «сын да тіпті қанағаттанарлықтай емес. Алашордашыл, ұлтшыл, троцкийшіл сындардың (Аймауытұлы, Кемеңгерұлы, Әуезұлы, Екеу, Әминә, және басқалар) сыры жөнді ашылып, толық әшкереленген жоқ. Сәдуақасұлы мен соны қорғаушылар яғни алашорданың Қазақстан партия ұйымы ішіндегі агенттері де жөнді сыналған жоқ. ҚазАПП-тың басты мүшелерінің қателері де толық ашылып, әшкереленіп жеткен жоқ», - деген сөздер бар.

ҚазАПП-тың Құрылтайынан кейін арнайы жоспар қабылданып, онда «байшыл-ұлтшыл әдебиетті» барынша талқандау, басқа жазушылардың «кітаптарын тексеру» міндеттері ұсынылды. Әдебиеттегі кемшіліктердің барлығы да сынньщ әлсіздігінен болып отыр деп керсетілді. Сол кездегі әдеби сынның басты өкілдеріиің бірі Ғ.Тоғжановтың әдебиеттегі «бар пәлеге» бір өзі кінәлідей, саяси айыптаулардың астында қалды. Оған «ұлтшыл», «байшыл» деген айдар тағылып, тағдырьш қыл үстіне қойды. Тоғжанов өз «қателерін мойындап», кемшіліктерін жою мақсатымен әдебиеттегі «ұлтшылдықты әшкерелеуге» кірісті... Осы кезде С.Брайнин мен Ш.Шафиро қазақ «ұлтшылдарын», алашордашыларды әшкерелеуде ерекше еңбек сіңірді»1. Екі автор бірігіп жазған «Қазақ зиялыларының 1917 жылғы рөлі мәселесіне», «Алаш қозғалысының бастаулары» мақалалары жарияланды. Олар алашордашылар Ресейдің империяшыл буржуазиясының жыртқыштық саясатын жүргізушілер, олардың агенттері және қазақ еңбекші бұқарасының дұшпаны деген пікірлерін дәлелдеп баққан. Осындай «ізденістерінің» нәтижесінде «Алашорда тарихының очерктері» атты монография да өмірге келіп, ол Мәскеуде басылып шықты. «Алаш» партиясы былай қалып, енді бүкіл қазақ халқының, еңбекші бұқараның патша үкіметі мен империализмге қарсы шыққаны, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы төңкерістерге қатысқаны түгелдей қараланып, жоққа сайылды; бәрі де «антимаркстік, антилениндік» болып шыға келді. Бүкіл ел теріс жолмен жүріп оның қайраткерлері қысастықтан басқа ештеме ойламаған жандар болып шыға келді»2.

Қазақ әдебиетіндегі «алашордашылардың», «ұлтшылдардың», «зиянкестігін әшкерелеу» науқанының барысында ұлттықтың бәрі де ұлтшылдық болып табылды. Өткеннің бәрі де зиянды, қажеті жоқ деген солақай пікірлер өріс алып, нигилизмге апарып соқтырды. Тіпті, қазактың домбырасы қазір қажет пе, мұны жақсылап ойлану керек дегенге шейін барды («Большевик Казахстана». 1933, № 6, 22-бет).

Сөйтіп, 1932 жылы ВКП(б) қазақ өлкелік партия комитетінің «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хатының шығуы - ұлттық әдебиетті дамытуға септігін тигізген жоқ, керісінше, тежеу салды. Әкімгершілікпен, күшпен әдебиетіміздің ұлттық сипатын жоюға бағыт берді. Бүкіл қазақ әдебиеті «ұлтшылдықпен» айыпталып, жазушылардың төбесінде саяси сорақылықтың сойқанды нажағайы жарқылдады. Осы қаулымен бірге қазақ әдебиетіне қарай мылтық та кезелген болатын. Шүріппесі қайрылып, атылуы ғана қалған. Бірақ оған өлкелік партия комитеті басшылығының ауысуы кедергі болды: қандыбалақ Ф.И.Голощекин орнынан түсіп, республика басшылығына Л.Мирзоянның келуі уақытша болса да бұл процесті тоқтатқан еді.

ҚазАПП сынында мұндай өрескел жағдайлардың орын алуының басты себебі - әдебиетке партиялық басшылық деген солақай саясаттың салдары болатын. Сол кездегі Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығы ұстанған әсіреқызыл партияшыл бағыттың мәдениет саласында жүргізген әкімгершіл-бұйрықшыл іс-әрекеттері ұлттық әдебиетімізді де құрдымға алып келген еді. Оның үстіне әдебиет сыны мамандарының аздығы, жастығы, қоғам, мәдениет туралы білімдерінің таяздығы, әдебиеттің тарихымен, теориясымен жете таныс еместігі байқалады. Ал, білімді әдебиетшілердің барлығы дерлік әдебиет істерінен шеттетілген болатын. Міне осындай жағдайда ҚазАПП-тың қызметі туралы, ондағы олқылықтар, ұсыныс, пікір түрінде көрініп келсе, 1931 жылдан бастап үлкен кемшілік ретінде аталып, қатты сындар айтыла бастады. С.Мұқановтың, Қ.Өтеповтың, Ә.Тәжібаевтың т.б. мақалаларында ҚазАПП-тың қызметі қанағаттанарлықсыз деген пікір айтылды. «Еңбекші қазақ» (1932, 4 қаңтар) осы месәлеге арнайы редакциялық мақала жазды.

Әдебиеттің тарихында ВҚП(б) Орталық Комитетінің 1932 жылғы 23 сәуірдегі қаулысының шығуы - үлкен оқиға болды. Онда кеңес әдебиетінің дамуына РАПП-тың аясы тарлық етіп, кедергі келтіре бастағандығы атап көрсетіліп, ол таратылды. Орнына кеңес өкіметінің бағытын қолдайтын барлық жазушылардың басын біріктіретін кеңес жазушыларының бірыңғай одағын құруы туралы қаулы етті. Осы қаулыға сәйкес, ҚазАПП 1932 жылы 18 мамыр күні Қазақстан кеңес жазушыларьшың ұйымы болып жаңадан құрылды. Оның артынша-ақ өлкелік партия комитетінің басшылығы ауысты. Жаңа басшылық ұлттық мәдениеттің дамуына шындап көңіл қоя бастады. Әдебиеттің өркендеу жолындағы кедергілер айқындалып, оны жоюдың нақтылы шаралары белгіленді. Бұл үлкен екі оқиға әдебиетімізге, оның сынына қарқынды серпіліс әкелді.

Наши рекомендации