Психикалық дамуы тежелген балалардың ақыл-ойын дамыту жұмыстары

Оқушылардың ойлауын төмендегідей тапсырмалар беріп дамытуға болады.

«Анаграмманы шеш!»жаттығуы

Сөздегі әріптердің орны ауыстырылады. Жеңілінен бастауға болады. Арнайы ТДО сыныбы оқушыларына тапсырма жеңілдетіп беріледі. Мысалы, жемістер, көкөністер т.б. тақырыппен беріледі.

«Сөз ойла, тез ойла!» жаттығуы.

Бес дыбыстан құралатын, үшінші әрпі «Л» болатын, Не? Қандай? деген сұраққа жауап беретін сөздерді ойлауға тапсырма беріледі. Ортасындағы әріптерді өзгерте беруге болады.

    Л    

Мысалы торкөздерді мынадай сөздермен толтырады: талап, құлан, шалап, жолақ, халат, далап, құлын, келін, жалын, тулақ, салақ, рулон, кулон, балақ, талақ, сылақ, салық, талма, жұлын, галош, салым, қалам, ғалам, ғалым, ғылым, қалқа, қалта, салат, долма, малта, шелек, сулық, белок, тұлып, желім, залым т.б.

Оқушылар сөздерді ойламаған жағдайда жоғарыдағыдай сөздер құрауға болатыны айтылып, әр сөздің мағынас ы түсіндіріледі.

«Шетелдік» жаттығуы.

Баларға бірнеше сөздер қатары беріледі.

Нұсқау: Шетелден қонақ келді. Қазақша онша жақсы түсінбейді. Ол сенен төмендегідей сөздерді түсіндіріп беруін, оның не екенін, қайда қолдануға болатынын, қандай материалдан жасауға болатынын түсіндіріп беруді өтінеді. Сен қалай жауап бересің?

Берілетін сөздер: сыпырғыш, блокнот, зергер, шекпен,

қалшылдау түйіндеу, үшкіру, дем беру, қаусыру.

Бағалау:

0 балл – сөздің мағынасын түсінбейді.

1 балл – сөздің мағынасын біліп тұр, бірақ сөзбен түсіндіріп бере алмайды.

1,5 балл – сөзбен түсіндіріп айтып береді.

2 балл - ғылыми анықтамаға жақындатып айтып береді.

«Оқиғаның бірізділігін құр!» жаттығуы.

Оқушыларға мазмұнды суреттер сериясы бар суреттер беріледі. Олар оқиғаның басы, ортасы, аяғы қайсы екенін тауып, әңгіме құрастырады. Мысалы: «Аяз ата», «Бағбан», «Портрет» т.б. суреттер топтамалары беріледі. Бұл жаттығу ойлауы мен байланыстырып сөйлеуін дамытады. Жаттығуды мәтін арқылы беруге де болады. Мәтіндегі орны ауыстырылған сөйлемдерді мазмұны бойынша қойып шығу тапсырылады.

«Қолдану» жаттығуы.

Оқушыларға таныс нәрсе көрсетіледі. Олар бұл нәрсені түрлі тәсілдермен қайда қолдануға болатынын табады. Мысалы: «Кірпіш тас», «Газет», т.б.

«Белгісін тап» жаттығуы.

Оқушыларға үш-төрт сөз беріледі. Мысалы: АЛМА, СИЫР, ТҮН. Осы сөздердің бір белгісін табуға тапсырма беріледі. (Алма - тәтті, сиыр – сүтті, түн – қараңғы). Оқушылар жаттыққан соң екі, үш белгісін таптыруға болады.

«Қарама-қарсы мағынасын тап!»әдісі.

1.Жуан –

2.Биік –

3.Тар –

4.Кішкентай –

5.Салқын –

6.Ұзын –

7. Ақ –

8. Ашық –

9. Қою –

10. Өткір -

11. Ашық –

12. Жоғары -

Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту үшін мынадай тапсырмалар беруге болады.

«Ассоциация құру» әдісі.

Көреді: ағаш, аяқ, терезе, бұлт, көйлек, қасық, кітап т .б.

Естиді: шұлық, аспан, ілгек, тәрелке, гүл, кітапхана шкаф, т .б.

Бірінші бағандағы психологтың нұсқауымен іштей оқиды. Психолог 2-бағандағы сөздерді оқиды. Оқушылар сөздердің арасына ассоциациялық байланыс құра отырып, жұптайды.

«Артығын шығар!» жаттығуы.

Суреттерді көре отырып, мағынасына қарай, топтап, артығын шығарады. Бұл жаттығуды сөздер арқылы беруге болады.

«Ортақ белгісін тап!» жаттығуы.

Оқушыларға бірдей қызметі бар, пішіндері бөлек, пішіндері бірдей, ерекшеліктері басқа түрлі суреттер көрсетіледі. Мысалы: ұшақ – көбелек, сиыр-жылқы, т.б.

Бұл жаттығуды екі ұғымды есту арқылы ұқсастығы мен айырмашылығын таптыруға болады. Мысалы: күн-түн, жас адам – кәрі адам т.б.

«Ұғымдар байланысын тап» жаттығуы

Екі қатарда сөздер тізбегі берілген:

1. Көктем а. уақыт

2. Аспан ә. төл

3. Сағат б. сахна

4. Жол в. білім

5. Еңбек г. амал

6. Мектеп ғ. көлік

7. Ел д. нан

8. Өнер е. бәйшешек

9. Таңба ё. рәміз

10. Мал ж. ғаламшар

Өзара логикалық байланысы бар сөздерді табу тапсырылады. Мысалы: аспан мен ғаламшар деген сөз бір-бірімен байланысты, сондықтан оны «1.Ж» деп белгілейді.

«Тізбекті жалғастыр» жаттығуы.

Оқушыларға түрлі пішіндер көрсетіледі. Онда пішіндер белгілі бір кезекпен қойылған. Оқушылар әрі қарай тізбекті жалғастырады.

«Бос торкөзге орналастыр» жаттығуы.

   
       
         

Бос торкөздерге пішіндердің қайсысын орналастырар едің? Дөңгелекті ме, шаршы ма, әлде үшбұрышты ма?

Мына пішіндерді үш бос тор көздерге орналастыру үшін қалай таңдап алар едің?

Бұл жаттығуды 4 пішінді таңда деп күрделендіре беруге болады.

«Үш сөзден сөйлем құра!» жаттығуы

Мысалы, «көбелек», «аю», «өзен» деген сөздер беріледі. Осы үшеуін қатыстырып, сөйлем құрау тапсырылады. «Аю өзеннен су ішіп жатып, гүлге қонған көбелекке қарады».

«Мағынасын ашатын сөз» жаттығуы

Мысалы «Өзен» деген сөз беріледі. Астында жаға, су, балық, балдыр, бұлақ деген сөздер беріледі. Осы сөздердің ішінен өзен сөзіне мағынасы жақсын сөзді таңдап алу тапсырылады.

Наши рекомендации